3.3 ФИТОЦЕНОЗДАРДЫҢ ДИНАМИКАЛЫҚ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ Өсімдіктер жабындарын классификациялауға динамикалық концепция тұрғысынан қарау туралы пікірлер негізінен американ ғалымы Ф.Клементстің өсімдіктер қауымдарының сукцессиясы туралы еңбектерінде қалыптасты. Ф.Клементс әрбір өсімдіктер қауымына олардың сукцессия процесіндегі ролі, сукцессия қатарындағы орны тұрғысынан қарады. Соның нәтижесінде ол сериялық және климакстық фитоценоздарды ажыратты. Сериялық қауымдар, өсімдіктер жабындарының даму стадиялары өкілдері ретінде, барлық өсімдіктер қауымдарын – пионерліктер бастап белгілі бір тіршілік ету орны типіне тән ақырғысына дейін қамтиды. Әрбір сукцессиялық қатардың ақырғы стадиясы – климакс. Ф.Клеменс климаксты – структурасы тұрақталған және климатпен тепе-теңдікке жеткен, ең орнықты пісіп жетілген қауым деп түсінді. Климакс, оның ойы бойынша, осы климат жағдайында сукцессиялық процестің соңғы этапы. Өсімдіктер жабындарының классификациялары ішінде өсімдіктер қауымдарының динамикалық күйінде талдау жасау негізінде, бірақта олардың флоралық және экологиялық белгілерінде есептейтін Е.Айхингер /Грибова және Исаченко бойынша /1972/ классификациясына көңіл аударып тоқтауға болады. Ең төменгі бірлік болып динамикалық тип – “даму типі” саналады. Бір динамикалық типке флоралық және структуралық бірдей белгілері бар тіршілік ететін орындары ұқсас, сукцессиялық қатарда бір стадияға кіретін физиономиясы жақын қауымдар жатады. Динамикалық типтер ары қарай әртүрлі белгілеріне / генетикалық, флоралық, экологиялық және т.б./ байланысты жүйеге келтіріледі. Генетикалық белгілерінің ұқсастығына қарай динамикалық типтер сукцессиялық сериялар ға топтастырылады, ал соңғылары –сукцессиялық комплекстерге. Динамикалық тип дегеніміз ол сукцессиялық қатардың бір стадиясы. Флоралық белгілердің ұқсастығына байланысты динамикалық типтер топтарға біріктіріледі, ал олар өз кезегінде жоғарғы сатыдағы топтарға біріктіріледі.
Л.Г. Раменский /1958/ территория типтері туралы өте маңызды ереже ұсінді: “Әрбір типтің табиғаттың және мәдени факторлардың әсерінен болатын өзгерістерін немесе модификацияларын бақылап шығу керек. Бір жер типінің модификацияларының негізгі белгісі болып олардың ауыспалы характері, олардың бірін-біріне ауысу қабілеттігі және бұрынғы жағдайына жақын күйге /байырғы модификациясына/ қайтып келуі болып табылады”. Бұл ережені фитоценоздардың кез-келген типіне қолдануға болады. Мысалы, бір далалық аймақта геоботаникалық зерттеу жұмыстарын жүргізгенде олардың байырғы типін, байырғы типтің жайылымдық модификациялық типін, егістікті тағы с.с. ажыратуға болады.