Сөзбе-сөз аударма –фразеологизм құрамындағы сөздер аударма тіліне калькалау тәсілі арқылы беріледі;
Семантикалық аударма –түпнұсқадағы фразеологизмнің мәнін аударма мәтінінде сақтауға көбірек көңіл бөлінеді;
Адаптация –аударманың еркін түрі. Көркем мәтінді, оның ішінде, фразеологизмдерді аударуда жиі қолданылады. Аударманың бұл тәсілі лексикалық бірліктердің ауысуын көздейді.
Балама аударма – тілдердің фразеологиялық жүйелерінде балама табу арқылы іске асады.
Коммуникативті аударма–кейбір зерттеулерде аударманың бұл түрін әдеби аударма деп те атайды. Коммуникативті аударманың мақсаты – фразеологизмді оқырман үшін түсінікті және қабылдауға ыңғайлы етіп аудару.
Көркем мәтінді аудару барысында кез келген стратегияны таңдау аудармашының біліміне, ойлау қабілетіне, аудару дағдысына, шығармаға деген көзқарасына және тәжірибесіне байланысты [151].
Көркем мәтіндегі фразеологизмдерді аударуда қолданылатын аударма стратегияларының төмендегі ұстанымдары анықталды:
аудармашы тек өзі білетін немесе толық түсінген фразеологизмді аударуы қажет;
фразеологизмнің формасын емес, мағынасын аудару керек;
Берілген зерттеу жұмысында көркем аударма, ең алдымен, аудармашының шығармашылық әрекеті ретінде қарастырылды. Сол себепті, көркем мәтіндегі этномәдени семантикалы фразеологизмдердің барабар тіларалық берілуі үшін белгілі бір аударма стратегиясын қолдану шарт деген тұжырым жасалмайды, кей жағдайда бір сөйлемде бірнеше стратегия қатар орын алуы да мүмкін. Демек аудармашы өзіне әртүрлі стратегия элементтерін қамтитын ең тиімді аударма амалын таңдайды.