М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ **********
«Абылайдың Қалдан Шерінге елші жіберуі»
(1-2 нұсқалар) – тұлғатануға қатысты тарихи-
әдеби деректерімен, тағдыранықтағыштық сипат-
белгілерімен ерекшеленеді. Қарабас ханымның
қазақ елшілеріне деген бірегей сыншылық қабілеті,
болжампаз көрегендігі тәнті етеді. «Бітім алып
қайтуға тұрарлық үздіктерін таңдап, өрі-қыры
бірдей көзге түсерлік төртеуін жоңғар қонтайшысы
Қалдан Шерінге келіп, Қарабас ханым мынандай
даналық ойларын жайып салады: «Мынау отырған
Қазыбек ұйықтағанда екі қолын екі жаққа, екі аяғын
екі жаққа жіберіп, керген төстіктей жатады екен.
Оның мәнісі: «Дүниенің төрт бұрышын тіреп туған
ұлмын!» - дегені. Қара бақайына шейін құт екен!
Өлгенде арулаған жерін басып өткен ел бай болар!
– дейді. Мынау отырған Тайкелтір - кішкене тілінің
ұшы екі айырыла біткен екен. Өнері қара санынан
келеді екен. Ер көмей, темір жақтың барып тұрған
өзі екен. Балтакерей – Тұрсынбай «құлағы жоқ,
шұнақ; құйрығы жоқ, шолақ» екен. Ерлігінен де
міні жоқ. Жалғыз-ақ айыбы – жауы желкесінде екен.
Онан басқа қорқар нәрсесі болмаса керек, - дейді.
Мынау отырған Жәнібек: екі аяқты бір бастының
сырттаны екен, өзінің оққағары бар екен. Күнінде
ыңыршағыңды отқа жағып, бақайшағыңның майын
шағатұғын осы екен!»
«Абылай заманындағы батырлар» (1-5
нұсқалар) – Қаракерей-Қабанбай, Қанжығалы-
Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы
Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы
Бердіқожа, Сырым - Малайсары, Балтакерей
Тұрсынбай, Тарақты – Байқозы, он сан орта
жүзге ұран болған Олжабай, Малай – Жәдігерден
шыққан: Жауғаш, Биғаш, Бөрі тонды, бөрте
атты Бөрібас батыр, Орманшы: Ақсары, Шотана,
Қозған – Бекше мерген. Қарауылшысы - Әлтеке
– Сарым – Жидебай. Уақ: Сары, Баян. Байжігіт –
Тасболат батыр, Қанжығалы жас Жанатай, Балталы
Оразымбет батыр, Бәсентиін – Сырымбет батыр,
Сырғалы – Елшібек батыр, Жәпек батыр.
«Ақылдың пайдасы» (ертегі) – «Не жұмыс,
не іс қылсаң ақылмен, сабырмен артын ойлап
істе» деген ақыл сөздің мәнісі жарқын айғақ-
мысалдармен дәйекті дәлелденеді. Ерте уақытта
бір патша өзгелерден ерекшеленбей шаһар аралап
жүргенде басына ат басындай алтын, аяғына қой
басындай алтын жастанып жатқан ақыл сатып,
кәсіп етуші адамға жолығады. Патша қолқалап,
одан бір ділдаға осы ақылды сатып алып, үйінің
қабырғасына, әрбір тұтынатын нәрселеріне жазып,
бұлжытпай орындайды.
Бірде патша шаштаразшыны шақырады.
Оның алдынан бас уәзір шығып, алтын басты
ұстарасын ұсынады. Шаштаразшы жазуды оқып,
өзінің үйреншікті ағаш сапты ұстарасымен шаш
қияды. Патша оның алтын сапты ұстарасын
қимағанын байқайды да, жендетін жедел келтіртіп:
«Шаштаразының басын ал!» - дейді. Шаштаразшы:
«Дат, тақсыр! Алтын сапты ұстара менікі емес.
Оны Сіздің бас уәзіріңіз берген еді. Сіздің мына
жазуыңызды көріп: «Қой, сырын білмеген аттың
сыртынан жүрме!» - деген бұрынғылардың
мақалы да бар еді, - деп, - күнде көзім көріп,
қолыма ұстап үйренген сыралғы ұстарам жақсы
болар! – деп, алған себебім сол! – дегенде, патша
бас уәзірін шақыртып: «Мынаның шашын ал, өз
ұстарасымен!» - дейді. Уәзірдің табанда жаны
шығып кетіпті. Арам пиғылды марқұмның орнына
ақыл сатушы кісіні бас уәзір етіпті.
Үйреншікті дағдысы бойынша патша тағы
да қала аралап жүрсе, базарда бір нан сатушының
нанының дәмін татса, шынында да тіл үйірерлік
екен. Үйіңді көрсет, күнде нан алып тұрайын
дейді патша. Ол үйіне патшаны ертіп барып, тамақ
жайын таныстырады. Тағы бір үйге бас сұқса,
толған адам, баршасы темір көгенмен көгенделген.
Бірден патшаны да көгендеп тастайды. Сөйтсе кісі
сойып, майына нан пісіріп, сатады екен.
Патша жоғалады. Ақылды уәзір тіс жармайды.
Патшаны союға әкеледі. Ол: «Сен мені сойма.
Мұнан да артық пайда келтірейін. Маған кілем
тоқитын құрал тауып бер!» - дейді. Патша кілемге
ақыл сөзді қоса тоқиды. Және кілемді осы шаһардың
патшасына сат, мың ділдадан кем берме» - деп
кеңес береді. Ақылды, бас уәзір патшаның тірі
екенін біліп, кілеміңді екі есе бағаға аламын, үйіңді
көрсет деп бір жасауылымен, соңынан жасырын үш
жасауылымен, тағы да он жігітін жіберіп, қанішердің
үйін түгелдей тінтіп, патшаны және көгендеулі
адамдарды қапастан құтқарады.
Кісі етіп сатып пайдаланушыны мойнына
темір шынжыр тағып, сүйретіп өлтіріпті.
«Мәшһүр Жүсіптің Мұса Шормановты
оның келіні атынан жоқтауы» - ақынның «Мұса
Шорманұлы» дейтін мазмұнды, кемел жоқтауымен
сарындас. Сөз саптау, ой толғау жағынан төркіндес.