Бірақ сені Абайдың бір сынық қара тырнағына алам ба екем мен! – деді [108, б. 27].
Говори, что хочешь, но помни, что ты для меня и ногтя Абая не стоишь! [91, с. 601].
Говори, что хочешь, но знай, что для меня ты – не стоишь и ногтя Абая! [109, с. 102].
Say what you like, but remember you are not worth one of Abai’s finger-nails! [92, p. 457].
Say what you like, but you are not worth so much as one of Abai’s finger-nails! [110, р 428].
Біздің пайымдауымызша, тырнағына алу тіркесі «түкке жаратпау, менсінбеу» ұғымындағы тырнағына алмау [татымау] тұрақты тіркесінің окказионалды қолданысы, яғни авторлық қолданыс деп танимыз. Сөзімізге дәлел ретінде І. Кеңесбаевтың ҚТФС еңбегінде берілген мысалды келтірейік: Сені неғылсын, қалыңдығының тырнағына да алмайды [30, б. 530]. Жоғарыдағы мысалдарға келетін болсақ, «тырнағына алу»тұрақты тіркесі орыс тіліндегі екі аудармада да «ногтя не стоит» бейнелі тіркесі арқылы аударылған, бұл жерде фразеологиялық аударма тәсілі қолданылып отыр. Бірақ, ағылшын тіліндегі аудармалардың екеуінде де «be not worth so much as somebody’s finger-nails» деген еркін сөз тіркесі арқылы аударылған, яғни, фразеологиялық емес аударма тәсілі қолданылып отыр. Бірақ, ағылшын тілінде «be not worth somebody’s little finger», яғни «мизинца не стоит», «шынашағына тұрмайды»деген мағынаны білдіреді. Біздің пайымдауымызша, бұл жерде «тырнағына алу»тұрақты тіркесін орыс және ағылшын тілдеріне аудару барысында фразеологиялық аударма тәсілін қолдану әбден мүмкін, себебі, бұл тұрақты тіркес универсалды сипатқа ие, яғни, бұл тілдік бірлік бірнеше мәдениетке ортақ ұғымды білдіреді. Мысалы: Say what you want, but remember that for me you are not worth Abai's little finger! (Біздің аударма – Ж.А.).
Ал зерттеу жұмысымыздың нысаны болып отырған этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аудару үдерісінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін жоғарыдағы тарауларда айтып өткен болатынбыз. Ұлттың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, діні жайында ақпаратқа ие фразеологизмдерді аудару барысында фразеологиялық емес аудару тәсілінің де қолданылуы заңды. Себебі, аударма тілінің мәдениетіне жат ұғымдар өзге тілге сипаттама, түсіндірме, сөзбе-сөз аударма тәсілдері арқылы ғана беріледі.
«Осындай қарбаласта «бармақ басты, көз қысты» боп, талай момынның тоқты-торымы сотқар ауылдардың жемі боп жүреді» [31, б. 49].
«В такой неразберихе ягнята и бараны беззащитной беднотыстановятся добычей любителей чужого добра по завету: «Пальцем придержи, глазом подмигни» (Казахская поговорка, имеющая смысл: «Покупай за две оглядки») [91, с. 63].
«И в этой неразберихе кое-кто хватал приблудных баранов иягнят чужого аула…» [90, p. 31].
Аударылмаған
«In this disorder the lambs and sheep of the defenceless poor oftencame into the possession of those who were not averse to seizing the property of others, guided as they were by the old saying: «Keep it with your finger and close your eyes!» [93, р. 77].
Орыс тіліндегі А. Кимнің және ағылшын тіліндегі Progress Publishers аудармаларында бұл фразеологизм мүлде аударылмаған. І. Кеңесбаевтың ҚТФС-де бұл фразеологизмге «жең ұшынан жалғасу»деген анықтама берілген, демек, «ым-жымы бір болу, ауыз жаласу» деген сөз [30, 197 б.]. Ал орыс тіліндегі Л. Соболев аудармасында калькалау әдісі арқылы «пальцем придержи, глазом подмигни»аударма нұсқасы беріліп, төменде сипаттама ретінде оған орыс тіліндегі «покупай за две оглядки»фразеологизмі беріліп тұр. Бұлфразеологизм «тез арада, ойланбастан»деген мағынаны білдіреді, алайда покупай за две оглядки тіркесін қолдану арқылы түпнұсқадағы ішкі форма түпкілікті өзгеріп отыр деп айтуымызға болады. Демек, түпнұсқа мәтіндегі «бармақ басты, көз қысты» фразеологизмін аудару барысында орыс және ағылшын тілдерінде лексикалық сәйкестік сақталғанымен, фразеологиялық тұтас мағына дәл жеткізілмеген.
Сонымен, жоғарыда талданған көркем мәтіндегі этномәдени семантикаға ие фразеологизмдердің орыс және ағылшын тілдеріне калькалау (сөзбе-сөз аударма), баламалы аударма (аналог), сипаттама тәсілдері арқылы аударылғаны анықталды.
Енді фразеологизмдерді аударудың тәсілдеріне жеке-жеке тоқталайық.