Гауһар Əлімбек көркем шығармалар арқылы тіл үйретуге арналған Қазақ тілі алматы 2014



жүктеу 4.19 Kb.

бет6/14
Дата15.03.2017
өлшемі4.19 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

69
АҚ  ІІІ
 ар. зат. хақ, ақиқат, шындық.
АҚ  ІV
 шыл. Күшейту, талғау мағынасындағы демеулік шылау.
АҚ  V
 ет. судың өз арнасымен төмен қарай жылжуы, бір орында тұрмай, 
ілгері қозғалып отыруы.
5. Мына сөздерге мағыналары қарама-қарсы (антоним) сөздерді 
тауып жазыңыз.
ЕРТЕ – 
КӨП –
ҮЛКЕН – 
ТЕРІС – 
ЫСТЫҚ – 
КЕШЕ –
АҚ – 
КҮН – 
ҚАТТЫ –
6. Əңгімеден синонимдерді тауып жазыңыз.
 
Үлгі: 
Адам, кісі, жан, пенде, қаумет  көне. 
Сыбаға,телім,  тиесі. 
7. Əңгімедегі  асты сызылған сөздермен сөйлем құраңыз.
8. Əңгімеден төмендегі сұрақтарға қатысты деректерді табыңыз.
1. Ауылға барғанда Ораш қайтеді?
2. Орашқа қандай жасанды əдет, жалған мінез жұққан?
3. Күлпəштің ұлы кім болып жұмыс істейді?
4. Күлпəш түнде нені басына жастап ұйықтайды?

70
Оралхан  БӨКЕЙ 
Таңдамалы  шығармалар. 2-том. 
Алматы, 2003. -390 бет.
КӨК  ТАЙЫНША
Мен бүгін ауылдан хат алдым. Тасқа басылғандай əп-əдемі тізіл-
ген жазу – бұл хатты қарындасым Мəнсия жазғанын айнытпай та-
нытып тұр еді. Ел-жұрт, ауыл-аймақ, бота-тайлақтың амандығын 
айта келіп, үстіміздегі жылы аудан бойынша өсек-аяңның тым 
қораш болып, керісінше өлім-жітімнің көбейіп кеткенін, көрші ау-
ылда оныншы класта оқитын қыз баланың күйеуге тиіп, оқу ісінің 
меңгерушісі орнынан алынып, ал мектеп директорының өскенін 
ғана сөз арасында айтып өтіпті. «Ең соңғы жаңалық» депті үшбу 
хатының аяғында, біздің үйдің керіскедей көк тайыншасын Ұзақ 
тауының бауырында ұрлап сойып əкеткен. Тек терісі, төрт сирағы, 
көзі алайған басы ғана қалған. Мал ашуы – жан ашуы деген ғой
əке-шешеміз қатты қапаланып, қайғырғаны болуға керек, үш күн 
сүт қатпай қара шай ішіпті. Амал не?.. Милицияға хабарлаған, əлі 
хабар жоқ. Көк тайыншаның орны бөлек еді-ау, қорамыздың бір 
бұрышы үңірейіп қалғандай болды. Енесі – көк сиыр да ұдайы үш 
күн мөңіреп жоқтаған екен. Есесіне ағайындар ойран-асыр, əлемдегі 
ең бір сүтті, қысы-жазы сауа беретін (тусын, тумасын) жылдым бо-
лар деп, үміт күтіп, болашағына сенім артып отырған «данышпан» 
тайыншаның айдың-күннің аманында қолды болуы, əрине, жанда-
рын жай таптырған.
Ағымнан жарылсам, осы «суық хабарды» естіген соң, көңілім 
жүдеп, жұмысқа бармай қалдым. Екі құлағым шыңылдап, басым 
айналып, көзім қарауытқандай болған соң, дəрігерге барып едім: 
«Жүйкең жұқарған, бір нəрсені қатты уайымдағансыз, демалу ке-
рек» деп шығарып салды.
Жазғы демалыста ауылға барғанымда, əлгі қолды болған көк 
тайыншаны алғаш рет көріп, қайран қалып едім. Қайран қалған 
себебім: соңғы жылдары біздің үйдің сиырлары əлде бұқадан, əлде 
ауа-райының күрт өзгеруінен, себебін кім білсін, əйтеуір, шыбыш-
танып, ұсақтап бара жатқан. Ірі қара тұқымының осыншалық азуы, 

71
əсіресе, шешемнің жанын жегідей жейтін. Орыстардан ақ бас қызыл 
сиыр сатып алайық деп, ертеден қара кешке дейін əкемнің құлағына 
маза бермеуші еді. Расында да, желіні жер сызып, маң-маң басып, не 
берсең соны жей беретін, маңызды оттайтын, маңқайып күйсейтін 
асыл тұқымды текті сиырлар бұл ауылдың асыл арманына айналған. 
Ал мен жазда көрген көк тайыншаның жөні бір басқа, керіскедей-
ау, керіскедей. Қайдан ғана қаңғып туылғанын кім білсін, көрші-
қолаңның аузының суын құртатын əдемі еді-ай жарықтық. Иə, ал 
енді «жарықтық» келмеске аттаныпты. Кеше түсіме кірді: ақ бас 
қызыл бұзауы бар, таудан асып барады екен деймін. Артына қарап 
мөңіреді де, көрінбей кетті... мəңгілікке...
*     *     *
Уақиға былай болған екен. Біздің шал əдеттегісіндей күн шық-
пай тұрады. Сауын сиырларын өрістен айдап қайтуға Ұзақ тауына 
беттейді. Қолында жүген. Кеше кешке тұсап жіберген құла аты сиыр-
лармен бірге жайылатын. Малын түгендейді. Көк тайыншадан өзгесі 
өрісте жүр екен. Құла аттың тұсауын шешіп, жайдақ мініп жер шола-
ды. Жоқ. Бір кезде өзінің ата-бабасы жайлаған таудың ұңғыл-шұңғыл, 
бұта-қарағанын бес саусағындай білетін ол, көк тайыншаның қарасы 
көрінбеген сайын, күдерін үзе бастады. Топтанып қайың өскен, сол 
қайыңның дəл түбінде көк тас жататын, сол көк тастың алқымынан 
қайнап бастау ағатын. Бала кезінде, сол жерді – «Апамның көк тасы» 
деп атапты. Үстіне тоқым төсеп, күні бойы жүн түтіп, иіріп оты-
ратын шешесі елестейді. Енді құла аттың басын солай бұрған. Өз 
көзіне өзі сенбеді. Көк тас көк тайыншаның қанына былғанған. Көзі 
алайып, күзгі ашық аспанға тесіле қарап кесілген бас, серейіп төрт 
сирақ жатыр. Ұры əккі, əрі саспайтын қу болса керек, бастаудың 
суын ластап, ішек-қарнына дейін аршып алған. Меншікті сиырын 
соғымға жыққандай-ақ, боршалап, əдемілеп сойғаны соншалық – 
тіпті терісіне дейін тұздап, керіп, жайып кетіпті. Шалдың жүрегі 
сыздап ауырды. Малым қолды болды деп емес, атаңа нəлет ұрының 
басынғанына, саспай мүшелеп, боқты ішегін қалдырмай, қырып-
жонып əкетіп қалғанына ит-жыны ойнады. Бастаудың күзгі күні де 
жасаңданып жататын маңайы опыр-топыр: тағалы аттың ізі түскен, 
соған қарағанда ұры – екеу секілді. Дегенмен, батырға да жан керек, 
бірі сасқалақтап жүріп қамшысын қалдырып кетіпті. Басқа көзге 
ұрып, куəға тартар дерек жоқ.

72
Күн ұясынан көтеріліп, етекте жайрап жатқан ауыл қыбыр-қыбыр 
тіршілік қамына кіріскенде, жайдақ атты ұрының қамшысымен си-
пай қамшылап үйіне қайтты. Бұл шақта күздің сан алуан бояуына 
малынған табиғат тамылжып-ақ тұр еді...
Милицияға хабарлады. Өз беттерінше əрекет жасаған жоқ.
Қыркүйекте шақырған милиция қызметкері қараша біткенде 
келді. Бұған да шүкіршілік, келмей қойса қайтер еді.
Ауданнан күніне бір рет қатынайтын сары ала автобустан ми-
лиция формасын киген, қолтығында тері сөмкесі бар кіші лейте-
нант В.В. Окинков түсіп, біздің шалдың үйіне беттеді. Оның төбе-
сі сонадайдан көрінгенде, көк тайыншаның өзі келе жатқандай 
қуаныштары қойнына сыймаған. Самаурынға шай қойды, қазанға 
ет асты. Астына көрпе, шынтағына жастық төседі. Тамақ ішіп, ар 
жағына ел қонғанша, В.В. Окинков лəм-мим деп еш нəрсе сұрамады. 
Жамбастай жатып, үйдің ішін шолды, көз қыдыртып жан-жағына 
қарады. Көзі ілініп кетті білем, мұрны шұр ете қалып еді, сабағы 
бітіп, үйге екпіндей кірген Қанаттың дабыр-дұбыры оятып жіберді. 
«Ұйықтасаңшы, ұрыны іздеймін деп шаршадың ғой», –  деді шешем.
– Сонымен, –  деді В.В. Окинков, есіней сөмкесін ашып, – 
сиырла рың ыз қашан жоғалды?
–  Осыдан бір жарым ай бұрын, – деді əкем оған жақтырмаған 
кейіпте насыбайын атып (Адамдардың іс-əрекеті ішіне сыймағанда, 
бір шақша насыбайды бір сағатта атып қоюшы еді).
–  Неге ерте хабарламадыңыздар?
–  Хабарлағанбыз.
– Да, да... қол тимейді. Ұры көп. Аты-жөніңіз? – деді əкеме тіктей 
қарап.
–  Райсов Исахан.
–  Сіздің фамилияңыз, апа?
Шешем əкеме:
–  Əй. Шал, айтсаңшы, – деді.
– Ол да Райсова.
–  Дұрыс-сс..с.. Сиырларыңыздың жасы, түсі, белгілері...
– Үш жасар, көк, құйрығы шуатылған ұзын, мүйізі əдемі, келісті 
біткен керіскедей.
Тұра тұрыңыз, –  деді əкемнің сөзін бөліп, – керіскедей деген 
белгі болмайды. Кім ұрлап сойды деп ойлайсыз?
– Шырағым-ау, кімнің ұрлағанын білсем, сендерден көмек 
дəметіп нем бар?

73
– Дұр-ы...с...ссс... Іздейміз, табамыз. Шеше, тағы бір кесе шай 
құйып жіберіңізші. Автобустан қалып қоймай тұрғанда қайтайын, 
асығыспын, жұмыс көп, ұрылар одан да көп.
Қанат В.В. Окинковты иттен шығарып салды.
Жарықтық күз шолтаң қайрылып, қыс келді. Биыл тіпті асығыс 
келді. В.В.Окинковтан хабар-ошар жоқ.
Жаңа жыл есік қағып, қапалақ-қапалақ қар жауды. В.В. Окинков-
тан сыбыс білінбеді. Тек, февраль айын орталап, Алтайдың қақаған 
суығы мал мен жанды қысып тұрған шақта аппақ дүниенің арасынан 
В.В. Окинковтың төбесі қараңдаған. Көк тайынша тарихын өздері 
баяғыда ұмытып, «құрысыншы, от пен суға қарап отырған жоқпыз 
ғой, ақсағын қойып сауын бағайық» деп, тəубаға келген бейбіт 
тіршіліктерін бұзғанына реніш білдірген.
Шай қойылды. Ет асылды. В.В. Окинов соғымның етін, əсіресе 
жылқының етін жақсы жейді екен. Құрт қосқан сорпаны сарқа ішіп, 
қолын сүртіп болған соң, көзі ілініп, қалғи бастады. Осы Қанаттың 
жүрген жері оңбайды, əсіресе, қыста ойбайлап ашылатын қырау 
тұтқан есікті жұлқа тартып кіріп келмесі бар ма... В.В. Окинков 
сасқа  лақтай атып тұрып, тапаншасына жармасты. Шешем: «Ойбай, 
көтек!» – деп, бетін басып отыра қалды. Əкем шақшасын қаққылап: 
«Əй, кемпір, насыбай бітіп қалыпты ғой», – деп, шыны сауытты до-
малата салды.
– Фамилияңыз, яғни аты-жөніңіз? – деді есінеген Окинков қағаз-
қарындашын ыңғайлап.
–  Райсов Исахан.
–  Жасыңыз?
–  Алпыс үштемін.
– Ұлтыңыз?
– Қазақпын! – Əкем бұл сөзді нығыздай айтты. Милиционер енді 
шешеме шұқшия қарады.
–  Аты-жөніңіз, жасыңыз, ұлтыңыз?
–  Құдай-ау, əнеугүні айтып едім ғой.
– Тағы да қайталаңыз. – Шошып оянған соң ба, бас терісі 
келіспей, қатаң ұстады өзін.
–  Райсова, жасы 65-те, –  деп кемпірінің орнына тағы да əкем 
жауап бере бастап еді, милиционер көнбеді.
–  Өзі айтсын. – Шешем сасқалақтады.
– Құдай-ау, қайын атамның атын қалай айтамын... Əй, шал... Тай-

74
ыншамыз керіскедей, аузымызды аққа жарытайын деп тұрған асыл 
тұқымды мал еді, – деп, шешем зарлай жөнеліп еді, оны В.В. Окин-
ков тоқтатып тастады.
– «Керіскедей» деген белгі болмайды.
– Алғаш келгеніңде ұмытып кетіппін, шырағым, ұрының орнын-
да ұмытылып қамшысы қалыпты. Міне, –  деп, сегіз өрім, тобылғы 
сап қамшыны Окинковтың алдына тастады. Ол қамшыны ары айнал-
дырып, бері айналдырып қарап отырды да: – Бұл ауылда не көп – 
қамшы көп жəне бір-бірінен айнымайды, –  деп, əкеме қайтарып 
берді. Бұдан соң: «Іздейміз, табамыз»,–  деді де, орнынан асығыс 
көтерілді. Оны Қанат иттен шығарып салды.
Қыс өтіп, жазғытұрымның қара қатқағы келді. Ондағы қар 
жылбысқалана еріп, қалғаны тау бөктерінде күн санап көбіктене 
мүжіліп жатқан, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз деп аталар ала-
құла шақ еді. Біздің үй бір қалыпта тіршілік кешіп, біреуден кейін, 
біреуден ілгері күн көрісімен, ертеңгі атар таң, татар дəмімен дəмелі 
күй кешіп жатқан-ды. Көк тайыншаны да, көк сөмкелі В.В.Окинковты 
да ұмытқалы қаш-а-н, «тəңірім, бермей-ақ қой, бірақ қолда барын 
ала көрме» дегендей, қалғанды қанағат көңілмен көктемді қарсы 
алған. Міне, осындай жазға салымның уайым-қайғысыз бір тыныш 
күнінде, алдыңғы күні туған мұқыр мүйіз қызыл сиырының уы-
зын жеп, жайбарақат сорпа, шай ішіп, оңашадан оңаша өздері ғана 
шүйіркелесіп отырған қоңыр кеште, ағаш үйдің есігі сыңсып ашыл-
ды. Ғажабы, есік көзіндегі аса сақ ала мойнақ, төрт көз ит те шəу деп 
үрмеген. Тек, еті үйреніп қалса керек. Алғашында көршілердің бірі 
шығар деп, алаңсыз көңілмен ешқайсысы да елемей тамақтарын іше 
беріп еді. «Есенсіздер ме» деген дауыстан бастарын кекжең еткізіп 
оқыс көтерісті. Осы мезетте В.В. Окинков та дүрс-дүрс басып төрге 
оза берген. Сəлемін əкем ғана алды. Ал, шешем болса: «құдай-ай, 
тағы да Əкімков қой» деп, қолындағы кесесін шайымен төңкере са-
лып, шегініп кетті.
– Ауданыңда не жаңалық? – деді, əкем арада орнаған тыныш-
тықты бұзайын деген ойменен.
– Аманшылық, ақсақал... Көк тайынша табылған жоқ па?..
– Соны сенен сұрайын деп едік. Шешем бұл сөзді шаптыға айтты. 
– Іздейміз, табамыз. Жұмыс басты болып көпке дейін келе алма-
дым. Көрші ауылдарыңыздағы бір семья соғымның етін ұрлатыпты. 
Соны іздеп əрең тауып бердік. Сөйтсем, өзі жоқта үйде қалған əйелі 

75
күнде асып жей берген соң, күйеуі шөптің астына тығып тастаған 
екен... əй, қазақтардан бəрі шығады...
–  Ол оқиғаны мен де естігенмін, етті сен емес, иті тауып алған, –  
деді шешем қарап отырмай. Ас ішіп, көңілі жайланған В.В. Окинков:
– Ал, басынан қайта бастайықшы өзі, – деп, қағаз-қарындашын 
суырды. – Аты-жөніңіз, көк тайыншаның жасы, түр-түсі...
Əкем жарықтық шыдамды адам еді ғой, Окинковты осы əзірде 
ғана көріп отырғандай, бастан-аяқ тəптіштеп шықты.
–  Дұ-рұ-ы-ы-с-с, –  деді милиционер енді шешеме бұрылып, – 
енді сізге келейік. Фамилияңыз?
Қызық басталды. Бағанадан бері өз тізесін өзі тоқпақтағандай, 
əрең отырған кемпір шорт кетті.
– Əй, Əкемков, – деді ызадан жарылардай болып. –  Өз тайынша-
мызды өзіміз ұрлағандай бізді тергегенің не осы! Міне, жеті ай бол-
ды, əлдеқашан сүйегіне қына бітіп кеткен ата-бабамыздың аруағын 
қозғап, пəмилиямды сұрай бересің ғой. Сен келген сайын, басымның 
сақинасы ұстайды. Көк тайынша да, сен де құры. Кет өзің, жыным-
ды ұстатпай!
В.В. Окинков үндеместен орнынан тұрды да, есікке беттеді. 
Босағада тұрған қалпында сөмкесін ақтарып, əкем жазған өтініш 
қағазды алып.
– Арыздарың. Енді өзің жоғалсаң да, бұл үйге келмеспін, – деді 
шешеме.
– Əдірем қал. Мені құдайдан басқа ешкім ұрлай алмайды.
Сөйтіп, бұл үй милициясыз қалды. Осы күннің ертеңінде бас-
тауыш класқа сабақ беретін əпкем – Аймен ұры ұмыт қалдырған 
қамшыны қолына ұстап шығады. Мектепке барған соң əр класқа 
кіріп: «Кəне, балалар, мына қамшыны танитындарың бар ма?» –  
деп бас-басынан сұрайды. Үшінші класқа кіргенде, мұрнын үнемі 
жеңімен сүртіп отыратын қара ұл: «Ой, мұғалима, бұл – папамның 
қамшысы. Былтыр жазда ағам өріп берген», –  деп орнынан ұшып 
түрегеледі. Иə, жеті ай милиционер іздеген ұры жеті минутта табы-
лады. Бірақ баяғыда ұмытылып, садақаға шалып қойған көк тайын-
ша дауын дабыралаудың реті ешбір болмайтын еді. Мұрнын жеңімен 
сүрте беретін қара ұлдың папасы бұл үйдің құдасы, сыйлас адам. 
Сондықтан да жабулы қазанды жабуымен қойған. Тек баласы айтып 
барған болу керек, «құдалар» жағы көпке дейін амандаспай жүрді.

76
Жаз шығып, ел-жұрт шөп науқанына кіріскен шақ. Əкем де тарт-
пасын (шалғысын) шыңдап, көзі тірісінде əжеміз тігіп берген қара 
торсыққа сусынын құйып, пішен оруға шыққан. Жылдағыдай емес, 
биыл жаз берекелі болды, шөп қалың, жеміс-жидек көп. Күн  ыстық. 
Мосыға шəугім іліп, шай қайнатып, демалып отырған.
Топ қайыңның түбінен бастау алар тұма тазарған, көк тайыншаның 
ұры сойған орнын шөп басқан. Дегенмен, баяғы бір көрініс – көзі 
алайған малдың басы мен төрт сирақ көз алдына елестеп, жамбастай 
жатқан шалдың ойы оңға, санасы санға бөлінді. Мал ашуы емес еді 
оны мазалаған, шəй деспеген жұрағаттың басынғаны да. Осы кезде 
алаңсыз оттап тұрған құла аты құлағын тікті. Тоғай арасынан салт 
атты шығып, бері беттеген. Бұл – көк тайыншаның обалына қалған 
«құдасы» еді. Ол аттан жайлап түсіп, асықпай амандасты. Малдас 
құрған қалпы шөптің бір сабағын аузына салып, тістелеп алысқа 
қарады. Жеңіл күрсінгендей болды.
– Құда, – деді сəл қарлыққан, сəл толқыған үнмен, –  Сіз маған 
өкпелеп жүрсіз білем.
–  Неге өкпелейін, – деді əкем насыбайын атып.
– Жоқ, жасырмаңыз, өкпелеп жүрсіз. Болар іс – болды. Көк 
тайыншаларыңызды мен ұрлаған едім, оны өзіңіз де сезгенсіз.
– Оны кім айтты саған?
– Екі дүниеде де ризамын сізге. Біле тұра тіс жарып ешкімге 
айтпадыңыз. Мені мойындатып, аяғыңызға жыққан – дəтіңіздің 
беріктігі. Басқа біреу болса ғой, қалмақ қайта шапқандай мұқым 
ауданға жар салар еді. Рақмет сізге, құдайдың құдіреті, бала жас-
тан əдетім – бірдеме ұрламасам, тыныш ұйықтай алмаймын. Жоқ-
дегенде, өз қойымды өзім қорадан ұрлап шығып, тауға апарып сой-
ып əкелетінімді қайтерсіз. Енді осымен бітті. Сіз үнсіздігіңізбен, 
шыдамдылығыңызбен жеңдіңіз мені.
Ол ұзақ сөйледі. Темекісін тартты. Əкеммен бірге шай ішті. Шөп 
шабысты.
– Құда, – деді кетерінде қойнына қол салып, – көк тайыншаның 
бодауын он сиыр берсем де қайтара алмаспын. Бала-шаға көп, бір 
үйде өзім ғана бас көтеретін, қайтара алмас та едім. Мынаны шөп 
шапқанда киерсіз, жеңсіз, алды ашық, жеңіл көйлек. Бес сом отыз 
тиынның шыт көйлегін əкемнің алдына тастай берді.
– Рақмет, құда, бұл да болса – жөн білгенің.
Ол атына мініп ұзап кетті де, қайта оралды.

77
– Байқамай қонышыма тыға салыппын. Кешіріңіз, əдет қой, – 
деп, керзі етігінің қонышынан əкемнің қамшысын суырып алды. 
Атын оқыс тебініп, желе жөнелді.
– Қайтқан малға береке, –  деді құдасының соңынан көз жазбай 
қарап, қамшысын ұстап тұрған əкем. – Ұрлап кетсе қайтер едім.
6-14-Б. 
Сөздік
хат
письмо
қарындасым
младшая родная или двоюрод-
ная сестра (в отношении брата, 
но не сестры)
ауыл-аймақ
аул и его окрестности
аудан бойынша
по району
өсек-аяң
сплетни
қораш
невзрачный, непримечательный
соңғы жаңалық
последняя новость
сирағы
копыта
көзі алайған басы
голова с вытаращенными гла-
зами 
қатты қапаланып
сильно горюя
сүт қатпай
без молока
қора
собир. загон и другие надвор-
ные пристройки; сарай
үңірейіп қалғандай болды
как будто опустел      
ұдайы
часто
суық хабарды
неприятные вести
көңілім жүдеп
в плохом настроении           
құлағым шыңылдап
шумело в ушах
бұқа
бык

78
шыбыш
коза  (в возрасте от 6 месяцов 
до года)
ірі қара мал
крупный рогатый скот
маза бермеуші еді 
не давал покоя
желіні вымя
асыл тұқымды
породистый, лучшей породы (о 
скоте)   
тайынша
годовалая телка (телка по второ-
му году)
тері
шкура
қайың
берёза
түр-түсі
масть (о животном)
жарықтық
незабвенный (о покойном)
уақиға
случай, происшествие
ұры
вор
əдеттегісіндей
как всегда (по привычке)
өріс
пастбище, выгон, выпас
жүген
узда
түгендейді
считает
жайдақ атқа мін
сесть на коня охлябью (без сед-
ла и без всякой подпруги)           
күдерін  үзе  бастады
не  было  надежды,  сомневался             
тоқым
потник, чепрак
жүн түтіп
трепать шерсть
жүн иіру
прясть шерсть                       
былғанған
запачканный, замаранный
аспанға тесіле қарап
пристально глядя в небо            
ішек-қарын
внутренности, потроха
меншікті
собственный
боршалап
делать продольные надрезы по 
мясу для провяливания

79
мүшелеп
по частям
сасқалақтап
растеренно, рассеянно
былғау
пачкать,  марать   
етекте
у подножия, внизу
қыбыр-қыбыр
слабый звук, шорох
хабарлады
сообщил
ет асты
сварил мясо
жан-жағына
во все стороны, вокруг
шалқасынан
навзничь             
ұнатпай қарады
с недобрым взглядом
асығыспын
спешу
соғым
убоина  (в основном крупный 
скот,  предназначенный на 
убой);
құрт
курт (сушеный творог в виде 
шариков)
қырау
иней,  изморозь  (при  заморозках)                 
шырағым
ласк. светик. голубчик (в обра-
щении к молодым)
тау бөктері
склон горы
уыз
молозиво
жайбарақат
беззаботный, беспечный
шыдамды адам
терпеливый человек 
арыз
заявление
садақа
этн. искупительная или благо-
дарственная жертва по народно-
му  обычаю (для изгнания духа 
болезни, от сглаза и т.п.)      
сыйлас адамдар
уважающие  друг друга  люди
торсық
бурдюк (посуда из кожи для 
хранения и перевозки жидко-
стей);

80
көзі тірісінде
при жизни
пішен
сено, травостой
салт атты
всадник
құда
сват
дəт
терпение
жеңсіз
безрукавник
шыт
ситец
керзі етік
кирзовые сапоги
береке
изобилие, достаток
оқыс
внезапный, неожиданный
тəмтіштеп
по порядку
қына
мох (растение)
ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІКПЕН ЖҰМЫС
ҚАПА
 ир. зат. Уайым, қайғы, шер, іш құса. Қазақ тілінің түсіндірме 
сөздігі.  6-т. 23-бет.
КЕРІС
  зат. көне. Серіппелі қатты ағаш шыбығының екі ұшын қайыс-
пен тартып, доғаша иіп жасаған қол қаруы, садақ (ҚСЭ). Қазақ тілінің 
түсіндірме сөздігі.  4-т. 645-бет. 
КҮДЕР:
 күдер үзді. Орындауға болмасына көзі жетті, үмітін үзді, 
түңілді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 5-т. 259-бет. 
ТОҚЫМ
 зат. Аттың арқасына ер батпау үшін екі қабат киізден ыңғайлап 
пішіп, сыртын мата немесе былғарымен қаптап, кейде өрнектеп сырып, ай-
нала шетін көмкеріп жасайтын ер-тұрман жабдығының бірі. Қазақ тілінің 
түсіндірме сөздігі.  9-т. 176-бет. 
ҚАРАҢДА
 ет. Қарауытып, бұлдырлап көріну; қараң-құраң ету. Қазақ 
тілінің түсіндірме сөздігі. 6-т. 80-бет. 
ТƏУБЕ
 ар. зат. Тағдырға ризалық, шүкіршілік. Қазақ тілінің түсіндірме 
сөздігі.  9-т. 78-бет. 
ШҮЙІРКЕЛЕС
 ет. Өзара əңгімеге кірісу, сыр айтысу. Қазақ тілінің 
түсіндірме сөздігі.  10-т. 292-бет. 
ТƏПТІШТЕ
 ет. Бір нəрсені жан-жақты баяндау, рет-ретімен ұқыптап 
айтып беру. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.  9-т. 68-бет. 
ДАБЫРЛА
 ет. Жан-жақтан жамырай, шулай сөйлесу, даурығысу. Қазақ 
тілінің түсіндірме сөздігі. 3-т. 27-бет. 

81
ЖҰРАҒАТ
 зат. Ұрпақ, үрім-бұтақ, əулет; алыс ағайын. Қазақ тілінің 
түсіндірме сөздігі.  4-т. 235-бет.  
БЕРЕКЕ
 зат. 1. Ырыс, молшылық, құт. Қазақ тілінің түсіндірме 
сөздігі. 2-т. 266-бет.  
ЖЕГІ
 ауыс. Ішқұса, уайым, қайғы. 
ЖЕГІДЕЙ
 үст. Жегідей жеді. Жегі сияқты жеді, құртты.  Қазақ тілінің 
түсіндірме сөздігі.  4-т. 47-бет. 
ШАПТЫҚ
 ет. 1.  Долданып ашу шақыру, біреуге тиісу. Қазақ тілінің 
түсіндірме сөздігі.  10-т. 144-бет. 
САДАҚА
 зат. Кембағал адамдарға ақшалай я заттай берілетін қайыр, 
құдайы. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.  8-т. 94-бет. 
МҰҚЫР
 сын. диал. Тұқыл,  тоқал. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.  
7-т. 248-бет. 
МОСЫ
 зат. Үш темір таяқтың басы біріктіріліп, олардың түйіскен 
жерінен шығарылған ілгекке ыдыс іліп, шай қайнататын, ас пісретін құрал.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 7-т. 234-бет

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал