122
Қызыл жебе
Офицер көк мәуіт шинель жеңінің қайырмасына қыстырылған,
сүргіштеп тастаған сұр пакетті оязға ұсына берді. Ояз пенснесін
киіп,
пакетті ашқанда, керегенің астында күн көрмей өскен
шөптей арық боп-боз саусақтары дірілдегендей болды. Мұны
бағып отырған болыстар состиысып бір-біріне қарады. Тіпті
Тұқымбай да өз уайымын ұмытып кеткендей,
өзінен бұрын
сақалы ербиіп, алға ұмсына түсіп, үнсіз қалған.
– Вот дьявол! – ояз хром етігінің қонышын қолымен сарт
еткізіп. – Адам емес, бұл нағыз дию. Әлгі пристав қайда? Шақыр
тез! Мырзалар, – одан соң отырған қауымға қарап. – Біз өзі келеді
деп тосып отырған Рысқұл Жылқыайдаров уже губернаторға
арыз айтып та үлгіріпті. Түрмеге өз еркімен барып түсіпті.
Сіздің қолыңызда тұтқында отырған баласын Верный облыстық
түрмесіне, өзінің қасына алдыруға рұқсат бергізіпті. Міне,
бұйрық. Баланы тез Верныйға жеткізу керек.
– Сонда қалай, мырза?
Менің ағамды атып тастап,
ешқайсысының шекесі де қанамай құтылып жүре бермек пе? –
деп Анарбай туысқанының намысын жыртқан болды.
– Ешкім де құтылған жоқ. Өкіметтің түрмесінде отыр. Заң
бойынша жазасын алады. Сот шешеді.
– Сонда қай сот шешеді? Жай сот па, әскери сот па? – деп
қалды Жайылма болысы Нарсұлтан. Басқа болыстар бұл сұрақтың
мәніне түсініңкіремеді. Бірақ сыр бермеді. Нарсұлтанның
өздерінен өресі биіктеу екенін іштей мойындасты. Жай сот пен
әскери соттың айырмасын біле алмай дал.
Бұл арасы ояздың өзіне де беймәлім болып шықты.
– Мырзалар, мен аттанайын. Бұл сұрақты Верныйға бара
шешерміз. Қылмыс өте ауыр. Әділ сот өз шешімін айтады, – деді
ояз.
Нарсұлтан болыс алдыға ұмсына түсіп, қол көтерді.
–
Жоғары мәртебелі мырза, Сіз әрине, біз пақырдан
әлденеше есе артық білесіз. Ал біз, сіздің қызметшілеріңіздің
пайымдауынша, бұл жай өлім емес. Қылмыс – жай қылмыс емес.
Мұның салдары қиын болып тұр. Егерім, осыдан Рысқұл ең ауыр
жаза алмаса, мына бізге де қиын. Неге дейсіз ғой. Бұл өте зиянды
үлгі. Ертең бізді де пытырлатып атып тастамасына біз кепілдік