Гербицидтер. Ағаштар дiңi айналасындағы жолақтар мен қатар аралықтарды механизм күшiмен өңдеу қиын болатын су және жел эрозиясына ұшыраған беткейлерде, сондай-ақ мардымды типтi бақтарда арам шөптермен, әсiресе көпжыл-дықтармен күресу үшiн химиялық дәрi - гербицидтер қолданылады. Өсiмдiкке ену сипаты бойынша олар түйiсулiк және жүйелiк деп бөлiнедi. Гербицидтер әсерiнiң тиiмдiлiгi топырақтың механикалық құрамына, ылғалдылығына, темпера-турасы мен биохимиялық ерекшелiктерiне, сондай-ақ арам шөптермен ластануына, арам шөптердiң жасына, түрiне және жағдайына байланысты болады. Гербицидтер жоғары агротехника жағдайында ғана қолданылады, оларды пайдалану тәртiбi қатаң сақталуы қажет. Жемiс дақылдарының өсу мүшелерiне гербицидтер тигiзуге болмайды.
Гербицидпен бүркудi желсiз, салқын кезде жүргiзедi. Ол жемiс ағаштарын зақымдамай арам шөптерге тиiмдi әсер етуге, топырақты қатты қабыршақтамауға тиiс. Өйткенi қабыршық оның аэрациясын нашарлатып, тамыр жүйесiнiң тiршiлiгiн қиындатады. Шекiлдеуiктiлерге қарағанда сүйектiлер гербицид-тердi тез сезiнедi. Шекiлдеуiктiлерден гербицидке ең төзiмдi алма, ал алмұрт пен бекенiң төзiмдiлiгi нашар.
Бiржылдық даражарнақты және қосжарнақты арам шөптермен (сұлы, ит қапшығы т.б.) күресу үшiн симазин, атразин, прометрин, пропазиндер көп қолданылады. Бақтың 1 гектар таза алаңына осы гербицидтердiң бiрiнiң 8-12 кг ә.з. енгiзiледi. Ерiтiндi шығыны – 800-1000 л/га. Бүрку күзде немесе көктемде жүргiзiледi. Препарат әсерi екi жыл сақталады. Топырақты күзде өңдегенде, оның мөлшерi көктемдегiден көбiрек болуға тиiс.
Көпжылдық тамырсабақты арам шөптер далапонмен жойылады. Оның себу мөлшерi 8-10 кг/га ә.з. ертiндi шығыны 400-600 л/га. Өңдеудiң ең жақсы мерзiмi – көктем.
Гербицид енгiзу үшiн конусты шашқышы бар желдеткiштi ОВТ-1 шашқышы пайдаланылады. Гербицидпен жұмыс iстегенде қауiпсiздiк техникасын қатаң сақтау керек. Ол үшiн резеңке етiкпен, қолғаптармен, респераторлармен жұмыс iстеу қажет. Гербицид енгiзу кезiнде тамақ жеуге, су iшуге, темекi шегуге болмайды. Киiм мен аяқ киiмдi жұмыс бiткен соң сабындап жуып, жел қағатындай жерге iлiп қою қажет.
2.2 Тыңайтқыштар жүйесi. Жемiс дақылдарының тыңайтқыштарға деген қажеттiлiгi.
Топырақтан қоректiк заттарды ең көп сiңiретiн - бүлдiрген, шабдалы және алма, аздау сiңiретiн - алмұрт, алхоры, беке. Жеке қоректiк заттардан жемiс ағаштары азотты, калийде және кальцийдi көбiрек, фосфорды азырақ тұтынады. Қазақ жемiс және жидек шаруашылығы институты-ның деректерi бойынша Заря Алатау алмасының 1 кг құрау үшiн Қазақстанның Iле Алатауының қоңыр қызғылт топырағында 32-40г азот, 15-18г фосфор, 90-100г калий жұмсалған. Жемiсiн мол салған жылдары Александр Апорты калийдi көбiрек N, P, К (3,5:1:6,5 қатынаста), ал өнiмi аз болған жылдары – азотты көбiрек, фосфор мен калийдi азырақ (4,4:1:3,6) сiңiрген.
Алманың жас бақтарында 1 гектар жерден жылына сiңiретiн негiзгi минералды элементтерi мынандай: азот 2-10 кг, фосфор 1-2 кг, калий –5-6 кг. Жемiс салып тұрған бақтарда, өнiмдiлiгi 1 гектардан 200ц болғанда 40-50 кг азот, 10-15 кг фосфор, 115-120 кг калий, ал өнiмдiлiгi 300-400 ц/га болғанда 7-9 кг/га азот, 20-330 кг фосфор және 150-170 кг калий тұтынған. Өнiмдiлiгi 220 ц/га болған алмұрт жылына әр гектардан 33,6 кг азот, 8,1 кг фосфор, 37,8 кг калий, орташа өнiмдiлiгi 234 ц/га болған шабдалы тиiсiнше 84,9 кг азот, 20,4 кг фосфор, 81,9 кг калий сiңiрген, бұл жағдайларда өнiмдiлiгi бiрдей шамада болғанмен де тұқымына қарай қоректiк заттарды сiңiру күрт өзгередi.
Жемiс дақылдарының тыңайтқыштарға деген қажеттiлiгi сондай-ақ сорттық ерекшелiктерiн, топырақ қасиеттерiне, оның құнарлылығына, бақтың суарылуына, қатар аралақтарды ұстау жүйелерiне, ағаштардың өсу күшiне, жемiс ағаштарының жасына байланысты болады. Құнарлы учаскелерде жеке бiр тыңайтқыштар мөлшерiн азайтады, құнарсыздау учаскелерде - көбейтедi. Саздақтар және сазды топырақтар калийге бай, құмды және құмдақты жерлер оған кедей келедi. Механикалық құрамы бойынша жеңiл топырақтарда азотты тыңайтқыштарды ауыр топырақты жерлерге қарағанда аз мөлшермен болса да жиi-жиi үстемелер қолданады. Бақ қатар аралықтарын шымдап ұстағанда қоректiк заттарды пайдалану мөлшерi ұлғаяды, сондықтан да қара сүрi жерге қарағанда тыңайтқыштар мөлшерлерiн ұлғайту қажет.
2.3 Жемiс бақтарына тыңайтқыштар енгiзу
Жемiс дақылдары бiр орнында ұзақ уақыт өсетiндiктен қоректiк заттарды көптеп сiңiредi. Қоректiк заттардың белгiлi бiр мөлшерi алынған өнiммен, топыраққа ендi қайтып түспейтiн ағаш бұтақтарымен кетедi. Осынның бәрi, топырақтың кедейленуiне, яғни нашарлауына әкеп соқтырады. Қоректiк заттардың жетiспеу-шiлiгi жемiс ағаштарының өнiмдiлiгiне, суыққа төзiмдiлiгiне және ұзақ тiршiлiк етуiне керi әсерiн тигiзедi. Кейбiр элементтер қатынасы дұрыс болмаса да өсiмдiктiң дамуы нашарлайды. Соған орай топырақтағы элементтер қатынасын реттеу - тыңайтудың ең маңызды мiндетi.
Жемiс дақылдарының жыл сайын тұрақты жемiс салуын қамтамасыз ететiн және жемiс сапасын арттыратын ең маңызды факторлардың бiрi - тыңайтқыш. Ол жемiс ағаштарының тiршiлiк етуiн ұзартады, гүл бүршiктерiн салуды жақсартады, түйiндер түсуiн азайтады. Оны басқа агротехникалық шаралар кешенiмен қоса қолданған бақтың өнiмдiлiгiн арттыруға, жыл сайын жемiс салуға мүмкiндiк тудырады, суыққа төзiмдiлiгiн арттырады, жарақаттарының жазылуын, тамырларының қайта қалпына келуiн тездетедi.
Жемiс ағаштарының қоректiк элементтердi қажет етуiн көзбен-ақ және химиялық талдау арқылы анықтауға болады. Көзбен анықтағанда маман жеке бiр қоректiк элементтердiң жетiспеушiлiгiн немесе артықтығын жемiс өсiмдiктерiнiң сыртқы белгiлерiне, жапырақтарының түсiне, ондағы дақтарға, ұсақ жапырақты дегелектердiң пайда болуына, бұтақтар ұшының қурауына, өсiп жатқан бөлiктерiнде тургордың жойылуына т.б. қарап анықтайды. Олардың сыртқы белгiлерi сондай-ақ саңырауқұлақ және бактериялық аурулардың әсерiмен, зиянкестердiң зақымдауымен, төменгi немесе жоғарғы температуралардың қолайсыз әсерлерiнен, ылғалдың жетiспеушiлiгi немесе артықшылығынан, механикалық зақымданудан, топырақтың қышқылдығы мен сортаңдығынан, телiнушiнiң телiтушiге сәйкес келмейтiндiгiнен және де басқа себептермен өзгеретiндiгiн ескеру керек. Сондықтан да көзбен анықтау әдiсiн қолданғанда қорекке байланысты деген өзгерiстердi ғана анықтау қажет. Көзбен анықтау әдiсi үлкен территориялы бақтарға экспедициялық зерттеулер жүргiзген кезде кеңiнен пайдаланылады.
Жемiс дақылдарының тыңайтқыштарға деген қажеттiлiгiн топырақтың негiзгi қоректiк элементтер құрамына химиялық талдау жасау тәсiлiмен толық анықтауға болады. Бұл тәсiл топырақтағы негiзгi қоректiк компоненттердiң жағдайы мен қатынасының объективтi көрсеткiштерiн бередi.
Жемiс дақылдарының қоректену деңгейiн анағұрлым дәлірек және дұрыс бағалау үшiн жеке бiр мүшелерiнiң, негiзiнен жапырақтардың (жапырақтың диагностика) химиялық талдау өткiзудiң маңызы зор. Жапырақтың диагностика тәсiлiнiң жемiс дақылдары үшiн тағы бiр маңыздылығы - ағаштар қоректiк заттарды топырақтың терең қабаттарынан пайдаланатындықтан. Әдеттегi агрохимиялық талдаумен анықтау өте қиын. Сонымен қатар, ағаштың жеке кезеңдердегi қоректенуiн топырақтағы бар қоректiк заттармен ғана анықтамайды, ағаш мүшелерiндегi қоректiк заттар қорымен де анықтайды. Осының бәрiн кейбiр жеке мүшелерiне, әсiресе жапырақтарға химиялық талдау жасау жолымен ғана бiлуге болады.
Өз тiршiлiгi үшiн жемiс өсiмдiктерi көмiр қышқылын, суды, сонымен бiрге макроэлементтер азот, фосфор, калий, кальций күкiрт, магнийдi минералды тұздарды және микроэлементтер – марганец, мыс, молибден, темiр, мырыш, кобальт, т.б. пайдаланады.
Азот өсiмдiк тiршiлiгiнде маңызды роль атқарады. Ол ақуыз (белок) заттар, нуклеин, қышқылдары, хлорофилл және басқа органикалық қосылыстар құрамына кiредi. Сiңiмдi азот жеткiлiктi түрде болса, жемiс дақылдары жақсы өсiп, жақсы жемiс салады. Бұл элемент жапырақ пен жемiсте анағұрлым көбiрек болса, бұтақта, сүрек пен тамырда азырақ болады. Азот жетiспесе ең алдымен бұтақтардың өсуi тоқтайды, жапырақ нашар жетiледi, ұсақтайды, түсi ашық-жасылдан қызыл-сары және қызыл реңдi ашық-сарыға дейiн өзгередi, мезгiлiнен бұрын түсiп қалады. Азотты қоректi жақсарту үшiн органикалық және азотты тыңайтқыштар енгiзу қажет.
Фосфор өсiмдiкте азотқа қарағанда азырақ болады. Ол нуклеинопротеидтер мен басқа да органикалық қосылыстар құрамына енедi. Ал органикалық қосылыстар тұқым қуалау белгiлерiне, энергия алмасуында зор роль атқарады. Фосфор жемiстерде мол, дiңде, жапырақтар мен тамырларда азырақ болады. Фосфор жетiспесе бұтақтардың өсу энергиясы төмендейдi, жемiстердiң өсуi әлсiрейдi, тез түсетiн болады, сондай-ақ жапырақтар бұратылып, оларда жылтырақ, қола реңдi дақтар пайда болады. Өсiмдiктердi осындай зардаптардан құтқару үшiн, фосфор тыңайтқыштарын енгiзу керек.
Калий жемiс өнiмiн молайтып, олардың сапасын жақсартады, сондай-ақ жемiс өсiмдiктерiнiң суыққа, қуаңшылыққа және саңырауқұлақ ауруларына төзiмдiлiгiн арттырады. Белоктiк молекула құру материалы қызметiн атқарып, белоктiк заттар синтезiне әсер етедi.
Калийдiң жетiспеушiлiгi тұқым құрауға керi әсер етедi, өсiмдiктiң өсуi тоқтайды, жемiстiң пiсуi нашарлайды, жас бұтақтардың басы қурайды, жапырақтар мен түйiндер ерте түседi. Жапырақтарда күйген секiлдi қою-қоңыр дақтар пайда болады. Оның жетiспеушiлiгiн калийлi минералды тыңайтқыштар енгiзiп немесе ағаш күлiн сеуiп реттеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |