Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗУДЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ЖӘНЕ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАННЫҢ НҰСҚАМАЛАРЫН ҚАЙТА ҚАРАУ



бет50/70
Дата06.04.2023
өлшемі251,49 Kb.
#80114
түріКодекс
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   70
САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗУДЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ЖӘНЕ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАННЫҢ НҰСҚАМАЛАРЫН ҚАЙТА ҚАРАУ
225-бап. Монополиялық кірісті айқындау негіздері және тәртібі

1. Осы Кодекспен шектелген монополиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде нарық субъектісі алған кіріс монополиялық кіріс болып табылады.


2. Нарық субъектісі монополиялық кірісті:


1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісім немесе келісілген әрекеттер жасауы;


2) нарық субъектісінің өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалануы нәтижесінде алуы мүмкін.


3. Монополиялық кіріс нарық субъектісінің осы баптың 2-тармағында көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырған кезінен бастап нарық субъектісі осы әрекеттерді тоқтатқан кезге дейін айқындалады.


4. Монополиялық кіріс:


1) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі монополиялық жоғары бағаны қолдану кезінде алынған кіріс пен осы Кодекстің 175-бабының ережелеріне сәйкес айқындалған бағалар негізінде есептелген кіріс арасындағы айырма ретінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеген кезде;


2) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі үстем жағдайға ие нарық субъектісінің бәсекелестерді тауар нарығынан ығыстырып шығару есебінен өткізу көлемдерін ұлғайту нәтижесінде алған қосымша кірісі ретінде монополиялық төмен бағаны белгілеген кезде;


3) монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісі тауар өткізуші нарық субъектісінің осындай тауарды өндіру мен өткізуге қажетті шығыстар мен пайдасы негізінде айқындаған бағасы бойынша осы нарық субъектісінің тауарды сатып алу шығындары мен тауарларды монопсониялық төмен бағалар бойынша сатып алу кезінде қалыптасқан шығындары арасындағы айырма ретінде монопсониялық төмен бағаны белгілеген кезде;


4) нарық субъектісі, тауарларды өндіруге және (немесе) өткізуге қажетті негізделген шығыстар мен іс жүзінде төленген салықтар шегерілгенде бәсекелестікке қарсы келісімдерді немесе келісілген әрекеттерді жасаған кезде осы әрекеттерден алынған бүкіл кіріс ретінде айқындалады.


5. Монополиялық кірісті алып қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

226-бап. Монополияға қарсы ден қою шаралары

1. Монополияға қарсы орган белгіленген өкілеттіктеріне сәйкес:


1) нарық субъектілеріне:


осы Кодекстің нормаларын бұзушылықтарды тоқтату және (немесе) олардың салдарларын жою;


бастапқы жағдайды қалпына келтіру;


осы Кодекске қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;


экономикалық шоғырлануды реттеу кезінде мәмілелерді бұзу немесе оларды жарамсыз деп тану арқылы олардың күшін жою қажеттігі туралы орындалуы міндетті нұсқамалар беруге;


2) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдарға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту, бұзушылықтарды жою, сондай-ақ өздері жасасқан, осы Кодекске қайшы келетін келісімдер мен мәмілелерді бұзу, күшін жою немесе өзгерту және бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жасау туралы орындалуға міндетті нұсқамалар беруге;


3) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолдануға;


4) сотқа талап қоюмен және өтініштермен жүгінуге, сондай-ақ соттар Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының қолданылуы мен бұзылуына байланысты істерді қараған кезде процестерге қатысуға құқылы.


2. Осы Кодекстің нормалары бұзылған кезде нарық субъектілері, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар:


1) монополияға қарсы органның нұсқамаларына сәйкес бұзушылықты тоқтатуға және оның салдарын жоюға, бастапқы жағдайды қалпына келтіруге, шартты бұзуға, нарықтың басқа субъектісімен шарт жасасуға немесе оған өзгерістер енгізуге, монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес келмейді деп таныған актінің күшін жоюға, нұсқамада көзделген өзге де әрекеттерді орындауға;


2) келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге;


3) монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысын орындауға міндетті.


3. Нұсқама монополияға қарсы орган белгілеген ақылға қонымды мерзімде орындалуға жатады.


Монополияға қарсы орган берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.


Нұсқама орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган нарық субъектісін, мемлекеттік органды, жергілікті атқарушы органды монополияға қарсы органның нұсқамасын орындауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.


Ескерту. 226-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

227-бап. Нұсқаманы ресімдеуге қойылатын талаптар



Нұсқама монополияға қарсы органның қатаң есептіліктегі бланкісінде ресімделеді және ол:


1) өзіне (өздеріне) қатысты нұсқама жасалатын нарық субъектісінің және (немесе) мемлекеттік органның және (немесе) жергілікті атқарушы органның немесе олардың лауазымды адамдарының атауын;


2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың анықталған фактісінің (фактілерінің), сондай-ақ нарық субъектісі не мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган немесе олардың лауазымды адамдары бұзған құқық нормаларының сипаттамасын;


3) нарық субъектісі және (немесе) мемлекеттік орган және (немесе) жергілікті атқарушы орган немесе олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықты жою үшін жасауға тиіс (немесе оны (оларды) жасаудан тартынуға тиіс) әрекеттерді;


4) нұсқаманың орындалу мерзімін;


5) нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты беру мерзімін;


6) нұсқамаға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасын;


7) монополияға қарсы органның елтаңбалық мөрін қамтуға тиіс.

228-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларын қайта қарау

1. Монополияға қарсы орган нұсқаманы (өзінің немесе аумақтық бөлімшесінің нұсқамасын) өз бастамасы не мүдделі тұлғаның өтініші бойынша:


1) егер елеулі мән-жайлар монополияға қарсы органға белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін болмаған, бұл заңсыз немесе негізсіз нұсқама шығаруға әкеп соққан;


2) егер нұсқама анық емес ақпараттың негізінде шығарылып, бұл заңсыз немесе негізсіз нұсқама шығаруға әкеп соққан;


3) егер нұсқама Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары бұзыла отырып шығарылған;


4) нұсқамада жіберілген жаңылыс жазулар немесе анық арифметикалық қате түзетілген жағдайларда қайта қарай алады.


Монополияға қарсы орган өз нұсқамасының орындалуын оны қайта қарау аяқталғанға дейін тоқтата тұра алады, бұл туралы іске қатысатын тұлғалар жазбаша хабардар етіледі.


2. Қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган:


1) нұсқаманы өзгеріссіз қалдыруы;


2) нұсқаманы өзгертуі;


3) нұсқаманың күшін жоюы;


4) жаңа нұсқама шығаруы мүмкін.


3. Мүдделі тұлғаның өтініші бойынша нұсқама қайта қаралған кезде монополияға қарсы орган өтініш (шағым) берген тұлғаның немесе өтініш (шағым) мүддесіне орай берілген тұлғаның жағдайын нашарлатуға құқылы емес.


Ескерту. 228-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

229-бап. Монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшелерінің нұсқамаларын тексеру



Ескерту. 229-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).


Монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшелері қабылдаған нұсқамалар нарық субъектілерінің өтініштері немесе жоғары тұрған монополияға қарсы органның бастамасы бойынша тексерілуі мүмкін.


Ескерту. 229-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

230-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына шағым жасау



1. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.


2. Монополияға қарсы органға аумақтық бөлімшенің нұсқамаларына шағым жасау үшін:


1) іс үшін маңызы бар мән-жайлардың толық анықталмауы;


2) іс үшін маңызы бар және анықталған деп танылған мән-жайлардың дәлелденбеуі;


3) шешімде жазылған түйіндердің істің мән-жайларына сәйкес келмеуі;


4) Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы негіздер болып табылады.


3. Нарық субъектісі монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшесінің нұсқамасына ол нарық субъектісіне табыс етілген күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.


Ескерту. 230-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

231-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланған жағдайларда мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару



1. Егер үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі осы Кодекстің 174-бабында көзделген бұзушылықтар үшін күнтізбелік бір жыл ішінде екі рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған және бәсекелестікті шектейтін әрекеттер жасауды жалғастырған жағдайда, монополияға қарсы орган бәсекелестікті дамыту мақсатында осы нарық субъектісін мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлімшелері базасында бір немесе бірнеше заңды тұлғаны бөліп шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.


2. Сот, егер жиынтығында:


1) құрылымдық бөлімшелердің технологиялық тұрғыдан негізделген өзара байланысы болмау;


2) тиісті тауар нарығында қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған заңды тұлғалардың дербес қызметі мүмкіндігінің бар болу шарттары орындалса, бәсекелестікті дамыту мақсатында мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешім қабылдайды.


3. Соттың мәжбүрлеп бөлу не бөліп шығару туралы шешімі меншік иесінің немесе оның уәкілетті органының көрсетілген шешімде көзделген талаптарды ескере отырып және көрсетілген шешімде айқындалған, бірақ алты айдан аспайтын мерзімде орындауына жатады.


Ескерту. 231-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

5-БӨЛІМ. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ НЕГІЗГІ




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет