ДИНАМИКАЛЫҚ ҚАТАРЛАР 1. Динамикалық қатарлар туралы түсінік және оның түрлері Қоғамдық құбылыстар мен процестер әрқашанда даму үстінде болады, сол себепті әрдайым өзгеріп отырады. Мысалы, халықтың саны мен оның құрамы, өндірілген өнімнің көлемі, еңбек өнімділігі, орташа еңбекақы мөлшері және т.б. көрсеткіштер уақытқа байланысты өзгермелі болады. Сондықтан статистиканың алдына қойған басты міндеттерінің бірі -республика өміріндегі құбылыстар мен процестердің уақытқа сәйкес өзгеруін зерттеу болып табылады. Оны динамикалық қатарлардың көрсеткіштеріне талдау жасау арқылы жүзеге асырылады.
Динамикалық қатарлар деп статистикалық көрсеткіштердің, яғни құбылыстардың, процестердің уақытқа қарай өзгеруін сипаттайтын сандық мәндер тізбегін айтады.
Әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың уақытқа қарай өзгеруін зерттеуде статистикалық динамикалық қатардың атқаратын рөлі өте жоғары. Себебі, осы көрсеткіштер арқылы қоғам өміріндегі құбылыстардың даму, өзгеру процесін талдауға, санауға және негізгі бір қорытынды жасауға болады. Сонымен, статистика органдарында жөне мемлекеттіміздің басқару орындарында динамикалық қатарлар көрсеткіштері кеңінен қолданылады және даму немесе кему процестерінің зандылығы толығымен зерттеледі.
Динамикалық қатарлар негізгі екі бөліктен (элементтен) тұрады. Біріншісі - қатардың дәрежесі, екіншісі - уақыт көрсеткіші, белгісі.
Қоғамдық құбылыстар мен процестердің шамасын, мөлшерін сипаттайтын көрсеткіштің белгілі бір уақыттағы әрбір сандық мәнін қатардың дәрежесі деп атайды.
Құбылыстар мен процестер болып өткен уақытының мерзіміне қарай, динамикалық қатарлар мезеттік және интервалды болып екі түрге бөлінеді.
Мезеттік динамикалық қатардың нақты сандық шамалары құбылыстың белгілі бір сәттегі, яғни тәуліктің, айдың, жылдың басында немесе аяғында болған жағдайын сипаттайды. Мысалы, әр айдың басындағы жұмысшылардың орташа тізімдік саны төмендегідей (адам санымен) дейік:
1.01. 1.02. 1.03. 1.04.
2180 2190 2198 2178
Бұл берілген көрсеткіштер бір мезгілді динамикалық қатар болып саналады және осы арқылы белгілі бір қорытынды жасауға болмайды. Себебі әр айдың бірінші жұлдызындағы көрсеткіштер тек сол күнгі жағдайды ғана көрсетеді де, ал келесі күндері ол санның шамасы езгеріп кетеді. Сондықтан мезгілдік қатардың көрсеткіштерін бір-біріне өзара қосуға болмайды, ал егер қосатын болсақ, онда оның ешқандай да экономикалық мәні болмайды. Егер осы көрсеткіштерді бір-бірінен алатын болсақ, онда қалдықтың әр айдың аяғына азайғандығын немесе көбейгендігін көрсететін белгілі бір экономикалық мәні бар сандық көрсеткіштер алынады. Мысалы, екі ай аралығында, яғни қаңтар мен ақпан айларындағы жұмысшылардың орташа тізімдік саны 10 адамга көбейғен (2190 - 2180 = 10).