Ббк 83. 3 (5 Қаз) 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»



Pdf көрінісі
бет9/29
Дата22.12.2016
өлшемі6,37 Mb.
#49
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29

“Қозы  Көрпеш — Баянның”  мәнісі

Батырлар әңгімесінен кейін қазақ ескілігіндегі әңгімелі 

өлеңдердің бір түрі — ел поэмасы болады. Бұған қосылатын 

“Қозы Көрпеш — Баян”, “Қыз Жібек”. Бұл өлеңдер алдың-

ғылар ша батыр жорығын жырламайды, белгілі дәуірде қазақ 

елінің  салт-санасы,  кәсібі,  елдігі  қандай  жайда  болғанын 

білдіретін сөздер. Бұның екеуінде де көшпелі кәсіппен ру 

жігіне бөлінген, елдің ортасында өскен жастардың махаббат, 

достық бағасын түсінуі көрінеді. Екеуі де сол көшпелі елдің 

салт, ғұрпымен байланысқан махаббат жыры болады. Біздің 

әуелгі қарастыратынымыз “Қозы Көрпеш — Баян”. Бұл қазақ 

ескілігінің кәрі заманнан бері қарай қадірлеп, сақтап келе 

жатқан асыл бұйымы.

Біз  “Қозы  Көрпештің”,  өзге  көп  түрік  жұрттарының 

ішінде  әлденеше  түрдегі  әңгімелері  барлығын  былай  қо-

йып,  қазақтың  өз  ішін  алғанда,  талай  қайталамасы  барын 

білеміз.  Қозы  Көрпеш  поэмасына  толық  сын,  сол  барлық 

қайталамасы  жиналған  күнде  болар,  байлаулы  сөзді  сол 

түгел жиылған заманның сыншысы айтар, біздің қазіргі ай-

татынымыз жарты сын. Алғашқы жасаған нобай сын. Бізге 

түгел сөзді айтқызбайтын себеп: қазақ ішіндегі Қозы Көрпеш 

әңгімелерінің түгел жиналмағандығы.

Қазірде біздің қолымызда бұл поэманың үш әңгімесі бар. 

Бірі — Семей үйезі, Тобықты ауданынан жиналған әңгіме

3

,  


екіншісі, Мәскеуде басылған Радлов жиған әңгіме

4

; үшіншісі, 



Жетісу  қазағының  арасынан  Колпаковский  жандаралдың 

жиғызған әңгімесі

5

.

“Қозы  Көрпеш  —  Баянның”  ішкі  мағына-маңызын 



бағалаудан бұрын, әуелі осы үш әңгіменің өзді-өзін салысты-

рып, үшеуінің ортасынан тұтасқан қай бір әңгіменің нобайын 

жасап шығару керек.


117

Бұл үш әңгімені сырт жағынан қарағанда, айырмыстары 

көп сияқты. Кей уақытта біреуінде кездесетін адамдар екінші, 

үшіншісінде  жоқ  болады.  Мысалы,  Жетісу  әңгімесіндегі 

Әбсебай; бұл Баянның туысқаны, екі жастың достары болады.

Осы сияқты Семей әңгімесіндегі Тайлақ би, Радлов әңгіме-

сіндегі Баянның кіндік шешесі, алғашқы екі әңгімеде бірдей 

келетін Айбас үшіншісінде жоқ болады.

Қозы  Көрпеш  қайын  іздеп  келе  жатқанда,  жолшыбай 

кездесіп  түсін  өзгертетін  өнерді  үйретуші  қожа  бірінші 

әңгімеде бар болса, екіншіде Баянның кіндік шешесі болады. 

Үшінші әңгімеде бұның екеуі де өз пішінімен араласпайды. 

Бірақ, бұлардың істейтін ісін сыйқыршы кемпір істейді. Ол 

бір кезде Қозы Көрпештің алдынан тоғай шығарып, бір кезде 

көлдер жасап, жолын бөгейді. Аяғында Қозы Көрпеш соның 

себебінен алты айдарлы жігіт болады.

Бұдан  соңғы,  осылар  қатарында  кейбір  әңгімеде  үлкен 

орын алатын Баянның апалары Ай, Таңсық, Айғыз болады. 

Бірақ бұлар бар әңгімеде кездеспейді. Радлов жиған әңгімеде 

бұлардың  орны  жоқ.  Үш  әңгіменің  ішіндегі  тағы  бірінен-

бірі айырылатын өзгешелік: Қозы Көрпештің қайны барын 

еститін жері; бірінші әңгімеде Қозыға айтатын Айбас болады. 

Ол қызды іздеп барып, көріп келген соң әдейі естіртеді. Бар 

әңгімеде бірдей жер: Қозыға Баян жайының ержеткенше мәлім 

болмағандығы.  Семей  әңгімесінде  Сарыбай өліп,  Қарабай 

ауып кеткенде Сарыбайдың қатыны Тайлақ би арқылы барлық 

Балталы, Бағаналыдан тілек етіп сұрайды, кеткен Қарабай кете 

берсін, жалғыз-ақ осы сөзді ешбір жан Қозыға айтпаса екен 

деп, сонымен ержеткенше айтылмай қалады.

Әңгімелерде бұл жайы толық айтылмаса да, Қозы Көрпеш-

тің  осындай  себептермен  естімейтіні  белгілі  сияқтанады. 

Жас жігітке Семей әңгімесінде естіртуші Айбас дедік. Өзге 

әңгімеде естіртуші өрмек тоқып отырған кәрі кемпір болады. 

Біреуінде — тазша бала. Бұл аталғанның бәрі әңгіменің ішінде 

ең ірі орын дағы адамдар емес. Орта қызметтің адамдары. 

Сырт қараған кісіге бұлардың аты да, жайы да кез келетін жері 

де біріне-бірі ұқсассыз, бөлек сияқты. Бірақ бұл әңгіменің 

сыртқы көрінісі ғана.



118

“Қозы  Көрпеш”  әңгімесінің  өзге  түрік  жұрттарындағы 

қай таламасын алмай-ақ, қазақ елінің ішіндегі әңгімелерінің 

өзін  алғанда  барлық  бүгінгі  көп  түрдегі  әңгімелердің 

алғашқы, бірақ негізінен тарағаны анық. Бірақ бүгінгі біздің 

қолымыздағы үш әңгіменің ешбірі де сол алғашқы негіз емес, 

мұның бәрі де алғашқы түрден тараған тарау. Сондықтан бұл 

үшеуін бірдей салыстырып отырып, алғашқы түрінде жақын 

бір әңгіменің тұлғасын жасау біздің бүгінгі міндетіміз.

Осы мақсатпен қарастырғанда бүгінгі қолдағы әңгімелердің 

өзгерістері, айырмыстары неден болғанын табу керек. Қозы 

Көрпеш  жайындағы  әңгімелердің  өзгерістері  екі  себептен 

болған: біреуі — көп айтушының аузынан өткен ескі әңгіме 

болғандықтан, ұмытып, жаңылып, байқамай, ойсыз кіргізген 

өзгеріс бар, бұл ықтиярсыз кірген жаңалық, жаттық. Екінші 

түрі — тыңдаушының тілегін, ақынның ұнатқан ыңғайына 

қарай  бейімделіп  кеткен  өзгеріс,  бұл  ықтиярлы  өзгеріс, 

әдейі кіргізген жаңалық. Енді жоғарыда бөліп шығарған әр 

алуан адамдар орта қызметтің адамы болса, бұлардың аты-

жөнін өзгертіп кіргізу әлгі айтылған екі түрлі өзгерістердің 

қайсысына қосылмақшы.

Менше, бұл алғашқы түрдегі жаңылыс ұғудан, ұмытып 

қалудың салдарынан кірген өзгеріс болады. Ұмытудың себе-

бінен кіргендігі бұл адамдардың әңгіме ішінде істейтін ісі нің 

өзгермегендігінен  білінеді.  Шынында,  бірінші  әңгімедегі 

Баянның кіндік шешесінің тілеулестігі сияқты мінездер әр 

жерде  әр  алуан  адамның  мінезі  болып  көрінсе  де,  жалпы 

әңгіменің ішінде бір-ақ қызметтің адамдары. Бұл екі жастың 

үлкеннен,  жақыннан  шыққан  достары.  Қозы  Көрпештің 

белгісіз  алыстағы  қалыңдығын  іздеп  шыққан  жолы  қауіп-

қатерлі,  көмескі  жол,  алдындағы  тұман  ішінен  кездесетін 

жасырын, жат нәрсе көп, жолында кездесетін бірінші әңгімеде 

қожа болады. Екіншіде, Баянның кіндік шешесі, үшіншіде 

сиқырлы  кемпір.  Бұлардың  бәрі  бір  міндет,  бір  қызметтің 

адамдары, екі жастың қосылуына қараңғы, сырлы біліммен 

көмек ететін адамдар, бұлардан басқа жастардың жас тілеулесі 

болу керек. Кәріше, ақылмен, батамен, дұғамен, сиқырмен 

көмектесуден басқа олардың арасында достық, махаббат жібін 



119

жалғастырып, жамаушы болып жүретін адамдар керек. Екі 

жас өмірі қиыншылыққа, қауіпке ұшырағанда, не болмаса бір-

бірінен алыстап, ұзап кеткенде, арада ұмыттырмай жүретін 

ескерткіш сияқты сақтаушылар керек. Сол қызметпен жүретін 

Айбас,  Ай,  Таңсық,  Торғай  болады.  Бұлардың  міндеті  де 

жоғарғылардікі сияқты, бірақ алуаны екінші түрлі.

Міне, үш әңгімені бір-бірінен өзгертіп, ұқсастығын азай-

татын осы адамдардың әр түрлі әңгімеге әр күйде кездесуі 

болса,  жиып-теріп,  санап  келгенде  бұлардың  ешқайсысы 

да істейтін қызметін атқаратын міндетімен бірінен-бірі жат 

адамдар болмайды. Барлығы көбінесе бір орта қызметтегі 

адамдардың міндеті. Бұларды әр түрлі қылып кіргізу алғашқы 

әңгімені жаңылғандықтан, әрбір ақын өзінше жаңалап, сыр-

лап, ұмытылған ескі әңгімені қайта құраймын дегендіктен 

туған.


Бұл өзгерістер әңгіменің ішкі мағынасы мен тұлғасын өз-

гертеді, мақсатын бөлек қылып, негізін аударады деп ойлауға 

келмейді. Жалғыз ғана әңгіменің ұзын сүрлеуінен жаңылмай 

келе жатып, жолшыбай ғана аз бұрандап кеткенге ұқсайды. 

Орта  қызметтің  адамдарын  осы  бағамен  шығарып  қойып, 

енді  әңгіменің  ішінде  көрнекті  орын  алатын  адамдарына 

келсек, олар жайының өзгергенін ешбір әңгімеде көрмейміз. 

Көшпелі елдің поэмасының барлық әңгімесі соның ішіндегі ірі 

орындағы адамдардың ісі мен өмірінен құралатындықтан бір 

әңгімеде өзгеріс мол десек, сол ірі адамдар өмірін өзгерткеніне 

қарап айтуға керек. Арадағы орта қызметтің адамын таны-

мастай қылып өзгертсе де, ол не сұлулығын арттырып, не 

сұлулығын кемітетіндей ғана өзгеріс болады. Әңгіменің нағыз 

әңгімелік құрайтын ірі адамдардың өмірі мен ісі өзгермесе, 

ол уақытта әңгіменің көп өзгеріске ұшырамағаны білінеді. 

Қазіргі біздің қолымыздағы үш әңгімеге қарағанда, біз нағыз 

Қозы Көрпеш әңгімесіне себеп болған негіздің өзгермегенін 

көреміз. Барлығында өзгермеген бір-ақ пішіннің адамдары, 

ешбір әңгімеден бұлар қалмайды. Істейтін ісі, бастан кешірген 

уақиғалары да үш әңгімеде бір-ақ түрлі.

Жалғыз-ақ әрбір әңгімедегі айырмасы бұлардың кейбірінің 

мінезі, кейпі бір әңгімеде көлемді болып, молырақ көрінеді. 



120

Істейтін ұсақ істеріне шейін саналып, айтқан сөздері де түгел 

түседі, екінші әңгімеде бұл шолақтау болып қысқарылады. 

Бірінде кейіпкерлер нағыз суретті әдебиетгің кейіпкеріндей, 

бүтін  пішінді  адам  болса,  екіншіде  одан  да  гөрі  шаларақ, 

көмескірек. болып түседі. Бірақ жалпы тұлғалары ешбірінде 

де жат адам болып өзгеріп кетпейді. Сондықтан қай әңгімесін 

алсақ та бәріне бірдей әңгіме: әуелі Сарыбай мен Қарабай 

аңшылықпен  далада  жүріп  танысуы,  достасуы,  балалы 

болмай  жатып  жаса ған  ежеқабыл,  одан  Сарыбайдың  өлуі, 

Қарабайдың ауа көшуі, жат болып кеткені, Қозының ерже-

те  іздеуі,  қайнында  жау  көп  болып,  қызды  алуға  бөгеттің 

көптігі.  Екі  жастың  құмарлығына  бөгет  болып  шығатын 

Қодар, Қозы Көрпешке істелген қастық. Аяғында мұратқа 

жете алмай, барлық әңгіменің сыпыра қанды уақиғамен бітуі. 

Бұл әңгімелердің бір-бірінен айырылатын айыр масы аяғында 

шығады. Айырмасы Қозы Көрпеш пен Баянның өлімі болады. 

Менің ойымша, біздегі үш әңгіменің ішіндегі нағыз үлкен 

өзгеріс — әдейі кіргізген, қолдан жасаған өзгеріс. Осылардың 

өлімі  турасындағы  әңгімеде,  алғашқы  екі  әңгімеде  Қозы 

Көрпеш пен Баян өлмейді. Үшінші әңгімеде Қозы Көрпешті 

Қодар ұйықтап жатқанда өлтірген болады.

Алғашқы  әңгімелер  бұрынғы  естілудегі  нағыз  болған 

өлімді тыңдаушыға ауыр көріп, әрқайсысы өзінше шебер-

леп,  әңгімелеп  келіп,  өлтірмей  шығады.  Бұл  көп  айтушы 

ақындардың әдейі кіргізген өзгерістері болуға керек.

Осы айтылған қысқа сөзбен біз әзірше қолымыздағы үш 

әңгіменің бір жерге басын қостық деп есептейміз.

Ендігі қарастыратынымыз атақты поэманың ішкі мағы-

насы. Қозы Көрпеш нағыз қазақ жұртының әңгімесі болса да, 

өлгенше ескі заманның әңгімесі. Бұған бірінші дәлел — барлық 

түрік жұртына тегіс жайылғандығы; екіншісі, елдің салтын 

суреттеген жерлерінен білінеді. Қозы Көрпеш тараған түрік 

жұрттарын алып қарастырсақ, мұның көпшілігі мұсылман 

болып отырған түріктер, олардың ортасына жайылғандығы 

әңгіменің ескілігін білдірсе де, тіпті кәрі заманның әңгімесі 

дегізбейді.

Өйткені, түрік жұртының көп руы дін бірлігінің арқасында, 

біріне-бірінің араласы да көп болып, бірінен-бірінің алған 

әсері де сондайлық көп болған.



121

Мұсылман  болған  түріктерге,  солардың  әңгімесі  қазақ 

ішіне қыдырып келіп, сақталып қалғаны сияқты, қазақтан 

да көшіп барып, орнап қалуға мүмкін мұндай іс алыс, ескі 

заманда болуға мүмкін болса, жаңа жақын заманда да бол-

майды деп  айтуға  қиын.  Меніңше,  “Қозы  Көрпештің”  өте 

ескілігін  білдіретін  дәлелі:  осы  әңгіменің  якут  (сақаның) 

ішінде болғандығы

6

, олар мұсылман емес. Алыс солтүстікке 



кеткеніне  көп  заман,  қазақтан  оларға  “Қозы  Көрпеш” 

әңгімесі артынан қуа баруға қисынбайды. Ол ел жалпы түрік 

шеңберінен жырылып кеткен күнінде, осы жақтан ала кеткен 

жолдасы болуға лайық. Олай болса, “Қозы Көрпеш” Тарақты 

еліне қарап, ескі әңгіме дедік. Олай болса, біздің Жетісудағы 

бейіт қай замандікі. Бұрын бұл бейіттің ішінде төрт тас болған. 

Ол қай замандікі. Соңғы замандағы мамандардың айыруына 

қарағанда, тас пен бейіт бір заманда салынған емес екендігі 

анықталған.  Бейіттен  тастың  жасы  мың  жылдай  үлкен, 

бейіттің өзінің жасы екі жүз, үш жүз жылдан әрі емес дейді.

Бұлай болғанда, не тасты басқа бір жақтан бейітке әкеліп 

қоя салған болады, не болмаса ескіден тас қалған. Тозған 

бейіттің басына жаңадан күмбез орнатқан болады. Бізге бұл 

арасын анықтап айыру қиын. Қазақтың өз салтында бейіт 

жаңғырту жаман ырым. Сондықтан, ескіріп қалған моланы 

қайта салды, түзеді десек зорлық сияқтанады. Бірақ осының 

бәрі қазақ істеген іс болса, қалмақ бейітіне қойылатын тасты 

әкеліп, Қозы Көрпеш, Баянның басына қою тағы да бір си-

ымсыз, жат іс болады.

Менше,  ел  қиялы,  Қозы  Көрпештің  қызықты,  сезімді 

әңгімесін өлең-жырда естумен қанағаттанбай, бірталай заман 

іс жүзінде де соның аяғын шын қыламын деп, бейіт жасап, тас 

қойып, сол Қозы Көрпеш мынау дегізгісі келіп, бір қызықты, 

жұмбақты іс істеді деймін.

Бұлай болғанда, осы Қозы Көрпеш бейіті деген бейіт өзге 

бір жерден тағы да шығып қалуы ғажап.

Қозы Көрпешті қазақ ескілігі көп қызықтаған. Оның белгісі 

найманның бір тересі он екі ақынды жиып, осы Қозы Көрпешті 

өлең қылғызған дейді. Он екі ақынның ішінде Жанақ та бар 

екен


7

. Жанақтікі өзгелерден артық болғандықтан, жайылып 



122

кетіп, өзгелерінікі ұмытылып қалған. Жанаққа өлең қылғызған 

төре ат, шапан сый берген. Бұл қазақ ескілігі, Қозы Көрпешті 

іс жүзінде қаншалық қызықтағандығын әбден білдіреді.

Қозы Көрпеш жайындағы шын әңгіменің мезгілін айыру 

өлгенше  қиын  жұмыс.  Әсіресе  біздің  заманымызға  қиын. 

Сондықтан, әзірше осы сияқты нобай сөзді айтып, бұл жайын-

дағы сөзді бітіреміз.

Қалай да болса Қозы Көрпеш алыстан келе жатқан ескі 

әңгіме. Мұның айтушысы да көп болған. Ол айтушылар әр 

заманның, әр әсердің адамы. Сондықтан, бірі ескілік бояуын 

күшейтсе, кейбірі мұсылманшылық сарынын да жұқтырған. 

Сондықтан,  әңгіменің  ұлы  денесі  неше  заманның,  неше 

алуан  жұқпа  бояуынан  аман  емес.  Біз  бұл  айырмыстарды 

жоғарыда да үш әңгімені салыстырудан да байқаймыз. Одан 

басқа бір әңгіменің өзін алып тексерсек те, неше түрлі әсердің 

кіргенін айыру қиын. Мысалы, Жанақ өлеңін алсақ, соның 

тілінде, әңгімеленген ретінде, оқшау болып кірген адамдар-

да, сезімдерінде түгелімен шұбартқан түрлердің байлығын, 

молдығын көреміз. Одан бері де, сол бір-ақ жерден шыққан 

бір тараудағы әңгіменің өзін алсақ, соның өзінен әлде неше 

ақынның  аузынан  кіргізген  қоспасы  барын  байқаймыз. 

“Қозы Көрпеш” өте көп ақынның аузынан өткен. Мұның бір 

замандағы айтушылары, ылғи ақындар болған. Ол ақындар 

қоспасыз айта алмаған. Әрбір қоспа өзінше әр түрлі жаңалық 

кіргізіп, алғашқы асыл нұсқаның пішінін жаңа заман бояуымен 

аламыштап отырған. Бұл жағынан қарағанда, көп ақынның 

кеше ғана басып өткен ізін білдіретін Жанақ өлеңі. Мұның 

алғашқы сөзі белгісіз Кемел ақынды даттаумен басталады.

“Кемел ақын келтірер сөздің түрін. Оған да заман өткен 

бір  ықылым”.  Бұл  сөзді  айтушы  екінші  ақын  алдындағы 

әңгімені  өлең  қылған  ақынға  алғашқы  сөзін  бағыштайды, 

одан бері: “Сыбанбай, Бекбау, Жанақ айтады екен

8

. Түбі оның 



кім десе түрікпен деп”, — дейді. “Бұл арада үш ақын өтті, 

олар осы сөзді айтыпты” деген тағы бір жаңа ақын. Міне 

бұған қарағанда, кешегі өткен ғасырдың орта кезінде болған 

Жанақтың өзінен соң 4-5 ақын айтқан болса, “Қозы Көрпеш — 

Баян” неше ұстаның қолынан өткендігі белгілі.


123

Осы сияқты болжалы сөздермен біз енді “Қозы Көрпеш” 

әңгімесіне келеміз.

Әзірге  қолымызға  түскен  үш  түрлі  әңгімені  алғанда, 

бұлардың сыртқы айырмасы көп сияқтанғанмен, ішкі негізде 

қай жерде болса да өзгермейтін бүтін сұлу, бір негіз бар деп, 

жоғарғы үш әңгімені салыстырғанда айтқанбыз. Әңгіменің 

ішіндегі  жеке  адамдарды  қарастырудан  бұрын  әуелі  сол 

негіздегі әңгіме нені білдіреді, қандайлық мағына бағасы бар, 

сол жайдан біраз сөз айтып өтейік.

“Қозы Көрпеш — Баян” — махаббат жыры. Баяғы заман-

нан бері қарай махаббат көп жыр болған. Сөл көп жырдың 

ішінде әр ғасырда, әр түрлі ортада, адам қауымының алған 

тәрбие,  салт-сана,  білім,  сезім  дәрежесіне  қарай  махаббат 

әр алуан болып жырланған. Сонда махаббат жайынан екінің 

бірі  айтатын  өлең  сөздердің  көбі  қала  беріп,  ұмытылып, 

ескіріп кеткен уақыттарда, ара-арасында мәңгілікке сақталып 

қалатын, белгілі заманның ескерткіші сияқты жырлар бар. 

Ондай  жыр  жалғыз  махаббаттың  өз  бағасын  айтса,  соны 

белгілі тәрбие, белгілі салттың ортасында өскен халық түсініп, 

қалай бағалағандығын білдіріп, сол елдің ішкі сезім-қиялын, 

ақыл-ой, ішкі назы мен жан тіршілігін толық көрсететін сөз 

болған. Сондықтан сымбатты өнердің қадірін білген елдердің, 

жалпы  адам  баласының  бәріне  бірдей  қылып  айтқан  ішкі 

өмір не? Махаббат бағасы қайсы? — деген сауалдар өзінің 

түсінуін, өзінің көз қарасын, бағасын білдіріп кетіп отырған. 

Бұл айтылған жолдарға сиымды болып жазылған махаббат 

жырлары белгілі, бір-ақ елдікі емес, сол елдің өмірі мен сал-

тын, көңіл күйін білдіріп отырып, жалпы адам баласының ой 

қазынасына бір бұйым қосқан елдер деп саналған.

Олардың  махаббат  жырлары  барлық  сезім  мен  қиялға 

ие болған. Адам баласының барлығының ортақ мүлкі деп 

саналған.  Осы  реттегі  махаббат  жырының  үлгісі  Италия 

өнерінің  алтын  дәуірінде  туған  Дантенің  “Тәңірдей  коме-

диясы”

9

 ескі замандағы грек, рим мәдениетінің сүтін еміп, 



бергідегі ілгері басқан өнер мен крестьян дінінің ой, сезімді 

билеген маңызды заманында, солардың бесігінде өскен Италия 

өнері бір үлкен дәуірдің табысы қылып “Тәңірдей комедияны” 


124

шығарған. Күнбатыс Европа бері келіп құр өнер дегеннің қуыс 

кеудесін ұстап, ішкі толғауы ой, рең, асыл сезім, адамшылық 

жолдарынан адасып, құр ғана құмарлық жырымен, құр ғана 

сыртқы дене өмірімен кетіп бара жатқанда, сол адасып бара 

жатқан қауымды ұялтқандай болып “Ромео — Джульетта” 

шыққан

10

.  Бұл  да  белгілі  елдің  белгілі  түрде  қалыптанған 



салты мен сезім тіршілігі тудырған бір туынды, бұл да өз 

заманының бір үлкен қорытындысы. Күншығыста тереңдеген 

діндарлықтан туып, тамыр жайған ғайыпқа нану. Бері келген 

уақытта, өз өмірінің ең жоғары шыққан басқышында сопылық 

дәруіштің салтына берілген

11

.



Ол замандағы сұлу, сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен 

құдай жолына істеген мүнәжат сияқты, жүрек қанын ағызған 

өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. 

Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық 

болатын. Жақын күншығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі 

осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули

12

, Қожа Хафиз



13

Мағыри



14

, Қожа Ахмет Яссауи

15

, Сопы Аллаяр



16

. Осы ұзақ 

дәуірдің  гүл  мен  бұлбұлы,  арақ,  шарап,  шатыраштың  көп 

жыр ларының қорытындысы болып “Ләйлі — Мәжнүн” туған. 

Адам баласының қазынасына күншығыстың тартқан сыбағасы 

осы “Ләйлі — Мәжнүн

17

” сияқты махаббат жыры болған.



Мен түрік жұртының “Қозы Көрпешін” “Фаустпен” салыс-

тырғаннан  да  осы  жырлармен  салыстыру  лайық  деймін

18



“Қозы Көрпеш — Баянның” өз орны осы жерде. Бұл көшпелі 



салтпен өскен бақташы елдің махаббат жыры баяғы көп за-

маннан бері қарай келе жатқан салт әдет ортасында өмірді 

тұрмыс қалпына қарай түсінген ел: бақыт, достық, махаббат, 

жақсылық деген нәрселерді де өзінше, өзгеден бөлек түсінеді. 

Сондықтан осы мәселелерді ашық көрсететін жеке-жеке адам-

дарды шығарып, солардың өмірі, сезімі, тілегі, бағытына қарай 

елдің де өзі көңілі нені сүйіп, неден жиренгенін білдіреді.

Қозы Көрпеш әңгімесінің негізі — іште жатқан балаларды 

жарық дүниені көрмей тұрып қосып қойған ежеқабыл.

Бұл білімді, өнерлі, өзінше сезімдімін деген елдің көзімен 

қарағанда, қаншалық қара таңбадай кемшілікті мінез болса, 


125

сол ортада соны дұрыс деп өскен елдің өмірінің де қаншалық 

бағалы, қаншалық мағыналы екендігін білдіреді.

Сол айырмыстарға қарап отырып бақыт, қызық, адамшылық 

деген нәрселер заманға, тұрмысқа, салтқа қарай қаншалық 

танымастық болып өзгеріп отыратынын білуге болады. Біздегі 

Қозы Көрпеш пен Баян махаббаты, Қыз Жібек өмірі қазақ 

елінің осы сияқты өзгеден бөлек айрықша келе жатқан бір 

тіршілігін айқын білдіреді. Махаббат жыры болудан басқа 

“Қозы  Көрпеш  —  Баян”  көшпелі  салттың  жыры  болады. 

Қалың қазақ жайлаған жібектей шалғыны, көлеңкелі ағашы, 

қоңыр желі, малға шүйгін ақ көдесі бар Сарыарқаның жыры 

барлық қазақ елінің ішкі, сыртқы өмірінің күйі, даласы мен 

кәсібі, салтының жыры. Бұл жағынан қарағанда өзгелерден 

Қозы Көрпеш әлдеқайда көлемді, кең ауданды әңгіме. Осы 

сияқты белгілеріне қарағанда, Қозы Көрпеш қазақтың сымбат-

ты өнерінің ішінде ұзыннан-ұзаққа созылған тұтас бір дәуірдің 

мол қорытындысы болады. Сол қорытынды болғандықтан, 

қазақ ішіндегі неше алуан таптың бір-бір үлгісін көрсетеді.

“Қозы Көрпеш — Баянға” келгенде біз бұрынғы әңгімелі 

өлеңдерде істемеген бір істі істейміз. Ол — жеке кейіпкерлерін 

толық тексеріп қарастыру. Кейіпкерге бөліп қарастыру Қозы 

Көрпешке келгенде қажет болады. Себебі бұл әңгіме басы-

нан аяғына шейін бір жерде не жаңылып, не адаспай белгілі 

адамдардың арнаулы кейпін береді. Ежелден мінезге қарап, 

адамға баға беріп, бар өмірінде мінезбен туысқа қарай сын 

жасап,  барлық  тіршілік  жіптері  көп  тараулы  мінездермен 

жалғасатын  қазақ  елі  бұл  әңгіменің  тұсында  өзінің  мінез 

сынына жүйріктігін айқын көрсеткен. Сондықтан әңгімені 

қарастыруда  біздің  ендігі  міндетіміз  Қозы  Көрпештегі 

адамдардың әңгімедегі орны мен арнаулы мінезін, түрлерін 

қарастырып  шығу  болады.  Онсыз  Қозы  Көрпешті  шала 

тексеріп, шала сынаған боламыз. Қазіргі заманда толық сын 

үшін болмаса да, асыл әңгімені толық ұғынудың өзі үшін-ақ, 

жеке адамдарын кейіпкер ретімен қарастырып шығу керек.

Енді  Қозы  Көрпеш  әңгімесіне  кіретін  адамдарды  жеке 

шығарып  қарастырудан  бұрын  әуелі  барлық  әңгіменің 

негізіне  араласатын  көрнекі  орындағы  адамдардың  неше 



126

жікке бөлініп қандай мінез, қандай қалыптың үлгілері бар 

екендігін айыру керек. Біз бұл әңгімені алдымен махаббат 

жыры дедік. Олай болғанда әңгімедегі адамдардың алғашқы 

бір жігі махаббат үлгісін көрсететін адамдар болады. Олар 

Қозы Көрпеш, Баян, Айбас, Ай, Таңсық. Екінші бір жіктегі 

адам көшпелі салтты көрсетіп, бақташылық кәсібіне салған 

елдің шаруа тұрмысына қарай тілейтін тілек, ұстаған қиялы 

не екендігін білдіретін адамдар. Олар Қодар, кейде Қарабай 

болады.  Бұдан  соңғы  бір  алуан  адамдар  елдің  сүйсінген, 

сүйген, мақтаған адамдары. Ел билеген хан, басшы би, кемел 

бәйбіше, солардың артынан еріп, қадірлеген қарашы.

Қозы  Көрпеш  әңгімесінде  ескі  замандағы  қазақ  елінің 

бар табының адамы бар. Басы ел меңгерген ханнан бастап, 

аруағы ірі бәйбіше, бай, жау жүрек батыр, қызықшыл жігіт 

пен қыз, керемет иесі — қожа, белгісіз саудагерден аяғы қой 

жайған  тазшаға  дейін  араласады.  Бұл  адамдар  әрқайсысы 

жеке бір жандар ғана емес, әрбірі әр түрлі таптың үлгісі. Сол 

қауымның ішінде ең үлгілі қызық өмір кімнен шығу керек. 

Әрине, жарылмаған қауындай, тұтас көңілмен алдынан таудай 

үміт күтетін, сезім күйіне салынған жастан шығу керек.

Сондықтан бар әңгіменің орта жерін алатын сүйіскен екі 

жас болады. Бұл екеуінің тұтасқан өмірі, махаббаттың түгел 

жыры екеуін екі адам деп бөліп қарауға келмейді. Бұларды, 

атаның  ежеқабылымен  бірге  тілек,  үміт,  талап,  барлығын 

да бір-ақ жерге қосқан. Сондықтан сезімі мен ақыл ойлары 

да түгелімен бір-ақ күйде, бір-ақ орында болады. Екеуін екі 

бөлетін нәрсе: жаратылыста бірі еркек, бірі әйел болғандығы, 

істегі  айырмыстары  да  сондық-ақ.  Әйтпесе  сезім  өміріне 

келгенде  бұлар  бірінсіз  бірі  жарты  болып  қалатын  мәңгі 

бірлік,  мәңгі  тұтастық  үшін  ғана  жаралған  адамдар.  Осы 

белгісіне қарап біз Қозы Көрпеш пен Баянды екі адам деп 

айрықша тексеріп қарастырмаймыз, оның орнына осылардың 

көңіліндегі махаббаты тудырып өсірген ел мен ұяны жалпы 

жағдайда тексереміз.

Сол мақсатпен қарағанда, бұл екеуінің өміріндегі алғашқы 

бір  далада  аңда  кездесіп,  бала  тілеудің  үстінде  достасып, 

ежеқабыл  жасаған  екі  зарыққан  шалдың  ант-уәдесі.  Екі 

жастың келешегіне шарт болып қалған, екі бала іште жатқан 


127

уақытта ел әдетінде дін қарызындай нық байланған салт бо-

йынша әкелері тағдырын қосып қояды.

Сол қосу, “лауқыл мақпузға” жазылған тағдыр

19

 жараты-


лыс бұйрығындай болып екеуінің келешегін билейді. Бұлар 

өмірінің қайғылы халі де, сәулелі күн шуақты қызық күні де 

осы халден суат алады. Екеуі бірін-бірі көрместей қиын қияға 

кетсе  де,  осы  оқиғаның  болғанын  естуі-ақ  мұң,  содан  әрі 

белгісіз от, табиғи заң билегендей болып, өзінен-өзі қозданып, 

дамыл  алдырмай  қыздырып,  белгісіз  жардың  достығын 

көксетіп,  сағындырып,  алыстан-ақ  жүрегі  мен  тілектерін 

қосады. Бірақ әңгіме бұлардың махаббатын күшті қылып, 

тереңдетіп,  іштегі  қызуларын  асқынту  керек.  Бір-біріне 

меншікті болу, қосылу өлгенше қиын. Асудан өткен күнде ғана 

мүмкін болуға керек. Сол уақытта бұлардың бірі сағынып жы-

лап, бірі іздеп, бейнет тартып, махаббат есігін ашудан бұрын 

от дариясындай азапты, қиындықтан өту керек. Сонда ғана 

махаббат күшейіп, шын достық шын ғашықтық жыры болуға 

керек. Сол себепті араларына талай қиын кедергі, ауыр кешу, 

азапты өткел салады.

Ол өткелдің бірі — Қарабайдың мінезсіздігі, сараңдығы. 

Дүниедегі тілегі мен тіршілігі түгелімен алдындағы малына 

байланғандықтан ол Балталы — Бағаналыдан көше қашады. 

Малдан айырылса өлгені. Көп малды азғана жерге сиғыза 

алмайды. Сондықтан пайыз таппай көшеді. Тынымсыз ұзақ 

көшу, бір жағынан қазақтың көшпелі салтын білдірсе, екінші 

жағынан Баянды Қозы Көрпештің қолына түсірмейтін болып 

алысқа, қырға әкету үшін істеледі.

Үдере көшумен Қарабай Сарыарқаны шыр айналып шық-

қанда,  Қозының  жары  дүниеден  қайтып  қолға  түспестей, 

жеткізбестей алысқа кетті дегізбек, ол замандағы қазақтың 

ұғымынша Қозы мен Баянның арасы бұдан алыс жерге ке-

туге мүмкін емес. Бұл ертегі жолынан да алыс, қиын жол. 

Ертегінің ерлері ең қиын, ұзақ сапарға барғанда Қап тауына 

барады. Не болмаса белгісіз теңіздің Барса келмес деген ара-

лына барады

20

. Бұл жерлердің аттары Құлаққа өлгенше жат 



сияқтанғанмен екеуі де Қарабай көшкен жолдан ұзақ емес. 

Біреуі осы күнгі Кавказ, екіншісі Азия теңізінің аралы. Жер 



128

шеті Кавказ деп білсе, бір шеті Қарабайдың көшіп кеткен жері 

болуға керек. Мұндайлық ұзаққа көшіп кетуі, қыз бен жігітті 

екі қияға әкетіп, бірін-бірі ойлаған күнде көңілдегі арманы 

мен қайғысын күшейтпек. Бұл хал Қарабайдың сараңдығы 

мен Қозыға беруге қарсылығынан басқа екінші бір кедергі.

Одан  кейін  екеуінің  арасы  алыс  болуымен  бұлардың 

бақытсыздығы  бітпейді.  Қозы  іздеп  келерлік  күн  болса, 

тағы бір үлкен кедергі алдынан дайын болу керек. Ол Қодар, 

Қарабай мен Қодар Баянның қасында қамап тұрған тас қорған. 

Сыртына өліп-талып жетсе де, Қозының бұл қорғанның ішіне 

кіріп, сүйген жарын алып шығуы қиын. Қодар бір жағынан 

Баянды меншіктенген иесі болады, екінші ол үлкен дәу, мықты 

батыр.


Оған Қарабай шексіз борышты. Уақыт Қарабайды Қодар 

айырылмастай қылып мықтап шегелеген. Әдейі Баян мен 

Қозының ортасындағы кедергіні үлкейтіп, арасын алыстату 

үшін  әңгіме  Қарабайды  елден  асқан  сараң  қылып,  малы-

на  қорғалатып,  ол  малдың  амандық-түгелдігін  Қодардың 

қайратына, ұлы панасына қорғалатқан соң, Қарабай еріксіз 

мықты малшының қолтығында қалады. Ол Қозының жауы, 

Қодардың тілеулесі болады. Сондықтан Қозыға қызды ала-

мын деу қиын.

Мұншалық қиыншылық бөгеттің арасында сүйіскен жас-

тардың қызуы еріксіз күшеюге керек.

Жақында  жеткізбейтін  қызық  жастардың  арманы  мен 

өксігін күшейтеді. Бірақ өлгенше қиын жолда бұлардың отта-

ры сөніп қалуға болмайды. Сол тас қорғанның ішінде отырса 

да, Баянның шешесі өсіретін, жүрегін нығайтатын тірек ке-

рек. Сол тірек үшін қияда жатқан жастардың арасында қиял 

жібіндей әлсіз болатын адамдар керек.

Сол міндетті атқаратын жас қыздың апалары Ай, Таңсық, 

Қозының  ағасы  Айбас  болады.  Ай,  Таңсық  Баянның 

жанындағы махаббат күн шуағы, тәтті ертегі, сұлу қиялының 

ұясы болады. Кішкентай күнінен Қарабай ауа көшкенде өз 

әмірлерінің мақсаты мен тілегін айтады.

“Қозы — күйеу, біз — қайын бике болып иілісіп тұратын 

күн  болар  ма?”  —  деп  өмірлік  арманын  білдіреді.  Қозы 

бұлардың да өмірлік жыры, қызығы. Жастардың маңындағы 

жылылық  лебі  болғандықтан,  кейде  анадай,  періштедей 



129

мейірімділікпен жас Қозыға арнап “Айым, күнім, атарсың 

қазалы  оқты”  дейді.  Екі  қыз  бен  Айбас  жастар  өміріндегі 

достық, дұрыстық үлгісі.

Бұлар Қарабай, Қодар сияқты қара қайрат, қаталдық, қа-

раңғылықтың қарсысына әдейі арнап қойған сұлулық жылы-

лығымен күшті болған қуат. Бұлар, неғұрлым нәзік, неғұрлым 

сезімді,  шерлі  болса,  соғұрлым  Қодар  қауіпті,  күшті  жан 

болуға керек. Ел қиялы Қозы мен Баянның арасына екі қыз бен 

Айбасты қоспаса, жастардың махаббаты да жалған болар еді. 

Ондағы әңгіме орынсыз, сөлекет болар еді. Қиялдың бұларды 

қосуы ірі, терең ойшылдықтан, ірі суретшілдік сезімділіктен 

туған.

Қара қайратқа, тас қорғанға сұлу сезімділікті, күнәсіздікті 



қарсы қойып, оны өлгенше нәзік, әлсіз әйел сияқты жерден 

шығару, қасын түйген қара бұлт пен жүйрік, өткір нажағайды 

алыстырғандай болады. Қара қайрат сырттан қорғанын са-

лып, далада мықтап жүргенде, үйде, бесіктің үстінде дұғадай 

сезімді тілекпен жібектей шалғын қоңыр желді жыр қылып, 

мәңгі  достық,  мәңгі  махаббатты  жырлап,  алдыңғы  күннің 

тілеуіне барлық сезім мен ойын дайындап, Баянды екі қыз 

өсіреді.  Бұндай  нәзік  ұяда  ержеткен  Баян  таусылмайтын 

махаббаттың иесі болмауға мүмкін емес.

Айбастың  да  міндеті  сол.  Бірақ,  ол  еркек.  Сондықтан 

екі қыз бастаған жұмыстың аяғын еркекше жүріспен, еркек 

міндетін атқарумен бітіреді.

Міне, осындай от пен күннің арасында, жарық күн мен 

қара түннің тартысының ішінде ежеқабыл қосқан екі жастың 

ма хаббаты туады. Ол махаббат, әсіресе белгісіздігімен күшті, 

әсіресе тұман ішімен келетін тәтті түстей көмескі келешегімен 

күшті. Сол себепті бұлар бірін-бірі өлердей сүйеді.

Сондықтан, Баян Қозы өлген күнде соның көрінің ішіне 

кіріп, жарын құшақтап қара пышаққа жығылып өледі. Міне, 

махаббаттың сұлу жыры мен сол махаббатты туғызып, өсірген 

жағдай.

Әңгімедегі бұдан соңғы ірі орындағы адам — Қодар. Біз 



алдыңғыларды жеке-жеке кейіпкерлер қылып қарастырма-

сақ  та,  Қодарға  келгенде  әңгіменің  өзі  беріп  отырған  ар- 

9–1248


130

наулы  кейіпкердің  кім  екенін  тексеріп,  қарап  өтпей  бол-

майды.

Қодар көшпелі елдің шаруа салты туғызған батыр. Бұрынғы 



жағалай шабыс, құба қалмақ заманында, ел қиялы бір уақыт 

білегі  жуан,  күшті  жау  жүрек  батырды  тілеп,  соны  жыр 

қылған. Қодардың тұсында барлық тіршілік бақташылыққа, 

көшпелі лікке  байланғандықтан,  шаруаның  қаһарманын  да 

көксемеуге,  іздемеуге  болмайды.  Бұл  жолдағы  еңбекшіл 

ерде де елдің қиял қылатын батыры, орыстың ескілігі батыр 

пішінін көрсеткенде отырықшыл, егіншілік салтын білдіріп, 

сол түрдегі шаруаның қаһарманы қылып, жердің салмағын 

көтеріп жүретін “Микола Селениндей” деп көрсетсе, соны 

қиял қылса, көшпелі қазақ сондай мықты, алып малшыны 

қиял қылған. Шынында, көшпелі салт, бұл жолда қаһарман 

туғызбасқа  болмайды.  Қазақтың  бақташылығы  ержігіттің, 

мықты жігіттің қолынан ғана келетін іс. Аңдыған жау, ит-

құстан  басқа  қысқы  боран-шашын,  жазғы  ыстық,  шөлдің 

ішінде малға ие болатын азамат, өзгеден ерекше қайрат қуаты 

бар жан болуға керек.

Сондағы алып малшы, қиялдағы бақташы Қодар болады. 

“Түнімен құдық аршып, түске шейін, сондай құдық жасайды 

беске шейін. Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ, меспен тасып 

толтырар кешке шейін”. Бұл жағы қайраты. Қысқа келгенде да-

мыл алмай, қоспен кетіп: “Жылқыға тіпті жайлы Қодар маған. 

Сырт дұшпан бата алмайды, о бір қабан. Қодаеке шүйгітеді 

қайдағы отқа, жылқысы семіз шықты есен-аман”. Міне, ел 

қиялындағы қар төсеніп, мұз жастанып, жеңін жастық, етегін 

төсек қылып жүріп мал өсіретін, құт, береке болатын батыр 

бақташы. Барлық көшпелі салт өлең-жырда өзінің тұрмыс 

күйінен  туатын  тілегімен  білдіретін  болса,  осыдан  артық 

қылып  көрсетуге  мүмкін  емес.  Бұл  баяғы  заманнан  бергі 

көшпелілікгің ілгергі, соңғы заманға үлкен бір үлгі қылып 

көрсеткен ұлы денелі шаруа қаһарманы. Қодар бетпақтың 

құмды,  шелді  даласынан  ғайыптан  шыққандай  болып  кез 

келетін, сол елсіз, үнсіз құмның тілсіз күші, шөлдің, мейірімсіз 

табиғаттың ортасынан шығатын жайын қуат.


131

Бұл  айтылған  сөздер  Қодардың  басына  қалай  да  болса 

сияды. Батырлық, ерекшелік, мақтан, атақ Қодарға жарасады.

Сондықтан Қодар малшылыққа қарамай, сұлу қызды, ерке 

Баянды алмақшы болады. Оны ешкім өрескел көрмейді. Қара-

бай екі сөзге келмейді, көнеді. Жалғыз-ақ қарсылық қиялымен, 

ертегі-жырмен өскен, ұйқылы-ояу сезім түсімен өскен Ба-

яннан шығады. Оған Қодар қаншалық малдың құты болса, 

қаншалық малға жақсы қара қайрат иесі болса, соғұрлым жек 

көрінішті, жиренішті сияқтанады. Баянның көзінде Қодар бір 

үлкен мал. Жұрт көрген өнері — Баянға өнер емес сияқты.

Шынында, Қодардан ел қадірлеген малшылық қасиетті 

алып  тастасақ,  ол  үлкен  мал  сияқтанып  қалатыны  рас. 

Қодар жай мінезді білмейді. Орамға жоқ, даланың, жайын 

табиғаттың ортасында тілсіз-сезімсіз, малмен бірге жүріп, 

сол малдай ішкі өмірге шорқақ, дүлей болып кеткен. Әйтпесе, 

Қодар қиялдағы малшы да бола алмайды. Осындай елден ерек-

ше мінез алуаны болғандықтан, Қодар өз тілегінің мөлшерін 

де білмейді. Өзі мен Баянның арасында қаншалық өткелсіз 

түңғиық жатқанын айырмайды. Көптің байқайтын дұрысы 

мен  терісін  ол  сезбейді.  Сондықтан  мақтанса  шек  білмей 

мақтанып, қайраттанса шек білмей, өгіздей өрге сүйрейді.

Бірақ қалай болса да, Қодар өмірінің мағынасы малмен ғана 

бірге біткен: малдан тысқары жерде ол батыр емес, оңашада 

адам  емес,  елеусіз  құл  болып  қалады.  Қодардың  пішінін 

өлгенше ірі шеберлікпен суреттеген ел қиялы әдейі малға ғана 

шегелеп қойған. Қодардың өзінің тілегі мен әдеті еріксіз мал 

ішіне бірге ере кеткен. Сондықтан Баяннан жартымды жауап 

ала алмайды. Алғашқы тілегіне жете алмай жүрсе де, оның 

мол  денесі  ауырмайды,  ештеңесі  құрымайды.  Баянсыз-ақ 

мал ішіне келгенде дүниені ұмытқандай қайдағы отқа малын 

шүйгітіп, Қодар маман жүре береді.

Бұл жағынан қарағанда, Баянға бұл ғашық та емес, Баян-

сыз өліп те қалмайды. Баян деген бұның көңілді болып жүруі 

үшін айта салатын бір сөз ғана болу керек. Баянға қызығуы 

жылтырға, бояуға ғана қызығу сияқты. Ондайлық жарқыраған 

нәрсеге тоқтап қарау малда да бар сипат.


132

Қодардың Баянға байланысы сондай-ақ елдің сұлуға, естіге, 

туыстыға көбірек баға беретін қиялы, бұл тұста Қодарды өз 

орны деп малдың ғана қасында ұстап, сол өз орнында ғана 

батыр  қылып,  бағлан  қылып,  әншейін  өмірден  кемітіп, 

төмен қылып ұстайды. Бұл жерде мақтау мен бағада шектің 

қайсысы екенін әбден айырып, сынай білген қырағылықты 

тағы да көреміз. Бақташы елдің қиял қылған малшы батыры 

жайындағы сөзді осымен бітіреміз.

Әңгіменің  ендігі  беретін  бүтін  адамы  Қарабай  болады. 

Ел  поэмасын  жасап  шығарған  кейіпкерлері,  кейде  жалғыз 

қазақтың адамы қазақ мінезінің жақсы, жаман үлгісі бола-

ды. Кейде бір-ақ топ, бір-ақ қауымның адамы қылып көпке 

бірдей  мінездермен  шығаратын  болады.  Адам  баласының 

жалпысына қас болған жаратылысты білдіретін адамдар да 

бар. “Қозы Көрпеш — Баянда” бұл көпке бірдей мінезбен 

шығатын  адамдар  —  махаббат  иесі  жас тар  мен  Қарабай 

болады.  Сүйіскен  екі  жас  өмірінде  барлық  адам  баласын-

да  түгелімен  болатын  махаббаттың  сұлу  жырын  көрсек, 

Қарабайдың  мінезі  мен  ісінде  көпке  мәлім  сараңдықты 

көреміз, өнерлі елдің әдебиетінде, жазба әдебиет күшейген 

заманда шыққан сараңдардың толық жасалған суреттері бар. 

Мысалы, Пушкиннің “Сараң серісі”, Гогольдің Плюшкині

21

 — 



бұлар орыс әдебиеті күшейіп, өнер атымен дүние майданына 

танылған заманда шыққан суреттер. Осымен біздің ел поэ-

масы беріп отырған Қарабайды салыстырып көрсек, бұнда да 

алғашқылардай толық пішінді, түгел суретті сараңды көреміз.

Баян поэмасы махаббат жырын келістіріп, кестелеп оты-

рып, оның үстіне өзге пішінді тағы сондайлық ірі орынға 

ие  болады.  Барлық  сараңды  алып  қарастырғанда,  оларды 

көбінесе жан сипаты мен мінез, әдет сипатынан тексеріп сы-

найды. Мұндай жандар адам баласының бәріне бірдей ортақ 

мінез,  ортақ  сипаттың  адамдары.  Сараңдық,  дүниеқорлық 

адам баласының өнерлі-өнерсіздігіне, бай-кедейлігіне, еркек-

ұрғашы деген айырмыстарына қарамайтын, барлығына бірдей, 

бірінде көп, бірінде аз болып келетін қарғыс атқан мінездің 

біреуі. Барлық адам баласына азды-көпті болса да махаббат 

деген  нәрсе  қаншалық  ортақ  болса,  сараңдық  та  сондай 

ортақ мінез. Сондықтан бұл мінез адам баласының өзге жан 



133

иесіне бөлек ерекше болып біткен ақыл сезімінің ішінде сұлу 

туысының табиғаттан ала кірген бір бұраң сияқты. Сараңдық 

сыртқы өмірдің қалпынан тумайды. Сыртқы өмір сараңның 

сараңдық дертін не ұлғайтып, не кішірейтіп кемітерлік қана 

әсер етеді.

Бірақ барлық сараңдық мінез адамның ішіндегі қараңғы бір 

бұрыштан шығып жататын, өзгеруге болмайтын, қалыптанған, 

нық орнаған бір дерт болады. Адамның ішкі сезім жараты-

лысынан  шығатын  ауру  болғандықтан,  барлық  сараңның 

сараңдық мінезін қарастырғанда, алдымен олардың жан жара-

тылысы ерекше біткен адам деп тексеру керек. Барлық сараң 

алдымен жаны өзгеше жаралған кейіпкер болады.

Қарабай қазақ өмірінің ортасында туып-өскен сараң. Әуелі 

Қарабайды сараң, малдың құлы қылып көрсететін мінезді 

тексеріп өтелік. Поэма әуелгі, Қарабайды көрсеткен жерден-

ақ, дүниеқорлық мінезін оқушының алдына ашып салады. Сол 

бір басталған бетінен аяғына дейін бір уақыт сараң байдың 

пішінін жоғалтпай, көмескілікпен бұлдыратпай, бір мінезге 

екінші мінезбен ісін қосып, толық пішінді сараңды жасап 

шығарады.

Қарабай “Тоқсан мыңды айдаған бай болса да, үйіне сілкіп 

салар сырмағы жоқ” болады. Бұл барлық мол дүниені өзінің 

қара  басынан  да  аяйды.  Қарабай  буаз  малды  олжалап  алу 

үшін, құдай атын айтқан досын сатады. Бұрынғы қазақтың 

ұғымынша Сарыбайдың буаз маралды атқысы келмей, үйде 

келінің  екі  қабат  еді,  қырсық  болар  деп  қорыққаны  әбден 

орынды қауіп. Бала тілеудің үстінде жүріп бала көтеріп жүрген 

жазықсыз  жан  иесін  өлтірсе  киесіне,  обалына  ұшырауға 

мүмкін. Ол ескі қазақтың ұғымында даусыз ақиқат сияқты. 

Оны Қарабай да теріс демейді. Бірақ оның дүниеқұмарлық 

дерті күшті. Сондықтан Сарыбайға қырсық болатынын біле 

тұрса да атқызады. Обалын мен көтерейін деп өзінің алдынан 

шығуға мүмкін болған белгісіз қауіпке шыдайды. Оған күнгі 

тілегі, дүниеқорлық дерті бәсеңдесе, соған жеңілдік табылса 

болады. Сондықтан кімді болса да құрбан қыла салады.

Онан соң Қарабай Қодардың алдында шексіз борышты, 

міндетті  болады.  Сондағысы  малдың  қамы.  Сондықтан, 

малын аман алып шыға аларлық қайратын көрген соң, екі 

сөзге келмейді. Қодардың тілеген ақ Баянын бермекші бо-



134

лады. Қарабайға бар лық маңайындағы дүние мен маңында 

жүрген жандардың ішінде екі-ақ жақын нәрсе бар. Ең әуелгі 

мал,  онан  соңғысы  соны  сақтайтын  малшы.  Одан  басқа 

жандардың тіршілігі, тілегі, қуанышы, көз жасы түгелімен 

Қарабайдың ішіне кірмейді, ұғылмайды. Көңіліне қозғау сала 

алмайды. Қодар қымбат болғанда сондығымен қымбат; сол 

себепті  Қозы  Көрпеш  тазша  болып  келіп,  өкпе  бергендігі 

үшін басқа табақпен ұрғанда: “Жарса жарсын табақты, ойбай, 

қатын, малды бақпай кетеді, үндемелік” дейді. Бұл мысалдар 

әңгіменің өзі мүсіндеген Қарабайдың қалыптары. Енді сараң 

байдың сыртқы өмірін алып, соны сараң қылатын шарттарды 

тексеріп көрелік. Қарабай 85 жасқа келгенше бала көрмей 

өткен жалғыз шал. Туып-өскен елі белгісіз, жалғыздық, қу 

бастық мұның өмірлік тағдыры сияқты болған. Оның үстіне 

көп малы бар. Барлық адамда сараңдық деген мінез кәрінің 

ішінде ерекше, айқын көрінеді.

Бұрынғы  суретті  кейіпкер  болған  сараңдарды  алсақ, 

барлығы  да  кәріден  шыққан  сараңдар.  Жас  күнде  адам 

сезіммен іс қылып, көп тілек, қиялымен өмірін сүрген уақытта 

дүниеқорлық,  мал  құмарлық  сияқты  нәрсеге  оңай  тоқтап, 

байланып  қалмайды.  Онда  туыста  бірге  біткен  сараңдық 

болса да, көбінесе оны бұзып кетіп отыратын қызулы жастық 

тілектері болмақ. Қартайған адам қиялдан арылған. Өткені мен 

келешегін анық түсініп, сынап, солғын, салқын қанмен күндегі 

өмірді  күнделік  жүдеу  күйінде  ғана  түсінеді.  Сондықтан 

алдыңғы өмір алыстағы тұманды қиялмен елестеген болып 

бұны  алдай  алмайды.  Ол  бүгінгі  көз  алдындағы  барымен 

тіршілік етеді.

Сондықтан қартайып, алдынан үміт үзіле бастаған сайын 

қолындағысына  жабысып,  қатып,  мықты  ұстап,  бауырына 

басып, сүйеді. Оның көңілі басқа тілекке бөліне алмайтын 

көн болып, кеуіп қалған көңіл болады. Мұндай кезде адамның 

тілегі  мен  үміті  бала  болуға  мүмкін.  Соның  тіршілігімен 

барлық қартайған, қажыған әкеге жаңа бір сүйеу, жаңғырту 

сияқты болуға мүмкін.

Бірақ Қарабай 85 жасқа келгенге шейін бала көрген жоқ. 

Бала тілеуден қалмаса да, бұл күнде бала қолына тисе де, 

ол оңала алмайтындай болып дерттенген. Түзелер, жазылар 

кезден өткен. Сондықтан бала да оның кеуіп қалған көңілін 



135

жібіте алмайды. Оның үстіне баласы еркек бала емес, әйел 

бала. Қазақтың ұғымында жарты жан тірек бола алмайды.

Қарабай халіне жеткен кәріде көңіл күйі орта жерді біл-

мейді. Ол екі шеттің біріне шығу керек. Сол екі шетте болар-

лық  мінездің  бірі  —  Сарыбай,  бірі  —  Қарабай.  Сарыбай 

сияқты болса, қартайған шағына шейін бала көрмеген соң, 

үміт тозған соң, алдында жалғыз күткен жуық көр, қараңғы, 

түпсіз терең келешек тұрған соң, ондай адам не дүниенің 

барлық қызық дегеніне қол сілтегендей тоқтаған, салқындаған. 

Алдыңғы тұманды, жуасыған көңілмен ғана күткен адам болу 

керек. Ол сопылыққа, адамшылыққа, кеңдікке, мырзалыққа 

берілген адам болуға лайық. Сондықтан маңайындағы жақсы-

жаманның бәріне ол қадірлі, бағалы, қасиетті адам болу керек. 

Сондай мінез Сарыбайда болғандықтан, “Келімсек төре хан 

болып,  Балталының  халқына”  деген  мақтауға  жетеді.  Бұл 

дұрыстық үлгісі, Қарабайға қарсы бір шеттен барып шыққан 

адам  болады.  Қарабай  осының  қарсысында  жиырылған 

қалпынан жазыла алмай, сараңдықпен бүктетіліп, дүниені 

қия алмай қалған қарау болады. Бұл екеуі де баяғы заманнан 

осы күнге шейін шындығын жоғалтпай келе жатқан нағыз 

өмір айнасы сияқты, әлі күнге тірі жүрген кейіпкерлер, әлі де 

барлық кәрі осы екі жолдың бірінде: әлі де Қарабай, Сары-

байлар адам баласының ішінде жоғалмай тірші лік етіп келеді.

Қарабай осы себепті жалпы адам баласына түгелімен ор-

тақ үлгі. Өнерлі ел, өнерсіз елдің екеуінің ішінде де бар адам. 

Жан сипатының ерекше дерттілігіне қарағанда сол дерттің өте 

шеберлік, жүйрікпен суреттелгеніне қарағанда, Қарабай нағыз 

суретті кейіпкер, поэманың ішінде өмірі мен ісі аз көрінсе де 

Сарыбай да сондай ірі кейіпкердің бірі, өзі өлсе де артындағы 

оның жайындағы әңгіме көп. Сол әңгіме суретті кейіпкерді 

толық суреттеп, бітіріп бергендей болады. “Қозы Көрпеш — 

Баянның” мағына-маңызынан басқа, тіл кестесі мен өлең түрін 

алсақ та, өзге ел әдебиетінен қалған өлеңдердің барлығынан 

бөлініп, жеке дара болып шығатын оқшаулығы бар. Бұның тілі 

батырлар өлеңіндегі құлан жортыс сияқты құба жондатқан, 

аспандаған тіл емес. Сол себепті мұнда “айыр қалпақ, жез 

телпек” те жоқ. “Ылдидан шапса, төсте озған; таңертең шап-



136

са, кешке озған, томаға көзді қасқа азбан” да жоқ. Мұның 

орнында ел поэмасы ның тілі, қалың елдің тілі болған. Жақын 

замандағы  шешен  қазақтың  ортасында  кестелеп  айтып 

жүрген қара тілі. Елдің өз тілінің суретін анық түсіру үшін 

кейде сол елдің өзі айтатын қалжыңды айтып, күлдіріп қояды. 

Біреуді мысал қылып мазақ етсе де, сол елдің өз дағдысымен 

мазақ етеді. Қайғыртып, қаралы қылып күйдіргісі келсе, яки 

ашумен алқындырғысы келсе — барлығындағы жаман әдет 

ел ішіндегі қойшы-қолаңшы, хан, қара болсын, бәрінің бірдей 

қолданып жүретін, күндегі мәлім сөздері.

Барлық  әңгімесі  өлеңді  тыңдаушыға  қызықты  қылып, 

қалың елдің құлағына жағымды қылып көрсету үшін, өлеңді 

бастан-аяқ баяндау сөзге салып жібермей, арасына кәрі-жас 

бірдей сүйетін салт өлеңдерінің түрлерін кіргізеді. Сол себепті 

“Қозы Көрпештің” ішінде естірту, жоқтау, қоштасу, жаржар 

өлеңінің бәрі де бар. Осының ешбірі әңгімелі өлеңге ұрлықпен 

әкеліп жамалған емес. Баяндап келе жатқан әңгіменің ағымына 

өте жарастықты болып, сұлу түр болып қосылып, сұлу түр бо-

лып үйлесіп кетеді. Сол түрлер қосылған соң “Қозы Көрпешті” 

қалың ел жанындай сүйіп тыңдамасқа шарасы жоқ. Тыңдаушы 

ұлы қазақтың бір пішінін міні жоқ мол айнадан түгел көріп 

отырғандай болады. Сондықтан жатақ өлеңін кейінгі айту-

шылар, жаңағыдай салт өлеңдеріне келгенде, арнаулы әнге 

салып айтатын. Бұл әдет тыңдаушының құлағын бір жолата 

қандыратын болған.

Осындай тіл мен түрдің ерекшелігіне қарасақ та, “Қозы 

Көрпеш”  өлеңдері  ел  әдебиетінің  бір  жерге  топтанып, 

жиылған  толық  қорытындысы  болатындығына  дау  айтуға 

болмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет