Студенттің өзін-өзі тәрбиелеуге қатынас оның тәрбиелік деңгейін анықтайды.
Тәрбие процесін оқыту процесімен салыстырғанда кездесетін тәрбие жұмысының өзіндік ерекшеліктері: Бірінші ерекшелігі – тәрбиенің көп қырлы, көп факторлы процесс екендігі. Тәрбие мақсат, міндет, мазмұн, идеологиялық бағыт беру, отбасы, мектеп, орта, жұртшылық сияқты әлеуметтік күштердің тәрбие мен талап қоюдағы бірлігін сақтау, тәрбие әдістерін дұрыс талдап, тиімді пайдалану.
Екінші ерекшелігі – тәрбиенің ұзақ мерзімді процесс екендігі. Адам өмір бойы тәрбиеленеді, тәрбиеде тез табысқа жету мүмкін емес. Ол ұзақ уақытты, қажымай-талмай, шыдамдылықпен тәрбие жұмысын жүргізуді қажет ететіндігімен ерекшеленеді.
Үшінші ерекшелігі – тәрбиенің сатылы сипатта болатындығы.
Педагогика ғылымында тәрбие жұмысының мақсатын анықтау негізгі мәселенің бірі. Себебі, қандай да болмасын әрекеттің түрі, мақсатқа сәйкес туындайды. Тәрбие жұмысының нәтижелі болуы, көбінесе ондағы мақсаттың нақтылығына байланысты бағаланады.
Тәрбие жұмысының мақсаты – баланың жеке тұлғасының даму процесін басқару міндеттерін айқындайды.
Тәрбие жұмысының міндеттері:
ішкі қоғамдық қатынастардың өзгеруіне байланысты жалпы адамзаттық құндылықтарды жеке тұлғаны қалыптастырудың негізі етіп алу;
жалпы адамзаттық мәдениет пен ұлттық мәдениеттің озық үлгілерін кіріктіре пайдалану, мәдени байлық барлық қоғам мүшелеріне бірдей ортақ деп санау, тәрбие мәселесіне мәдени тұрғыда қарау;
жеке тұлғаны тәрбиелеп жетілдіру ісі қоршаған орта арқылы іске асырылатындықтан, тәрбиеленушінің дүниеге көзқарасын қарым-қатынаспен тәрбиелеп қалыптастырудың жолын қарастыру;
бұрын баланы тек тәрбиеленуші объект деп қарап тәрбиеші қауым өз беделімен ықпал етіп келсе, енді оларды тәрбие ісіне белсене қатыстыра отырып, әрі тәрбиенің объектісі әрі өзін-өзі тәрбиелеуші саналы субъект деп қарау, баланың жеке басын бағалау, онымен санасу, сенім білдіру, ынтымақтаса іс-әрекет ету;
адам тәрбиесі биологиялық әрі психологиялық процесс болғандықтан, тәрбие ісін баланың жас және жеке басына тән даралық ерекшеліктерін ескере жүргізу;
оқу-тәрбие ісін ізгілендіру, демократияландыру, жеке тұлғаны дамыта тәрбиелеу;
тәрбиенің түрлері өтпелі кезең талаптарына сай қайта қаралып, оның мақсат, міндеттерін нақтылау;
әр сыныпта, оқу-тәрбие жүйесінде берілетін білім, білік, дағдылар көлемі ескеріліп, сыныптан тыс тәрбие жұмысын да жандандыру;
жеке тұлғаны тәрбиелеп жетілдірудің нәтижесін, тәрбиелік деңгейін анықтаудың тетіктерін ашу.
Философия ғылымында «заңдылық» деген ұғымды құбылыстар мен процестер арасында дамуды сипаттайтын мәнді байланыс деп түсіндіреді.
Тәрбие процесінің негізіне тұлғаның табиғатын, әлеуметтік мәнін, қоғамдық өмірдің объективтік қажеттілігін білдіретін заңдылықтар жатады.
Басқарылуы қажет болған психикалық құбылыстардың заңдарын ашып, өз іс-әрекетіңді сол заңдарға және оларды қолданатын жағдайларға орайластырған жөн.
Тәрбие заңдылықтары дегеніміз – даму мен қалыптасуда тиімді нәтижеге жеткізетін тәрбиелік процестегі орнықты, қайталанып отыратын қажетті байланыстар.
Тәрбие заңдылықтарын алдын-ала басшылыққа ала отырып, тәрбие жұмыстарын болжауға және ол іске терең мазмұндық әрі әдістемелік бағыт-бағдар беруге болады.
Тәрбие процесін табысты, нәтижелі ұйымдастыру тәрбиешілерге, алдымен тәрбие заңдылықтарын жете түсінуді қажет етеді (154-сурет).