Микроорганизмдер генетикасы мен гендік инженерия жетістіктерінің микробиология тәжірибесінде қолданылуы. Тұқым қуалаушылық қасиеттері өзгертілген
микроорганизмдерді алу жұмыстары оларды ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп
өндірісінде, медицина мен ветеринария саласында кеңінен қолданыс таба бастады.
Табиғатта кездесетін микроорганизмдер өсінділерін түрлі мутагендермен әсер ету арқылы
микроорганизмдердің жаңа түрлерін алудың негізгі тәсілдерінің бірі болып индуцирленген
мутация әдісі саналады. Бұл әдістің көмегімен құнды өнімдерді (антибиотиктерді,
ферменттерді, витаминдерді, аминқышқылдарын және т.б.) ондаған, жүздеген есе артық
мөлшерде өндіретін микроорганизмдердің мутанттарын алуға болады.
Өнімділігі жоғары микроорганизмдер штамдарын алу процесі бірнеше кезеңдерден
тұрады. Бастапқыда микроорганизм өсінділерін түрлі мутагендермен әсер ете отыра
өнімділігі жоғары штамдарды іріктеп алады. Әдетте көптеген мутанттардың арасынан тек
бір ғана өнімділігі жоғары штамм таңдап алынады. Кейінгі кездері радиациялық және
химиялық
мутагенез
әдістерімен
адамзатқа
қажетті
заттарды
синтездейтін
микроорганизмдердің өндірістік штамдары алынды. Молекулалық биологияның жаңа бағыты – гендік инженерияның жетістіктері белгілі
бір қасиетке жауапты геннің нуклеотидтік тізбегін геномнан бөліп алып, оны прокариоттық
немесе эукариоттық жасушаларға енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс келесі кезеңдерден
тұрады: эндонуклеазалардың көмегімен ДНҚ молекуласын «бөлшектеу»; пайда болған
ДНҚ фрагменттерін және тізбек түріндегі плазмиданы (векторды) лигаза ферментімен
өңдеп, екі молекуланы бір рекомбинантты молекулаға «біріктіру»; рекомбинантты
молекуланы трансформация тәсілімен ішек таяқшасының немесе басқа микробтардың
жасушасына (мысалы, ашытқылардың) енгізу; трансформацияланған жасушаларды
клондау.
Гендік инженерия әдісімен адам инсулинін, интерферонын, өсу гормонын және басқа
да биологиялық белсенді заттарды өндіретін микроорганизмдердің штамдары алынған.
Келешекте аталмыш әдіс адамдар мен жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруларына
қарсы қолданылатын заманауи вакциналарды және өндірістік жағдайда протеинді заттар,
ферменттер, витаминдер, антибиотиктер мен тұрмысқа қажетті заттарды синтездейтін
микроорганизмдердің басқа да өндірістік штамдарын алуға мүмкіндік береді.