Қара сүрi жер – ылғалы жеткiлiксiз аймақтардағы бақ топырағын ұстаудың ең кең тараған жүйесi. Бұл жүйеге топырақты тұрақты түрде жырту, ерте көктемде тырмалау, немесе аударып, қопсыту және жемiс ағаштарының вегетациясы кезiнде бiрнеше рет қопсыту жатады. Топырақты сүдiгiрлеп жырту көбiне күзде жүргiзiледi және де тамыр жүйесiнiң жайылу тереңдiгiне байланысты әр түрлi тереңдiкте жыртылады. Мәселен, қатар аралықтың ортасын 15-18 см, ағаш сидамына жақын тұстарды 10-12 см тереңдiкте жыртады. Аласа өсетiн телiтушiлердегi сүйектiлер мен шекiлдеуiктiлер бақтарында жырту тереңдiгiн 3-4 см-ге кемiтедi. Бұл жүйе топырақтағы ылғал қорын тиiмдi пайдалануды және сақтап қалуды қамтамасыз етедi, микроорганизмер қызметiн, нитраттар мен фосфор қышқылының әсерiн активтейдi, ауа және жылу режимiн, тамыр жүйесiнiң тереңдеуiн жақсартады. Қара сүрi жер арам шөптердi жояды, сөйтiп жемiс өсiмдiктерiнiң ылғал мен қоректiк заттарға бақталастарын аластайды. Алайда топырақты ұзақ уақыт қара сүрi жер түрiнде ұстаудың кейбiр айтарлықтай кемшiлiктерi бар. Мысалы, үздiксiз қара сүр жер қара шiрiк құрамының, алмасу негiздерiн жиынтығының азайуына, топырақтың құрылымы мен физикалық қасиеттерiнiң нашарлауына, жел және су эрозиясының күшеюiне, топырақтың қызуына және жемiстердiң тауарлық сапасының нашарлауына әкеп соқтырады. Карбонатты топырақтарда мұндай жүйе жемiс өсiмдiктерiнiң хлороз ауруына шалдығуын күшейтедi. Қара сүр жерiнiң терiс әсерiн органикалық тыңайтқыштар енгiзу және топырақ күту жүйесiнiң бұл әдiсiн басқа әдiспен үйлестiру жолымен реттеуге болады.
Сүрi-сидератты жүйе– сүрi жердiң бетiне жаздық немесе қыстық сидерат себумен кезектестiру. Сидераттар дегенiмiз - органикалық тыңайтқыш ретiнде көк күйiнде топыраққа араластырып жырту үшiн өсiрiлетiн өсiмдiктер. Мұндай өсiмдiктер тез, әрi қалың өсуге жырту сәтiне дейiн мол көк массасын құрауға, бал араларын қызықтыруға, негiзгi қоректiк заттарды топырақ ерiтiндiсiнде шоғырландыруға, топырақ эрозиясына кедергi жасауға, оның құрылымы мен құнарлылығын жақсартуға тиiс. Бiрақ себiлген шөптiң барынша өсу кезеңi жемiс дақылдарының сондай өсуiмен сәйкес келмеуi тиiс, өйткенi олар бiр-бiрiн өсiрмейдi, қоректiк заттарға ортақтастықты арттырады.
Сидераттар ретiнде пайдаланылатын шөптердi жазда, жемiс дақылдарының өсу процессi аяқталғанда және күзде, жемiстерi жиналғаннан кейiн себедi. Күзде себiлген сидераттар, келесi жылдың көктемiнде, ал жазда себiлсе - онда күзде жыртылады.
Сидераттар ретiнде бұршақ тұқымдастары және басқа бiр жылдық өсiмдiктер (сиыржоңышқа-сұлы қоспасы, көк бұршақ т.б.) пайдаланылады. Гектарынан алынған 200-300 ц көк масса өнiмдiлiгi гектарына 15-20 т көң енгiзгенмен тең. Оларды жыртылғаннан кейiн оңай ыдырайтын массасы әбден көбейген кезеңде шөптер гүл жармай тұрып, ылғалды топыраққа араластырып жыртады. Егер шөптер биiк өскен болса, онда сидераттарды жыртар алдында КИР-1,5 шөпшапқыш-ұсақтағышпен ұсақтау қажет, ал өнiмдiлiгi қалыпты шөптердi топырақ өңдер алдында, дискiлi тырмамен кеседi. Көк масса тезiрек ыдырау үшiн көктемгi жер жырту кезiнде органикалық тыңайтқыштар (80-60 кг/га) енгiзiледi. Сидераттарды бақ соқасымен немесе сыдыра жыртқышпен 15-20 см тереңдiкке жыртады. Республиканың оңтүстiк облыстары үшiн қуаңшылық жылдары, әсiресе күзде, сидерат дақылдарын қысқа қарай сеппей-ақ, көктемге дейiн қара сүдiгерде ұстаған дұрыс. Жауын-шашын мол жылдары, керiсiнше оларды мүмкiндiгiнше ерте, күзде емес, жазда себу керек.