15-сурет. Қайта ұластырылған жеміс ағашының бөрікбасы: 1-қайта ұластыру орындары; 2-уақытша қалдырылған жартылай қаңқалық және түкше бұтақтар.
Агроном-жеміс өсірушілер, әуесқой бақ құрушылар ұластыру әдісін телімделетін ағаштар бұтағының жуандығы мен дақылдың жасын есепке ала отырып таңдайды. Қайта ұластыруға керекті қалемшелер ауданастырылған, аурулардан сау аналық өсімдіктерден күзден бастап дайындалады.
Бақты қайта құру тәсілдерінің бірі – оны жиілету. Ол үшін жиілеткіштерді (тұқым, сорт, телітуші) дұрыс таңдау қажет. Өндірісте қызмет етушілер, ғалым-жеміс өсірушілер жеміс дақылдарын жиілетсе олардың жемісті ерте салатындығын, 1 шаршы метрге шаққанда мол өнімді болатынын, суыққа айтарлықтай төзімді келетінін т.б. әбден дәлелдеді. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қоректенуалаңы үлкен жеміс бақтары әлі көп. Сондықтан да ондай бақтарды жиілету қажеттігін ескерте кеткенді жөн көрдік.
Бақтың, ағаштарын жиілету мақсатымен, қайта құруды ең алдымен қоректену алаңдары үлкен (10х8, 8х8, 8х6 м) бақтарда ғана жүргізген жөн. Ал бұрыннан келе жатқан бақтарда ол тек жарық алаңы жаңа отырғызылған ағаштар бөрікбасының жетілуіне жеткілікті болса ғана, яғни оларға көлеңке түспесе ғана тиімді. Орта есеппен жарық алаңы, жиілету кезінде квартал бір тектілігінің сақталғаны дұрыс. Сондай-ақ отырғызылған сорттар құрылымын да бұзбау қажет.
Жиілеткіштер үшін тұқым, сорт және телітуші таңдағанда оларға мынандай талаптар қойылады: біріншіден, олар тез өнім беретін аласа немесе орташа өсетін, екіншіден, жиілеткіштер өнімі мен негізгі өсімдіктер өнімі бір мезгілде пісетін, сондай-ақ аурулар мен зиянкестерге деген сезіімталдығы ұқсас болуға тиіс.
Жиілету сипаты өсімдіктің жасына, өсімдіктің жетілу қуатына, пайдаланылатын сорттарға т.б. байланысты болады. Себіндіге ұластырылған жас бақтарда (10 жылға дейінгі) жиілеткіштер ретінде биік өсетін телітушілерге телімделген көшеттер пайдаланылады. Біраз жыл жеміс салып тұрған бақтарда жиілеткіш ағаштар орташа телітушілерге ұластырылған тікпе көшеттер қолданылады.
10-15 жылдан бергі және одан да үлкен ағаштар арасына отырғызылған жиілеткіштерге жақсы агротехникалық жағдай жасалса, оларды ергежейлі телітушілерге ұластырған дұрыс.
Бақтың өндірістік құны төмендеген кезде және экстенсивті бақты интенсивті баққа ауыстырғанда, жеміс ағашы қайта отырғызылады. Ескі өсімдіктер түбірімен қопарылып алынады. Бірақ жеміс дақылдарын бірден, мысалы алманы алманың орнына, алмұртты алмұрттың орнына, шиені шиенің орнына отырғызған дұрыс емес. Әйтпесе жаңадан отырғызылған дақылдар өсуі әлсіз келеді, жеміс салуды кеш бастайды, өнім аз болады. Өйткені бір жерде ұзақ жыл өсірген соң топырақ құрамы нашарланады.
Сонымен босаған алаңға екі-үш жыл көп жылдық бұршақ тұқымдастары себіледі. Оларды себуден бұрын алдын ала органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізіледі. Содан соң үшінші жылы көп жылдық дақылдар соңғы рет орылған соң жыртылады да жеміс дақылдары отырғызылады.
Физиологиялық активті заттар және олар жеміс шаруашылығында не үшін қолданылады? Соңғы жылдары Қазақстан республикасының оңтүстік және оңтүстік шығыс облыстарында физиологиялық активті заттар (органикалық қосылыстар) кеңінен таралуда. Солардың ішінде ретарданттар деген атауға ие болған өсу ингибиторына көзқарас мүлде ерекше.
Ретарданттар (ағылшын тілінен аударғанда кідірту, тежеу) физиологиялық активтілігі жоғары және әсер ету ауқымы кең синтетикалық зат. Бұл заттар жеміс шаруашылығына негізінен жеміс салуын жеделдету, ағаш бөрікбастарының мөлшерін шектеу, сондай-ақ артық гүлдері мен түйіндерін түсіру, жемістерін реттеу, қыстыгүнгі суыққа төзімділігін арттыру, тағы басқа жағдайлар үшін қолданылады. Қазіргі кезде бұл типке жататын көптеген қосылыстар бүкіл әлемге белгілі. Алайда жеміс шаруашылығында олардың кейбіреулері ғана кең қолдау тапты. Ал Қазақстанда олар алпысыншы жылдардың аяғында ғана пайдаланыла бастады. Реттеуіштер ішінен алар, этрел, хлорхолинхлорид, ТИБК т.б. кеңінен зерттеліп қолданылуда.
Ретарданттармен өңделген жас ағаштарда ергежейлі телітушілерге ұластырылғандарға тән көптеген белгілер байқалады. Оларда - өркен ұзындығы, буын аралығы қысқарады, гүл бүршіктері молаяды және жеміс салуы жеделдейді. Бұл әсер дәрежесі тұқымға, сортқа, ағаш жасына, өңдеу мерзімі мен санына, ертіндінің жұмысшы концентрациясына т.б. байланысты.
Ретарданттар бүркудің арқасында бұтақтардың қысқаруы буын аралықтары санының азаюында емес, ұшындағы меристема клеткалары бөлінуінің әлсіреуі нәтижесінде болатын жағдай.
Мысалы, басқа да жеміс тұқымдары секілді алма сорттары да оларға өте сезімтал. Кейбір сорттарда өркендер ретарданттар концентрациясы 0,1-0,2% препарат пайдаланғанда қысқарса, басқа біреулерінде концентрациясы 0,3% препарат тиімді.
Оларды өсімдік гүлдегеннен кейінгі екі аптадан соң шашқанда тиімділігі басым болады. Сөйтіп сортына, тұқымына, концентрациясына қарай бұтақтың өсу күші 40%-ға дейін кемиді. Олар қызыл шиенің өсуіне де қатты әсер етеді. Оларды концентрациясы 0,2% ертіндісімен дәрілегенде, көптеген ғалымдардың деректері бойынша, бұтақтарының ұзындығы 30-40% қысқарған. Көптеген жеміс және жидек дақылдары үшін аларға қарағанда хлорхолинхлорид (ТУР) тиімді. Жеміс ағаштарына осы препаратты шашқан кезде де маңызды сәт өңдеу мерзімі болып табылады.
В.М.Якушев пен В.Р.Шевченконың (1986), А.Д.Щипс пен В.И.Бондаренконың (1975) деректері бойынша ең жақсы шашылу мерзімі – бұтақтардың өсу кезеңі, яғни олардың ұзындығы 20-25 см жеткен кез. Сонда олардың өсу күші 20-30% дейін кемиді. Алматы жеміс аймағында жүргізілген зерттеулер (Аяпов, 1980, 1981, 1986) алмұрттың Лесная красавица және Талгарская красавица сорттарына хлорхолин-хлоридтің өсу, жеміс салу процесстеріне едәуір әсер ететінін дәлелдеді. Мысалы, бұл препарат маусым айында 0,3-0,5% концентрацияда бір рет шашылса, өсімдік, яғни алмұрт бұтақтарының өсу күші 18-26% кемиді екен. Бұл препаратқа қажеттілік жеміс ағаштарын машинамен шырпағанда немесе қолмен ағаш бөрікбасының биіктігін қысқартқанда байқалады. Мұндай шырпудан кейін кесілген орыннан төмен, оянбаған бүршіктерден көптеген өркендер пайда болады, олар 10-15 см жеткенде 0,5-1,0% концентрациясындағы ТУР препараты себілсе тиімділігі өте жақсы болады, өркендердің өсу күші 30-40% кемиді.
Бұтақтардың өсу күшін тежеудегі хлорхолинхлоридтің әсері басқа да жеміс тұқымдарында да, әсіресе алхорыда, шиеде, шабдалыда, бекеде байқалды.
Алма ағашын 0,5-0,2% концентрациясындағы ТИБК (2,3,5 - үшиодбензой қышқылы) препаратымен бір рет өңдеген кезде бұтақтарының өсу күші күрт төмендейді. Этрелдіңде қасиеті осындай.
Физиологиялық активті заттар (ретарданттар) түрлі жеміс тұқымдарының жас ағаштарының жеміс салу мерзімін жеделдетіп, өнімін молайтады. З.А.Метлицкийдің деректері (1973) бойынша, алманың Мелба сортының алты жылдық ағашына шашқанда, оның өнімі келер жылы 27-63,5%, Штрейфлинг 50% артты, ал Антоновка обыкновенный мен Коричное полосатое алмасының өнімінде өзгеріс болған жоқ. Хлорхолинхлоридті алмұртқа (Лесная красавица мен Талгарская красавица) шашып сынап көргенде, Қазақстанның оңтүстік шығысының жағдайында, бұл препараттың олардың жеміс салуын жеделдетіп, өнімін молайтқаны белгілі болды. Мысалы, алмұрттың Талгарская красавица сортының 4 жылдық ағашына хлорхолихлоридті шашу нәтижесінде өңделмей тұрған жылдағыға қарағанда өнім 3-4 есе артық жиналды (Аяпов, 1986).
Жеміс ағаштарын физиологиялық активті заттармен өңдегенде препарат ерітіндісінің бұтақ жапырақтарына астыңғы жағынан тиуін, ал тежеу үшін кесілген орынға шашылуын қадағалау қажет.
Хлорхолинхлоридтің артық мөлшері (1,0%) жапырақты хлорозға шалдықтырады, кейде жапырақ жиектерін күйдіріп жібереді. Бұл препаратты бірнеше жыл бойы пайдаланса жеміс ағаштарын нашарлатып жібереді, сонымен бірге жемістің орташа салмағын да кемітеді. Сондықтан да оны үзіліспен шашқан дұрыс.
Жеміс ағаштарына оларды ертеңгі және кешкі уақыттарда, желсіз және ашық күндері шашу керек. Осы жағдайлар орындалса физиологиялық активті заттар жеміс шаруашылығы үшін экономикалық жағынан тиімді.
2.1 Бақ топырағын күтiп-баптау
Бақ қатараралығындағы топырақ күтiмiнiң жүйесi қарашiрiк жинақталуына, жемiс өсiмдiктерiнiң физикалық қасиеттерi мен қоректiк режимiнiң жақсаруына әсер етуi вегетацияның әртүрлi фенофазаларына сай қажеттi су мөлшерiмен қамтамасыз етуi, қатараралықтағы топырақты су және жел эрозиясынан, арам шөптерден сақтауға, микроорганизмдердiң қалыпты тiршiлiгi үшiн ауамен қамтамасыз етуге, жемiс ағаштары мен оның өнiмiн аурулар мен зиянкестерден сақтауға тиiс. Республикамыздың әртүрлi жемiс шаруашылығы аймақтарында бiрдей топырақ күту жүйесiн ұсынуға болмайды, ол сол жердiң топырақтық-климаттық ерекшелiктерiн, топырақ типiн, қоректену алаңын, өсiрiлiп отырған жемiс тұқымдарын, телiтушiлерiн, сумен қамтамасыз етiлуiн т.б. ескере отырып қолданылуы қажет.
Республикамыздың барлық аймақтарында ол жер суармалы болсын, болмасын, ұсынылып отырған бақтың қатар аралығын ұстау жүйесi әр гектардан барынша мол өнiм алуды, яғни сол жердiң еңбек қайтарымын арттыруды қамтамасыз етуi керек.
Қазақстан жағдайында, әсiресе мамандандырылған жемiс шаруашылықтарында, бақта топырақты ұстаудың бiрнеше жүйелерi белгiлi:
Достарыңызбен бөлісу: |