Екінші бөлім бойынша қорытынды
Екінші тарау аясында көркем мәтіндегі фразеологизмдерді аударуда орын алатын этнолингвомәдени симметрия және асимметрия құбылыстары қарастырылып, талданды. Жоғарыда сарапталған практикалық материал негізінде қазақ көркем мәтініндегі фразеологизмдерді аудару үдерісінде орын алатын сәйкессіздіктерді тек тіларалық (лингвистикалық) асимметрия аспектісінен ғана емес, сонымен қатар мәдениетаралық асимметрия аспектісі тарапынан қарастыру да заңды деген қорытынды тұжырым жасалды. Себебі, бір тілдегі көркем мәтінді басқа тілге аудару үдерісі барысында аудармаға екі тіл ғана емес, сонымен қатар екі мәдениет те қатысады, яғни, көркем аудармада жоғарыда аталған асимметрия түрлері бір-бірінен оқшау, дербес қарастырылмайды. Зерттеу жұмысында тіларалық асимметрия мен мәдениетаралық асимметрияны бөлмей, біртұтас ұғым ретінде, яғни этнолингвомәдени асимметрия деп қарастыру ұсынылады.
Сонымен қатар, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы этномәдени семантикалы фразеологизмдердің тіларалық (орыс және ағылшын тілдері) берілуі барысында калькалау (сөзбе-сөз аударма), баламалы аударма (аналог), сипаттама тәсілдері жиірек қолданылғаны практикалық мысалдар негізінде талданып, дәлелденді.
Нұр-Сұлтан қаласынының жоғары оқу орындарындағы 6В020700 «Аударма ісі» және 6М020700 «Аударма ісі» мамандығының білім алушыларына сауалнама өткізілді, нәтижесінде қазақ көркем мәтінінде кездесетін этномәдени семантикаға ие фразеологизмдердің 40%-дан астамы сипаттама тәсілі арқылы аударылғаны анықталды.
Практикалық материалды сараптай келе, көркем мәтіндегі этномәдени семантикалы фразеологизмдердің барабар тіларалық берілуін қамтамасыз ететін аударма стратегияларының жіктелімі ұсынылды.
Көркем аударманы іске асыруда аудармашы, ең алдымен, үйлесімділікті сақтауға мүмкіндік беретін аударма стратегиясын таңдауы қажет.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазіргі аударматану ғылымы өзекті тақырыптарға арналған зерттеулерімен, көркем аударманың тың мәселелерін жан-жақты қарастыруымен ерекшеленеді, яғни төл әдебиетіміздің бірегей туындыларының шетел тілдеріне (ағылшын, француз, неміс, қытай, түрік т.б.) және, керісінше, әлемдік классика үлгілерінің қазақ тіліне аударылып жатқан кезеңі қалыптасып, дамып келеді.
Қазақстан Республикасының өзге елдермен экономикалық, саяси және мәдени байланыстарының кең қанат жайып, халықаралық қарым-қатынастарының нығаюы үдерісінде рухани мұрамызды басқа елдерге таныту және өзге елдердің мәдениетімен танысу мұқтаждығы туындап отыр.
Жаһандану дәуіріндегі отандық тіл білімінде жүргізіліп жатқан тың ғылыми ізденістер антропоөзектік бағытқа бет бұрып, тілді жеке тұлғамен, оның ой-санасымен, тарихымен, мәдениетімен өзара байланыста зерттеу мәселесіне көбірек көңіл бөлінуде. Ұлт, тіл және мәдениет «үштігі» мәселесі жеке бір тілге қатысты бұрыннан зерттеліп келеді, дегенмен, салғастырмалы тіл білімі және аударматану салалары бойынша шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де баршылық.
Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Қазақ көркем әдебиетінің үздік үлгілерін өзге тілдерге, оның ішінде, орыс және ағылшын, неміс, француз, қытай т.б. тілдеріне аудару мәселесі осы бағдарлама бойынша атқарылатын күрделі де жауапты міндеттердің бірі.
Диссертациялық жұмыс қазақ көркем мәтініндегі этномәдени семантикалы фразеологизмдердің ағылшын және орыс аудармаларында берілуі мәселесін зерттеуге бағытталды. Зерттеу жұмысында екі мың екі жүз отыз тоғыз фразеологизм, оның ішінде этномәдени семантикаға ие жеті жүзден астам тілдік бірлік жинақталды. Диссертациялық зерттеу жұмысының материалы М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының түпнұсқасы, орыс тіліндегі екі және ағылшын тіліндегі екі аударма нұсқалары негізінде құрылды. Аталған көркем әдеби шығармадан қазақ этносына, мәдениетіне ғана тән, яғни этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер іріктеп алынды.
Тіл – ұлттың тарихы, танымы, салты, дәстүрі, даналығы т.б. жөнінде ақпаратты бойында сақтайтын таңбалық жүйе қызметін және құнды мәліметтердің шашауын шығармай ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші кумулятивті қызметін ғасырлар бойы үзбей атқарып келеді, сонымен қатар тіл – халық мәдениетінің айнасы іспеттес. Ал тіл жүйесінде ұлттық танымнан туындаған этномәдени семантикалы фразеологизмдердің тіларалық берілуі мәселесі күрделі әрі маңызды.
Фразеологизмдер – тұтастығын сақтап, мәдени ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші тұрақты тілдік бірліктер. Фразеологизмнің ішкі формасындағы тасаланған бейне, этносқа қатысты құнды мағлұматтардың қайнар көзі деуге болады. Фразеологизм мағынасы қатпарындағы өткен күндердің іздері, халықтың тарихы, ділі, салт-дәстүрі, дүниетанымы т.б. туралы ақпарат жинақталып, сақталған.
Тілдің тарихи қаттауларынан орын алып, халықтың мәдениетінен, дүниетанымынан т.б. мол мағлұмат беретін этномәдени семантикалы фразеологизмдер тобы арнайы зерттелмесе, олардың көмескі сыры мен күңгірт мәні ашыла қоймайды. Ал бұл мәселенің өз кезегінде аударма үдерісінде біршама қиындық тудыратыны тәжірибе, сараптама нәтижесінде дәйектелді.
Фразеологиялық бірліктерді өзге тілге аудару барысында этномәдени семантикасы мен ұлттық реңкін сақтау, түпнұсқадағы идеяны оқырманға мейілінше шынайы, дәл жеткізуге тырысу ерекше маңыздылыққа ие. Тұлғасы ықшам, мағынасы күңгірт, бейнелі, шығу төркіні халық тарихымен астасып жататын фразеологизмдердің ауқымды тобына этнолингвомәдени сипат тән.
Фразеологизм – номинативті әрі коннотативті қызмет атқаратын тілдік бірлік. Кез келген фразеологизмнің формасы мен денотат арасында ассоциативтік бейне қалыптасады. Ассоциативтік бейненің қалай пайда болатынын фразеологизмнің этномәдени семантикасын зерттеу арқылы ғана түсіне аламыз.
Көркем мәтінде жиі қолданылатын фразеологизмдер өзге ұлт өкілдеріне халықтың мәдени ерекшеліктері жөнінде мол, құнды мағлұмат береді. Сол себепті мәдениетаралық коммуникация аясында этномәдени семантикалы фразеологизмдер маңызды рөл атқарады.
Фразеологизмнің этномәдени семантикасы белгілі бір ұлттың әлемінің тілдік бейнесін тануға, көркем аударма арқылы жүзеге асатын мәдениетаралық коммуникация барысында өзге мәдениет ерекшеліктерін танып-білуге, түсінуге септігін тигізеді.
Табиғаты күрделі, мағынасы терең әрі астарлы фразеологизмдердің ішкі формасы мен этномәдени семантикасы анықталғаннан кейін ғана оны дәл аударуға болады деп пайымдаймыз.
Баламасыз фразеологизмдерге ерекше этномәдени сипат тән болғандықтан, қазақ тілінің өзіндік ұлттық ерекшелігін сақтау мақсатында мұндай тұрақты орамдар мүмкіндігінше сөзбе-сөз аударылып, кейін аудармашы тарапынан түсініктеме берілгені дұрыс деп есептейміз.
Жазушы М. Әуезов шығармаларының түпнұсқасы мен орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармаларын салғастыра зерттеу, көркем мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасының тіларалық берілуін жан-жақты сараптау нәтижесінде төмендегідей қорытынды нәтижелерге қол жеткізілді:
Этностың болмысы, тарихы және мәдениеті фразеологизмдерде көрініс тауып, нәтижесінде, бұл тілдік бірліктер көркем мәтінге қайталанбас ұлттық реңк береді. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан екі мың екі жүз отыз тоғыз фразеологизм іріктеліп алынды және олардың жеті жүз жиырма бірі этномәдени семантикаға ие екендігі анықталды.
М. Әуезов шығармаларының қазақ тіліндегі түпнұсқасы мен орыс, ағылшын тілдеріндегі аудармаларын салыстыра және салғастыра талдаудың нәтижесінде 332 фразеологизмнің этномәдени семантикасының анықталмағаны, осыған орай бұрмаланып берілгені немесе мүлде аударылмағандығы анықталды.
Этномәдени семантикалы фразеологизмдер орыс және ағылшын тілдеріне калькалау (46%), фразеологизмді аудармай, түсіріп тастау (21%), сипаттама (17%), балама (9%), транслитерация (7%) аударма әдістері арқылы берілетіні анықталып, тілдік материалдар негізінде сипатталды, дәлелденді.
Этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аударуда этнолингвомәдени асимметрияның жиі орын алатындығы (84%) және этнолингвомәдени асимметрия барабар аудармаға қол жеткізудің бірден-бір жолы екендігі дәлелденді.
Этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аударуда форенизация стратегиясы (88%) қолданылғандығы айқындалды және доместикация стратегиясын қолдану фразеологизмнің этномәдени семантикасының, ұлттық нақышының аудармада көмескілеуіне әкелетіндігі анықталды.
Зерттеу барысында мәтіннің реципиентке түсініктірек болғаны көзделсе, онда доместикация стратегиясы таңдалатындығы анықталды. Бұл жағдайда этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер балама тіркес не жеке сөздер арқылы аударылады, яғни аударма мүмкіндігінше қабылдаушы ел мәдениетінің нормаларына бейімделеді. Ал аударма мәтінінде ұлттық реңкті сақтау мақсаты көзделсе, форенизация стратегиясы таңдалып, аударма барысында түпнұсқадағы этномәдени бірліктер калькалау және түсіндірме тәсілдерін қолдану арқылы аударылатындығы айқындалды.
Зерттеу нәтижесінде этнолингвомәдени асимметрия аударма үдерісіне, оның сапасына екі жақты әсер етеді деген тұжырым жасалды, яғни ол бір жағынан аударма мәтіннің үйлесімділігіне әсер етсе, екінші жағынан аудармадағы қателер мен сәйкессіздіктердің орын алуына әкеледі. Демек аударма барысында осы мәселе жіті бақылануы қажет.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдерді салғастыра қарастыру нәтижесінде толық құрылымдық-семантикалық балама, тіларалық ішінара құрылымдық-семантикалық балама, фразеологиялық семантикалық корреляттар (сәйкестіктер), баламасыз фразеологизмдер тәрізді тіларалық фразеологиялық баламалар жүйесі анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарындағы «Аударма ісі» мамандығының бакалавриат және магистратура бағыттары бойынша білім алушылары арасында өткізілген сауалнама нәтижесінде этномәдени семантикалы фразеологизмдерді аударуда білім алушылардың 31,8% калькалау, 40% сипаттама, 3,6% балама, 21% транслитерация, 3,6% түсіріп тастау әдіс-тәсілдерін қолданғаны анықталды.
Этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер аудармасының үлгілері анықталды.
Көркем мәтіндегі фразеологизмдерді аударуда жіберілген кемшіліктер анықталып, ұсыныстар берілді. Фразеологизмдерді аударуда орын алған сәйкессіздіктердің сандық және сапалық сараптамасы жасалды.
Кез келген фразеологизмді аудармас бұрын оның ішкі формасын, астарлы мағынасын анықтап, тұрақты тіркесті аударма тіліндегі сәйкес келетін тілдік бірліктермен салыстыра және салғастыра зерттеу арқылы ғана сапалы аудармаға қол жеткізуге болады.
Ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр, наным-сенімді айқындайтын фразеологизмдердің көркем аудармада барабар берілуі үшін түпнұсқа мен аударма мәтіні арасында тығыз байланыс орнауы және сәйкестіктің, үйлесімділіктің сақталуы қажет.
Ұлттық танымнан туындаған фразеологизмдерді өзге тілдерге аударуда этномәдени семантикасын сақтау, этнос әлемінің тілдік бейнесін басқа ұлттарға талапқа сай және үйлесімді етіп жеткізу қажет. Зерттеу нәтижелері негізінде және ғалымдардың пайымдауларын басшылыққа ала отырып, фразеологизмдерді аудару стратегияларының төмендегі қағидалары ұсынылды:
аударма барысында фразеологизмнің тұлғасына емес, оның мағынасына басты назар аударылуы тиіс;
фразеологизм құрамындағы элементтерді жекелеп емес, тұтас қарастырып аудару қажет; фразеологизм аудармасы аударылып жатқан тілдің нормаларына сай болуы керек;
аударма барысында, әдетте, доместикация немесе форенизация стратегияларының бірі таңдалады, алайда кей жағдайда екі стратегияны қатар қолданудың да тиімділігі анықталды;
фразеологизм аудармасы өзге мәдениет өкілдеріне түсінікті болуы шарт.
Көркем мәтіндегі этномәдени семантикалы фразеологизмдердің барабар тіларалық берілуін қамтамасыз ету үшін аудармашы, ең алдымен, түпнұсқа шығармаға қатысты халықтың тарихымен, салт-дәстүрімен, наным-сенімдерімен, ділімен толықтай танысуы қажет.
Аударма барысында тиімді стратегияларды таңдау, аударма нормаларын сақтау, сөзбе-сөз аудармаға жол бермеу, фразеологизмнің ішкі формасымен танысу, тіркес құрамындағы компоненттерге семантикалық талдау жасау және тілдік орамның номинативті, коннотативті мағыналарын анықтау тәрізді талаптарды орындағаннан кейін ғана сапалы аудармаға қол жеткізуге болады деп есептейміз.
Қорыта келе, М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы – классикалық төл әдебиетіміздің үздік үлгілерінің бірі. Көптеген жылдар бойы бұл шығарманың басқа тілдерге аударылуы мәселесі әдебиетшілер, тілшілер мен аудармашылардың қызығушылығын тудырып келді. Осы мәселеге қатысты жүргізілген зерттеулердің негізінде, ұлттық әдебиетіміздің үздік шығармаларының бірі – «Абай жолы» роман-эпопеясы және басқа да танымал туындылар қазақ тілін тұтынушы, жетік меңгерген мамандар тарапынан аударылғаны тиімді деп есептейміз.
Аудармашының түпнұсқа тілді тұтынушы елдің, яғни тіл иелерінің мәдениеті, тарихы, дүниетанымы, ұстанымдары және діни көзқарасы т.б. жөнінде жан-жақты аялық білімі болуы шарт. Осы орайда, жаһандану дәуірінде, еліміздің аудармашыларды дайындайтын жоғары оқу орындарында «аудармашы-мәдениеттанушы» бағытында мамандар дайындау мәселесін қарастыру ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |