31
Үшінші кезеңде проблема шешілуге тиісті, әрі нәтижелер: алынған жаңа білім,
құрылғының негізделуі мен әзірленуі және т.б. теориялық не эксперименттік жолмен
тексеріледі және басқа білімдермен қаншалықты сәйкесетіндігі анықталады.
Проблемалық оқытудың тұжырымдамасын негізгі ұғымдар:
проблемалық жағдаят,
проблема, проблемалық сұрақ құрайды.
Проблемалық жағдаят бастауыш сынып оқушысының таным процесіне кедергі келтіріп,
жағдаятты түсінуге және ондағы қиындықты жеңуге деген қызығушылыққа, құмарлықпен
ізденуге итермелейді. Әрине, ол үшін оқушының бұл жағдаятқа қатысты аз да болсын шамалы
түсініктері болып, проблема «жақыннан даму аймағында» жатуы керек. Әйтпесе оқушы
шешім қабылдамақ түгілі ойлануды да қажет санамайды.
Оқушының жағдаятты сезінуі арқылы оны қабылдауы проблеманы туындатады,
бұрыннан бар білім мен бейімділік қолданыс табатын ойлау қарекеті бастапқы параметрлер
мен ізделінетін белгісіздерді айқындауға кіріседі, яғни шешуі қиын мәселе проблемалық
сұраққа түрленеді. Осылайша «жорамал – оны теориялық не эксперименттік тексеру»
логикалық тізбесі дұрыс нәтижеге дейін қайталанатын болады.
«Жаратылыстану» пәнін оқыту процесінде проблемалық
жағдаяттың жасақталуына
қарама-қайшылықтың үш түрі қолданылуы мүмкін:
1) оқушының өмірлік тәжірибесі мен ғылыми білім арасындағы түсініспеушілік;
2) оқушының бұрынғы және жаңа білімдері арасындағы сәйкеспеушілік;
3) жаратылыстанудағы танымдық процесстің өзін де қамтитын жаратылыстану білімдері
жүйесінде көрініс беретін обьективті шындықтың қарама-қайшылығы.
Оқушының өмірлік тәжірибесі мен ғылыми білім арасындағы түсініспеушілік
«Жаратылыстану» пәнін оқу барысында кездесетін проблемалық жағдаяттың жарқын
мысалдарында көрінеді. Тұрмыстық ойлауға дағдыланған оқушының қысқа ғұмырындағы
өзіндік тәжірибесі кез келген қиындықтың шешімін оңай айта салуды әдетке айналдырған.
Сол себептен ол күтпеген дұрыс шешім оны қатты таң қалдырары сөзсіз, әрі болған жағдаятты
терең түсінуге жетелейді. Осындай проблемалық жағдаяттың мысалдарын келтірейік:
- суы сақырлап қайнатылған самауырдың немесе шәугімнің шүмегіндегі судың толық
қайнамай, шикі болатындығын ондағы температураны термометрмен салыстыра өлшеу
арқылы тәжірибеде көрсетуге болады;
- дистилденген су мен боялған спиртті жіңішке шыны түтікшеге құйған кездегі бастапқы
көлемдердің деңгейі 1+1=2
ережесінен ауытқып, біртіндеп азайып кететіндігі;
- бүтін қасықтың ішіне сұйық құйылған стаканға салғанда «сынып» қалатындығы;
- күннің дөңгелек еместігіне сендіру үшін пішіні төртбұрыш затты алыстан көрсетіп,
қара ноқатқа айналдыру да баланы таң қалдыруға жеткілікті;
- ішінен ауасы шығарылған пластика бөтелкені сабақ барысында күн түскен терезе
алдына қою арқылы ауаның қызған кезде ұлғаятындығын көрсету өте үлкен эмоция туғызады:
ішіндегі ауа қызған сайын шытырлаған дыбыс шығарып, сығылған бөтелке бастапқы түзу
қалпына келе бастайды;
- ата-ананың «баламның маңдайына кірген тікенек (шөгір) менің маңдайыма кірсін» деуі
ғылыми тұрғыдан жанашырлықты білдірмейді, өйткені ауырсыну сезімі біліну үшін обьектіге
(адам тәніне) әртүрлі қысым түсірілетіні белгілі.
Оқушы бұрындары игерген, қоржындағы «ескі» білім мен мүлде жаңа білім арасындағы
қарама-қайшылықты қолдану «Жаратылыстану» сабақтарында
проблемалық жағдаятты
ұйымдастыруға мол мүмкіндік береді. Мысалға, жүрілген жолды түзу траектория сызығының
ұзындығымен өлшеп үйренген оқушы орын ауыстыру ұғымына келгенде қиналып қалады.
Қандай ұзақ жол жүрілгеніне қарамастан жолаушы қозғалыс бастаған бастапқы нүктеге
қайтып оралса, орын ауыстыру нөлге тең болатыны «ақылға сыймайды».
Санақ нүктесіне байланысты қарастырылатын орын ауыстыру сияқты ара қашықтық пен
қозғалыстың сипаты мүлде басқаша болып кететіні де проблемалық жағдаят туғызады. Шолу
доңғалағындағы кабинада отырған адам егер өзі терезеге қарап отырмаса бір орында
32
шайқалғандай әсерде болады, өйткені жерге қарамаған адам өзіне қатысты санақ жүйесінде
қозғалыссыз болып есептеледі.
Үшінші түрдегі қарама-қайшылықты қолданатын проблемалық жағдаят бізді қоршаған
ортадағы диалектикалық қарама-қайшылықты және оны тану процесінде пайда болатын,
жаратылыстану тарихында, сонымен бірге жаратылыстану білімдері жүйесінің өзінде орын
алған қарама-қайшылықтарға негізделеді. Мысал келтіретін болсақ, бөлмедегі барлық
заттардың жылулық тепе-теңдікте болатындығын дәлелдеп, қолмен ұстағанда темірдің суық,
ағаштың салқын, шүберектің жылы болатындығы ғылым тарихында шатасулар туғызғанын
айта кеткен орынды.
Проблемалық оқытуды ұйымдастыру әдістемесі бастауыш мектептегі «Жаратылыстану»
пәнінің мұғалімінен жеткілікті дайындықты және біршама шеберлікті талап етеді. Қандай да
бір проблеманы немесе қарама-қайшылықты проблемалық жағдаятқа айналдыру үшін
айтарлықтай актерлік деңгейге дейін жетілмеген мұғалім оқушылар тарапынан көңіл-күйді
толқытатын шаттықты, белсенді қызығушылықты тудыра алмайды.
Басқаша айтар болсақ, сұрақты дұрыс қоя білу өнері, оны проблема түрінде жасақтай алу
оқушыларды сұрақтың жауабын белсенді іздеуге жұмылдыратыны сөзсіз. Мұғалім тарапынан
«арандатушы» сипатта,
ойнақы ұсынылған, ұтымды ұйымдастырылған проблемалық
сұрақтың жауабын оқушылар беріле іздейтін болады.
Проблемалық оқыту «Жаратылыстану» сабақтарында әртүрлі оқыту құралдары арқылы
ұйымдастырылуы мүмкін: көрсетілімдік эксперимент немесе жаппай тәжірибе, есеп шығару
процесінде немесе қандай да бір мәселені талқылау барысында және т.с.с. Проблемалық оқыту
кез келген сабақта, оның әртүрлі кезеңінде: жаңа материалды алғаш зерделеуде, оны бекітуде,
игерілген білімді өзектілендіру процесінде және басқа да жағдайларда қолданыс табуы
мүмкін. Бірақ, дегенмен, барлық жаратылыстану материалдарында, кез келген сабақта
проблемалық жағдаятты туғызу және бастауыш сынып оқушыларын белсенді,
шығармашылық ізденіске, терең ойлау процесстеріне жұмылдыра беру әрқашан мүмкін бола
бермейді. Мұндай проблемалық оқыту қолданыс табатын
сабақты жоғары әдістемелік
деңгейде дайындау, әрине, өте күрделі мәселе екендігі баршаға аян.
Достарыңызбен бөлісу: