Психикалық үдерістер – бейнелеу-реттеу іс – әрекеттерінің жекеленген тұтас қозғалысы. Психикалық үдерістің әр түрі өз бейнелеу нысанына, өз реттеп бару ерекшелігі және меншікті заңдылықтарына ие.
Психикалық үдерістер психикалық құбылыстардың бастау көзі- осылар негізінде психикалық өрнектер қалыптасады.
Субъектің бейнеленуші нысанмен белсенді қарым-қатынасы, нысанды тануға және онымен әрекеттің байланысқа түсуге бағытталған ерекше өту жүйесі осы психикалық үдерістерден көрінеді.
Психикалық үдерістер түрі: 1) танымдық (түйсік, қабылдау, ойлау, қиял және жад); 2) еріктік; 3) көңіл-күйлік.
Адамның психикалық іс-әрекеті – бұл таным, ерік және көңіл-күй үдерістерінің бірігімі.
Психикалық қалыптар – іс – әрекет мазмұны және сол мазмұнға болған адам қатынасында айқындалушы психиканың уақытша өзіндік көрінісі. Психикалық қалып - адам психикасы бейнелерінің үздіксіз жаңаланып, ауысып тұруымен болады. Болмыспен араласу барысында адамның барша психикалық әлемі салыстырмалы тұрақты бірігімде болып, оның нақты мезеттегі уақытша көңіл-күйінен, ынта-ықыласынан, яғни психикалық қалпынан байқалады.
Психикалық қалып психикалық белсенділіктің жалпы қызметтік деңгейінде адамның нақты мезеттік іс-әрекетіне, бағдары мен оның тұлғалық ерекшеліктеріне тәуелді көрініс береді.
Психикалық қалыптың барша түрлері төмендегідей өзара топтасуымен ажыралады:
сана дайындығы қалпы – зейінділік пен жұмыс қабілеттілігінің әрқилы деңгейлерінде көрінеді;
эмоционалдық –көңіл-күйге байланысты түйсіну, көңіл –күйге байланысты сырттай ықпал-әсерге жауап, көңіл-күй шарпулары – стресс, аффект, фрустрация;
еріктік -адамның нақты мезеттегі іс-әрекетке деген ынталылығы, ұмтылысы, шешімділігі, табандылығы, өжеттігі т.б. Бұлар қатарында психиканың өзара сыбайлас тұлғалық қалыптары да болады: психопатия, мінез асқынуы, невроздар және психикалық дамудың тоқырауы.