«Предикативті қатынас деңгейіндегі концептуалды мазмұнның тілдік көріністері» атты екінші тарау үш тараушадан тұрады. Бұл тараушаларда уақыт, модальділік, персоналдылық концептілерінің морфологиялық репрезентациясы туралы сөз болады.
2.1 Уақыт концептінің морфологиялық репрезентациясы. Морфологиялық категорияларды морфологиядағы концептуалдау деңгейлеріне қарай қарастыруға болады. Яғни бірқатар категориялар предикативті қатынастарды білдіретін концептуалды мазмұн деңгейімен байланысты болады. Оған шақ, рай, жақ категориялары жатады. Бұл категориялар тұтас сөйлем-сөйленімнің белгісі ретінде предикативтілікпен байланысты бола отырып, пропозиция шеңберінен тыс болады. Олар хабарды сөйлеу актімен байланыстырып, тілдегі актуалдану құбылысы тұрғысынан адамның болмысқа қатысын білдіреді. А.В. Бондарко оларды актуалды категориялар деп атайды [15].
Предикативті қатынастар уақыт, модальділік, персоналдылық концептілері арқылы беріледі. Соның негізінде шақ, рай, жақ морфологиялық концептілері қалыптасады. Уақыт – концептуалды жүйедегі ең күрделі концептілердің бірі. Онтологиялық тұрғыдан алғанда, уақыт категориясын философиялық және физикалық жағынан сипаттауға болады. Соған сәйкес нақты уақыт екі түрлі сипатқа ие: метрикалық және топологиялық уақыт. Уақыт концептінің метрикалық ерекшелігіне ұзақтық және созылыңқылық сипат тән. Уақыт концептінде ақиқат болмыстағы байланыстар мен қатынастар көрініс табады. Уақыттың метрикалық сипаты кеңістікпен байланысты болады.
Уақыт мәнінің күрделі, алуан қырлы сипаты оның концептуалдануынан да, шақ қатынастарының тілдегі көрінісінен де байқалады. Уақыт мәні – адамның таным әрекеттерінің негізінде адамзат дамуының кейінгі сатыларында түзілген концептілердің бірі. Уақыт тікелей концептуалданбайды, оған жанама түрде оқиғалар, кеңістік пен қозғалыс атаулары уәж болады. Мұнда әсіресе оқиғалардың орны ерекше. Қозғалыс, кеңістік пен оқиғалар туралы түсінік уақыт мәнінің қалыптасуына негіз болады. Яғни уақыт мәні кеңістік, қозғалыс, оқиға сияқты мәндердің негізінде түзілген. Уақыттың тілде концептуалдануы қабылдау, жады, елес сияқты танымдық әрекеттермен тығыз байланысты. Уақыттың өткен шақ, келер шақ, осы шақ түріне жіктелуі адамзат дамуының кейінгі сатыларында пайда болған. Дәл қазір, сөйлеушінің көз алдында өтетіндіктен, осы шақ тұлғалары арқылы сипатталатын іс-әрекетті бақылауға болады, ал өткен шақтағы оқиғалар сөйлеуші өз көзімен көріп, басынан өткерген әсерлерінің негізінде түзіледі. Ал әлі орындала қоймаған, жоспарланған келер шақтағы іс-әрекетті елестетуге болады. Келер шақ жалпы, дерексіз мәнде болатындықтан, осы шақ пен өткен шақпен салыстырғанда, кейінірек қалыптасқан. Шақ тұлғаларының жіктеліп, сипатталуынан, яғни метатілінен де бірқатар ерекшеліктер байқалады. Келер шақ тұлғаларымен салыстырғанда, өткен шақ тұлғалары, мәндері әлдеқайда көп.
Өткен шақ, осы шақ, келер шақ ұғымдарының тілдік қолданысынан да бірқатар ерекшеліктерді байқауға болады. Осы шақтың нақты өлшемі болмайды, ол – өткен шақ пен келер шақтың аралығы, аралық кезең. Осы шақ тілде дерексіз мәнде жұмсалады. Соған байланысты грамматикалық осы шақтың семантикасы өте кең. Осы шақ тұлғалары сөйлеу сәтімен сәйкес келуі (нақ осы шақ), одан тыс болуы, яғни әрдайым қайталанып тұратын, дағдылы іс-әрекетті де білдіруі мүмкін (ауыспалы осы шақ) [16, 517 б.]. Осы шақ тұлғаларының тілде қалыптасқан метатілін тексеру арқылы осы шақтың адам санасындағы көрінісін де байқауға болады.
Осы шақ – белгілі бір ұзақтығы бар, өткен шақтан келер шаққа дейінгі созылған уақыт аралығы болып табылады. Осы шақтың концептуалдануы адамның дәл сол сәттегі, тікелей әсеріне байланысты болады. Сол себепті осы шақ сөйлеу сәтімен теңестіріліп, онда сөйлеу сәті мен осы шақта баяндалған оқиғалар арасында алшақтық болмайды. Соған байланысты осы шақ мәні актуалданады. Өткен шақта сөйлеу сәтінен бұрын болған оқиғалар баяндалады. Адам бұрын болған оқиғаларды санасында қайта жаңғырта отырып, еске түсіру арқылы жадында сақталып, өңделген ақпаратты, оқиғаларды баяндайды. Яғни өткен шақ мәні үшін адамның есте сақтау қабілеті маңызды болады. Сол себепті өткен шақты концептуалдауда үдерістердің негізгі сипаты мен ол туралы адам жадында сақталған білімнің арақатынасын ескеру қажет. Өткен шақ туралы түсінік – синтетикалық таным әрекетінің нәтижесі. Қандай да бір оқиғалар адам санасында өзіндік ізін, қолтаңбасын қалдырып отырады. Олар өткен шақтағы оқиғалардың белгісі болады. Ондағы ақпаратты түсіну үшін сол оқиғаға негіз болған себеп-салдарлық қатынастарды білу қажет. Бұл орайда адамның логикасы, өткен шақтағы себеп-салдарлық қатынастарды білуі өте маңызды болады. Өткен шақтың концептуалдануы болып өткен оқиғаларды еске түсіріп, адам жадында сақталған ақпаратты өңдеумен байланысты болады.
Оқиғалардың реттілігінде келер шақтың да орны ерекше. Келер шақ мәнін объективті және субъективті қырынан сипаттауға болады: объективті тұрғыда, келер шақ өткен шақ пен осы шақта көрініс тауып, тұрақты сипат алған тұтас жүйенің сақталуына, әрі қарай сабақтастығын табуымен сипатталады. Сондай-ақ келер шақ мәнінде адамның субъективті пайымдаулары, келер шақ туралы түсініктері көрініс табады.
Уақыт концепті ғалам туралы білім, оның ішінде уақыттың тілдегі көрінісі туралы білім мен шақ категориясында бас қосқан грамматикалық категориялар мен тұлғалар туралы тілдік білімдерден құралады. Яғни уақыт мәні морфологиялық жолмен беріліп, уақыт туралы энциклопедиялық білімнің тілде кодталу жолдарын білдіреді. Сол себепті уақыт концепті – морфологиялық жолмен берілетін, концептуалды деңгейдегі бірлік болумен қатар осы категорияға негіз болған концептінің бірлігі болып табылады. Жіктеуші концепт ретінде ол субъект мен тіл жүйесіне бағытталған. Шақ тұлғаларын таңдау арқылы сөйлеуші бір оқиғаны түрліше сипаттай алады. Сол себепті шақ категориясынан субъектінің ойы байқалады. Бұл шақ категориясының метатілінен де айқын байқалады: Қ.Жұбанов өткен шақты тануда амалдың ертеректе не жуық арада өткенін, сөйлеушінің іс-әрекетті өз көзімен көргендей етіп жеткізуін немесе басқа біреудің айтқанына сүйеніп қана айтып отырғанын, сол сияқты қимылдың бұрынғы кезде бірнеше рет қайталанғанын, яғни әдетке айналған іс-әрекет екенін т.с.с. ескеріп, соған байланысты өткен шақ түрлеріне өзінше ат берсе, А.Ысқақов өткен шақты сөйлеушінің амалды өзі басы-қасында болғандай, өз көзімен көргендей, тыңдаушысы сенерліктей етіп хабарлауына байланысты жіктейді [17, Б. 324-329]. Бір оқиғаны баяндау үшін тілде түрлі тәсілдер қолданылады. Бұл концептуалдау үдерісіндегі тілдің қызметін көрсетеді.
Уақыт мәнін морфологиялық жолмен беретін мазмұн өткен шақ, осы шақ, келер шақтың арнайы қосымшалары арқылы беріледі. Нәтижесінде «сөйлеу сәтімен сәйкес келетін іс-қимыл», «сөйлеу сәтіне дейінгі іс-әрекет», «сөйлеу сәтіне дейінгі іс-қимыл» морфологиялық мәні түзіліп, барынша жалпы (дерексіз) сипатқа ие болады. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ тұлғалары іс-әрекеттің сөйлеу сәтімен сәйкес келуі, сөйлеу сәтінен кейін немесе бұрын келуіне байланысты жағдаятты шектеп отырады. Өткен шақ тұлғасы болып кеткен оқиғаны сол кезбен шектей отырып, іс-әрекеттің кейінгі сипатын білдірмейді: яғни оқиғаның кейінгі қалпын көрсетпейді. Морфологиялық жолмен берілген грамматикалық мән сөйлеу сәтіне дейінгі, сөйлеу сәтінен бұрын немесе сөйлеу сәтіндегі іс-әрекетті ғана білдіріп қоймай, сонымен қатар жағдаяттың сөйлеу сәтіне қатысын да білдіріп, қимылдың өту сипатын, оның уақыт межесіндегі ерекшелігін де білдіреді. Уақыт мәнін білдіруде қимылдың өту сипаты (аспектуалдылық) қосымша лингвистикалық фактор ретінде қолданылады.
Осы шақ тұлғалары арқылы уақыт концептінің мазмұнындағы «сөйлеп тұрған кезде орындалып жатқан іс-әрекет» сипаты актуалданады. Соның негізінде грамматикалық шақ категориясы қалыптасады. Мысалы: Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойраңдап кеткен озбыр омырау өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Сөйлем-сөйлесімде осы шақ мәні қосымша лингвистикалық факторлардың әсерімен нақтылана түседі. Сол арқылы уақыт негізгі концептінің концептуалды мазмұны түзіліп, грамматикалық, лексика-грамматикалық сипатты мәндер қалыптасады: нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ.
Достарыңызбен бөлісу: |