Ұғым – бірнеше пікірлер негізінде белгілі қорытынды жасауда қолданылатын ойлау формасы.
Дедуктив ұғым – ықтимал, жалпыдан жалқыға келтірілген ұғым. Индуктив ұғым – ықтимал, кейбір құбылыстардың жекеленген белгілері бойынша барша біртекті заттар жөнінде, яғни жалқыдан жалпыға өте, берілетін ұғым. Түсінік – біртекті топ заттары мен құбылыстарының мәнді қасиеттерін бейнелейтін ойлау формасы. Ойлау әрекеттері – біртекті мәселелерді белгілі әдістермен шешуге негізделген қайта жасаушы (репродуктив) және ізденістік (өнімді – продуктив) болып ажыралады. Қалыптан тыс проблемаларды шешуде қолданылатын ойлау әрекеттері өзіндік құрылымға ие болып, ол кезеңдерге бөлініп, бірізді орындалып барады:
Бастапқы кезең – танымды әрекеттің бастауы – тек өкілінің туындаған проблемалық жағдайды түсінуі.
Екінші кезең – шешілетін мәселе бойынша принциптерді, жалпы жобаны, шешу әдістерін айқындап, ашып алу. Бұл үшін нақты құбылысты жалпы өзара байланыстар аймағында көре біліп, оның мүмкін болған себептерін жоғары ықтималды болжау – гипотезалармен түсіндіру.
‡шінші кезең- мәселе шешімі бойынша алға тартылған гипотезаларды тексеру. Бұл тексеріс әрқилы іс-әрекеттер сипат, мазмұнына орай әртүрлі арнайы әдіс-тәсілдермен іске асырылуы мүмкін.
Төртінші,қорыту кезеңінде мәселе бойынша алынған нәтиже бастау талаптарымен салыстырылады. Егер соңғы нәтиже мен бастапқы талап сәйкес келсе, зерттелуші нысанның дұрыс ақпараттық-логикалық сұлбасының (моделінің) жасалғаны, яғни қойылған проблеманың шешім тапқаны.
Ойлау іс-әрекеттері бірінен екіншісіне ауысып баратын ой операциялары түрінде орындалып жатады: салыстыру – жалпылау, бейнақтылау (абстракция) – топтастыру (классификация) – нақтылау. Ойлау операциялары – бір мақсат арнасындағы ой әрекеттерінің тобы. Салыстыру – құбылыстарды топтастыруға мүмкіндік ашатын әрі құбылыстар және олардың қасиеттерінің ұқсастығы мен ерекшелігін айқындайтын ойлау операциясы. Жалпылау - ойлау қасиеті, сонымен бірге негізгі ой операциясы. Ойдың жалпылау ісі екі деңгейде өтеді: бірінші, қарапайым деңгей - ұқсас заттарды сыртқы белгілері бойынша біріктіру, қосу. Екінші деңгей – заттардың мәнді жалпы белгілерін ажырату. Бейнақтылау (абстракция)– құбылыстардың қандай да бір тұрғыдан мәнді жеке қасиеттерін дерексіздендіре бейнелеу операциясы. Жалпылау және бейнақтылау негізінде топтастыру мен нақтылау ой жұмыстары іске асады.