Қазақ тіліндегі жаңалықтардың әр кезеңдегі
көрінісіне қысқаша шолу
Тілдегі жаңалықтарды, әсіресе неологизмдерді тек қана кезеңдер-
ге қарай әңгіме ету керек, өйткені бір кезеңдегі, тіпті алдыңғы 10-15
жыл ішіндегі жаңалықтар келесі кезеңде «жаңалық» сипатынан ай-
рылып, не әдеби нормаға (тілге) еніп, етене, кәнігі элементке ай-
налады, яғни жаңалығы сезілмей кетеді, не «жарамсыз» болып,
қолданыстан шығып қалады. Есесіне келесі 5-10, 10-15 жылдықта
тағы да жаңа қолданыстар дүниеге келеді. Бүгінгідей дүниежүзінде
ғылым мен техниканың қауырт дамыған кезеңдерде, дүниежүзілік
информация мен компьютерлену дәуірі туған заманда, космосты
игеру, термоядролық күштерді бейбіт өмірге, әрине, кейбір елдерде
орайы келгенде соғысқа да пайдаланудың қам-қарекеті жүріп жатқан
бүгінгі күндерде тілдердің лексикалық қазынасы жыл сайын, тіпті
ай сайын түгіл, күн сайын толыға беретіні даусыз. Жаңа зат атау-
лары ғана емес, іс-әрекет, қимыл-қарекет аттары да, сындық жаңа
ұғым-танымдар да туа бермек. Мысалы, дәл бүгінгі күндерде жыл-
жымайтын мүлік, еншілес кәсіпорын, қол жинау (сайлауда), сы-
байлас жемқорлық, бағаны ырықтандыру, атаулы көмек, тұтыну
қоржыны сияқты жиі қолданылатын сөздер мен тіркестерде етістік
тұлғалары да, сындық есімдердің де беретін мағыналары жаңа.
Демек, соңғы 10-15 жыл барысындағы қазақ лексикасының жаңа
сөздермен толығуын сөз етпес бұрын, оның алдыңғы кезеңдердегі
көрінісі қандай болғандығына қысқаша шолу жасау артық болмай-
тын сияқты.
Экстралингвистикалық күштердің ықпалымен лексикалық
өзгерістердің, оның ішінде прогрестік (ілгері, оң) дамудың да,
регрестік көріністердің де болып жататын тұстары сол тілді пайда-
ланған қоғамның өміріндегі әлеуметтік, саяси, мәдени өзгерістерге,
тіпті саяси-әлеуметтік дүмпулерге қатысты болып келетіндігі ай-
тылады. Осы тұрғыдан қазақ лексикасының диахрондық сипатын
жүйелі түрде, нақты фактілерді көрсете отырып зерттеу жұмысы
айтарлықтай дәрежеде (мөлшерде, сапада) әлі жүргізілген жоқ.
Әзірге үзік-үзік шолулар мен жалпы топшылаулар ғана бар.
Біздің байқауымызша, сыртқы факторлардың ықпалымен қазақ
тілінің сөздік қазынасы молығуының қауырт жүрген үш-төрт үлкен
кезеңі болғанға ұқсайды: бір кезеңі (әзірге бірінші кезеңі десек те
болар ма еді) қазақ халқы тарихында қан жосыған жорықтар за-
маны, яғни елдігін қорғап қалу үшін шығысы мен батысындағы,
түстігі мен терістігіндегі сыртқы жаулармен ұрыс-шайқастардың
344
күшейген тұсы – XVIII ғасыр болар. Бұл кезеңде қазақ тілі әсіресе
жаугершілік, әлеуметтік тақырыптарға қатысты атаулармен толыға
түскен болу керек. XVIII ғасырда жасап өткен ақын-жыраулардың
өлең-толғауларында қару-жарақ, сауыт-саймандардың атаулары,
ұрыс-соғысқа қатысты қимыл-қарекетті білдіретін сөздер, қысқасы,
атажұрт, оны қорғау идеясы, сірә, бұрыннан келе жатқан сөздік
қазынаны толықтыра түссе керек.
XVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ тілінде орын алды-ау деген лексика-
лық жаңалықтар жөнінде аса шағын мағлұмат беруге тура келеді.
Алдымен, бұл кезеңдерде қазақ тілінде пайда болған жаңалықтарды
айту үшін тіл тарихының сол кезеңдеріндегі тұтас лексикалық
суретін білу керек, ал оны біз білмейміз, яғни дәл не бар, не жоғын,
яғни жоқтың жаңалық болып енгені туралы жазба туындылар шағын
(негізінен ақын-жыраулардың өлең-толғаулары, олардың өзі ауыз-
ша сақталған), ал XVIII, XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы
қазақ халқының күнделікті сөйлеу тілін де, оның сөздік қазынасын,
өлең-жырлар тілінен айырмашылығын және көрсете алмаймыз.
Сондықтан қазақ тілінің XVIII ғасырдағы тіліне жаңа сөздер
қосылған болса, олардың сол кезеңдердегі қоғам өмірінде болған
өзгеріс-жиңалықтарға қарай ғана топшылауға болады. Мысалы,
жоғарыда айтылғандай, XVIII ғасыр қан жосыған ұрыстар мен
шайқастардың, ел мен жұртты қорғау жолындағы соғыстардың за-
маны болды, сондықтан бұл кезеңде әскери лексика біраз өзгеріп,
бірнеше қару-жарақ аттарының, ұрыс қимылдарының әр алуан
атауларының (сөз тіркестері мен етістіктер) бірқатары ескеріп, сирек
қолданылса (мысалы, алабалта т.б.), бірқатар жаңалары қосылған
болар. Мысалы, жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында
XVIII ғасырда қазақ әскері қолданған мылтықтың түрлерін атайды,
олар: күлдірмамай, жекеауыз, бірауыз, қандыауыз, жездіауыз, шиті
сияқты от қаруларының осы XVIII ғасырдағы жоңғарлармен болған
жойқын ұрыстарында жиі қолданылып, олардың атаулары жаңалық
ретінде таныла бастаған болар.
Сол сияқты ұрыс-шайқасқа қатысты шыңдауыл, ертеуіл, шығауыл,
айдауыл, торуыл, тосқауыл сияқты көне түркі-монғол (әлде таза
монғол) сөздері де қолданылу жиілігі жағынан осы кезеңде жаңалық
сипат алуы мүмкін, яғни таза неологизм болмағанмен, бейбіт
кезеңдерде көп қолданылмай, ұрыс-соғысы көбейген кездерде жиі
айтылатын сөздер аэлогизмдер болған болар деп топшылаймыз. Бұл
пікірімізді Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романы бойынша лексикалық
ерекшеліктерді талдау барысында да байқаған фактілер де растайды.
Мысалы, XVIII ғасырдың орта тұсындағы қазақ халқының сыртқы
345
басқыншылардан жер-суын қорғап келген санғасырлық тарихының
ең бір шешуші кезеңі – «Ақтабан шұбырындыдан» бастап жоңғарлар
жаулап алған қазақ жерінің шығыс-оңтүстігіндегі өлкелерін қайтарып
алу жолындағы ұрыс-соғыстар суреттелген бұл көркем туындыда
әскери лексиканың көнелері де, сірә, сол кезде жанданған, сол кезең
үшін жаңа болып танылатын сөздер едәуір мол кездесетін сияқты.
Әрине, бұл кезеңдегі неологизмдер мыналар деп дәл көрсету қиын
болар (өйткені алдыңғы кезеңдердегі лексикалық қазынаны толық
білмейміз), дегенмен осы романда жиі кездесетін қонтайжы (бас
әмірші, хан), тәйжі (князь), лама, зайсаң, уан сияқты бөгде монғол-
манчжур тілдік әкімшілік пен діни лауазым атаулары, бұрынырақ
топ деп аталған зеңбіректің суреттеліп отырған кезеңде жазай-
ыл (жәзайыл) деген атауы сияқты сөздерді де XVIII ғасыр үшін
лексикалық жаңалықтар болар деп шамалаймыз.
Тұтас бір ғасырдағы (XVIII ғ.) қазақ халқы қолданған, тілінде
пайда болған жаңалықтар, әрине, тек әскери лексика саласында
ғана емес, күнделікті тұрмысқа, ел басқаруға, шаруашылыққа, тіпті
жаңадан пайда бола бастаған әдет-ғұрыпқа қатысты да жаңа сөздер,
жаңа тіркестер болғаны даусыз. Бірақ дәл қазір, осы жұмыста біз
оларды түстеп, түгелдеп таныта алмай отырмыз. Бұл – арнайы көп
ізденіп, факті-мысалдар жинап, XVIII ғасырдың алдыңғы және одан
соңғы кезеңдердегі қазақ тілі қазынасын біршама анықтап барып жа-
салатын жұмыс.
Ал қазақ тілі лексикасына жаңа атаулардың молырақ пайда болған
(әзірге біз жақсы білетін, фактілермен дәлелдей алатын) келесі бір
кезең – қазақ даласына капиталистік қарым-қатынастың там-тұмдап
болса да ене бастаған дәуірі – XIX ғасыр, әсіресе оның екінші
жартысы деп шамалаймыз. Бұл кезеңде мұсылманша оқу-ағарту,
баспа ісі, алғашқы баспасөз үлгілері, ислам дінінің едәуір жанда-
нуы сияқты әлеуметтік факторлар қазақ тіліне ондаған-жүздеген
жаңа атауларды әкелді, өзге тілдерден, әсіресе орыс тілінен сөз ау-
ысу процесі басталды. Бұл кезеңде сөздік қазынаға қосылған сөздер
түгелімен жаңадан жасалған жоқ: бірсыпырасы (және көзге бірден
түсетіні) өзге тілдерден, әсіресе орыс тілінен енсе, енді бірқатары
байырғы сөздердің мағына ауыстыруы арқылы жасалды, үшінші
тобы жұрнақтар жалғау арқылы қолдан жасалды. Бұл жайында
Махамбет, Дулат, Шортанбай сияқты ақындардың, Ыбырай мен
Абайдың, алғашқы қазақ баспасөзінің, XIX ғасырда жарық көрген
жазба үлгілердің (қиссалардың, өлең-жырлардың) тілін талдап сөз
еткен диссертациялардан, монографиялардан, оқулықтардан біраз
мағлұмат алуға болады.
346
XIX ғасырдың орта тұсында актив қолданылған пысық, төре,
елубасы, онбасы, атқамінер, аға сұлтан, сайлау сияқты әлеуметтік
лексика тобына жататын сөздер осы кезең үшін неологизмдер бо-
лып танылады. Бұларды өмірге әкелген қазақ қоғамының әлеуметтік
құрылымы болды. Қазақ қауымының сол кезеңдегі саяси-мәдени
жағдаятын зар заман деп танып, осылайша атау да – неолексизм.
Қазақ қоғамына енген жаңа экономикалық жағдайлар қазақ
тіліндегі шығын, қара шығын, алым, шаңырақ салығы, несие, өсім,
жол сауда, қағаздату сияқты сөздерге жаңа мағына үстеп, олар-
ды неологизмдер қатарына шығарды. Осы кезеңдегі қазақ тіліндегі
мәдени-рухани өміріне қатысты жаңа сөздерді де табуға болады:
мәселе кітап (ақыл-үгіттің қағазға түскен нұсқасы), насихат айту
(өмірден біліп-түйгенін баяндау).
XIX ғасырдың орта тұсынан бастап, қазақтың ақын-жыраулары
өздерінің өлең-толғауларында абстракт ұғымдағы араб, парсы
сөздерін еркіндеу қолдана бастайды және олардың көбі түпнұсқа
тілдегі тұлғасын сақтап қолданылған болып келеді. Мысалы, араб-
ша жазу үлгісіндегі арабтың «ғайын» деп аталатын дыбысының
белгісі, қазақтың ғ дыбысымен бірдей емес, сондықтан бұл күнде
араб сөзінің басында не ортасында келген ғайынды қазақтар не
қазақтың ғ фонемасына айналдырып (ғашық, ғылым, йағни), не
мүлде алып тастап (ақыл, әділ, әдет) қалыптасып кеткені мәлім. Ал
XIX ғасырдағы ақындардың хатқа түскен мұраларында бұлардың
түпнұсқа тілдегі тұлғасы да, «қазақыланған» тұлғасы да кездеседі.
Әрине, бұл ғасырдағы қазақ тілінде араб-парсы сөздерінің барлығы –
осы кезеңнің жаңалықтары емес, өйткені Орта Азия мен Қазақстанды
мекендеген түркі халықтарының тіліне араб, әсіресе парсы сөздері
Ясауи заманынан, Ясауи мектебінің «Хикметтер» атты поэтикалық
мұрасының, осы мектептің әрі қарай үзбестен дамып отырғанының
нәтижесінде көптеген сөздердің қолданыла бастағаны айтылып
келеді. Бұл қолданыстардың ішінде де жаңа ұғым атауларын беретін
кірме сөздердін болғаны даусыз. Оларды да түстеп атап көрсету – ар-
найы зерттеудің нәтижесі болуға керек.
Ал қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің бастаушылары Абай мен
Ыбырайдың шығармашылығы арқылы көрінген неологизмдерді ар-
найы талдаған зерттеулерден оқып білуге болады. Ыбырай Алтын-
сариннің шығармалары арқылы XIX ғасырдың II жартысындағы
қазақ тілінің лексикалық жаңалықтары жөнінде де арнайы зерттелген
еңбектерден біліп танысу мүмкіндігі бар.
Біздің шамалауымызша, қазақ тілі сөздік қазынасының келесі
бір орасан толыққан тұсы XX ғасырдың алғашқы онжылдық-
тарында болды.
347
Өткен XX ғасырдың 10-жылдарының орта тұсынан бастап
20-жылдардың басына дейін қазақ тіліне, оның жазба әдеби түріне
жаңа сөздер, жаңа қолданыстар келді. Бұл құбылыста оқу-ағарту
ісінің жандануы, баспасөздің қарқынды түрде дамуы, баспа ісінің
ұлғаюы басты себепші-фактор болды.
Оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік әдебиет нұсқалары, екі
тілдік сөздіктер орасан мол жаңа номинацияны, кірме сөздерді қажет
етті. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының бір өзі тіл біліміне қатысты
ондаған (тіпті жүзден де асатын) жаңа ғылыми термин ұсынды. Ол
атаулар негізінен лингвистикалық және әдебиеттану терминдері бол-
ды. Мектеп оқулықтарында қолданылатын бастауыш, баяндауыш,
зат есім, етістік, үстеу; есімдік, шылау, одағай, нүкте (ноқат),
үтір, сызынша, жұрнақ, жалғау, ұяң дыбыс, қатаң дыбыс, жақша
дегендерден бастап, осы күнге дейін термин ретінде орныққан ата-
уларды дүниеге келтірді. Сол сияқты бүгінге дейін қолданыстағы
шумақ, тармақ, бунақ, бейнелеу, кейіптеу сияқты әдебиет терминдері
де – сол кезең үшін жаңа сөздер болатын. Тек терминдер емес, мек-
тептер мен жоғары оқу орындарында тіл, әдебиет, мәдениет, жара-
тылыстану пәндері сияқты салалардың жазба үлгілерінің баяндау
барысында қолданылған көптеген қарапайым сөздер де лексикалық
жаңалық ретінде танылды. Мысалы, түбірге жұрнақ жалғанғанда,
екі етістік қосарынан сөйлегенде, еткен іске бір нәрсе сабақтаулы
болса, өзгелік етіс дейміз деген қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын-
дағы сөйлем үзіктеріндегі курсивпен терілген сөздер бұрын осы
жердегі мағыналарында (қызметтерінде) мүлдем кездеспеген
тұлғалар болатын.
Байтұрсыновтың тілге қосқан жаңалықтарының бір тобын – бай-
ырғы сөздердің тіркес түріндегі термин жасайтын компоненттер
ретінде келгендері құрайды. Мысалы, ішкергі, тысқарғы жалғаулар,
ашық дыбыс , тұйық дыбыс , жалқы есім , жалпы есім , оңаша тәу-
елдеу, ортақ тәуелдеу, өлшеулік үстеу, мезгіл үстеу, бас мүше, баян-
ды мүше дегендердегі курсивпен көрсетілген сөздердің жеке өздері
– жаңа тұлға емес, атқаратын қызметі, осы тіркесте беретін мағынасы
– жаңа.
Демек, XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ жазба
әдеби тілінің жаңалықтары дегенде осы құбылыстарды атау керек.
Бұл жерде үлкен ізденіс-талдау Ахмет Байтұрсынұлының термин
жасауда ұстанған принциптері, амалдары жайында болуға тиіс.
Қазақ әдеби тілінде XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында
пайда болған жаңа сөздер мен жаңа күрделі атаулардың дені терми-
нология саласына қатысты болды. Қазақ дүниесіне енді келе бастаған
оқу, білім, ғылымға қатысты сөздер, олардың ішінде әсіресе термин-
348
дер тілдегі жаңалықтар болып танылды. Ал термин жасауда сөздің
атауыштық (атаулық – номинативтік) қасиеті мен ұғымдық мәні
дегендерді бөліп тану қажет. Айталық, техника салаларына жата-
тын терминдердің жасалуында номинативтік бағдар бірінші орында
тұрады. Мысалы, мәшинелердің, техникалық құрал-жабдықтардың
терминдері көбінесе зат атауларынан жасалады: комбайн, карбюра-
тор, машина, трактор, рельс, паровоз, локомотив. Ал ғылыми тер-
минологияда ұғымға мән беріледі, яғни ғылымға қатысты термин-
дер – нақты заттың аты емес, көбінесе ұғымның аты болуы керек.
Сондықтан ұғым атаулары (бұрынғылары да, жаңалары да) әр тілдің
өз сөздерімен де жасалуға бейім, сондай-ақ олар калька жолымен өзге
тілдерден де аударылады.
XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында тілтану, әдебиеттану,
жаратылыстану, оқу-ағарту, мәдениет салаларына қатысты ғылыми
атаулар негізінен қазақтың өз сөздерінен, біразы жасанды түрде,
көпшілігі мағына ауыстыру, сөз біріктіру, сөздерді қосақтау сияқты
амалдармен жасалғандығы көрінеді, бұлардың басым көпшілігі
сол кезеңдегі қазақ тілі үшін неологиялық бірліктер болып шықты,
бұған XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ оқушылары мен оқырман-
дарының аялық білімімен, яғни білім-таным дәрежесімен санасу
қажеттігі де ықпалын тигізді. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ
тілі оқулықтары мен көркем әдебиеттің тілдік қыр-сырын ғылыми
тұрғыдан таныту үшін бұрын қазақ құлағы естімеген зат есім, сын
есім, сан есім, есімдік, етістік, анықтауыш, толықтауыш, баста-
уыш, баяндауыш, демеулік, кейіптеу, бейнелеу сияқты тосын (жа-
санды) сөздерді ұсынды, сондай-ақ шылау, үстеу, жалғау, жұрнақ,
дыбыс, ұяң дыбыс , қатаң дыбыс , түбіршік тіл , жалғамалы тіл ,
қопармалы тіл , шумақ, тармақ, бунақ, буын, көсем сөз дегендердегі
курсивпен берілген сөздердің мағыналарына жаңа мағына үстеп, не-
ологизмдер жасады.
Білім салаларына қатысты алғашқы жазба үлгілердегі жаңа
сөздердің қазақтың өз лексикалық қазынасынан жасалуына ол
үлгілердің ғылымның толық өзі емес, бастамасы (оқулықтар, хресто-
матиялар, әдістеме құралдар) сияқты мектеп балаларына, мұға-
лімдердің алғашқы буындарына, сауаттарын енді ашып жатқан ере-
сектерге арналғандығы да себепкер болды. Жаңа мағына беретін
сөздерді немесе бейтаныс ұғым атауларын қазақ сөздерімен берген-
де, оларды оқырмандар, оқушылар жатсынбай қабылдап кететінін
Ахаңдар жақсы сезінген.
Бұл айтылғандардан, әрине, А.Байтұрсынов, X.Досмұхамедов,
Т.Шонанов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Жәленов, Қ.Кемеңгеров,
Ж.Күдериндердің еңбектерінде шеттілдік сөздер арқылы ұсынылған
349
білім-ғылым жаңалықтары, яғни неологиялық бірліктер, әсіресе,
пән терминдері мүлде орын алмаған екен деуге болмайды. Және
шеттілдік сөздерді аты аталған авторлар қазақ тіліне жолатпауға күш
салған екен деген тұжырым жасауға да мүлде болмайды. Мұны, яғни
Байтұрсынов пен Досмұхамедовтердің өздері «жат сөзсіз күнелте
алмайтын заман туғандығын» айтты. Х.Досмұхамедов: «Мәдениет
қуған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, білімге кірген жаңа
сөздердің көбі шеттен кірген, біліммен, әдетпен, заңмен [келген]
жаңалықтарға ұғым беретін жаңа сөздер кірмекші, үлгіге алынған
мәдениетті жұрттың сөздері болмақшы», – деп жазды. Бұл жерде
ғалым интернационалдық қор деп аталатын интертерминдерді ай-
тып отыр, яғни латын, грек тілдерінен келе жатқан ғылыми ортақ
терминдерді алу керектігін айтады. «Еуропа ғылымы қолданған ла-
тын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл заман-
да ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша
алмайды», – деп ашық айтты.
Қазақ тіліне білім-ғылым саласына қажет жаңа сөздерді жаңа
ұғым атауларын, нағыз ғылыми терминдерді келтіру XX ғасырдың
алғашқы онжылдықтарында жасап өткен қайраткерлерге оңайға
түскен жоқ. Мұны Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедовтердің
өздері айтып, жақсы ескерткен болатын. Ахаң «Тіл – құрал» атты
оқулығының «Сөз басы» деп аталатын «Алғы сөзінде»: «Тіл – құрал»
деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде осын-
дай жат көрінер, үйткені бұл – қазақта бұрын-соңды болмаған жаңа
зат. Халықта бұрын болмаған нәрсе жат көрініп, бірте-бірте бойы
үйренген соң қалатын», – деп жазған еді. Ал Халел Досмұхамедов
1922 жылғы «Табиғаттану» атты дәрістік кітабында: «Алдымыз-
да үлгі болмаған соң, ғылым кітабын жазу деген өте қиын болды.
Қазақ тілі – ғылым жолына шалынбаған, сөздері ғылым ретіне қарай
жөндікпеген тіл. Ғылым тіліндегі атаулардан қазақ тіліне дұрыстап
түсінікті қылып аудару – өте қиын жұмыс. Сөздің жүйесін келтіріп
көркем қылып жазу да – керекті нәрсе. Ғылым атауларына лайықты ат
қою – алғашқы уақытта тым мұқтаж (бөліп көрсеткен біз – Р.С.),
бүгін ілгері болашаққа жол салатын нәрсе», – деп жазды.
Жалғыз А.Байтұрсынұлы ғана емес, XX ғасырдың 20-жылда-
рынан бастап қазақ тілінде мектеп оқулықтары мен жоғары оқу
орындарына оқу құралдарын жазған, сөздіктерін құрастырған Ха-
лел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгерұлы,
Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Хожанов,
А.Тынысбаев, К.Жәленов сияқты зиялылар да қазақ жазба әдеби
тілінің сөздік қазынасын жаңа тұлғалармен (сөздермен), кірме сөз-
дермен толықтырды. Бұл істе тек тіл, әдебиет сияқты ұлттық
350
сипаттағы пәндер ғана емес, жаратылыстану саласының, оның ішінде
зоология, ботаника, геология, анатомия, физиология, математика, фи-
зика салаларына қатысты жазылған еңбектерде (Х.Досмұхамедұлы
«Жануарлар», «Адамның тән тірлігі», «Табиғаттану» т.б.; Мағжан
Жұмабаев «Педагогика» т.б.) жүздеген неологизм мен аэлогизмдер
– қолданыста «қайта тірілген» байырғы сөздер, кірме сөздер (араб-
парсы сөздерінен басқа, орыс сөздері мен интертерминдер) қазақ лек-
сикасы қазынасын молайтты. Мысалы, бір ғана Х.Досмұхамедұлы
қышқылтуым (кислород), сутуым (водород), қышқыл көмір (угле-
род), жап-жайша (простейшие), ұлпа, құжайра сияқты жаңа атаулар-
ды, төбе ағасы (председатель), тәптіш (зерттеу), үндеуіш (үгітші),
негіздік (негіз) сияқты жаңа ұғым атауларын өзі жасап ұсынды. Со-
нымен қатар Х.Досмұхамедұлы «Жануарлар» деген кітабында сег-
мент, хитин, нерв, трахея, метаморфоза, протоплазма сияқты
интертерминдерді қазақ тіліне алып келді, ал «Табиғаттану» сияқты
кітабы мен мақалаларында газ, градус, атмосфер(а), барометр, сан-
тиметр, фосфор, метал, телеграф, магнит, малахит, кристал, ана-
томия, физиология, гигиена, плазма дегендерден бастап 40-қа жуық
шеттілдік интертерминді қолданды, олар күні бүгінге дейін еркін
жұмсалып, қазақ тілінің лексикалық қазынасында берік орын тепті
деуге болады.
Осы күнге дейін қолданылып жүрген сингармонизм, акцент,
термин сияқты лингвистикаға қатысты сөздермен қатар школ, дик-
товка сияқты орыс сөздері де XX ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ
тіліндегі жаңа сөздер (немесе колданыстар) болып танылады.
Осы кезеңдерде педагогика, математика, физика салаларына
қатысты ондаған (мүмкін, тіпті жүздеген) жаңа сөз, шеттілдік сөздер,
мағынасы ауысқан байырғы сөздер (олар да «жаңа» деген статусқа
ие) болғанын көреміз.
Бұл кезеңдегі лексикалық жаңа бірліктердің сипаттары, яғни
тілдік тегінің (төл сөз бе, бөгде сөз бе), сол жаңа сөздерді келтірген
жазба үлгінің кімге арналғандығының мәні зор болған. Мысалы,
А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының 1922 жылы жазылып, 1927
жылы жарық көрген «Оқу құралы» атты көлемді еңбегі мектептің
1-сатысында (ІІІ-ІV жылдарында) оқитын балаларға және білім-
ғылымнан хабардар болғысы келген ересектерге арналған бола-
тын. Авторлардың түсіндіруі бойынша «Оқу құралында» 1) әдебиет
және тұрмыс пен еңбекке қатысты; 2) ғылымға, ғылыми танымдарға
қатысты материалдар берілген (осы екі бөлімнен тұрады). Де-
мек, бұл материалдар XX ғасырдың алғашқы 10-15 жылдарындағы
ауыл балаларының, тіпті олардың ата-аналарының білім-ғылымнан
алшақтау жатқаны ескеріліп жазылған. Мұнда астрономиядан, физи-
351
кадан, жағырапиядан, химиядан, биологиядан, зоологиядан алғашқы
ғылыми танымдар ұсынылған. Осыларды баяндап, түсіндіру бары-
сында көптеген жаңа сөзді: бұрын қазақ қауымына бейтаныс заттар
мен құбылыстардың ғылыми атауларын береді. Олардың бір тобын
қазақтың өз сөздерін іске жаратып жасады: арқаның жарқылы (се-
верное сияния), жер сілкінісі, жердің өз шүлділігінен айналуы, жер
қосшылары (планеталар), құйрықты жұлдыз, үйек, құбыланама.
Бұлар сан жағынан аса көп емес. Ал ғылыми танымдарды беру үшін
авторлар сол кезеңнің өзінде-ақ ондаған интертерминді, яғни көптеген
Еуропа, орыс халықтары (ғалымдары) қолданып келе жатқан,
түптөркіні латын және ағылшын, неміс, француз тілдеріне жататын
кәнігі терминдерді қазақ тіліне (қазақ тілінде баяндау мәтіндеріне)
қосқан. Мысалы, «Оқу құралда» класс, парта, стол, шкаф сияқты
қарапайым (ғылыми термин емес) зат атауларынан бастап, газ, тер-
мометр, фонограф, градус, машина, профессор, инженер, капитал,
капиталшы, буржуазия, социалистер, полиция, жандарм, надзира-
тель сияқты «орыс» сөздерін келтіреді. Ал таза ғылыми терминдер
аса көп емес, барларының ішінде орыс тілінен аударылған оттегі,
сутегі, көміртегі (Халел Досмұхамедовте: қышқылтуым, суту-
ым, қышқыл көмір) сияқты жаңа жасанды сөздер бар. Қалғандары
(олар да аса көп емес) – халықаралық терминдер болып келеді. Со-
нымен қатар бұл кезеңдегі баспасөзде де жаңа қолданыстар көзге
түсерліктей дәрежеде болды.
XX ғасырдың 10-жылдарынан бастап бірнеше жыл бойы шығып
тұрған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің және бірнеше саны
ғана жарық көріп үлгерген басқа да газеттердің беттерінде көбінесе
жаңа мағынаға ие болған байырғы сөздер мен араб, парсы, орыс
сөздері қазақтың сөз қазынасы әлемінде жаңалық сипат алды. Бұлар
жөнінде С.Исаев, Н.Қарашева, Б.Момынова сияқты зерттеушілердің
еңбектерінен оқып білуге болады. Айталық, зерттеуші Б.Момынова:
«Қазақ» газеті (1913-1918) пән сөздерімен қоса әскери-соғыс
терминдері, ғылым мен техника салаларына байланысты сөздер
қатары көбейе түскенін (сүңгуір қайық, аэроплан, телеграф, бомбы,
мәшине т.б.) айтады
10
.
Сөйтіп, қазақ тілінде пайда болып жататын жаңалықтарды,
неологиялық құбылысты кезең-кезеңіне қарай талдап, танытқанда,
XX ғасырдың алғашқы екі онжылдықтарын айрықша атап өту керек.
Бұл – қазақтың білім-ғылым тілінің нағыз бастамасы және қауырт
жүргізілген тұсы деп батыл айтуға болады. Бұл кезеңдегі тілдік жаңа
бірліктерді дүниеге келтірген қажеттіліктер де ерекше болды; олар
– оқу-ағарту ісінің қолға алынуы, жандануы; қазақ жұртшылығын
10
Момынова Б. Газет лексикасы, жүйесі мен құрылым. - Алматы, 1999. - 70-бет.
352
білім-ғылымға ұмтылдыру, «елді ағартып, надандықты жоюдың
заманы келді» (Х.Досмұхамедов) деген идеяның алға тартылуы
еді. Мұны тіпті біз XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқының ұлт-
тық идеологиясы, ұлттың мұраты, тарихи құбылыс деп атар едік.
Ұлттық мақсат-мұраттың жаңа көрінісі – тілде де жаңа сөздер мен
тіркестердің, жаңа құбылыстардың, жаңа көзқарастардың, тың ұсы-
ныстардың кезеңі болды.
Бұл жерде тағы бір баса айтатын тұжырымымыз бар, ол – қазақтың
ғылыми терминологиясы өзінің тарихи бастауын XX ғасырдың бас
кезіндегі мектеп оқулықтарынан алды, яғни қазақ мектептеріне және
ішінара алғашқы жоғары оқу орындарының шәкірттеріне арналып
жазылған пәндік оқулықтарда қазақ тілінің ғылыми терминдері жа-
сала бастады. Біз бұл пікірімізді 1963 жылы Дүйшембе (Тәжік ССР)
қаласында өткен Бүкілодақтық конференцияда тұңғыш рет айтқан
едік. Әлі де сол пікірімізді қайталаймыз.
Қорыта айтқанда, «жаңа сөздер» деген категорияға жататын тілдік
құбылыстың қазақ тіліне қауырт және көптеп пайда болған тұсы XX
ғасырдың алғашқы екі онжылдығы деп батыл айтуға болады.
Ал XX ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап қазақ баспасөзінің
аумағы кеңеюіне, яғни газет-журналдардың сан жағынан көбеюіне
қатысты, қазақ мектептері мен қазақ тілінде оқытатын бірді-екілі
жоғары оқу орындарының жұмыс істей бастауына байланысты
бұрын оқытылмаған алуан пәндерден оқулықтар мен оқу құралдарын
жазу қауырт қолға алынуы ғылыми ұғымдарды атайтын сөздер мен
жалпы оқу-білімді, ғылым салаларын баяндауға жұмсалатын жаңа
қолданыстарды қажет етті. Төл және аударма оқулықтар мен өзге
де оқу құралдары көптеп жарық көре бастады. Математика, химия,
зоология, ботаника т.б. пәндерге арналған жазба дүниелердегі жаңа
сөздердің немесе мағынасы ауысқан сөздердің жүздеп қолданыла
бастағанын айтуға болады.
1920-30 жылдардағы жаңа социалистік жүйеде өмір сүре бастаған
қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық хал-
ахуалына қарай орын алған оқиғалар, қауырт шаралар жүздеген жаңа
ұғымдарды, жаңа заттарды дүниеге келтірді. Бұл кезеңде әсіресе
жаңа ұғым атаулары көзге түсті. Мысалы, «революция» дегенді атай-
тын төңкеріс, «совет» дегенді кеңес дейтін сөздерден бастап, теңдік,
тап тартысы, бәлшебек, жолдас(тар), баяндама, баяндамашы,
жиылыс/жиналыс, өкіл, нұсқаушы, ауылнай деген сөздер сол кезең
үшін қазақ тіліндегі жаңа ұғым, адамға қатысты жаңа атаулар болды.
Осы қатарда неологизмдердің үлкен тобы – жаңа ұғымды беретін сөз
тіркесі болып келетін атаулар еді. Олардың ең жиі қолданылғандары –
тап жауы, тап тартысы, кедей шаруа, социалды құрылыс, ауылдық
353
кеңес, кеңес үкіметі, бай-құлақ, газеттің басқармасы (редакция-
сы), қаулы шығару деген сияқты тіркестер еді. Б.Майлин, М.Әуезов,
С.Мұқанов, С.Сейфуллиндердің шығармаларына қарағанда, XX
ғасырдың 20-30-жылдарында қазақ ауызекі сөйлеу тілінде де жаңа
сөздердің едәуір болғаны байқалады және олардың көбі орыс сөздері
болып келеді. Мысалы, Б.Майлиннің 1920 жылдардың ішінде
жазылған, сол кезеңдегі қазақ ауылдарын, қазақ қоғамын суреттеген
әңгімелердегі диалогтерден расқот, нәлөк, сбор (жинау), списке, ат-
каз беру, контыр, кәмөнес, пыртақол деген сөздер жиі кездеседі.
1930 жылдардың барысында алдыңғы кезеңдегі неологизмдердің
көбі әдеби тілге сіңіп, яғни баспасөзде, жиын-жиналыстарда,
көпшілікқолды кітаптарда жиі қолданылып та үлгерсе, бұлардың
үстіне келесі онжылдықта дүниеге келіп жатқан саяси оқиғалар мен
іс-әрекеттерге қатысты жаңа сөздер қосылды. Олардың ішінде тап
жауы, халық жауы, кәмпеске, артель, коммуна, колхоз, совхоз, коо-
ператив, еңбек ақы, жал ақы, қисын (Маркс, Ленин қисыны), клуб,
устав сияқты жеке атаулар мен лексикалық тіркестер бар және
олардың көбі – бөгде тілдік бірліктер болып келеді. Жаңа орнаған
советтік құрылыста айтылатын дауысқа салу, қол көтеру, қаулы
шығару, ұйымдасу (артель болып ұйымдасу), бірлесу, бірлестіру, ар-
тельге кіру, екпінділер, жоспар, оңшылдар, солшылдар, коллектив,
лекбез (ликвидация безграмотности) сияқты қазақша, орысша сөздер
де – 20-30 жылдардың неологизмдері. Бұлардың көпшілігі баспасөз
беттерінде де, күнделікті қарым-қатынаста да жиі қолданылды.
1920-30-жылдардағы оқу-ағарту ісіне, театр және басқа да ойын-
сауықтарға қатысты жаңа сөздер мен сөз тіркестері өз алдына бір
төбе лексикалық байлық болып қосылды. Бұл көрсетілген фактілер,
олардың түрлері, тақырыптары, жасалу амалдары жайында өз ал-
дына кең зерттеліп, баяндалатын әңгіме екендігі осы жұмыстың бас
жағында да айтылды.
Достарыңызбен бөлісу: |