Беттестіру Егер бұрын жауап алынған екi адамның көрсетпелерiнде елеулi қайшылықтар болса, тергеушi осы қайшылықтардың себебiн анықтау үшiн оларды беттестiредi. Беттестiрудiң басында беттестiрiлiп отырған адамдардың бiрiн-бiрi бiлетiн-бiлмейтiндiгi және олардың арасында қандай қарым-қатынас бар екенi анықталады. Куә мен жәбiрленушiге айғақ беруден бас тартқаны, айғақ беруден жалтарғаны және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, сондай-ақ оларға өзiне, ерiне (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына, ал дiни қызметшiлерге, - тәубе үстiнде өздерiне iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
Беттестiруге шақырылған адамдарға анықтау үшiн беттестiру жүргiзiлiп отырған iстiң жайы туралы айғақ беру кезек бойынша ұсынылады. Мұнан соң тергеушi сұрақ қояды. Беттестiруге шақырылған адамдар тергеушiнiң рұқсатымен бiр-бiрiне сұрақ қоя алады.
Беттестiру кезiнде тергеушi iске қоса тiгiлген заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсетуге құқылы.
2. Қылмыс iзiн, өзге материалдық объектiлердi анықтау, сондай-ақ iс үшiн маңызы бар жағдайларды айқындау мақсатында тергеушi, ал ол жоқ болған жағдайда анықтаушы немесе қылмыс туралы арыз немесе хабар түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкерi жердi, үй-жайларды, заттарды, құжаттарды, көзi тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды тексередi.
Тексеру бұған қажеттiлiк пайда болған кезде, әдетте, кейiнге қалдырылмай жүргiзiледi.
Қылмысты ашу үшiн тергеу талап етiлетiн қылмыс туралы арыз немесе хабар алғаннан кейiн тергеушi оқиға болған жерге дереу келiп, тексеру жүргiзуге тиiс.
Тергеушi уақытында келе алмайтын жағдайда тексерудi анықтаушы немесе арыз немесе хабар келiп түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкерi жүргiзедi.
Тексеру куәлерді қатыстыра отырып жүргiзiледi. Айрықша жағдайларда (баруы қиын жерлерде, тиiстi қатынас құралдары болмағанда немесе басқа объективтi себептерге байланысты азаматтарды куә ретiнде тарту мүмкiн болмаған кезде, сондай-ақ тексеруді жүргiзу адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрумен байланысты болса) тексеру куәлердi қатыстырмай, бiрақ бұл ретте, әдетте, оның барысы мен нәтижелерiн бекiтудiң техникалық құралдарын қолдану арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
Қажет болған жағдайда тексеру сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң, сондай-ақ маманның қатысуымен жүргiзiледi.
Байқалған iздердi және өзге де материалдық объектiлердi тексеру тергеу iс-әрекетi жүргiзiлетiн жерде өтедi. Егер тексеруге ұзақ уақыт қажет болса немесе қылмыс анықталған жерде тексеру елеулi түрде қиын болса, объектiлер ол жерден алынып, буып-түйiлiп, мөрмен бекiтiлiп және бүлiнбеген күйде тексеруге ыңғайлы басқа жерге жеткiзiлуге тиiс.
Тексеру кезiнде анықталғанның және алынғанның бәрi куәгерлерге, басқа да тексеруге қатысушыларға көрсетiлуi тиiс, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
Қажет болған жағдайларда тексерiлетiн объектiлерге өлшеу жүргiзiлiп, олардың жоспарлары мен схемалары жасалады, сондай-ақ суретке түсiру және өзге құралдармен бейнелеу жүргiзiледi, бұл туралы хаттамада белгi қойылып, оған аталған материалдар қоса тiгiледi.
Тұрғын үйдi тексеру тек онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келiсiмiмен немесе прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiледi. Егер онда тұратын адамдар кәмелетке толмағандар болса немесе психикалық немесе өзге ауыр науқастан зардап шегетiнi белгiлi болса немесе тексеруге қарсы болса, тергеушi прокурордың санкциясы алынуға тиiс мәжбүрлеп тексеру туралы қаулы шығарады. Прокурор санкция беруден бас тартқан жағдайда тексеру жүргiзiлмейдi.
Егер оқиға тұрғын үйде болса және оны тексерудi кейiнге қалдыруға болмаса, онда тұрғын үйдi тексеру тергеушiнiң қаулысы бойынша жүргiзiлуi мүмкiн, бiрақ кейiн оның заңды екенiн тексеру үшiн жүргiзiлген тексеру туралы бiр тәулiк мерзiмде прокурорға хабарланады. Аталған хабарды алғаннан кейiн прокурор тексерудiң заңды екенiн тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Тексерудiң заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда бұл iс-әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiле алмайды.
Тұрғын үйдi тексеру кезiнде онда тұратын кәмелетке толған адамның болуы қамтамасыз етiлуге тиiс. Оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның өкiлдерi шақырылады.
Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайлардағы, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды тексеру тек дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оның орнындағы адамның өтiнiшi бойынша немесе олардың келiсiмiмен және олардың көзiнше жүргiзiледi. Дипломатиялық өкiлдiң келiсiмiне Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы сұрау салынады.
Тексеру жүргiзiлген кезде прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.