Байланысты: ПЕЧАТЬ Жоғары мектеп педагогикасы -2021 ж777 ТЕКСЕРУГЕ(1)
4-ТАРАУ. ЖОҒАРЫ МЕКТЕПТІҢ ҒЫЛЫМИ ІС-ӘРЕКЕТ ТЕОРИЯСЫ 4.1 Жоғары мектепте студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру технологиялары. Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруға қойылатын талаптар. Оны ұйымдастыру технологиялары. Жоғары оқу орнында сапалы білім беруде студенттердің өзіндік жұмыстарының алатын орны ерекше. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттердің өзіндік жұмысы барлық оқу бағдарламасының басым бөлігін құрайды.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңына сәйкес, кредиттік оқыту технологиясы білім алушының және оқытушының оқу жұмысының көлемін өлшеудің сәйкестендірілген бірлігі ретінде кредитті пайдалана отырып, білім алушылардың пәндерді оқып-зерделеу дәйектілігін таңдауы және дербес жоспарлауы негізінде жүзеге асады.
Кредиттік оқыту технологиясының өзегі білім алушылардың өзін-өзі ұйымдастыруы мен өздігінен білім алу мүмкіндіктерін дамыту болып табылады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі болып жатқан түбегейлі өзгерістер мен нарықтық катынастар жоғары оку орындарының алдына болашақ мамандарды кәсіби әрекетінде өздігінен шығармашылықпен еңбектене алатындай етіп даярлау, студентті әрекеттің объектісінен субъектісіне айналдыру, яғни оның бойында белсенді түрде өз бетімен жұмыс істей білу мен өзіндік дамуды, өзін-өзі басқару және өзін таныта білуді калыптастыру мақсатын койып отыр. Оқыту жүйесінде студенттің өзіндік жұмысы (СӨЖ) барлық оқу бағдарламасының басым бөлігін құрайды. Оның тиімді болуы маманның кәсіби бағыттылығының талаптарына сай жасалған өзіндік жұмысты ұйымдастыру үлгісінің дұрыс құрылуына байланысты болады.
Өзіндік жұмыс – тек жекелеген пәнді меңгеру ғана емес, сонымен қатар оқу, ғылыми, кәсіби іскерлік, өзіндегі жауапкершілікті сезіне білу, дербес жұмыс істеуге үйрену. Сондықтан да өзіндік жұмыс білікті маман дайындаудың негізгі бір тиімді жолы болып табылады. Дидактикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған өзіндік жұмыс білімді тереңдетуге, толықтыруға, дағды мен іскерлікті қалыптастыруға, танымдық әрекетке қызығуды туғызуға, таным үрдісінің әдіс-тәсілдерін игеруге, танымдық қабілетінің дамуына, адамның дербес жұмыс істеу мәдениетін көтеруге, шығармашылықпен жұмыс істеуге және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік жасайды.
Өзіндік жұмыспен бекітілмеген білім адамның рухани байлығына айналмайды. Сол себепті де жоғарғы оқу орындарында оған үлкен мән беріледі. Өзіндік жұмыстың тәрбиелік жағы да басым. Ол адамың жеке басының қасиеттерінің /мақсат қоюшылық, ізденушілік, қызығу, т.б./ қалыптасуына әсер етеді. Өзіндік жұмыстың мақсаты мен мәнін, маңызы мен қажеттілігін саналы түрде, бар ынта-ықыласымен түсінген студент оны қызыға орындайды. Өзіндік жұмысты берерде оқытушы студенттің бастапқы білімі мен іскерлік деңгейіне, материалдың /тапсырманың/ түсініктілігіне, бірізділігіне, пәннің мазмұнын қамтитындай дәрежеде берілуіне үлкен мән береді.
Оны орындау барысында мынадай саналылық, бірізділік, жүйелілік ұстанымдары қамтамасыз етілуі тиіс:
білімінің күрделілігі дамудың жақын аймағына /Л.Выгодский/ сәйкестігі;
пәннің логикалық жүйесі мен игеру деңгейіне қарай тапсырманың бірізді берілуі;
тапсырманың көлемі студенттің оқу мүмкіндігіне сай болуы;
әрекет деңгейіне бейімделіп берілуі және т.б.
Жоғары оқу орындарында студенттердің өздігінен білім алу мәселесін С.Архангельский, М.Герунов, С.Зиновьев, П.Пидкасистый, И.Лернер, В.Беспалько, т.б. ғалымдар қарастырды. Ғалымдардың зерттеулерінде студенттердің өзіндік жұмысы келешек маманның шығармашылық ойлауын, ғылымға қызығуын, кәсіби қарым-қатынас қажеттілігін туғызатын оқыту әдісі, таным үрдісі, студенттің өз бетінше жасайтын іс-әрекетті, дербес әрекеттің сипаты және оқушы қабілетінің көріну формасы, оқу үрдісінің негізі, студентті өз бетімен білім алуға дайындаудың жолы ретінде сипатталады.