Алаш көсемсөзі 1 том "Шолпан" журналы



Pdf көрінісі
бет18/20
Дата27.01.2017
өлшемі1,7 Mb.
#2803
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

П. Жәленова
2 януар 1923 жыл. 
 
«КӨКТЕН ТҮСКЕН АЖДАҺА» ТУРАЛЫ 
 
«Ақ  жолдың»  234  санында  «Бостандық  туынан»  алынып  басылған  «Көрілген  әлемет» 
деген бір хабар болды. Онда жазылған сөз мынау: 
 
«21 июль (жұма) күні  қалың бұлт шығып, қатты жаңбыр жауды. Жаңбырдан бұрын Ору 
болысының  үшінші  ауылына  қараған  «Дөңгелек  сұр»  деген  жайлаудың  үстінен  жалаң 
суретті  бір бұлт шұбатылып,  жерге қарай созылды (көргендер бар  шығар). Бұлттың түрі 
құйрығы  жіңішке,  дәл  ортасы  аппақ  таңдайланып,  тарғылдау  келген.  Бас  жағы  қалың 
бұлтқа  астасқан.  Осы  бұлттың  істеген  жұмысы  мынандай:  «Дөңгелек  сұрдың»  суын 
бұрқыратып  көкке  шығарды.  Көлдің  маңында  жайылып  жүрген  бір  үш  жылқыны  еркіне 
қоймай,  өзіне  қарай  тартып  недәуір  жерге  апарып  тастады.  Ескі  киіз  үйді  қаңбақтай 
ұшырды.  Үйдегі  абдыралардың  (сандықтардың)  кілтін  бұзбай  артын  бұзып,  ішіндегі 
нәрселерін жоқ қылып жіберген. Шкафтардың қақпағы жабулы күйінше, ішіндегі шыны-
аяқтарды сындырып үсті бүтін, астын қиратқан. Бір келіншектің үстіндегі көйлегін пара-
пара қылып жыртқан. Сөйтіп жүргенде ішінде шырылдаған жас баланың даусындай дауыс 
естілген. Осы дауыспен бір-екі қатын да талып қалған. 
 
Міне, осы секілді көрілмеген элемент болып өтті. Жұрт қиямет боларда адамның пейіліне 
қарай көктен әртүрлі керемет болатын дейді. Көктен түскен аждаһа шығар дейді. 
 
Бұл  туралы  зор  тәжірибелі  фән  көрген,  табиғат  біліміне  жетік  жаңа,  ескі  демей  білім 
иесілері не айтар екен? Газета арқылы көрген білген ғылымдар арқасында тәжірибелерін 
айтып түсіндірсе екен». 
 
Бұл  (смерч)  деп  аталатын,  өте  үлкен,  өте  күшті  құйын.  Смерч  ұршықша  зырылдап, 
айналған жерге жақын, яғни өте төмен жүретін жоғарғы жағы жалпақ, төменгі жағы жерге 

158 
 
қарай  созылып,  сүйірленген  қара  бұлт  болады.  Ол  жүрген  жерінде  топырақ  болса, 
топырақты,  құм  болса  құмды,  су  болса  суды  иіріп,  жоғары  аспанға  шығарып,  бұлтқа 
араластырып  һәм  түрін  де  сол  бұлтқа  ұқсатып,  яғни,  жоғарғы  жағын  жалпақ  қылып, 
төменгі  жағын  жерге  шейін  созып,  сүйірлендіріп  алып  кетеді.  Смерчтің  айналуы  һәм 
жүрісі  сұрапыл  жылдам  болады.  Смерч  көбіне  найзағай  жылтылдатып,  күн  күркіретіп, 
қатты  жаңбыр  жаудырып  өтеді.  Смерчтің  күші  өте  сұрапыл  болады.  Ағаштарды 
тамырымен  қопарып  алып  кетеді.  Үйлердің  (тамдардың)  төбелерін  жұлып  алып  кетеді. 
һәм басқа осындай істер істеп кетеді. Смерч әсіресе, теңіздердегі кемелерге өте зор қауіп. 
 
Дөңгелек сұрдағы жұрттың көргені - қиямет жақындағандықтың элементі емес, жұрттың 
пейілі бұзылғандықтан, көктен түскен аждаһа емес, «Заманның қандай түзу жағында да» 
болған,  ежелден  болып  келе  жатқан  һәм  анда-санда  ғана  емес  көп  болатын  смерч.  Бұл 
«көрілмеген» нәрсе болса, біздің жерлерде ғана көрілмеген. Дұрысы, көрілмеген емес, бұл 
жақтарда өте сирек болатын, ыстық жақтарда болатын табиғи нәрсе. 
 
1869  жыл  күздің  күні  Кострома  губерниясында  оңтүстіктен  солтүстікке  қарай  бұршақ 
жаудырып, қатты жаңбыр жаудырып, Дөңгелек сұрда көрілгендей үлкен құйын өтіпті. Өз 
көзімен  көргендердің  айтуы  мынау:  Куиилину  деген  кішкене  қаланың  тұсында  бір  қара 
бұлттан  жерге  қарай  созылып  құйынша  дөңгеленген,  көлденең  жүз  сажындай  қара  сұр 
бұлт көрініпті. Құйынның жүрген жолындағы өсіп тұрған ағаштар қирап қалыпты. Бір екі 
қаланың  үйіп қойған кебен,  кебен  пішендерін  алып  кетіпті.  Үшінші  қаладан  өткенде  бір 
диірменді  құлатып кетіпті.  Төртінші  қалаға барып  бір үй қалдырмастан қиратып кетіпті. 
Онан  соң  бұл  құйын  бір  кішкене  өзенді  бойлап  жүріп,  суын  дым  қалдырмастан  алып 
кетіпті.  Өзеннен  шығып  алып,  қалың  тоғайдың  ортасын  қиратып,  кең  қылып  жол  салып 
Еділге  барыпты.  Еділдің  суын  екі  бөліп,  түбін  көрсетіп  дарияның  екінші  жақ  бетіндегі 
Уриниха деген қалаға барыпты. Ол қаланы дымын қалдырмастан, жоқ қылып кетіпті. 
 
1780 жылы Американың күншығыс жағында Атлас (Атлант) мұхитында өте сұрапыл бір 
құйын  болыпты.  Бұл  құйын  Барбадос  деген  бір  аралдағы  барлық  өсіп  тұрған  ағаштарды 
тамырымен  қопарып  алып  кетіпті.  һәм  барлық  үйлерді  қиратып  кетіпті.  Англияның  бір 
жерінде  тұрған  көп  соғыс  кемелерін  суға  батырып  кетіпті.  Онан  соң,  ол  құйын  екінші 
аралға  барып  тас-талқанын  шығарып,  алты  мыңдай  кісіні  қырып  кетіпті.  Ол  аралдан 
үшінші  аралға  барып  француздардың  төрт  мың  әскері  мен  қырық  пароходын  суға 
батырып  кетіпті.  Бірсыпыра  аралдардағы  бірнеше  шаһарларды  сыпырғышпен 
сыпырғандай  орнын  тап-таза  қылып,  дымын  қалдырмай  алып  кетіпті.  Мартини  деген 
аралда  сол  құйыннан  тоғыз  мың  кісі  қырылыпты.  Үйдің  астынан  қазылған  подвалдарда 
тығылып  жатқан  кісілер  желдің  даусының  қаттылығынан  үстеріндегі  үйлердің  құлап 
жатқанын  естімепті.  Пароходтағы  әскерлердің  бірнешеуін  көтеріп,  теңізден  құрылыққа 
шығарып  тастапты.  Бірақ  ол  әскерлер  өлмей,  тірі  қалыпты.  Мінеки,  осындай  да  күшті 
құйындар болады. һәм мұндай құйындар қай заманда болса да болған. Әртүрлі құйындар 
һәм жел не себептен болатыны «Шолпанның» келесі санында жазылар. 
 
Файзулла 
 
Ғ. ҚАРЖАУОВҚА ЖАУАП 
 
«Ақ жолдың» 256-санында Сіздің «Ғаламат» деген хабарыңыз басылды. Соған біз жауап 
бермекпіз. 
 
Ақмешіт қаласында бір қатын мысық суретті бала тапты дейсіз. Онан соң сол қалада тағы 
бір  қатын  алды-арты  бітеу  бала  тапты  дейсіз.  Әйел  мысық  тапты,  шошқа  тапты,  жылан 
тапты  деген  секілді  сөздердің  бәрі  де  өтірік.  Ешбір  әйел  мысық,  шошқа,  жылан  секілді 

159 
 
кісіден басқа мақұлықты таппайды. Кейде баланың түрі яғни, жаратылысы табиғи түрден 
басқа  болып  туады.  Мәселен,  екі  басты  бала  болады,  яки  басы  біреу,  бөксесі  екеу,  аяғы 
төртеу,  қолы  екеу  болады.  Екі  баланың  арқасы  яки,  басқа  бір  жері  бірігіп  те  туады.  Я 
болмаса, баланың кейбір мүшесі өте үлкен болып, яки, өте кішкентай болып туады. Кейде 
баланың  кейбір  мүшесі  жоқ  болып  туады.  Яки,  кейбір  мүшесінің  саны  я  артық,  я  кем 
болып туылады. Осындай түрі табиғи түрден өзгеріліп туған баланы көрсе, надан кісі оны 
я  мысыққа,  я  шошқаға,  я  жыланға  яки,  басқа  бір  мақұлыққа  ұқсатып  қояды.  Сонан  соң, 
жұрт  бірінен  соң  бірі  өз  жанынан  азырақ  қосыңқырап,  пәлен  жерде  пәлен  қатын  ит 
туыпты,  кесіртке  туыпты,  яки  басқа  бірдеме  туыпты  деп  ала  жөнеледі.  Оған  табиғатпен 
таныстығы  жоқ  кісілер  еш  білімі  жоқ  жас  баланың  «мына  өрік  тістеп  алады»  дегенге 
нанғаны секілді нана береді. 
 
Баланың түрі табиғи түрден өзгеріп тууының себептері түрлі-түрлі. Оның барлығын түгел 
жазу  үшін  һәм  жазғанымыз  оқушыларға  түсінікті  болу  үшін  әңгімені  алыстан  бастау 
керек.  Әуелі  басқа  жақтардан  туылып  жатқан  түрлі-түрлі  мағлұматтар  беріп  өту  керек. 
Бұл аз ғана жұмыс емес, керек десек, мұны кейін жаза жатармыз. Сондықтан, әзірге қысқа 
ғана  айтсақ,  бала  шешесінің  ішінде  жаңа  жаратылып  келе  жатқанда  кейде  түрлі-түрлі 
себептерден  ауруға  шалынады.  Ондай  бала  дұрыс  өспейді.  Түрі  табиғи  түрден  өзгеріліп 
кетеді. 
 
Әйелдің  ішінде  ай  сайын  (етеккірі  келіп  жүрген  кезде)  бір-бірден  пісіп  толып  тұратын 
кішкентай  ғана  ұрығы  болады.  Сондай  бір  ұрықтан  кейде  екі  бала  жаратылады.  Ол  екі 
бала  бір-біріне  өте  жақын  қысылып  жатса,  жаңа  жаратылып  келе  жатқан  кезде  бірігіп 
қалады. Мұндай бірігіп қалу түрлі-түрлі болады. Кейде бөксе жағы бірігіп қалады, кейде 
арқасы, кейде басқа бір жері бірігіп қалады. 
 
1914 жылы Орынборда бір әйел төрт  бала тапқан болса, ол да болмайтын іс емес. Алты 
бала  (4  еркек  бала,  2  қыз)  тапқан  әйел  де  болған*.  Әйелдің  ішінде  кейде  бір  толғанда, 
бірнеше  ұрық  пісіп  толады.  Ондай  қатар  толған  ұрықтардың  әр  қайсысынан  бір  бала 
жаратылып, кейде әйел үш, төрт тіпті, бес, алты бала табады. 
 
Құйрықты  жұлдыздың  түк  ғаламаттығы  жоқ.  Кейбір  құйрықты  жұлдыздардың  қай  күні, 
қай  жерде  қандай  болып  көріне  бастайтынын  оқымыстылар  неше  жыл  бұрын  айтып 
береді. 
 
Б.Ә. 
 
Әдебиет бөлімі 
 
ҚЫР СУРЕТТЕРІ: 
 
Қысқы түн 
 
Қыстың ұзақ түні үлкен таудың ішінде жел гуілдеп соғып, ақ боран ұйытқып ойнап тұр. 
Қараңғы, тұманды түннің жанды шошытатын суығы қаһарлы болып білініп тұр. 
 
Ашуы  келіп  аласұрған  қатты  дауыл  бетіне  қарсы  қараған  затты  жерге  қаққандай  болып 
құлшынып тұр. Ысқырып бұлқынып - жынданып келе жатқан жолында беті қара жартас, 
жапырағынан  айрылған  әлсіз  ағаш,  қарауытқан  кішкене  қора  көрінсе  де,  екпіндеп  келіп 
кеудесімен соғып, ақ түтек боранның қиыршықталған ақ тозаңын шашып, беттерін дамыл 
алмай көміп тұр. 
 

160 
 
Долы желдің айдауына түсіп, түтіндей болып қаншықтаған ұсақ қар ұйытқып келіп, қуыс 
жердің бәрін басып жатыр. 
 
Шың тау, тентек желдің ашуымен ойнағанына қарап, тұманды ойға батқандай, бас жағы 
бұлтқа  араласып  мұнарланып  түнеріп  тұр.  Ақ  боран  көк  пен  жерді  бір-біріне 
араластырғандай.  Аспандағы  ай,  жұлдыз,  жердегі  қара  қорадан  ешбір  белгі  жоқ,  айнала 
аппақ болып тұтасып тұр. 
 
Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, тау басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке 
қарай  ысқырып  қуалап  жөнелгенде  долы  дауыл  сай  бойында  жын-перінің  күйіне 
билегендей  болады.  Ағындап  құтырып  келіп,  жартасқа  соғып,  қорқытпақ  болып,  көрігін 
басып  гуілдейді.  Жер  тартып,  шаңын  аспанға  шығарып,  ақ  көбігін  атқылап  шабынады. 
Біресе жабысып келіп құшақтап, жарығына кіріп ысқырып, тербетіп оятпақшы болады. 
 
Кейде одан өтіп өзектегі қалтырап, жаурап тұрған жас тоғайға келіп, жерге шейін басын 
игізіп, тәжім еткізіп, арасынан суылдап бураң қағып, ойнап өтеді. 
 
Кей-кейде бұның барын тастап, сайға тығылып отырған кішкене қораның үстіне келіп, ақ 
түтек  болып  ұйытқып,  ойнағын  салып  жер  жүзінен  жоғалмақшы  болады.  Суық  болып 
үскіріп,  боран  болып  алас  ұрып,  әлсіз  адамға  қыр  көрсеткендей  болады.  Кішкене 
терезеден көрініп тұрған әлсіз жарық тыстағы дауылдың лебінен қалтырағандай, суықты 
сезіп бәсеңдегендей жарығы да дірілдеп, ала көлеңке болып әлсірейді. Тынымсыз соққан 
боран ұйытқып, түскен қар терезенің төменгі көздерін басып жоғары таман өсіп келеді. 
 
Кішкене үйдің іші жүдеу, сарылған сары  уайымның таңбасы үй ішіне түскендей, пештің 
қырында тұрған жалаң бас лампы үй ішіндегі қараңғылықты зорға жеңіп, жалпылдап ала 
көлеңке болып жанып тұр. 
 
Үй ішінің барлық жаны қураған кемпір мен шал және он шақты жасқа келген ауру бала. 
Кемпір-шалдың  бұдан бір  ай  бұрын  сүзектен өлген  келіні  мен  баласынан  қалған  жалғыз 
ұрпағы осы бала еді. 
 
Бұдан он шақты күннен бері қарай сүзек болып, қазірде үрей қатайып хал үстінде жатыр. 
 
Баланы  пештің  жанына  жатқызып,  кемпір  мен  шал  екі  жағына  отырып  бүрісіп,  жүдеп, 
жаны  қысылып  жатқан  жалғыздарына  телміріп  қарап  сарылып  отыр.  Жалғыз  қабат 
терезеге  екпіндеп  келіп  соққан  қатты  дауыл  біресе  гуілдеп  шыдамсызданып,  біресе 
ысқырып  әлек  салып,  біресе  дүрсілдетіп  ат  ойнатқандай  болып  құтырып,  ауру  баланы 
қайта-қайта шошытып тұр. Терезенің тесіктерінен кірген тыстағы суық бу болып шығып, 
үй ішіне тарап тұр. 
 
Бала  сағат  сайын  нашарлап,  сөнуге  айналған  жарықтай  төмендеп  барады.  Кемпір-шал 
айласы  бітіп,  әлі  құрып,  кәрі  көздерінен  улы  жасын  ағызып,  мойындарына  бұршағын 
салып  тілеуін  тілейді.  Сыйынбаған  аруақ,  жалынбаған  әулие  қалған  жоқ.  Екеуі  де 
көңілдегі  қайғыны  айтыспай-ақ  ұғып  отыр.  Орталарындағы  жалғыз  тірек,  жалғыз  қанат 
кеткен  соң  күндері  не  болады?  Ержеткен  бала  мен  келін  өлген,  жанашыр  жақын  жоқ. 
Бүгінгі  соғып  тұрған  боран  жалғыз  бүгін  емес,  қыстай  соққан.  Бір  жағы  соның 
салдарынан,  бір  жағы  баласы  ауру  болғандықтан  қолдағы  азын-аулақ  малы  күтілмей 
барады, жұтап таусылған. 
 
Енді  аз  күнде  бұлардың  басына  келгелі  қолын  созып  аштық  тұр.  Жалғыз  алданышы, 
жұбанышынан айрылып қу моладай құлазып қалатын жетімдік, қу бастық  та бүгінгі күн 

161 
 
келгелі  тұр.  Өлгенше  көрмесек  екен  деген  суық  пешінен  сорлы  үйдің  ішіне  кіргізіп 
көрсетіп тұр. 
 
Ендігі  өмір  не  болады?..  Келесі  күн  қандай  күйге  ұшыратады?..  Белгісіз...  түсі  суық, 
жылдай созылған ұзақ түн өтпеді... Суық дауыл, ақ боран ашылған жоқ. Бұрынғысындай 
құтырып, шабынып тұр. Зарлы түн әлсіз жанды жұтқалы жаланып тұр. Бұл түн мен ауру 
баланың өмірі жарыса алған жоқ. Аздан соң демі бітіп, үзілді. Түнгі боран басқан жалғыз 
қурайдай  айдаһарша  аласұрған  суық  табиғаттың  арасында  баланың  әлсіз  өмірі  де 
таусылып, шырағы сөнді. 
 
 
II 
 
Қысты күнгі далада 
 
Қалың қарды жамылған ақ дала, айналада көз тоқтарлық бұдыр жоқ. Ақ кебінге оранған 
дүние, ұзақ-ұзақ ұйқыға батқандай. Өлім тынышталғандай, зор тыныштық басында бағып 
ұйықтатып тұрғанға ұқсайды. 
 
Тіршіліктің  бір  белгісі  білінбейді.  Көзге  түсетін  жан  иесі  жоқ.  Жер  жүзін  тылсым 
буғандай, ызғарлы қар, суық аяз тас қылып қатырғандай. 
 
Дала жайылған кебінге ұқсайды. Алыстағы биік жота жұмырланған пішінімен тіршілікті 
көмген бетке ұқсайды. 
 
Аспанды  ажарсыз  сұр  бұлт  қаптап  алғандықтан,  күні  бойы  күн  көзі  көрінген  жоқ.  Кір 
басқандай  болып,  жабырқау  тартып  түнерген  сұр  бұлттар.  Кәрі  көңілге  келген  қажыған 
ойдай болып, жансызданып жүдеп тұр. Алыстағы көлбеп жатқан жоталар, биік таулар түс 
ауғанда бері қарай ептеп қарауытып мұнарланып келеді. Даладағы күңгірт түс басы биік 
тауға да, аз-аздап жайылып жеткендей. Мұңайып қайғы басқан ұзақ далада көз тоқтайтын 
қарайған,  алыстағы  ақ  таудың  бауырында  тұрған  жалғыз  қора.  Көз  ұшында  қарауытып 
төбесі көрінген ауылдан жұлындай болып шығып жатқан жіңішке түтін көрінеді. 
 
Айналасында қарауытқан мал, қыбырлаған жан иесі жоқ. Ызғарлы аяз жан иесінің бәрін 
де  жауратып,  жүдеу  тарттырып  жылы  жайды  іздеткендей.  Айдаладағы  жансыздық,  өлім 
ызғары  ауылға  да  өзінің  таңбасын  басқандай.  Күн  екіндіден  асып  батуға  тақаған, 
салбыраған  табиғат,  күннің  жансыз  жарығынан  қажығандай  болып,  түн  тыныштығына 
қарай ерте бастан бой ұрғандай. Күн батпаса да, аспан қоңырқай тартып, қараңғыланады. 
Түн түнеріп сұрлана бастап, бей  уақыттың мезгілінде бұлттың  түсіне қосылғандай. Дала 
тұманменен мұнарланып, қарауытып сұрлана бастаған. 
 
Аз-аздап жер мен көк жалпақ сұрғылт түске боялып тұтасқандай. Қысқы күннің қоңырқай 
кеші барлық табиғатқа өзінің жүдеу түсін жайғандай. 
 
Кеш батқаннан бері күн шығыстан шыққан ызғырық жел қатаңдап, жаңада жауған көпсең 
қарды сырғанатып, жаяу борасындап тұр. 
 
Ауылдан күн шығысқа қарай шығатын жалғыз аяқ соқыр жолда ақырын ілбіп келе жатқан 
жалғыз  жіңішке  қарайған  көрінеді.  Қалың  қар  жүрісіне  бөгет  болып,  қозғалысын 
өндірмейді. 
 

162 
 
Келе жатқан қарайған жаяу екен. Түн жақындағандықтан жүрісін тездетсе де, қалың қарға 
қайта-қайта омбылап малтығып келеді. 
 
Жетімсіреген  иесіз  далада  жалғыз  келе  жатқан  жаяу  зұлымдық  –  зорлықтан  қашқан  жас 
келіншек  Рабиға.  Бұдан  бір  жыл  бұрын  Рабиғаның  тиген  күйеуі  өлген.  Жас  келіншек 
қосағынан  айырылған  соң,  жылауменен  қайғыда  қаралы  жылын  өткізген.  Күйеуінен 
қалған  жақын  туысқан  жоқ  болатын.  Жаңада  жарының  жылын  берген  соң,  бұлардың 
жамағайыны Жақай Рабиғаны алмақшы болған. 
 
Әмеңгерлік  жөнімен  жасы  алпысқа  келген  кәрі  шал  болса  да,  Жақай  —  Рабиғаның  иесі 
болып шыққан. 
 
Шалдың бұл ниетін маңайдағы ағайын - туысқан түгелімен дұрыстаған. Бұл іске қарсылық 
ойлаған жалғыз Рабиға, әлсіздік жалғыздығының арқасында күш көрсете алмаған. 
 
Сондықтан  кешегі  күні  жұрт  жиылып,  шал  мен  мұның  некесін  қиған.  Бірақ  шалдың 
қураған сүйегі, тастай суық денесі Рабиғаны алғашқы күні-ақ шошытты. 
 
Жылы  қойнына  шал  кіріп  келе  жатқанда  жылан  кіргендей  болып  жиренді.  Қалтырап 
тоңды. 
 
Рабиға  сол  минутта-ақ  келер  күннің  қайғы  жырын  көз  алдынан  санап  өткізді.  Сол 
қайғыдан  құтылу  үшін  жас  денесін  суық  жыланның  зарымен  құтқару  үшін  бүгін  Рабиға 
қашып  шыққан.  Үстіндегі  жұқа  киімінен  суық  өтіп  келеді.  Қарсы  алдынан  ызғырықтап 
соққан суық жел ішіне кіріп икемін кетіре бастағандай. 
 
Мезгілсіз шыққан жас әйелдің алдындағы тілегі - бостандық. Қазіргі үміті жалғыз бауыры 
— Мұқаш. 
 
Рабиға бұдан бұрын онымен хабарласқанда, бүгінгі күн бауырына ат әкел десіп тапсырған 
болатын. Соның берген уәдесіне сеніп, үйінен шығып кеткен. 
 
Омбы  қарда  кебісі  қарға  толып  жүруге  бөгет  қыла  берген  соң,  екеуін  де  шешіп  алып, 
қолына  ұстап  келеді.  Аяғында  жалғыз  ғана  мәсісі  бар.  Күн  кешкіріп,  түнге  айналып,  өзі 
жаурап тоңа бастағандықтан Рабиға кезең-кезеңге шыққан сайын бауырын асығып іздеп, 
алдына қадалып қарайды. 
 
Қайғыменен түйілген қабағында жанға батқан жалғыздық қорқынышпен араласып білініп 
тұр. Кеш әбден батып, түн бола бастады. 
 
Көз  байланып,  түн  қараңғы  тартқандықтан,  маңайдағы  көп  нәрсе  көрінбеуге  айналды. 
Боран да мезгіл сайын қатайып, ақ түтек бола бастады. 
 
Аз  уақыт  өткен  соң,  Рабиғаның  басы  айналып  әуелгі  бетінен  адасты.  Жүрегіне  жақын 
жанды іздеп, үмітпенен қадалған көзіне қарауытып тұрған тобылғы, қарайып жатқан тас 
та келе жатқан кісі секілденіп, елестей бастады. 
 
Бәрінің  де  қасына  келген  сайын  үміті  дал  болды.  Аяғында  әлі  құрып,  бір  жерге  келіп 
шынтақтап жығылды. 
 
Құлағына суылдап ысқырып тұрған жел даусынан басқа таныс дыбыс естілмеді. Өмірмен 
арпалысқан сорлы әйелдің көз алдына өлім қаупі елестей бастады. 

163 
 
 
Қол-аяғы  қатып  үсінуге  айналды.  Бір  мезгілде  құлағына  ұйытқып  соққан  желмен  бірге 
ұлып тұрған қасқыр даусы естілді. 
 
Аш қасқырдың ұлуы естілген сайын Рабиғаның зәресі ұшып өмірден күдерін үзе бастады. 
Аздан соң есінен әбден адасып, қызып, жалғыз өзі аласұра бастады. 
 
Саушылықта жанына сүйеу көрген әке-шешесінің, бауырының атын атап шақыра бастады. 
 
Осы  күйде  біраз  уақыт  өткен  соң,  үсті  басын  жұлқып,  аунақшып,  қиналып  киімдерін 
лақтыра бастады. 
 
Рабиғаның  қиналған  жаны  өлім  хәліне  жеткен  уақытта  ғана  көмегіне  сеніп  шыққан 
бауырын Мұқаш келіп тауып алды. 
 
Бірақ,  уақыт  өтіп  кетіп  еді.  Қасына  Мұқаш  келіп  құшақтап  жылытып  жылай  бастағанда 
Рабиғаның  есі  шала  кіріп  ақырын  сыбырлап:  «Жалғызым,  сенен  басқа  сүйенішім  бар  ма 
еді? Неге кешіктің? Неге мені қинадың?- деп тілін - аузын қойды. 
 
Мұқаш есі шығып жан таласып, үйіне әкетпекші болып қам қылып жүргенде, Рабиғаның 
денесі сіресіп, қол аяғы домбығып ісініп, демі таусылып үзіліп кетті. 
 
Боран  үскіріп  соғып  тұр.  Асау  жел  ащы  күйінен  жаңылған  жоқ.  Ойнақ  салып,  ысқырып 
тұрды. 
 
Ақ  дала  меңіреу  болып  түнеріп  тұр.  Қайғылы  сары  бел  боран  әкеліп  тұрған  ақ  кебінін 
қымтай түсіп, жата берді. 
 
Жаяу - сал 
 
БАТЫР БАЯН 
 
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, 
Сұм өмір абақты ғой саналыға. 
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі, 
Сондықтан, жаным күйіп жанады да. 
Қу өмір, қызығы жоқ қажытқан соң, 
Толғанып қарауым сол баяғыға. 
Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар, 
Әдемі ертегідей баяғыда. 
Әдемі өткенді ойлап, айнымасам, 
Сұм өмір күшті уын аяды ма? 
 
Ертегі уатпай ма баланы да, 
Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да? 
Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған, 
Еркімен өзі-ақ отқа барады да. 
Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда, 
Қанды ор боп, ақын жолы қалады да. 
Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын, 
Күрсініп көзіне жас алады да. 
Ақында адамзаттан дос болмайды, 

164 
 
Жалғыз-ақ, сырын сөйлер қаламына. 
 
Мен де ойды ағытайын қаламыма
Арқаның көз жіберсем алабына: 
Сарыарқа - сары дария, қиыры жоқ, 
Кез болсын, қандай қыран, талады да. 
Ішінде сары дария көз тоқтатар, 
Көкшетау - Сарыарқаның аралы да. 
Көкшеде күні кеше қойдай өрген, 
Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да. 
Айырылып асау, ерке аңдарынан, 
Көкшенің тас жүрегі жаралы да! 
 
Арқада жер жетпейді Бурабайға, 
Бөленген бұйра сыпсың қарағайға. 
Бұлт құшқан мәңгі мең-зең Көкшетауға, 
Бөлектау: "Ой, бауырым!" - дер анадайда. 
Оқжетпес найза қия - қыранға ұя, 
Қарасаң жанның шері тарамай ма? 
Солардың ортасында Бурабай көл, 
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға. 
Бурабай - Арқа аралы, жер еркесі, 
Ертеде қоныс болған Абылайға. 
 
Бауырында Бурабайдың қызыл ағаш, 
Көкшенің жалыменен біткен жалғас. 
Арудың ақпен өрген тұлымындай, 
Қарағай қызыл қайыңмен аралас. 
Ертеде жел өтпейтін қызыл ағаш, 
Дариға, бұл күндерде жап-жалаңаш! 
Қабірінен әулиенің Алашқа артық, 
Ертеде Абылайға орда болған ағаш. 
Ордасын сол ағаштағы Абылайдың, 
Меккедей тәуеп қылған тамам Алаш. 
 
Қиын күн туған Алаш баласына, 
Шұбырып жапанның cap даласында, 
Кез болған жаудан үркіп "Ақтабанға" 
Дұшпанның қалғандай боп табасына. 
Арқаға аяқ салып түскен барып, 
Екі оттың - орыс, қытай арасына. 
Күндерде сонау - қара, тапсырған ел, 
Тағдырын Абылайдай данасына. 
Сол күнде ел қорғаған Абылайдың, 
Қылсаң да аз қанша тәуеп моласына. 
 
Алыстан орыс, қытай - ауыр салмақ, 
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ. 
Артында - ор, алдында - көр, жан-жағы жау, 
Дағдарған алаш енді, қайда бармақ? 
Сол кезде елге қорған болған Абылай, 
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап. 

165 
 
Күндердің бір күнінде хан Абылай, 
Қалмаққа - ойына алды - ойран салмақ. 
Ханынан: "Аттан!" - деген сөз шыққан соң, 
Ордаға батыр, билер келді андап. 
 
Жиылды өңшең Ноян, ығай-сығай, 
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай, 
Ту баста Абылайды хан көтерген 
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай. 
Ашуы жауған қардай, шөккен нардай, 
Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай, 
Бөкеңнің жас жолбарыс жеткіншегі, 
Аузынан жалын шашқан жас Жанатай. 
Найзасын нажағайдай ойнататын, 
Жас барыс Бәсентиін Сарымалай. 
 
Балталы, екпінді оттан Оразымбет
Сіргелі, шапшаң оқтан ер Елшібек, 
Өзіне тірі жанды тең көрмейтін, 
Тәкаппар Қошқар ұлы өр Жәнібек. 
Қалданға ханмен бірге тұтқын болған, 
Жолдасы Абылайдың батыр Жәбек. 
Майданда от шашқандай оқ шашатын, 
Сырттаны Бәсентиінің ер Сырымбет, 
Осындай өңшең көкжал жиылысты, 
Күңіреніп жолбарыстай: "Жау қайда?" - деп. 
 
Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр, 
Айтатын өрлеп барып аспанға сыр. 
Бұқар мен Тәтіқара жырлағанда, 
Толқынды тұңғиық боп төгілер жыр. 
Осылай думанменен күндер өтіп, 
Батырлар ерікті енді жатқанға құр. 
«Аттан» деп әлі айтпаған Абылайға, 
Көкжалдар деп бастады: "Жүр енді жүр!" 
Алайда Абылайдан сөз болмады, 
Сондықтан бұғып, бықсып туды күбір. 
 
Жиналған өңшең бөрі Бурабайға, 
Алаштың кебесіндей ізгі жайға. 
Батырлар бұғаудағы арыстандай, 
Абылай тұңғиық бір терең ойда. 
Бәрі де ел қорғаны - батыр, билер, 
Аттанбай, тек жатуда таппай пайда: 
"Жүрелік, жау басынар!" - деген сөзбен, 
Салады Қанай биді Абылайға. 
Би Қанай: "Бұл қалай? " - деп бастағанда, 
Абылай сұрайды онан: "Баян қайда?" 
 
"Қанайым, ойың удай, тілің шаян, 
Амал не, келген жоқ қой батыр Баян. 
Көп жаудың албастысы, ел еркесі, 

166 
 
Баянның батырлығы алашқа аян. 
Баянның аруақты құр атынан, 
Көп қалмақ болмаушы ма еді қорқақ қоян? 
Наркескен, өрттей ескеп, қайтпас болат, 
Баянсыз қанатымды қалай жаям?! 
Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай, 
Келмесе, қандыбалақ батыр Баян!" – 
 
Деген соң ойы теңіз хан Абылай, 
Аяңдап батырларға қайтты Қанай. 
Байлаулы бөрілерді ыза қылмай, 
Кестелеп, сөзін сипап айтты Қанай, 
Күндеу ме, көтеру ме? - кім біліпті, - 
Батырлар десті жалғыз "Баян бала - ай!" 
Көкшенің бауырында өңшең көкжал, 
Күңіреніп, күтіп жатты күндер талай. 
 
"Жау!" - десе жатпайтұғын батыр Баян, 
Апырым-ай, келмеуінің мәні қалай? 
 
Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді, 
Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді. 
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап, 
Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?! 
Жебесі көбе бұзып, жүректі үзбей, 
Найзасын, сірә, шалғай сермеп пе еді? 
Бірін айт, бәрін айт та, басқа батыр, 
Баяндай "алашым!" - деп еңіреп пе еді? 
Бұл жолы кешігуі жай емес қой
Тұлпарым кез болды ма орға, тегі! 
 
Арқада бір өзенді дер Обаған, 
Сол жерде Уақ елі қоныс қылған. 
Ертеде өрттей өжет сол Уақтың, 
Ер Көкше, Ер Қосайдай ері болған. 
Сол ері ерте күннің, ер Көкшенің, 
Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған. 
Баянның ер атасы - батыр Сары, 
Қос қыран, тізе қосып жауын қуған. 
Айналып оны айт, мұны айт, Баянды айт, 
Ер Баян алашының бетін жуған. 
 
Ол күндер, аз қазақ пен қалың қалмақ, 
Қыран мен қара құстар алысқан шақ. 
Баласы алты алаштың Абылайдың, 
Астында ақ туының табысқан шақ. 
Қазақтың батырлары бөрі қыран, 
Сонда да бір батыр жоқ Баяндай тап. 
Жауының бір жорықта бір сұлуын, 
Ер Баян алып қайтқан артына сап. 
Баянның алып қайтқан сол сұлуы, - 
Балдырған бөбек дерлік, он төрт жаста - ақ. 

167 
 
 
Сол сұлу, сұлу екен атқан таңдай, 
Бір соған бар сұлулық жиылғандай. 
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт, 
Сөздері - су сылдырлап құйылғандай. 
Бір улап көзқарасы, бір айнытқан, 
Жұлдыздай еркелеген сөнбей - жанбай. 
Лебізі жібек лебі, жұмақ желі, 
Кәусардай татқан адам қалар қанбай. 
Шын ер ғой, батыр Баян алып қайтқан, 
Еліне сол сұлуды естен танбай. 
 
Ер Баян жас сұлуды алып келген, 
Сұңқардай бабындағы сұқсыр көрген. 
Қан жауып, екі көзін қанды балақ, 
Ілмекке қоңыр қазды көңіл бөлген. 
Марал бар оққа ұшпайтын, тым сақ бірақ, 
Кезеңде кез келсе де қандай мерген. 
Болмасын жас сұлудың білгеннен соң, 
Ер Баян қарындас қып ерік берген. 
Алайда ер алысқан жүрегімен, 
Теңізде алысқандай күшті сеңмен. 
 
Қалмақтың қайсар қызы қайырылмаған, 
Болаттай жасу білмей, майырылмаған. 
Жап-жас қыз сұмдығы мол, сыр бермейді
Жандай-ақ ойлап, аулақ қайғырмаған. 
Алаштың аруы боп кетсе - дағы, 
Жанымен өз жұртынан айрылмаған. 
Сұм сұлу, анадайдан "ағатайлап", 
Баянда жан қоймаған жандырмаған. 
Сонда да, сыр шығармай батыр Баян, 
Жастық қып жанын естен тандырмаған. 
 
Осылай іштен күйген батыр Баян, 
Баянның батырлығы алашқа аян. 
Баянның інісі бар он бес жаста – 
Бөрінің бөлтірігі - бала Ноян. 
Ноянның бар ақылы білегінде, 
Билеген асау жүрек, қайнаған қан. 
Келгенде - ақ, сұлудың бір қарауынан, 
Ноянның жүрегінде ұшқын туған. 
Сол ұшқын өртке айналып, жап-жас Ноян, 
Алысып жүрегімен, аласұрған. 
 
Жастықта жалынданып сүйген қандай! 
Баладай өксіп жылап, күйген қандай! 
Көрмесең, жан - жарыңды өлгендей боп, 
Қайғырып көлден кебін қандай! 
Кеудеңе жан кірмей ме, көзің шалса, 
Өмірің жаңа ағарып атқан таңдай. 
Кеудеңді қасиетті сәуле кернеп, 

168 
 
Жүрегің сол минутта жарылғандай. 
 
Не дерсің салпаң құлақ есектерге, 
Өгіздей өмір сүрген сүймей - жанбай! 
Ноян да сол сұлуға - тәтті балдай, 
Мөлдіреп қараушы еді көзі талмай. 
Мас болып, дене түгіл, жаны елжіреп, 
Жұтқандай сол сәулені демін алмай. 
Алайда бұзық ойдан аулақ еді, 
Сұлуды тәңірі көріп табынғандай. 
Жанса да жап-жас Ноян, сұм сұлу қыз 
Көп заман жүрді бірақ көз де салмай. 
Сонда да, кейбір кезде ақ бетіне, 
Бір нәрсе жүгіруші еді ыстық қандай. 
 
Айға алтын күн нұрынан сәуле бермек, 
Шалқыған махаббат - от аспанға өрлеп. 
Жүрегін өзі сүйген отты жүрек, 
Оятпақ тас болса да, зарлап тербеп. 
Басында сыр бермеген сұм сұлуға, 
Біраздан бола бастар күлкі кермек. 
Нояннан о да көзін алмас болды, 
Күйдіріп жас жүрегін, жалын кернеп. 
Шешілді екі жастың жұмбақтары, 
Екеуі бір іңірде сайда кез кеп... 
 
Сиқырлы гүлге оранған жібек майда, 
Сылдырлап сылқ-сылқ күліп терең сайда, 
Ерке өзен жанын өртеп, жармен ойнап, 
Сүйгізген ақ бетінен күміс Айға. 
Сондай бір жібек кеште жаны өртеніп, 
Екеуі "әу!" дескендей барған сайға. 
Аулақта сүйіскен жан ұшырасса, 
Еріксіз тамырларға у тарамай ма?! 
Анттасып, айрылмасқа сөз байласып
Бастық деп арсыға адым санамай ма? 
 
Жас Ноян қызды көріп от боп кетті, 
Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті, 
Жер мен көк, ай, жұлдызды тұман басып, 
Бір қыздан, басқа нәрсе жоқ боп кетті. 
Келді де қызға жалын сөздерімен, 
Шығарды жан ұшырып іштегі өртті. 
Бір күйіп, бір суып, бір елжіреп, 
Біресе жас баладай жасын төкті. 
Өртемей отты жүрек қоймақ па екен, 
Тақады сұлу қыз да бетке бетті. 
 
Қыз сонда: "Ноян бауырым - кебем!" - деді, 
"Мен сенің сүйгеніңе сенем", - деді. 
"Сүйемін мен де сені, тәңірі куә, 
Тән түгіл, жаным саған берем!" - деді. 

169 
 
"Нояным, бірақ сенен қалауым бар", - 
Деді де, сұлу ойға тереңдеді. 
Сұлудың сырға берік торғын беті - ай, 
Бетінде ешбір толқын көрінбеді. 
Біраздан көздеріне жас мөлдіреп, 
Жас сұлу жылап тұрып күлімдеді. 
 
Қыз сонда:"Қалауым бар, Ноян батыр, 
Адасқан аққу құстай, мен бір пақыр. 
Арқаның еркесі боп жүрсем-дағы, 
Алыста туған, өскен жерім жатыр. 
Өткізген балаусадай, бөбек күнім, 
Барқыттай, белес-белес белім жатыр. 
Айбынды, арыстандай құмда кезген, 
Күңіреніп қалың қалмақ, елім жатыр. 
Барқыт бел, қашқан қалмақ қалсын адыра, 
Ата-анам - айым менен күнім жатыр. 
 
Ер Баян біздің елге барған еді, 
Көп қойға көкжал ойран салған еді. 
Бөбегін шырылдатып ап кеткенде 
Ата-анам жылап - зарлап қалған еді. 
Сорлы анам көкірегін көкке сауып, 
Қан жылап, менен бір ант алған еді. 
Ол анты: "Елдің шетін, анаң бетін 
Бір көрмей, қозым, ерге барма!" - деді. 
Анама сөзім - анау, өзім - мынау, 
Жас Ноян, жүгінемін ер деп сені. 
 
Көр болсақ, көрді көрмей, тәңірі оңдай ма, 
Ер Баян неге батқан терең ойға? 
Мен сорлы көргеннен-ақ сүйген Баян, 
Қосылсақ, Баянға ауыр дерт болмай ма? 
Биікке кетпей, киік ойда ойнаса, 
Ашулы арыстанға мерт болмай ма? 
Екеуміз Сарыарқадан сапар қылсақ, 
Қатерсіз қосылуымыз берік болмай ма? 
Қаны бір ел еді ғой қазақ, қалмақ, 
О да бір саған туған жұрт болмай ма?!" – 
 
Деп сұлу сыбырлады сиқыр сөзін, 
Толтырып меруерттей жасқа көзін. 
"Шыдашы, қане күймей!" – дегендей - ақ, 
Ноянға тақап тұрып жалын жүзін. 
Жас Ноян жас қанына тұншыққан соң, 
Ұмытпай тұрсын қалай өзі-өзін! 
"Жарайды, даярмын!" - деп айтып салды, 
Ойланып, бір минут та қылмай төзім. 
Сол сайда уәделерін бекітісіп, 
Екеуі аймаласты ыстық жүзін. 
 
Сол уақыт мезгіл екен дәл таң алды

170 
 
Төзім қып, албырт Ноян күтпей таңды, 
Жүгіріп жан ұшырып, жаяу барып, 
Жылқыдан екі жүйрік таңдап алды. 
Азырақ азық алып, қару-жарақ, 
Жүйрікке әсем әбзел, тұрман салды. 
Сөйтті де, Сарыарқамен есендесіп, 
Екеуі ескен желдей кетіп қалды. 
Кетті олар. Сәске болды, ауыл тұрды, 
Алдымен, Ер Баянға хабар барды. 
 
Боз үйде жатыр екен Баян жалғыз – 
Керілген күнге еркелеп, жас жолбарыс. 
Ауылдың ақсақалы сөзді әкелген, 
Деп бастап: "Баян - айым, бір масқара іс 
Өткен түн болып қапты..." - деп шұбыртып, 
Жаудырды екі жасқа лағнет - қарғыс. 
Алайда жас Ноянды ақтай сөйлеп, 
Дей берді: "Қылды-ау бізге қалмақ қар қыз!" 
Ер Баян сұп-сұр болып деді жалғыз: 
"Жарайды... Бар, ақсақал. Ойланармыз". 
 
Боз үйде жалғыз қалып Баян енді, 
Жаралы жолбарыстай күңіренді. 
Қорғасын миын, ойын төмен басып, 
Ақылға алғыр құстай ашу төнді. 
Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге, 
Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді. 
Ақыры ашу ерді билеп кетіп, 
Лап етіп, сөнген шамдай ақыл өлді. 
Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян, 
Боз үйден оқ жыландай шыға келді. 
 
Ер Баян сол кеткеннен кете барды, 
Мініп ап, белдеудегі көк тұлпарды. 
Дулыға, қалқан, көбе қалған үміт, 
Белінде жалғыз-ақ бір садақ бар-ды. 
Бауырынан Обағанның орғын тұтып, 
Арыстан айдалада дүбір салды. 
Дауылдай талмай есіп, желдей ұшып, 
Түс ауа Жолдыөзекке жетіп қалды. 
Кермиық Жолдыөзектің даласында, 
Алыста екі қара көзі шалды. 
 
Атығай қоныс салған Жолдыөзекке, 
Құнарсыз, ащы татыр сорлы өзекке. 
Жолдыөзек - жолсыз өзек, құтсыз, отсыз, 
Алдымен жау да салған қолды өзекке. 
Айрылып байлығынан, көп соққы жеп, 
Көз жасы Айтығайдың толды өзекке. 
Алаштың Асан Қайғы данышпаны, 
Кетпеген "Қанды өзек" деп, тіпті текке. 
Ежелден құт дарымай, қағынған жер, 

171 
 
Қайғылы бір іс болды сол өзекте. 
 
Алыста екі қара көрді Баян, 
Кілегей қара бұлттай төнді Баян. 
Ой жоқ боп, жүрек тоқтап, құр екпін боп, 
Сұңқардай сорғалаған келді Баян. 
Қыз түгіл, қаны бірге өз бауырын
Танымай қалғандай да болды Баян. 
Байланған белде сала садағына, 
Қалшылдап қалды, салып қолды Баян. 
Ашуын арыстанның байқаған соң, 
Майысып тұра қалды жап-жас Ноян. 
 
Жас Ноян жүйрігінің мойнын бұрды, 
Жас Ноян Ер Баянға қарсы жүрді. 
Жақындап келіп қалып ағасына 
Түсінен шошыды да, тоқтап тұрды. 
Жапанда аға-іні: Баян, Ноян – 
Алып кел, көз алдыңа Ай мен Күнді. 
Дұрысы - күміс күлген күндізбенен, 
Түнерген қара бұлттай қара түнді. 
Алайда, ерке бұлан Ноян - ұлан, 
Ашулы ағасына қарап күлді. 
 
Бір күлді балдырғандай Ноян бала, 
Ашылған шешек жарып гүлдей жаңа. 
Еріксіз сотқарлығын кешіретін, 
Еркелеп ерке ұландай күліп қана. 
Көрсе де, дауыл гүлді - басылмады, 
Ер Баян, арыстандай жаны жара. 
Қалшылдап, көзі қан боп, қолын алмай, 
Байланған садағына белде сала. 
Жас Ноян: "Жан көке!" - деп сөз қатқанша, 
Сұлу да жетіп келіп: "Баян аға!" – 
 
Дегенше, қалды тартып батыр Баян, 
Баянның батырлығы алашқа аян. 
Оқ тиіп, жүрегінен құлап түсті 
Атынан, бүктетіліп бөбек Ноян. 
Жын шуы басқандай боп естімеді 
"Жан көке, аға!" - деген сөзді Баян. 
Садағын сол секундте тартты тағы 
Бір ашып, бір жұмбай да көзді Баян. 
Үстіне інісінің денесінің 
Түсірді, тағы ұшырып қызды Баян. 
 
Екі жас, аттарынан ұшып түсті, 
Түскенде бірін-бірі құшып түсті. 
Жүректен атылып шыққан қанмен бірге, 
Жалғыз-ақ "Аһ" десті де, "Жаным!" - десті. 
Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып. 
Асығып екі жастың қанын ішті. 

172 
 
Көлдей қу, тұнжыраған түндей болып, 
Жия алмай, құр теңселіп, ақыл-есті, 
Тұрды да, біраздан соң батыр Баян, 
Атынан есі ауғандай құлап түсті. 
 
Бірталай талғандай боп жансыз жатып, 
Тұңғиық көмескі көп ойға батып, 
Ер Баян есін жиып, екі жасқа, 
Бір қарап, қара тастай қалды қатып. 
Сол кезде cap дала да күңгірт тартты, 
Еңкейіп бара жатты күн де батып. 
Құшақтап ақселеуді жырлады жел, 
Өзінің қасірет жырын қоңырлатып. 
Құшақтап екі жасты күңіренді ер, 
Көзінен ыстық жасты сорғалатып. 
 
Қайғыдан жарылғандай қайран жүрек, 
"Уһ-уһ!" - деп үзілгендей есіл өзек. 
Қасіреті қара түндей Ер Баянның, 
Алдында бүлдіргендей екі бөбек. 
Аузынан уыз шыққан екі жасты, 
Ер Баян сүйді құшып кезек-кезек. 
Жапанда жапа-жалғыз еңіретті ерді, 
Әлгіде ойды улаған ашу кезеп. 
Ашудан бұғып қалған қорқақ ақыл, 
Күбірлей бастады енді: "Мұның не?" - деп. 
 
Зарланып, күңіренді батыр Баян, 
Мезгілде күңгірт тартқан кешке таман: 
"Кең ақыл, отты қайрат, сырттаным" - деп, 
Ер едім, еркелеткен алаш тамам. 
Сындырдым аз ғана Уақ елім белін, 
Елімнен кетіп, елді қайдан табам? 
Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі, 
Ісімді мынау ағат немен жабам? 
Қарабет болдым алаш баласына, 
Ер дер ме енді мені Абылай данам?! 
 
Жорыққа қу қалмаққа жүрдім неге? 
Тобына көк бөрідей кірдім неге? 
Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды, 
Көр болғыр, екі көзім, көрдің неге? 
Садақпен жүрегінен тартып кетпей, 
Жыландай бауырыма сап келдім неге? 
Әйелдей баса алмайтын жүрек жынын, 
Есалаң жүрекке ерік бердім неге? 
Буынып, сол боз үйден шықпай өлмей? 
Атылып, оқ жыландай тұрдым неге?! 
 
Ойламай, белді бекем будым неге? 
Қозымды қас дұшпандай қудым неге? 
Майысып Ноян қалқам, ерке марқам

173 
 
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге? 
Бауырыма тас жүрегім жібімеді - ау, 
Бір атадан, бір анадан тудым неге? 
Салдырап, шіріп қалғыр саусақтарым, 
Қанымен өз қозымның жудым неге? 
Күнәсіз екі жасты өлтіргенше, 
Өлмедім ішіп уын удың неге?! 
 
Сұлу - ай, қалмай маған ердің неге, 
Жыландай бауырыма кірдің неге? 
Қадалды оқ - кірпігің жүрегіме, 
Жүрегім тілім-тілім тілдің неге? 
Жұлдыздай, аспанда алыс жымыңдаған, 
Алыстан "ағатайлап" күлдің неге? 
Секіріп суда ойнаған шабағымды, 
Сұм сұлу, қармағыңа ілдің неге? 
Тірлікте бетіңнен бір сүйе алмадым, 
Тіл тартпай, ерке тотым, өлдің неге?! 
 
Күй, жүрек! Қол бол, жасым! Өртен, ішім!. 
Алдымда айнам жатыр бөбек пішін. 
Сұм садақ кетсе де үзіп жас жүрегін, 
Жойған жоқ құлыншағым ерке түсін. 
Сорлы ағаң атып жығып өз інісін, 
Иіскейді енді зарлап аппақ төсін. 
Тартқанда сынбадың - ау, сұм садағым! 
Қайтейін, құрымадың, арда күшім! 
Жоқ, әлде, жоқ... жоқ... Әлде... Өлтірдім бе, 
Інімді алты алаштың намысы үшін?! 
 
Арқамдай, жер жүзінде жер бола ма? 
Айбынды, алашымдай ел бола ма? 
Алашта ертеде өткен екі арыстан: 
Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма? 
Солардың нәсілінен Сары, Баян, 
Барыстай ойын салған cap далада. 
Інісі Ер Баянның, жасық Ноян, 
Атадан азып туған дер бола ма? 
Құл болса бір қыз үшін балдырғаны, 
Алашқа бұдан да ауыр шер бола ма?! 
 
Дариға, жұбанамын жел ойменен, 
Тартпадым, сұм садақты бұл ойменен. 
Тандырған мені есімнен ғашықтық қой, 
Бір тынбай, сұр жыландай жаным жеген. 
Өз бауыры, өз сүйгенін өзі өлтірген, 
Болар ма, сірә, сорлы адам менен?! 
Алдымда "Көкежан!" - деп күліп тұрған 
Садаға кетпедім ғой, қозым, сенен. 
Ел беті енді маған болсын арам, 
Алашым, аттанамын, жауыңда өлем!" — 
 

174 
 
Деп зарлап, күңіренді жаралы ер, 
Айрылған екі жаннан қаралы ер. 
Зарлатып, көзінен қан тамшылатты, 
Тұңғиық жанды жеген қап-қара шер. 
Жүрегі тас болса да, шыдай алмай
Қамығып, қайғы басып, күрсінді жер. 
Молайтып минут сайын қасірет жырын, 
Жаның да өксіп - өксіп жылады жел. 
Бозарып, бел артынан таң атқанда, 
Соққыдан сенделгендей, тұрады ер. 
 
Күміс таң, жерге күміс сәуле шашты, 
Сәуле мен қараңғылық араласты. 
Алыспас адал, арам бекерге ұзақ, 
Жеңіліп қараңғылық жылжып қашты! 
Сол кезде жаны жара батыр Баян, 
Үңгір ғып қара жердің бетін ашты. 
Жапанда қазған суық тар үңгірге, 
Көтеріп, көмді әкеліп екі жасты. 
Топырақ екі жанын жасырған соң, 
Ер Баян тағы көл ғып төкті жасты. 
 
Ер Баян, көмді екеуін дөң басына, 
Түсірмей бір топырақ ортасына. 
Ап шыққан қаруларын сүйе - сүйе, 
Ноянның көмді бәрін өз қасына. 
Отырды топыраққа ұзақ басын қойып, 
Шомылып қанды ыстық көз жасына. 
Аздан соң мінді атына батыр Баян 
Сиынып бір жаратқан Алласына. 
Жолбарыс жортып кетті бетін түзеп, 
Шаңдатып Абылайдың ордасына. 
 
Жас Баян жауды талай көрген еді, 
Сорғалап, сұңқардайын төнген еді. 
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап, 
Сан қолға аш бөрідей кірген еді. 
Жебесі көбе бұзып, жүректі үзіп, 
Найзасын ылғи дәлдеп сермеп еді. 
Бірін айт, бәрін айт та - Батыр Баян 
Туғаннан "Алашым!" - деп еңіреп еді. 
Көкжалдың осы жолы кешіккені, 
Осындай тұлпар орға кез кеп еді. 
 
(аяғы бар) 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет