14. 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші орыс революциясының Қазақстанның қоғамдық-саяси қозғалысына әсері. Қарқаралы петициясы.
1905 жылдан 1907 жылға дейінгі кезеңде бірінші орыс революциясы болып өтті. Оның жаңғырығы Қазақстанға да жетті. Патша үкіметінің 1905 жылғы 9 қаңтарда қарусыз шеруге шыққан жұмысшыларға оқ атып, қырып салғаны оның қанішер зұлымдық саясатын әшкерелеп берді. Бұл хабар халықтың кекке толы ашу-ызасын келтірді. Қазақтың белгілі ақыны әрі этнограф, тарихшы, шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы оқиғаға арнап «Қанды жексенбі» деген өлең жазды. Өлеңнің «Айқап» журналына жарияланғалы жатқанын сезіп қалған жергілікті отаршыл әкімшілік оны басып шығаруға тыйым салды. Автор қуғын-сүргін көрді. Ташкент, Қоқан жағында және Ішкі Орда аумағында бой тасалауға мәжбүр болды.
Верный, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Петропавл мен Семейде жұмысшылардың наразылық жиналыстары мен митингілері болып өтті. Ақмола облысы мен Далалық өлке орталығы Омбы қаласында да халық наразылық шеруіне шықты.
Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде бір ғана Семей облысының өзінде 147 мыңға жуық қазақ жерсіз қалды. Сондықтан да жерсіз қазақтар жерді Сібір қазақтарынан, император әулетінің Алтай таулы округіндегі меншікті аумағынан, Томск, Тобыл губернияларындағы орыс шаруаларынан, сондай-ақ Қытай империясының әкімшіліктерінен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Екіншіден, өлке аумағынан мал өнімдері шикізаты, минералдық ресурстарды көптеп тасып әкету күшейді. Кеніштерді, шахталарды, зауыттар мен фабрикаларды болмашы арзан бағаға сатып алған шетелдік кәсіпкерлер елдің табиғи қазба байлығын тасып әкетуде алдарына жан салмады. Үшіншіден, жұмысшыларды, соның ішінде әсіресе қазақтарды қанау әлдеқайда қатыгездік сипат алды. Қазақтардың жалақысы көрер көзге төмендетілді, олар мамандық деңгейі төмен, ең ауыр қара жұмыстарда істеді. Орыс жұмысшыларымен салыстырғанда тұрғын үй жағдайлары да адам төзгісіз еді. Төртіншіден, патша үкіметі қазақ өлкесінде православие дінін уағыздаушы миссионерлерді қаптатып жіберді. Жергілікті халықтың тарапынан әлдебір келеңсіз әрекеттердің жасалып кету мүмкіндігінің алдын алу үшін 1906 жылғы 6 қаңтардан бастап патшаның арнайы жарлығы бойынша Ақмола және Семей облыстарының бүкіл аумағында әскери төтенше жағдай жарияланды.
Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы болды. 1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петиция Қарқаралы қаласынан жіберілген еді. Ол жерден 1905 жылғы 22 шілде күні жергілікті пошта-телеграф арқылы патшаның өз атына жолданды. Петицияны жазуға белгілі саяси қайраткерлер Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаев, Т. Нүрекенов, т.б. белсене ат салысты. Мемлекеттік шенеуніктер жоғары билік орындарына талап-тілектер айтып, петиция жолдаушыларды барынша жек көрді. Петицияның мазмұны қазақ қоғамының XX ғасырдың бас кезіндегі өмірлік маңызы бар күрделі проблемаларын толық қамтыды.