Қанат: Қайыржан.., Қайыржан... Құрыдым, құрыдым.
Қайыржан: Не болды? Айболға ұсталып қалдың ба?
Қанат: Жоқ. Одан да жаман. Құрыдым, бітті, бәрі бітті. Катядан айырылдым.
Қайыржан: Айырылғаны несі? Ол Айболды жақсы көріп қалып па?
Қанат: Жоқ, одан да жаман. Енді маған Катя жоқ.
Бұлт арылмай көңілден,
Жалғыз өтем өмірден.
Қайыржан: Қоя тұршы. Өлең шығармай-ақ, сөйлеуге болмай ма? Не болды, дұрыстап айтшы.
Қанат: Нағашы ағам келді.
Қайыржан: Батыр ма?
Қанат: Иә. Сол.
Қайыржан: Келгені жақсы емес пе.
Қанат: Кемей-ақ қойғанда жақсы болар еді.
Қайыржан: Неге?
Қанат: Нағашы болмай-ақ қойса, одан да жақсы болар еді.
Қайыржан: Әй айтсаңшы. Сонша қиналатындай не көрінді?
Қанат: Олар, олар бірін-бірі бұрыннан біледі екен, бірін-бірі сүйеді екен.
Қайыржан: Кімдер?
Қанат: Гүлзат пен Батыр. Батыр Гүлзатты іздеп келіпті. «Гүлзат деген мұғалімді танитын шығарсың, жеңгең болады»-деп қояды.
Қайыржан: Шын айтасың ба, міне қызық!
Қанат: Қайдағы қызық, бұл нағыз шыжық. Оған плюс, маған минус, мынандай сызық!
Қайыржан: Сен қалай білмегенсің?
Қанат: Мен қайдан білейін. Батырды көрмегелі қанша болды. Ал ана «қалыңдық», Гүлзат, маған жігітінің кім екенін айтады деймісің. Ол біздің туысқан екенімізді білмейтін де шығар.
Қайыржан:Жарың болмаса жеңгең болады, бәрібір жаныңда жүреді емеспе.
Қанат: Кетші‑ей білгіш. Махаббаттан дым сезбейтін есалаң. Сен–ақ жүр солардың қастарында. (даус естіледі)
Батыр: Қанат!
Қанат: Әне, ол мені күтіп тұр. Гүлзатты шақырып кел деп жіберді.
Қайыржан: Қиналсаң мен шақыра салайын, күтіп қалды ғой.
Қанат: Не деп тұрсың? Мисыз! Осыдан Батыр осы аулаға кірсе, мен оны...мойнаққа талатамын.
Батыр: Қанат қайда жоғалып кеттің?