1990-2005 жылдардағы лексикалық жаңа бірліктер
«Жаңа сөздер» немесе «лексикалық жаңа бірліктер (единицалар)»
деген терминнің өзі – шартты, өйткені «жаңа» деп отырғанымыз –
бұрыннан бар түбір сөздердің жұрнақтар жалғау арқылы немесе екі
түбірдің бірігуі, жұптасуы сияқты қосақталу амалы арқылы, я бол-
маса екі сөздің тіркесіп, бір ұғымды атауы, сондай-ақ қысқара, кіріге
жымдасуы арқылы жасалған түрлері. «Жаңа сөз» деп жүргеніміздің
бір алуаны – жаңа мағына үстеп, «тонын айналдырып киген»
байырғы сөздер. Демек, жаңа дегеніміздің өзі – бұрынғы барлардың
не тұлғасы, не мағынасы құбылған «жаңғырықтары». Бұлардың
ішінде құлаққа жаңа болып естілетіндер өзге тілден енген неме-
се енгізбек болған сөздер болса, олар да бұрыннан «дүниеде бар»
(өзге халықтар тілінде) нәрселер екен. «Жаңғырық» деп, әрине,
жаңа сөздерді қомсытып отырғанымыз жоқ. Олар – естіліп барып,
өшіп кететін дыбыс жаңғырықтары емес, материалдық дүниелер,
тілдің сөздік қазынасын молайтатын бағалы «дүниеліктер». Бірақ
әрбір материалдық болмыс сияқты, өмірге келіп жататын, қолайын
тауып орнығып қалатын, «мезгілі жетіп» ығысып кететін дүниелер.
Сондықтан «жаңа сөз» деген ұғымды (категорияны) жатсынбай,
талдап, тану қажет. Ол үшін осы жұмыстың зерттеу нысандарын
(тақырыптарын) біршама жүйелеп, мынадай тарамдарға ажыратып
алу қажет.
Олар:
1) қазіргі қазақ тілінің сөздік қазынасының молаю уәждері, яғни
жаңа қолданыстардың пайда болу себептері;
2) жаңа сөздердің көздері, яғни қайдан, неден жасалатындығы;
3) жаңа сөздердің тақырыптық топтары (әзірге ең жиі кездесетін)
және қолданыс орындары;
4) жаңа бірліктердің тұлғалық көріністері, яғни жасалу амалдары;
5) жаңа қолданыстардың әдеби тіл нормасына өту әлеуеті;
нормалық дәрежеге ие болып, қалыптануы (кодификациясы).
Енді осы тақырыптардың әрқайсысына тіл қозғалысының соңғы
10-15 жылдық кесігін алып, жеке-жеке тоқталайық.
367
Сөздік қазынаның молаю уәждері, жаңа қолданыстардың
пайда болу себептері
Тілдің лексикалық құрамының толығу, молаю процесіне негізінен
екі түрлі фактор себепкер болады: бірі – сыртқы, яғни тілдің құзы-
рынан тыс факторлар, мұны тіл білімінде экстралингвистикалық
деп атайды. Тіл тіршілігіне өзінің ішкі зандылықтарынан тыс
әсерін тигізетін жағдайлар – сол тілді қолданып отырған халықтың
әлеуметтік өмірі, осы өмірдің белгілі бір кезеңдегі талаптары,
сұраныстары, мүдделері. Сыртқы фактордың тілге тигізетін ықпалы
негізінен оның лексика саласында көрінеді. Сонымен қатар белгілі
бір тілдің функционалдық стильдерінің түрленуіне (сала-салаға та-
рамдалуына) және олардың кейбірінің қызметінің жанданып, енді
бір функционалдық стильдердің бәсеңдей бастауына да әлеуметтік
факторлардың «тепкісі» болады.
Қазақ тілі лексикалық құрамының едәуір жедел түрдегі қозға-
лысы, яғни жаңа қолданыстардың көзге түсерліктей сипатта және
мол мөлшерде дүниеге келген тұсы – 1990 жылдардан басталды.
Мұның басты уәжі (себебі) – қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусына
(дәрежесіне, мәртебесіне) ие болуы еді. Бұл мәдени, идеологиялық,
тіпті саяси үлкен күші бар құбылыс – қазақ тілінің сөздік қазынасында
өзгеріс-жаңалықтардың пайда болуына ғана емес, тілдің бүкіл
болмыс-тіршілігінде де, әлеуметтік қызметінде де бұрын-соңды
болмаған жаңалықтардың, соны сипаттардың бел алуына жол ашты.
Қазақ тілінің жаңа статусына сай енді оның беделін арттырып,
әлеуметтік қызметін күшейту қажет болды. Тілдің беделі ресми
заңмен, сол заңды желеу еткен құр айқай-ұранмен көтерілмейтіні
белгілі. Алдымен, мемлекеттік тіл ретінде көрінуі үшін, ол сөздік
қазынасы бай, әдеби нормалары реттелген, қоғам өмірінің барлық са-
ласында қызмет ететін құрал болмаққа керек. Ең негізгісі – әрі қарай
дамудағы тіршілігінде жай даму емес, іс жүзінде жетілу сияқты
оң сипатқа ие болуы қажет. Бұл жетілу процесі тілдің әлеуметтік
қызмет аясын кеңейтумен шектелмейді (дегенмен ол – басты та-
лап), сыртқы экстралингвистикалық та, тілдің ішкі лингвистикалық
та зандылықтарын іске қосады. Атап айтқанда, жаңа лексикалық
бірліктерді жасау принциптеріне өзгеріс енді: олардың қай көзден
(«сүйектен») және қандай тәсілдермен жасау амалдарына жаңаша
көзқарастар туды.
Ең алдымен, XX ғасырдың соңғы 60-70 жыл барысында молы-
нан енгізілген (қолданылып келген) орыс тілі арқылы келіп актив
қолданылып жүрген жай сөздердің, терминдік бірліктердің уәжді-
уәжсіз сәттеріне сын көзімен қайта қарау басталды. Бұрын
әсіресе баспасөзде, ресми құжаттар мен ғылыми еңбектерде еркін
368
қолданылып келген устав, программа, протокол, указ, секретарь,
председатель, пенсия, пенсионер, ветеран, рекомендация, доку-
мент, тенденция, командировка, проводник сияқты сөздер білдіре-
тін ұғымдарды қазақ тілінің өз мүмкіншілігімен беруге болатынды-
ғына назар аударылды, нәтижесінде жарғы, бағдарлама, хатта-
ма, хатшы, төраға, зейнеткер, ардагер, құжат, үрдіс/ұстаным,
іссапар, жолсерік сияқты туынды тұлғалар қолданысқа түсті.
Бөгде тілдік те, қазақтың өз тілінен де пайда болған неологизмдер-
дің терминдік мәнде жұмсалатындары едәуір мол. Әсіресе жаңа
экономикалық, өндірістік, шаруашылықтық қарым-қатынастарға бай-
ланысты жүздеген жаңа атаулар пайда болды. Олардың ішінде сам-
мит, кредит, аудит сияқты бөгде тілдік сөздер бұрыннан оқта-текте
жұмсалып жүретіндер болғанмен, жиі қолданылып, актив қорға енуі
енді-енді басталды. Ал осы тақырыптық топқа жататын бетесеп
(лицевой счет), жемқорлық, кеден, жылжымайтын мүлік (недви-
жимость), жекешелендіру (приватизация), несиегер, жұмсақ несие,
демеуші (спонсор) деген сөздер де тұлғалық, мағыналық жағынан
неологизмдер болып саналады. Ғылыми терминологияға жатпай-
тын тұрмыстық лексиканың, яғни зат, бұйым, іс-әрекет атауларының
жаңа баламалары неологизмдердің елеулі тобын кұрайды. Бұл топ-
та әсіресе орыс сөздерінің қазақша баламасын ұсыну үрдісі басым
түседі. Жалпы дәл сол мағынадағы қазақша баламасы жоқ таза орыс
сөздерін қазақшалап беру ұстанымы (принципі) ертеректен байқалған
болатын. Мысалы, математика терминдерінің ішінде алу, қосу,
көбейту, есеп шығару, көбейтінді, бөлінді, дәлелдеу сияқты сөздер
– орыс тіліндегі терминдердің мағыналық калька жолымен келген-
дер, химиядағы водород, кислород деген орысша терминдер сутегі
(алдыңғы кезеңде – сутуым), оттегі, көмірқышқыл (қышқылтуым),
физикадағы қысым (давление), дене (тело), кернеу (напряжение),
геометриядағы кесінді, үшбүрыш, төртбұрыш, жарты жазықтық
географиядағы құрлық (материк), сағаттық белдеулер (часовые по-
яса), мұздықтар (ледники), бойлық (долгота), ендік (широта) сияқты
сөздер – алдыңғы (20-жылдардағы) кезеңдердегі жаңа сөздер болса,
олардың «сүйегі» – қазақтық, ал бұларды жасауға тірек болғандар –
орыс сөздері.
Күні кешеге дейін қолданып келген бірқатар таза орыс сөздерін
қазақшалау ұстанымы қазірде де бел алып отыр. Мысалы, бағаны
ырықтандыру, түпдерек (источник), түпсана (подсознание), тізім-
деме (опись) сөздері соңғы жылдарда пайда болды. Қазақ тілінде
біраз уақыт қолданылмай келген орыс сөздерінің біразы тұрмыстық
сөздер болатын: капуста, помидор, питомник, сотовый телефон,
открытка, точка (торговля), диета сияқты сөздердің қазақша бала-
масын табу қарекеті басым.
369
Біздің заманымыз – информация мен компьютерлену заманы,
сондықтан бұларға қатысты жаңа атауларды «біздің заманымыздың
сөздері», «бүгінгі сөздер» деп те атаушылық бар. Кейбір тілдерде
кибернетика, антипротон, протон сияқты сөздер қолданысқа
әбден енген, жаңалығы жоғалған бірліктер болса, қазақ тілінің
тәжірибесінде бұлардың қолданыс белсенділігі енді-енді көріне
бастады деуге болады (мысалы, баспасөз беттерінде соңғы екі-үш
жылда Байқоңырдан ұшырылған «Протон» ракеталарының жары-
лып жерге құлауына, оның жергілікті тұрғындардың денсаулығына
зиян келтіретіндігіне қатысты хабарлардың жиі беріліп келгенін
еске алыңыз). Экстралингвистикалық факторлардың күшімен (ық-
палымен) пайда болатын неологизмдер – тек жаңа зат, ұғым, құбы-
лыстардың (бүгін пайда болып жатқан реалийлердің) атаулары, яғни
мүлде жаңа мағынаға ие сөздер ғана емес, мағынасы жаңа, ішкі (қазақ
тілінің өзінен) және сыртқы (кірме, бөгде тілдік) сөздердің жанда-
нуын, яғни қолданысқа түсуін (узуализацияны), диалектілерден,
ауызекі сөйлеу тілінен, туыстас тілдерден ауысып, узустық статусқа
ие болғандарын да айту керек.
Қазақ тіліне соңғы он шақты жылдың ішінде өте жиі қолданылып,
тіпті әдеби нормаға еніп кеткен егемен сөзі, біріншіден, саяси-
әлеуметтік жаңа құбылыс – бұрынғы советтік республикалардың
одақтан ыдырап, өз алдына дербес (суверенный) тәуелсіз мемлекет
болуына (бұл – нағыз сыртқы фактор) байланысты осы саяси-әлеу-
меттік жаңа құбылысты атау үшін жергілікті (диалектілік) сөз егемен
(түбірі – еге, әдеби тіл нормасында – ие) таңдалып алынды. Ұжым
сөзі де ұйым деген әдеби нормадағы сөздің ж-й дыбыстарының
алмасуын көрсететін диалектілік тұлға – ұйым вариантын «органи-
зация» дегеннің, ұжым-ды «коллектив» дегеннің баламасы ретінде
қалыптастырып отырмыз. Бұл – бұрынғы ұйым сөзіне мағынасы
жақын «адамдар тобы» (коллектив) дегенді білдіруге фонетикалық
варианттың іске қосылуы. Бұл жердегі жаңа атаулардың пайда болуы-
на сыртқы фактордың әсер етуінен гөрі, тілдің өз заңдылықтарының,
яғни мағынасы жуық сөздердің әрбіреуін бөлек-бөлек ұғымдарды
білдіруге жұмсау орын алып отыр деуге болады. Дегенмен «органи-
зация» мен «коллектив» деген ұғымдарды, яғни бүгінгі әлеуметтік
іс-әрекеттерді, заттарды, дерексіз ұғымдарды айырып тану керектігі
– сыртқы фактордың ықпалы.
Адамзат қоғамының бүгінгі өркениетінің бір талабы – әр құбы-
лысты, әр нәрсені, әр заттың құрамдық бөлшектерін, әр дерексіз
ұғымды бөлек-бөлек айырып атау болып отыр. Бұдан қазақ тілінің де
шетқақпай қалмағаны оқушы ~ оқырман, көруші ~ көрермен, оқулық
~ оқу құралы, ақпарат ~ хабар, шақыру ~ шақырылым, оқу ~ оқылым,
қою ~ қойылым сияқты жұптардың пайда болғанынан көрінеді..
370
Тілдің сөздік құрамына өзгеріс-жаңалықтар әкелетін бүгінгі
(соңғы 10-15 жылдан бергі) сыртқы күштердің бірі – жоғарыда
айтқанымыздай, ұлттық сана, ұлттық рухани сұраныстың күшеюі.
Қазақ елінің тәуелсіздікке ие болып, дербес мемлекет ретінде өмір
сүре бастауы Одақтың ноқтабасы – орыс тілінің, орыс мәдениетінің,
орыс салт-дәстүрінің шектен тыс ықпалын ығыстыру әрекетін
туғызды. Алдымен, тілдегі «орыстану» саясатын тежеп, қазақ
тілінің тарих сахнасынан түсе бастаған хал-ахуалын түзеу үшін оған
мемлекеттік тіл статусы берілді. Бұл суға батып бара жатқан кеме
жіберетін «SOS» сигналы іспеттес қарекет болды. Сол «SOS»-ты
қабылдап, «кемені» (қазақ тілін) апаттан құтқарудың бір амалы –
орыс тілінен алынып, орынды-орынсыз қолданылып жүрген сөздерді
шектеу, мүмкіндігінше және қажетіне орай олардың бірқатарын
қазақша баламамен ауыстыру болды.
Қазақша балама іздеуге бейім тұратын сөздер тобы – жоғарыда
айтылды, алдымен, күнделікті тұрмысқа қатысты сөздер, олар көбі-
несе зат-бұйым, құрал-сайман, азық-түлік атаулары және көбі орыс
сөздері болып келеді: простыня, подъодеяльник, грелка, душ, варе-
нье, печенье, капуста, помидор, оправа, наушник, каток, пепельница,
коляска (детская), форточка, кнопка, клюшка, наждак, водопровод,
бинт, лента сияқты сөздерді қазақшалап атау қажеттігі даусыз.
Бұл қажеттілік жақсы сезіліп, аталған сөздердің қазақша балама-
лары орын ала бастады. Бұл күнде ақжайма, көрпетыс/ жылытқы,
себезгі, тосап, қайнатпа, орамжапырақ (оқулықта), қызанақ, жи-
ектеме, кұлаққап, мұзайдын, күлдеуіш, бесікарба, желдеткіш де-
ген атаулар бар. Әрине, бұлардың барлығы бір тұлғада ұсынылып,
бірден әдеби тіл нормасына сіңісіп кетті деуге болмайды. Ол жайын-
да кейінірек сөз болады.
Лексикалық құрамға өзгерістер енгізетін, жаңалықтар қосатын
және толықтыратын экстралингвистикалық фактордың ықпалы
көрінетін тұстар: 1) аударма әдебиет; 2) термин жасау процесі;
3) ғылыми-техникалық өзгерістер мен жаңалықтар; 4) ақпарат құрал-
дары жұмысының кеңеюі; 5) қоғам өміріндегі саяси, экономикалық,
мәдени өзгерістер мен жаңалықтар.
Аударма әдебиеттің ішінде мектеп пен жоғары оқу орындары-
на арналған бірсыпыра пәндердің оқулықтары мен оқу құралдары,
көпшілікқолды ғылыми әдебиет үлгілері терминдік те, терминдік
емес те жаңа сөздерді жасайды, яғни білім-ғылым саласына қатыс-
ты бірқатар заттарды, құбылыстарды, дерексіз ұғымдарды мүмкін-
дігінше қазақша атау қажеттігі алға тартылып, бұл күнде осы ұстаным
едәуір жанданды.
Жоғарыда айтылды, біздің байқауымызша, қазақ тілінде ғылыми
терминология оқулықтарда басталды дей аламыз. Осы күнге
371
дейін қолданылып келе жатқан тіл білімінің, әдебиеттанудың бір
алуан терминдері XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында Ахмет
Байтұрсынұлының еңбегі арқылы, математика, жаратылыстану, заң,
педагогика терминдерінің де бірқатары XX ғасырдың 20-жылда-
рындағы казақ мектептеріне арнап жазылған төл оқулықтарда
(Х.Досмұхамедұлының, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, Ж.Күде-
риннің т.б. еңбектері арқылы) көрінді. Мысалы, Халел Досмұхаме-
дов төл оқулықтарында, мақалаларында, аударма еңбектерінде
баспасөз, баяндама, көрме, тірлік, тіршілік, өсімдік, ұлпа, құжайра,
жап-жайша жануар, сүт емушілер/сүт қоректілер, қақпақшықтар
(клапаны), тамыршықтар (капилляры), тамыр аяқтар сияқты
сөздер мен тіркестерді және сол кезең үшін мүлде жаңа атаулар бо-
лып табылатын қышқылтуым, сутуым (химия терминдері), төбе
ағасы (осы күнгі төраға), тәптіш (зерттеу), үндеуіш (үгітші), негіздік
(негіз), жел кеме (ұшақ, самолет), от арба (пойыз) тәрізді сөздерді
қолданған. Бұлардың бірқатары кейін өзге варианттармен алмасты-
рылып (жақша ішінде көрсетілгендері) қолданыста (әдеби нормада)
орнықпағаны көрінеді. Бұл – сөз жоқ, заңды құбылыс: ғылыми тер-
миндер ұлттық тілде бірден, бірінші қолданысынан орнықпайтыны
белгілі. Олар мағыналық дәлдік, тұлғалық түзулік сияқты тілдік жүйе
мен құрылымға сәйкестікті іздеу барысында бір емес, бірнеше рет
қырналып, өзгеріп барып, ең дәл, ең дұрыс деген варианты орнығады.
Сонымен қатар Х.Досмұхамедов еңбектерінде математика,
физика дегендерден бастап, ондаған интертермин де қолданылған,
өйткені ғалым бірде: «Жат сөзсіз күнелте алмайтын заман туды...
Мәдениет қуған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, шеттен кірген
біліммен, әдетпен, заңмен жаңалықтарға ұғым беретін жаңа сөздер
келмекші, білімге кірген жаңа сөздердің көбі үлгіге алынған мәде-
ниетті жұрттың сөздері болмақшы», – деп жазса, екінші бір тұста:
«Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл
заманда ғылым іздеп қатарға кірем деген қазақ латын сөздерінен
қаша алмайды», – деп пікірін ашып айтады. Бұл принциптің жалпы
үлкен ғылымға да, сол ғылымды бастайтын мектеп оқулықтарына да
қатысты екенін XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақтың
білім-ғылымға араласқан зиялылары жақсы біліп, дұрыс ұстанған.
«Қазақ», «Айқап» газеттері беттеріндегі фактілерге қарағанда,
XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ тілінің лексикалық
қазынасын жаңа сөздермен байытқан факторлардың бірі – оқу-
ағарту, білім-ғылым саласының жандануы болған болса, бұл үрдіс
одан кейінгі 10-15 жылда жалғасын тауып, мектеп оқулықтары
мен жоғары оқу орындарына арналып жазылған төл оқулықтарда
ондаған-жүздеген неологизмдер дүниеге келіп жатты. Олардың ба-
372
сым көпшілігі жаңа ұғымдарды атаудан гөрі, бұрынғы орыс тілі
сөздерімен және халықаралық, ғылыми терминдермен беріліп келе
жатқан ұғымдарды, заттарды, құбылысты қазақша атау қарекеті екені
байқалады. Ал бұл қарекеттің де уәжі бар. Ғылым мен техникаға,
өндіріс пен экономикаға қатысты бір алуан ұғымдарды көпшілік
қауымға, оның ішінде мектеп балалары мен жастарға түсініктілеу
етіп ұсыну, сол арқылы ұлттық мәдениетті, ұлттық сананы көтеру
идеясы оянды.
Қазақ қауымы үшін бұл күнде жаңа болып табылатын ұғымдардың
да, бұрын орыс тілі арқылы келген шеттілдік сөздердің де қазақша
баламаларын жасауда бірінші талап – бұлардың қазақ тілінің
құрылымдық нормасына сәйкес келуі болса, осы талаппен пайда
болған бағдарлама, зейнетақы, демеуші, өркениет, жекешелендіру,
мерейтой, тұсаукесер сияқты сөздерден бастап, оқулықтар мен га-
зет-журналдарда, әр алуан тақырыптағы өзге де әдебиетте күн сай-
ын ұсынылып жатқан жаңа тұлғалар немесе мағынасы өзгерген
(үстемеленген, ауыстырылған) сөздер қолданысқа түсуде. Мысал
ретінде соңғы 7-8 жылдың барысында баспалардан шыққан мектеп
оқулықтарындағы күй-қалпын көрсетпекпіз.
1990 жылдардың басынан бастап жарық көріп жатқан мектеп
оқулықтарында, әсіресе аударма емес, төл құралдарда бұрын кірме
сөз ретінде қолданылып келген зоология, ботаника, география, химия
және т.б. кейбір салалардағы терминдерді қазақша атау қолға алына
бастады. Мысалы, 1993 жылы шыққан «Өсімдіктану» (6-7-сынып-
тарға арналған, авторлары – Р.Әлімқұлқызы, Б.Дүйсенбайқызы,
Е.Тұрбекқызы. Алматы, «Рауан» баспасы) оқулығында ондаған
қазақша жаңа термин ұсынылыпты. Бұлар – жаңа ұғымдардың атауы
емес, бұрын не орыс сөзімен, не басқаша тұлғада беріліп келген био-
логия терминдері және басқа да кейбір атаулар. Мысалы (жақша ішіне
түсініктірек болу үшін орысшасы берілді): ағза (организм), жасуша
(клетка), дара (особь), жасұнық (клетчатка), көшетжай (рассадник),
қызан (помидор, томат), сеңгел (ванна), екпежер (плантация), пәле
(рак), сараман (практика), сараманданушы (практикант), тәттідәм
(кондитер), топсеруен (экскурсия), үлескі (участок), жылыхана
(оранжерея), көктеме (парник), қанықпа (концентрация), нақпішін
(муляж), пішендеме (сенаж), сүңгілеу (пикировка), тынымбақ (парк),
уыт (солод), тілгі, сылғы (скалпель).
Бүгінгі күн тұрғысынан неологизм болып көрінген бұл сөздердің
ішінде жасуша, ұлпа, ағза, қылтамыр, іскек дегендер – XX ғасырдың
20-жылдарында жазылған Х.Досмұхамедұлының, Ж.Күдериннің
«Жануарлар», «Өсімдіктану» сияқты оқулықтарында солар жасаған
терминдер болатын. Қазақ мектебіне, оның ішінде бастауыш сынып-
373
тарына арналып, 20-жылдарда жазылған оқулықтардан жоғарыда
көрсетілген сөздерден басқа да сүтқоректілер, қосмекенділер
сияқты біраз терминдердің барлық кезде қолданылып, нормаға енген-
дер екені аян. Осы қатардағы ұлпа, ағза, жасуша, уыт, дара сынды
тұлғаларды бұл күнде жаңа сөздер (неологизмдер) деп емес, «қайта
тірілген» байырғы сөздер, яғни аэлогизмдер немесе соңғы 60- 70 жыл
бойы ескерілмей, тізімге (сөздіктерге) енбей келген неолексизмдер
деп тану керек болар. Ал көшетжай, екпежер, тәттідәм, үлескі,
нақпішін, тынымбақ, сылғы дегендер – жасанды неологизмдер.
Соңғы жылдарда көріне бастаған мұндай неологизмдер мен
аэлогизмдер немесе неолексизмдер тек биология саласындағы
оқулықтарда ғана емес, география, физика, геометрия кітаптарында
да орын ала бастады. Мысалы, «Қазақстанның физикалық геогра-
фиясы» (Қ.Карпеков, Ә.Бейсенова, «Атамұра», 2000) деген атпен
7-сыныпқа арналған оқулықта ғаламшар (планета), мұзбасу кезеңі,
алап (өзен сулар бассейні), мұздықтар (ледники) сияқты 5-10 жаңа
қолданыс бар. Осы тұста көрсетіп кету керек: 2000-2002 жылдарда
«Атамұра» баспасы ұсынған оқулықтардың 5-6-7-сыныптарға арнал-
ғандарында пәндік терминдерді барынша қазақшалау тенденциясы
жоқ. Бұларда география, биология, физика, астрономия деген пән
аттарынан бастап күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан ин-
тертерминдер өз орындарында жұмсалған: лазер, кванттық генера-
тор, термоядролық реакциялар, плазма, космогония, космология, ак-
кумулятор, атом, молекула, киловатт, инерция (7-сыныпқа арналған
физика мен астрономия оқулығында).
Мұндағы кейбір терминдердің ішінде өткен ғасырдың 20-30-жыл-
дарынан бері қолданылып келе жатқан күш, өріс, дене, ғалам,
оттегі, сутегі, қысым, жылу, ашылулар (открытия) сияқты балама-
лары орын алған болса, көпшілігі интерминдер түрінде ұсынылған,
тіпті ғаламшар деп аударыла бастаған, планета сөзін сол күйінде
қолданған, сол сияқты жердің өз кіндігінен айналуы дегенді де өз
осінен айналуы деп берген, кітап соңында түсініктемелері берілген
пәндік терминдердің жартысы (кітапта одан әлдеқайда көп) – кірме
терминдер. Тіпті кейбіреулерінің қазақша баламасын ұсынған күнде
де, әрі қарай баяндау үстінде авторлар интерсөзді де жиі қолданады.
Мысалы, тұқымдастар деген терминді жақша ішіне таксон деп
қояды да әрі қарай тек таксон сөзін пайдаланады, сол сияқты баста-
уыш сыныпта тіркелген бунақденелер дегенді бұрынғысынша насе-
комдар деп қолданады, клетка да – сондай, бұрынғысынша «орыс-
ша» вариантында қалған.
Әрине, мұнда ғалам (галактика), оралма (спираль), зерде (интел-
лект), болжам (гипотеза), ұшқыш сумаңдар (змеевики), бірлік (еди-
374
ница), сорғы (аспап), беттік керілу сияқты қазақша неотерминдер де
бар, бірақ сан жағынан олар өте аз. Мұнда мүмкін потенциалдық,
момент, деформация, масса (дененің массасы), шкала деген сияқты
жай сөздердің қазақша баламаларын беруге болар ма еді? Деген-
мен білім-ғылыммен сусындайтын оқушылардың жас жағынан
есейе түсуіне орай, 5-7-сыныптарда ғылыми интертерминдерді жап-
пай аудару, қазақшалау дегенге бармағандары дұрыс. «Өзге тілдік
сөздерден қазақ лексикасын түгел тазарту керек, бүкіл терминология-
ны қазақшалау керек» деген ұранның шындыққа жанаспайтындығын
өмірдің, бүгінгі тілдік тәжірибеміздің өзі көрсетіп отыр.
Жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарының қазақ авторла-
ры жазып жариялап жатқан кез келген оқулықты, бүгінгі газет-жур-
налдарды оқып, радио мен теледидардан айтылып, естіліп жатқан
сөздерді тыңдап көрсек, «орыс сөздерінсіз», дұрысын айтсақ, орыс
сөздері емес, бүгінгі бүкіл әлемдегі ғылым мен техниканың, атом мен
кибернетиканың, дүниежүзілік ауқымдағы информатиканың зама-
нында көптеген мәдениетті елдердің игілігіндегі халықаралық сөздер
қорын қазақ халқы да пайдаланбай отыра алмайтындығы даусыз.
Сөйтіп, соңғы 10-15 жылдың барысында қазақ тіліне неоло-
гизмдердің пайда болуының экстралингвистикалық уәждеріне:
1) қоғам өмірінде осы кезеңде дүниеге келген жаңа әлеуметтік,
саяси, экономикалық, мәдени құбылыстарға қатысты жаңа сөздердің
пайда болуы немесе бұрынғы сөздердің жаңа мағына үстеуі;
2) шет тілдерден, интернационалдық қордан сөздер қабылдау не-
месе бұрыннан қолданылып келген сөздерді активтендіру;
3) ұлттық мәдениет саласының жаңғыруы, қазақ тіліне орыс
тілінің тигізетін ықпалын тежеу;
4) қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесін орнықтыру, беделін
арттыру, даму барысын жетілдіру процесіне ұластыру қарекеттері
жатады деген тұжырым айтуға болады.
Тіл – «жанды» құбылыс. Ол өз ішінен де құбылып жатады.
Мұндай ішкі күштер сан алуан. Сөздік қазынаны толықтыратын (жал-
пы тілдің өзінің қозғалыс-эволюциясын реттеп отыратын да) сыртқы
факторлармен қатар, өзінің ішкі лингвистикалық заңдылықтары бар.
Солардың бірі тілдің «тудырғыш» қызметі (порождающая функ-
ция языка) деп аталатын қасиетіне байланысты, яғни тіл дамуы өзі
қажет деп тапқан жағдайда белгілі бір тәртіптерді (жүйені) туғызады.
Айталық, екі-үш (кейде одан да көп) бірліктен жасалған тіркеспен
берілетін ұғымды ықшамдап бір сөзбен (таңбамен) беру қажеттігі
даусыз, өйткені ол сөздің атауыштық қызметіне (номинация деген-
ге) сай келеді. Мысалы, сенат, парламент сияқты ресми орындарда
белгілі бір заң жобасын не үкімет ұсынысын оқып танысу немесе
375
оқып танысып талқыға салу дегендей іс-әрекетті оқылым деп бір
сөзбен атау, немесе «жазба жұмысқа қажетті деректерді зерттеу»
дегенді бір атаумен деректану деп терминдеулер тілдің өзінің «ту-
дырушы» (көп сөзді тіркестің орнына бір сөзді тудыру) қызметіне
қарыздар.
Тілдің жаңа сөз жасайтын өз тәртібінің тағы біреуі – үнемдеу
Достарыңызбен бөлісу: |