Сурет-154.Тәрбиенің жалпы заңдылықтары
Педагогика адам іс-әрекетінің басты саласы ретінде өз құрылымына процестің объектісі мен субъектісін ендіреді. Дәстүрлі субъект-объектілік педагогикада тәрбиеленушіні объект рөлінде қарастырады, ол алдыңғы аға ұрпақтың іс-тәжірибесін үйренеді. Бұл жүйенің түпкі мақсаты – баланы өмірге даярлау.
Тәрбие жұмысының бағыттары 155-суретте берілді.
Адамгершілік тәрбиесінің басты мақсаты – моральдық жағынан кіршіксіз таза, қоғам мүддесі үшін еңбек ететін, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны даярлау.
Мораль дегеніміз – адамдардың мінез-құлқының тарихи қалыптасқан ережелерінің жиынтығы. Бұл ережелер жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік, абыройлық пен абыройсыздық, ар-намыс, ар-ождан деген ұғымдардың тұрғысынан қарағандағы, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін бағалаудың өлшеуіші болып табылады.
Рухани-адамгершілік тәрбиесі – қоғамдық моральдың нормалары мен принциптерін, сенімді және сезімді, дағдыны және мінез-құлық әдетін, әдепті қалыптастыру.
Адамның адам болып қалыптасуының құралы – еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты.
Сурет-155. Тәрбие жұмысының бағыттары
Еңбек – қоғамның материалдық және рухани байлығының негізгі көзі, адам баласының қасиетті борышы, тұлға дамуының іргетасы. Дұрыс ұйымдастырылған еңбек тәрбиесі – тәрбиеленушілердің тікелей қоғамдық пайдалы және өндірістік еңбекке қатысуы, тұлғаның азаматтық, моральдық, интеллектуалдық қалыптасуының және дене бітімі дамуының нәтижелі факторы.
Жеке тұлғаны жан-жақты дамытатын тәрбиенің басым бағыттарының бірі – құқықтық тәрбие. Егемен Қазақстан Республикасы Ата Заңына сәйкес азаматтарының құқығы мен талап-тілегін, мұқтаждарын қорғап, оларды қамқорлығына алады. Әрбір азамат өз мемлекетінің заңына жауапкершілікпен қарап, оны орындауды өз міндеті деп есептейді. Өйткені, жас мемлекетіміздің заңдары еліміздің мұң-мұқтажын, тыныштығы мен саяси тұрақтылығын нығайту жолында қызмет етеді.
Құқықтық тәрбие – мемлекеттегі маңызды қатынастарды реттей отыра қоғамға пайдалы, қажетті қатынастардың дамуына жағдай тудырып, қоғамға зиянды қатынастарды шектеп, тыйым салатын тәрбие.
Дене тәрбиесі – адамның денсаулығын нығайтып, оңтайлы қимыл-әрекеттерін қалыптастыратын, адамгершілік қасиеттері мен ерік-жігерін жетілдіретін негізгі тәрбие бағыттарының бірі. Дене тәрбиесі жеке тұлғаның бойындағы төзімділік, шыдамдылық, батылдық, табандылық және т.б. қасиеттерді шыңдайды.
Тәрбиеленушінің бақытты болуы, өмір қуанышына кеңелуі, олардағы әрекеттің барлық түрінің жоғарғы нәтижелі болуы, өзін-өзі жақсы сезінуі – дене мүшелерінің ең жоғарғы деңгейде қызмет етуімен тығыз байланысты. Себебі, дені сау бала барлық бастамалар мен істерге қанағаттанарлық сезіммен, көтеріңкі көңіл-күймен қатыса алады. Сондықтан да, тәрбиеленушілердің саламатты салтын қалыптастыру – тәрбиешілердің және мектептің тәрбие жұмысының негізгі бір бағыты болып табылады.
«Азамат» ұғымын мемлекеттік деңгейде қарастырғанда, ол қоғамның тең құқықты мүшесі мәніне ие болады. Ғылыми-теориялық қырынан қарағанда бұл адам құқығымен азамат құқығының аражігін ажырататын ұғым. Өйткені, азамат белгілі бір мемлекеттің, саяси бірлестіктің тең құқықты мүшесі және оның барлық саяси құқықтарына ие тұлға ретінде әрекет етеді.
Азаматтылық – қоғам мен мемлекеттік жүйеде тұлғаның өз «Менін» танып, қастерлей білуі.
Тәрбиенің сапалық деңгейі тәрбие жұмысын мақсатты, жүйелі, кәсіби шеберлікпен жүргізуімен анықталады. Қазіргі кезеңде жеке тұлғаның бойында толеранттылықты қалыптастырудың төмендегідей принциптерін басшылыққа алған жөн:
тәрбиеленушінің қателікке бой алдырмауы және мектеп Жарғысының аясында жеке бастың құқығын мойындау;
тәрбиеленушінің жеке көзқарасы, принциптері, адамдар мен айналадағы дүниеге қарым-қатынасы болу құқығын мойындау, толерантты болу.
Толеранттылық (лат. tolerantia – төзім) – қайсыбір жағымсыз факторға жауап әрекеттің болмауы не бәсеңсуі; оның әсеріне сезгіштіктің төмендеуінің нәтижесі. Мысалы, алаңдауға толеранттық қатерлі жағдаятқа эмоцияның үн қату табалдырығының көтерілуінен көрінеді, ал сырттай – ұстамдылықтан, сабыр сақтаудан, бейімдеушілік мүмкіндіктерді төмендетпестен, жағымсыз іс-әрекеттерге ұзақ уақыт төзуге қабілеттіліктен байқалады.
Толеранттылықтың мәні қазақ тілінде терең: төзімділік, шыдамдылық, ымыраластық, байсалдылық, кісілік, ізгілік, кемелін таңдау, келісімін табу деп жалғастыруға болады.
ЖОО тәрбиелік жүйесінің 6 блок-сызбадан құрылған үлгісі 156-суретте көрсетілді.
Тәрбиелік жүйе қызметі тиімділігінің сапалық көрсеткіштері:
- тәрбиешінің, тәрбиеленушінің, ата-ананың түсінігіндегі ЖОО мектеп бейнесі;
- тәрбие жүйесінің сапалы нәтижесі – ЖОО түлегі;
- ұжымдағы психологиялық ахуал, жоғары мектептегі тәрбиеленушілер мен тәрбиешілердің қарым-қатынасы;
- жүйенің әртүрлі субъектілерінің арасындағы өзара байланысы;
- қоғамдағы ЖООбеделі.
ЖОО тәрбиелік жүйесінің миссиясын жүзеге асыруға бағытталған және төмендегі бағыттарды басшылыққа алуы қажет:
- әлемдік деңгейде жиналған озық тәжірибеге негізделген қазақстандық және халықаралық құжаттамалардың деректер базасы;
- ЖОО тәрбиелік жүйенің нақты айқындалуы;
- тәрбие тұжырымдамасына көзделген, тәрбиеленушінің жеке тұлғалық ерекшелігін қалыптастыру;
- тәрбиеленушінің өзіндік және ғылыми-тәжірибелік қызметі.
Тәрбиелік жүйенің көпқырлы бағыттарын басшылыққа ала отырып, тәрбие саласымен айналысатын педагог мамандардың атқаратын міндеттері мен қызметтері нақты айқындалуы тиіс.
ЖОО тәрбиелік жүйені құраушы компоненттер: мақсат-идеялар; іс-әрекет; субъектілер; қарым-қатынас; игерілген орта; басқару.
Достарыңызбен бөлісу: |