шығар, сендерге де өкпесі болса керек. Сөйтіп жатқанда, ханның ордасының күлдіреуішінің бір басы
шыққан болар. «Жаман болса, осыған бір нәрсе айтар еді, сынайын», – деп, сендерге айтқан ғой. Барып
күлдіреуішінің басын салып берсеңдер, ханның қызметі тамам болады, – деп кеңес береді. Уәзірлер ханға
келіп:
– Тақсыр! Мына бір күлдіреуішіңіздің бас жағы шығып кеткен екен, соны салып берейік, – деп, рұқсат
сұрайды.
Хан рұқсат берген соң, күлдіреуішінің басын салып береді. Хан күліп:
– Мұны кім үйретті сендерге? – деп сұрайды. Уәзірлер шынын айтады, хан уәзірлеріне:
– Ол Жаман болса да, қысылғанда айла табатын ақылды, данышпан еді. Әркімнің пайдасына жарайтын
еді. Сендер күндеп, ақырында екеумізді айырдыңдар. Егерде ол сендерге ақыл таппаса, сендер өлетін
едіңдер. «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген мақал бар, – дейді.
Қырық уәзір ханға жағамыз деп, ханның көңілін аулап, күнде ойын-той жасап жатса да, ханның көңілі
көншімейді. Жаманды сағынады. Бәрі де Жамандай бола алмайды. Бір күні хан ерігіп, уәзірлерімен аңға
шығады. Аң іздеп келе жатып, таудың етегінде қой жайып жүрген бір шалға ұшырап, сәлем беріп:
– Уа, ата, мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды? – деп сұрайды.
– Бір жиырма жыл болған шығар, –дейді шал.
– Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?
– Он бес жыл болды.
– Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды?
– Оған да бір он жыл болған шығар. Хан ойланып тұрып, тағы да:
– Ата, өзіңіз нешеусіз? – дейді.
– Ой, шырагым-ай, жатқанда екеумін, тұрғанда төртеумін.
– Баба, менің қырық асыранды қазым бар, соны білдірмей жүнін жұлып, күйдірмей пісіріп, қан шығармай
сойып беретін кісі бар ма? – деп сұрайды хан.
Сонда шал:
– Адамына тап болсаң, айтқаныңнан да артық етер, – дейді. Хан шалдың сөзіне қанағат етіп, атының
басын бұрып, үйіне қайтады. Хан үйіне келген соң, уәзірлеріне:
– Мен не дедім, шал не деді? Соны айырыңдар, оны айыруға бір ай уақыт берем. Айыра алмасаңдар,
қырқың да өлесіңдер, – дейді.
Уәзірлер сасып, өздері таба алмайтын болған соң, бәрі де баяғы Жаманға барып, ханның айтқанын айтады.
Сонда Жаман:
– Бұл оңай жұмыс емес. Бастарың өлімге байланған екен. Жақсы, енді болмас, тағы да бір амал табайын.
Сендер бір ат қалдырып, басқа аттарыңды сойыңдар, киімдеріңді өртеп, сонымен бір аттың етін пісіріңдер,
мен мына қалған атқа мініп сендерді ханға жалаңаш айдап барам. Егерде сендер, арланып, қастық
етпейтін болсаңдар, мен сендерді хан алдында құтқарып алам, – дейді.
Уәзірлер бір ауыздан:
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
841 bet
– Ойбай, тақсыр, арланбаймыз! Жанымыз қалса болады, ханымыз бізге мықтап өкпелеп жүр, – деп, риза
болып, сол жерде отыз тоғыз атты сойып, бір атты қалдырып, сойған аттардың біреуінің етін өздерінің
киімін жағып пісіріп, етін жеп алады. Етті жеп болған соң, соймай қалдырған ала шолақ атқа Жаман мінеді,
қолына құрық алып, жалаң аяқ, жалаң бас уәзірлерді ханға айдап жөнеледі.
Жаман келе жатыр дегенді естіп, хан кырық жігіт ертіп, жібек кілем, жібек шатыр алып, түстік жерден
алдынан шығып, Жаманды жер бастырмай құрметтеп, жібек кілемге түсіріп алады. Хан уәзірлерді
ұмытып кетеді. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап жата береді. Бір күні уәзірлердің арасында: «Бұл
хан өз қызығы өзінде жата берді. Түнеугі сөзін үмытып кетті білем», – деген күңкіл шығады. Жаман оны
естіп, уәзірлерді шақыртып алып, жиылған халық алдында:
– Ол шал жұрттан асқан дана еді. Хан оның даналығын сезіп, «Қырық уәзірімді жөнге салып, ақыл айтпас
па екен?» – деп, сәлем беріп, тілдесіп еді. Ханның: «Бұл таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды?»
дегені: «Сенің шашыңа ақ кіргелі неше жыл болды?» дегені еді. Шал: «Шашыма ақ кіргелі жиырма жыл
болды», – деді. Ханның: «Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?» дегені: «Сақалыңа ақ
кіргелі неше жыл болды?» дегені еді. Шал: «Оған да он бес жыл дегені: «Көзіңнен жас аққалы неше жыл
болды?», – дегені еді. Шал: «Оған да бір он жыл болды», – деді. Ханның: «Ата, өзің нешеусің?» дегені:
«Үйінде неше жаның бар?» дегені еді. Шалдың: «Жатқанда екеуміз, тұрғанда төртеуміз» дегені: «Менің
бұрынғы әйелім өліп қалған еді, қазіргі әйелімнің байы өлген; түнде жатқанда екеу болғанмен, күндіз
қойда жүргенде мен өлген әйелімді сағынам, қазір әйелім үйде отыр, өзінің өлген ерін ойлайды», – дегені
еді. «Жатқанда екеу, тұрғанда төртеуміз» дегені – сол еді. Ханның «Қырық асыранды қазым бар, соны
қан шығармай сойып, білдірмей жұлып, күйдірмей пісіріп беретін кісі бар ма?» дегені: «Менің ақылсыз
қырық уәзірім бар, соларды ұрмай-соқпай жөнге салып беретін кісі бар ма?» дегені еді. Шалдың:
«Адамына тап болсаң, айтқаныңнан асырар» дегені, оның шешуін маған жолдағаны еді. Сендер мені іздеп
барған соң, үстеріндегі киімдеріңді алып отқа жаққаным, білдірмей жұлғаным, күйдірмей пісіргенім;
сендерді алдыма салып, жалаңаш жаяу айдап ханға әкелгенім, қан шығармай сойғаным еді. Ал енді
осымен ханның жұмысы біткен шығар? – деп, Жаман сөзін аяқтады. Хан:
– Уәзірлерімнің күнәсін кешірдім. Неше рет екеуміздің арамызға от салып, қоныс аударып, көшіп кетуіңе
себеп болып еді. Сонысына ызаланып: «Өздері әбден жеңілсін, кінәларын мойнына алсын» деп едім.
Менің тілегім орындалды. Ал, халық, мен де біраз хан болып, қызық көрдім. Ендігі хандығымды мына
досыма берем. Сіз де, енді тартынбаңыз, таққа сіз мінуге уақыт жетті, қалған өмірде сізге қызмет етіп,
сіздің хан болған қызығыңызды көрейін, – деп, Жаманды қолтықтап әкеліп, хан тағына отырғызды.
Елі отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, Жаманды ақ киізге салып, хан көтерді. Жаман ақша ханның
еліндегі үйін көшіріп алады. «Жаман таққа мінген соң, ешбір соғыссыз, бес хандықтың қонысын біріктіріп,
ел арасында достық орнатыпты», – дейді. Әр ханның адамдары өз елінен әділдік таппаса, бұған келіп,
қосыла беріпті. Сол уақыттан бастап әділдігі үшін бес ханның елі Жаманға: «Аяз би деп ат қойып, сол
аты өле-өлгенше қалды», – дейді. Аяз би әділ болды. Тұра билік етті. Нашарларға қарасты.
Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының мандайшасына шегелеп қойды. Кейде
хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тоны мен тымағына қарап: «Ай, Аяз,
баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» – деп, көңілін басушы еді
дейді
2. Атымтай Жомарт
Мысырда хан сарайында уәзірлердің мәжілісі болды. Мәжіліске Атымтай Жомарт та қатысады. Сарайға
жиналған уәзірлер Атымтайды алғаш көргенде, жомарттығы қандайлық дәрежеде екен деген сияқты
кейбіреулері таңғырқасты. Содан бір сыпыра жомарттық туралы сөз басталды. Атымтайға таныс адамдар,
Атымтайдың жомарттығын мақтады. Уәзірлердің ішінде Зейнілғабиден Атымтайдан Бағыдат
шаһарындағы Бану Халима жомарт деді. Бұған уәзірлер екі жарылды. Кейбіреулері Атымтайды,
кейбіреулері Бануды жомарт деді. Сонымен екшесіп келгенде Зейнілғабиден Атымтайды қасына ертіп,
Бағыдат шаһарына барып Бануды көзімен көретін болды.
Зейнілғабиден мен Атымтай Бағыдатқа келгенде жұрт Банудың жомарттығын алдын ала мақтай бастады.
Шынында Бану қоластындағы жетім-жесір, қайыршыларға күнінде бір неше рет қайыр тілеп келсе де,
күніне бір-бір ділдә беріп қайтарып отырған. Бануды сынау үшін Атымтай қайыршы киімін киіп, кіріп
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
842 bet
келіп еді, бір ділдә берді де жөнелтті. Сол күні кешке таяу Атымтай киімін өзгертіп киіп, қайыршы болып
және келіп еді және бір ділдә берді. Бұрылып есіктен шыға беріп, қайта оралды да рұқсатпа деді Атымтай.
– Сізбен танысып, біраз әңгімелесуге болар ма екен?
– Неге болмасын.
– Мен Атымтай едім, бұрын естуіңіз бар шығар. Бүгінгі күн екі рет қайыршы болып қолыңнан екі ділдә
алдым, мен сияқты күнінде бір неше жүз мың қайыршылар келіп, бір-бір ділдәдан бір неше рет алып
отыратын болса, көп қазына керек, бұған сіздің қазынаңыз соншалық таусылмайтын көп пе еді.
– Қазынаның таусылмайтын себебі бар. Мұны айту қиын. – деді.
– Қазынаңыздың таусылмайтын себебін білуге бола ма? – деп Атымтай жабыса кетті.
– Осы шаһардан алты айшылық жерде Гауһаршашба дейтін шаһар бар. Сол шаһарда өнерпаз
Гауһаршашба деген адам болған. Қазір де сол адам тірі. Тәңертең базар жиналған соң базарға келіп
Гауһаршашба гауһар шашады. Жиналған жұрт гауһар теріп еңбектеп жатқаны. Осының гауһары неге
таусылмейды, себебін біліп келіп берсең мен де қазынамның таусылмайтындығын айтамын.
– Олай болса мен қалай да аралап барып қайтамын. Бірақ өзің сөзіңде бол, – деді де шығып жөнелді.
Зейнілғабиден мен Атымтай Гауһаршашба шаһарын іздеп талай жер жүріп, өмірі көрмеген жыныс
қарағай, биік тауларды аралап, арып шаршап, Гауһаршашба шаһарына келді. Шаһарға келген соң
Гауһаршашбаның пәтерін тауып бір неше күн демалып тынықты. Келген жұмыстарын айтты.
Гауһаршашба Банудың айтқанындай қартайса да базардың жиын ортасына барып, өз қолынан гауһар
шашып жүргенін Атымтай мен Зейнілғабиден көзімен көрді.
Гауһардың соншалық таусылмайтын қорының қайдан шығып жатқанын жабысып сұрап еді,
Гауһаршашба осы шаһардан төрт айлық жерде бір қари алам бар, оның қарилығы сондайлық, таңертеңнен
кешке дейін құранның бір ғана екі-үш аятын оқиды да отырады. Онан жалығу, басқа кәсіп істеу дегенмен
жұмысы жоқ. Атымтай Гауһаршашбаның аузынан былай деп жауап естіген соң Зейнілғабиденмен
ақылдасып, тәуекел барып көріп қайталық деп ұзақ сапар шекті.
Гауһаршашбаның айтуы бойынша, төрт ай жүріп әрең дегенде қаридың шаһарына келді. Шаһарға кеалген
соң қариды сұрап келсе Гауһаршашбаның айтқанындай ауыз жаппай «Енна ағмалы бенниати» деп қайта-
қайта дауыстап оқып отырды.
Арасында қаридан өздерінің келген жайларын айтып, Атымтай сұрақ қойды. Не себепті дауыстап ауыз
жаппай бір-екі ауыз аятты оқисыз да отырасыз деді. Көзін сипап, иегін көтеріп, Атымтайға бұрылып
қарады да, мұның мәні бар, – деді.
Бұл арасын толық түсіндіріп айту үшін ең әуелі осы шаһардан үш айлық жерде бір мініскер бар. Ол
мініскер дүниедегі ең бірінші қолөнерші деуге болады. Сол мініскердің кім екенін біліп берсең әңгімені
бастан-аяқ айтамын, – деді.
Атымтай көп ойланып отырды да мұны да іздеп жүріп кетті. Жолаушылық ұзақ сапарға үйреніп алған
адамдар кешке дейін жүріп келіп біраз дамылдап, түнге тағы да шаһарға келген соң мініскерді тауып өзіне
жолдықты. Мініскердің шеберлігі соншалық, ағаштан түйін түйеді. Бірақ, ағаштан қандайлық нәрсе істеп
шығарса да әрі-беріден соң жерге ұрып быт-шытын шығарып жоқ қылады. Бұл арасы бір ғажап іс. Мұны
Атымтай білмек болып және жөнін сұрап еді, ол шаһардан айшылық жерде үлкен шаһар бар, сол шаһарда
дүниедегі ең биік, ең үлкен Ақмешіт дейтін мешіт бар. Соның азаншысы тәңертеңнен кешке дейін
дамылсыз айғайлап азан айтады да отырады. Бес уақыт намазының орнына ол бір неше мың рет азан
шақырады. Осының азанының мезгілсіз осынша айтылатындығын біліп келіп бер, сонан соң мен өз
жайымды түсіндіріп беремін деді. Атымтай Зейнілғабиденді ертіпе мініскердің нұсқаған жолдарымен
азаншының шаһарына келеді. Келсе мініскердің айтқанындай Ақмешіттің үстіне шығып алып, айғайлап
азан шақырып тұрған азаншыны көрді. Іздеп келіп азаншының мезгілсіз азан шақыратын себептерін сұрап
еді, осыдан он бес күндік жерде, жапан далада құдық бар, сол құдықтың басында күні-түні киік күзетіп
отырған адам бар, киіктері мен киік күзетіп отырған адам, былайғы адамды көрсе үркеді. Жайы келсе
киіктер тырым-тырақай болып қашып қалың жыныс қарағай арасына сіңіп кетеді де, құдықтың басында
жалаңбас бір адам отырып қалады. Осының мәнісін біліп берсең, сонан кейін мен де өз жәйімді
түсіндіремін деді.
Атымтай азаншының айтқан жолдарымен жүріп келіп, құдыққа таяп келгенде қалың мал көрінді.
Жақындап келіп еді, мал дегенің киік болып шықты. Киіктер Атымтайды көргенде дүр етіп үркіп, қарағай
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
843 bet
арасына сіңіп кетті. Құдыққа келсе, құдықтың басында бағанағы азаншы айтқан жалаңбас еңгезердей
шонжар бір қара жігіт отыр. Жөн саұрап сөйлесейін деп еді, Атымтайға жарытымды жауап бере алмады.
Екі сөзінің бірінде қыз, қыз деген сөздер қыстырыла берді. Сірә есалаң адам болуы керек деп Атымтай
қиналыңқырап қасында біраз дамылдап отырды.
– Сіздің жөніңізді кімнен білуге болады, – деді.
– Үш күншілік жерде мешіт бар, сол мешіттің қазіретінен сұра, – деді.
Атымтай бұлай деп жауап бергеніне ырза болып мешітті іздеп жүріп берді. Сұрастыра-сұрастыра мешітті
келіп тапты. Елсіз, жұртсыз жерге салынған жалғыз ғана мешіт екен. Мешіттің ішіне кіріп қазіретті
бөлмесінен тапты, басына дағардай ақ сәлде ораған, сақалы белуардан түскен аппақ қудай адам екен.
Есіктен атымтай кіріп келгенде орнынан ұшып тұрып қол қусырып, амандасып қарсы алды.
– Е, балам, аман келдің бе? Жолың болсын, әңгімеңді сөйлей отыр, – деді.
Атымтай бастан-аяқ әңгімені уәзірлердің Мысырда болған мәжілісінен қозғады. Қазірет қабарын алып,
жақсы шыраймен отырып тыңдады. Қазірет Атымтайдың сөзі аяқтағаннан кейін: «балам, – деді, енді
бұдан былай қарай тағы жиһан кезіп, жиһаншы боламын ғой деп қорықпа, осыдан былай, енді кейін
қайтасың», – деді.
– Анау құдық басында отырған жалаңбас қара бар ғой, оның қасындағы еріп жүрген көп киіктің бәрі де
адам, бұлардың шаһары сол құдықтың оңтүстігінде мың шақырым жерде болады, анау жалаңбас қара бір
күндерде сол шаһарда қан болған. Киіктер қанның әскері еді. Шаһарынан қыз жетпегендей, перінің қызын
алымын деп, Періойнақ деген жердегі бір бастауға келіп, перінің қыздарымен айқасқан. Перінің тілін
біледі ме, болмаса олармен үйлесе алмады ма, әйтеуір өздерін пері соғып, қанды дуана ғып, сол бойы
отырғызып кетеді де әскерлердің барлығын киік қылып жібереді. Өзің көрген сол киіктер қанның
әскерлері, ал, бұған жәрдем беріп, перімен сөйлесерлік шаһарларында еш бір адам жоқ. Жұрттың бәрі де
Періойнақ деген жердің маңынан жүруге қорқып, екі күн, үш күншілік жерден бұрылып кетеді. Бұларды
қайтадан адам қалпына келтіріп, шаһарына қайтару тек ғана менің қолымнан келер еді, бірақ, менің баруға
уақытым жоқ. Олардан ешкім қабарласпайды, сонымен олардың жайлары осы еді.
Атымтай естігенде қазіреттің бетіне қарап отырды да:
– Қазірет, – деді, одан арғы жолдардағы азаншы, мініскер, қари, Бану тағы-тағылардың сырларын ашып
бермейсізбе, – деді Атымтай.
– Олардың жайларының бәрі де маған белгілі, бірақ түпкілікті сырларын жол бойы өздері айтамын депті
ғой, айтар, – деді.
Атымтай, қазірет бұлай деген соң көп қазып сұрамады. Әйткенмен, Банудың қазынасының түпкі қорының
қайдан шығып жатқанын білуге ынта қойды. Атымтайдың ойын қазірет те біліп, былай деп жауап берді:
«Бану қазынасының көптігін өзі айтар, бірақ Банудың өз басы саған құмар, түбінде Банудың тілегі
орындалады, сен Бануды алуың керек», – деді.
Қазірет Атымтайға батасын беріп, шығарып салды. Атымтай келген ізімен бір неше күн жүріп азаншыға
келді. Азаншы құрметпен қарсы алып, күтті. Атымтай азаншыға шешіліп барлық жағдайдың бәрін бастан
аяқ сөйледі.
Азаншы өзінің жайын Атымтайға әңгіме қылып сөйлей бастады: мен осы шаһардың азаншысымын.
Мезгілмен ғана бес уақыт намаздың алдында мешіттің жоғары мінбесіне шығып азан шақыратынмын.
Менің дауысым мұңды, толқынды жанның бәріне сүйкімді еді, айтқан зікірімді жұрт ұйып тыңдай
қалатын. Бір күні жұрт жұма намазына жиналып, мен намаздың алдында азан шақыруға шықтым. Екі
қолды құлаққа қойып зікір салып тұрғнымда көз алдым қарауытып, басым айналып кеткендей болды. Көз
алдыма жіпке тізілген қолға тотылық маржан тартыла қалыпты. Қызықтым, ұстай алып ем, көтеріп бойы
мешіттен шығарып көкке алып жөнелді. Көз сол бойы жұмылып кетті, көкті аралап, көктің талай
қатпарларынан өттім, әуені де аралап маржанның астында салбырап келемін. Ойлаймын, қолымнан
шығып кетіп, жерге құласам, күл талқаным шығып қалады-ау деймін. Әйтеуір көзімді ашқым келмейді.
Мүмкін көзімді ашсам, көкте жүріп жерді көріп, жүрегімнің қабы жарылып кетерме. Бір мезгілде
сырылдап, тұйғындай түйіліп, жерге қарай зымырады. Мен астында салбырап қалмай жүрмін. Әлде не
уақытта аяғым сыбдырлап шалғынға оралды, қолым босап қалыпты. Көзімді ашып жіберсем, құлазыған
жапан дала екен. Шалғында белуардан бөленіп жатырмын. Маңайыма көз жіберіп едім, қалың жайылып
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
844 bet
жүрген қарала, торала таудан түсіп келе жатқан қойларды көрдім. Қуандым, қойшысына сөйлесіп неде
болса елге барамын ғой дедім.
Орнымнан ұшып тұра келіп, қойға таман жүре бастадым. Қойдың артынан еріп келе жатқан қойшыға
жолығып, ел сұрадым. Ол жауап берместен бұрын менің жөнімді сұрай бастады. Сұрағына қарай жауап
беріп жатырмын. Бірақ, бүгін шықтым елден дегеніме сенбей, ашуланды. өзі де алпыстың ішіне келіп
қалған ақсақалды адам екен. Шырағым мені алдауға айналдыңба деп тілге келмей-ақ қолындағы таяғымен
салып қалды. Зәре қалған жоқ, қорықтым, ғапу сұрап жалындым. Әйтеуір жер таяқты жеп алған соң, неде
болса елге жету мақсат болды. Қойшының нұсқауы бойынша елге таман бетімді түзеп тағы жөнелдім.
Бұл уақытта күн батуға таянып қалған еді. Мен бір белең асып түскенімде үлкен зиратқа кездестім. Енді
ауыл зираттан көп алыс емес екенін білдім. Бірақта зиратқа түнеу ғадетім еді, сол ғадетім бойынша
зиратқа түнедім.
Күн батып, көз байланған соң таудан туралап зиратқа қарай төнген, табақтай дөп-дөңгелек от көрінді. От
барған сайын жақындап, зиратқа таяп келгенде, қорқып жасырынып жатып сығалап қарадым. Сүйтсем,
от дегенім айдағардың көзінің оты екен. Келді де бір жалпақ есіктей тасты аударып, ішіне кіріп адам
суретіне түсті. Бұл уақытта мен де орнымнан ұша түрегеліп әлгі қақпа тасқа келдім. Соңынан ердім,
қуыстың ар жағы үй екен. Бір-екі есікті ашып кірді, үшінші есікті ашқанда, ар жағынан күн мен айдай бір
сұлу қыз шықты. Қызды көзім шалды, бірақ айдағар жазым қылар деп ізімше шығып жөнелдім.
Қай уақытта шығар екен деп екі көзім қақпа таста, зираттың бұрышында аңдыдым да отырдым. Таң
қараңғысында тағы айдағар суретіне түсіп тауға қарай жөнелді.
Ертеңінде мен өз бетіммен елге қарай тарттым. Үлкен бір шаһарға кездесіп, қайыршылық құрдым. өз
шаһарымның қаншалық жерде екенін мөлшерлей алмадым. Жайымды айтып сұрайын десем тағы да таяқ
жеймінбе деп қорықтым. Әйтеуір бір жақсысы, қайыршының жөнін сұрамайтын елдің ғадеті ғой, сол
ғадет бойынша менің жөнімді сұрап білуге ешкім құмар болған жоқ.
Түнде қонып аттанған үйлерім ханның қызы жоғалып, оны айдағар, дию алып кетті деседі. Бірақ, соны
мен көріп едім, тауып беремін деп оқыста біреуге аузымнан шығып кетті. Менің бір ауыз сөзім дереу
қанға жетті. Хан дереу бүкіл шаһардан мені іздетіп, қонып жатқан жерімнен алдырды. Хан шақырды
дегенде тағы да бір қылмыс тағып, жазалап тастарма екен деп қорқып, қашан алдына келгенше зәре құт
қалмады. Сүйтсем жоғалған қызын сұрады, табамысың деді, іркілгем жоқ, табамын дедім. Менің табамын
деген сөзім шыққанда қан қуанып орнынан ұша тұрып еді, олай-бұлай жүріп егер, – деді, қызымды тауып
беретін болсаң, сол қызымның өзін, болмаса қызымдай уәзірлерімнің қыздарының ішінен таңдаған
қызыңды өзіңе алып берем деп уәде берді.
Қыздарды шақыр деп еді, сау етіп қан отырған үйге оншақты қыз жетіп келді. Қыздардың сұлулығы
соншалық, бірінен бірі өтеді. Төмен қарап үндемей отырдым да байыппен, «хан мынау уәзірлердің
қыздарының ішінен өзіңіз лайықтаған біреуін берерсіз», – дедім.
Хан бетіме қарап алды да, ортада тұрған бір қызды нұсқап, қолын созып көрсетті. Мынау деді, Тайыр
деген бас уәзірдің қызы Шолпан, олай болса сенің қалыңдығың деп қызға қарап еді, қыз ұялып төмен
қарады. Басқа қыздар Шолпанды ортаға алып, хан рұқсат еткен соң орнындрынан қозғалып жөнелді.
Менің де көңілім өсіп қуанып, недәуір көтеріліп қалдым. Бақытыма қарай қан кез болды, енді жолым
болар, ханның қызын тауып беруім керек, бұл маған қойылған серт деп ішімнен ойландым да қойдым.
– Жә, менен қандай жәрдем күш, құрал-сайман керек, – деді хан.
– Қырық жігіт, әскерлік құрал күштерімен ертең кешке дейін болсын, бірақ, ол жігіттеріңіз менің әмірімде
болып, не бұйырсам соны орындайтын болуы керек, – дедім. Ертеңінде кешке таман сауыт, сайманмен
қырық жігітті ертіп кәдуелгі зиратқа келдім. Жігіттердің бәрін де зираттың ішінде жасырып қойып, қазыр
мынау таудан айдаһар келеді, соны аңдймыз. Анау қақпа тасты ашып қуысына кіргенде даяр тұрыңдар,
шыға берісінде соғысамыз, – дедім жігіттерге.
Көз байланған соң күндегі әдеті бойынша таудан еңбектеп айдаһар да келіп қақпа тасқа ілінді. Қақпа
тасты қопарып аударды да кіріп кетті.
– Әне көрдіңдер ме? – дедім жігіттерге.
– Көрдік, – деді.
– Біздің алысатын жауымыз осы. Егер өлтірсек қыз табылады. Барлық күшті жинап ол айдаһар суретіне
түспес бұрын, адам суретіндегі күнінде айқасуымыз керек, – дедім.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
845 bet
Қырық жігітпен қақпа тастың аузын алдық. Өзім жігіттердің алдынан белсеніп қару сайманын қолға алып
әзір болдым. Таңға жуық айдағар ысылдап шығып келе жатқанда демімен тартып еді, жігіттердің бәрі де
қаша жөнелді. Мен семсерді екі қолыма көлденең ұстап, айдаһардың аузынан тіліп өте шықтым. Мен
талып қалыппын, жігіттер қашып қанға барып, қайыршы айдаһармен алысып қалды, біз қорқып қашып
кеттік деді. Хан екінші қабат кісі жіберіп, бұлар келсе айдаһар өліп қалғанын, менің талып қалғанымды
көрді. Менің басымды сүйеп, есімді жинағаннан кейін қақпа тастың ішіне кіріп қызды алып шықты. Жұрт
Достарыңызбен бөлісу: |