Мақалалар, баяндамалар жинағы



жүктеу 4.98 Mb.

бет18/45
Дата22.12.2016
өлшемі4.98 Mb.
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   45

«Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы  жұлдыз,  бабам  тілі,  сен  қалдың!»  –  деп,  ата-бабамыздан 

асыл мұра болып қалған қазақ тілін марапаттай келіп, бүгін де жер жүзіне 

тарап кеткен ұрпақтарын тек рухани ұйытқы болар ана тіліміздің құдіретті 

күшімен ғана басын қосып, тұтастығын сақтауға болады:



«Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,

Тарап кеткен балаларынды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!» – деп, өсиет айтқан еді. Осы 

бір өсиетті орындайтын тарихи сәт келген сияқты. 

«Ана  тілі  азбасын,  Атамекен  тозбасын!»  десек,  ағайын,  қара 

шаңырақтың астынан табылайық!



«Егемен Қазақстан», 1992. 26 қыркүйек 

Ана тілі – арың бұл

–  Қазақ  тіліне  мемлекеттік  статус  беру  мәселесі  бүкілхалықтық 

талқылаудан өтті. Соның нәтижесінде ол Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 

кезектен  тыс  XIV  сессиясында  бекітілді.  Тілдің  бекітілуі,  оның  заң 

жүзінде нақтылануы жұртшылықтың ыстық ықыласын туғызғанын да 

біліп жатырмыз. Осы ретте қазақ тілінің өркендеп, дамуы тұрғысында 

өздеріңіз қолға алып, жұмысын жүргізіп жатқан «Ана тілі» қоғамының 

да  рөлі  зор.  Осы  қоғамның  құрылуы,  оның  жұмысындағы  алғашқы 

нәтижелер мен келешектегі бағыт-бағдары туралы не айтуға болар еді?

–  Қоғамның  Уставы  мен  Программасы  жарияланғаннан  кейін 

жалпы  жұртшылықтан  мұны  қызу  талқылаған  пікірлер  түсті.  Газет-

журналдардың,  радио  мен  телевидениенің  редакцияларына  түскен 

жүздеген хаттармен қоса, қоғамның өз адресіне де көптеген хаттар келді. 


190

Ол  хаттарда  әр  мамандық  иелері,  әр  жастағы  республика  тұрғындары 

Устав пен Программа бойынша пікірлерін, кеңестерін, ұсыныстары мен 

ескертпелерін ашық айтты.

Біз  ең  алдымен  осы  хаттардағы  мәселелерді  басты  назарға  алып, 

Қазақ республикасының Мемлекеттік тіл туралы Заңына орай жоспарлы 

жұмыс бастап кеттік. Ал енді бұл ұсыныстар мен өзгерістерді, пікірлер мен 

ескертпелерді 20 октябрь, жұма күні басталатын қоғамның Құрылтайында 

талдап, талқылап, бекітеміз. Қазіргі күндері Құрылтайдың өз дәрежесінде 

өтуі үшін негізгі жұмыстарды жаппай жүргізудеміз.



–  Ендеше,  осы  Құрылтайдың  құрылымы  туралы,  оған  келетін 

делегаттардың саны мен ауқымы туралы, ұйымдастыру жұмысындағы 

негізгі мәселелер туралы да айта кетсеңіз.

–  Құрылтай  өз  жұмысын  20–21  октябрь  күндері  М.О.Әуезов 

атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  драма  театрында  жүргізеді. 

Қазақстанның  17  облысынан  200-ге  жуық  делегат  қатысқалы  отыр. 

Құрылтайға  қатысатын  делегаттарға  алдын-ала  арнайы  хабар  берілді. 

Олар  бүгіннен  бастап  келе  бастайды.  Алматы  қаласының  өзінен  300 

делегат болмақ. Сондай-ақ тағы да 300-ге жуық қонақ шақырылып отыр. 

Олар да Құрылтай күндерінде негізгі мәселеге араласып, өзінің ойлары 

мен  ұсыныстарын  ортаға  салады  ғой  деп  үміттенемін.  Күн  тәртібінде 

негізінен мынадай мәселелер бар.

1. «Ана тілі» қоғамының ашылуы туралы.

2. Қоғамның Уставын талқылау, бекіту.

3. Қоғамның программасын талқылау, бекіту.

Құрылтайда  «Республикадағы  тілдердің  жағдайы  және  «Ана  тілі» 

қазақ республикалық  қоғамының  ашылу қажеттігі» туралы өзім баяндама 

жасағалы  отырмын.  Ғалымдар  Шора  Сарыбаев  және  Өмірзақ  Айтбаев 

қоғамның  Уставы  туралы  қоғамдық  пікірлерді  және  оны  жетілдірудің 

жолдары  туралы  қосымша  баяндамалар  жасайды.  Сондай-ақ  қоғам 

Программасы  туралы  да  қосымша  баяндамашылар  бар.  Баяндамалар 

оқылып, тыңдалғаннан кейін жарыссөзде жан-жақты талқылау болмақ. 

Құрылтайдың  екінші  күні  қоғамның  Программасы  мен  Уставы 

талқыланады. Ол баяндамашылар – Қазақ ССР Ғылым академиясының 

корреспондент-мүшесі Кеңесбай Мұсаев пен филология ғылымдарының 

докторы  Ерден  Қажыбеков.  Бұл  қосымша  баяндамаларда  қоғамның 

толыққанды  өмір  сүруі  үшін  Уставы  мен  Программасына  байланысты 

мақсаттар мен міндеттер, праволар толықтай ашып көрсетілмек. Және де 

осыларға  қосымша  осындай  облыстық  қоғамдар  құрған  жерден  келген 


191

өкілдер  сөз  сөйлейді.  Олар  өздерінде  істеліп  отырған  жұмыстардың 

жай-күйін баяндаумен бірге, алда атқарылар ауқымды жұмыстардың да 

жоспарын  ортаға  салады.  «Ана  тілі»  қоғамының  келешектегі  мәні  мен 

мақсаты  туралы  ой-пікірлері  мен  ұсыныстарын  айтады.  Және  бұларға 

қосымша осы қоғамның құрылуына, негіз қалауға себепші болған Қазақ 

ССР Ғылым академиясының институттары мен Қазақстан Жазушылар 

одағы,  Қазақстан  Журналистер  одағы,  Қазақ  ССР  Халыққа  білім  беру 

министрлігі  өкілдері  де  жоғарыда  аталған  мәселелерді  талқылауға  бір 

кісідей атсалыспақ. Сондай-ақ, белгілі ақын-жазушылар мен ғалымдар 

да  сөз  сөйлеуге  жазылуда.  Міне,  мұның  бәрі  сайып  келгенде,  келешек 

қоғамның  Қазақ  ССР-інің  Мемлекеттік  тіл  туралы  Заңына  сәйксс 

жүргізілетін күрделі де қажетті жұмысының негізгі мақсатын анықтайды.

– Енді қоғамның басшылығы туралы, басшылығы болғанда олардың 

статустары туралы біле отырсақ.

–  Басқа  қоғамдар  секілді  мұның  да  өз  президенті  болады. 

Құрылтайдың  күн  тәртібіндегі  мәселелердің  бірі  де  осы  –  ұйымдық 

мәселелер.  Мұнда  «Ана  тілі»  қоғамының  президенті  ашық  дауыспен 

сайланбақ.

Сондай-ақ  қоғамның  басқармасы  құрылып,  тексеру  комиссиясы, 

қоғам  штаты,  «Сөз  өнері»  деп  аталатын  халық  университетінің 

басшылығы  секілді  ұйымдық  мәселелер  де  қаралып,  бекітілмек. 

Осы  Құрылтайда  «Ана  тілі»  қоғамы  жанынан  газет  ашу  мәселесі  де 

талқыланады  деп  күтілуде.  Әрине,  бұл  газеттің  аты  мен  оның  штат 

құрамы туралы да әңгіме болмай қалмас.

– Әбеке, енді соз соңында осы Құрылтайда заңды түрде дүниеге келмек 

«Ана тілі» қоғамының өздеріңіз жоспарлаған жалпы құрылымы туралы да 

жұртшылыққа айта кетсеңіз.

–  Айта  кетуге  болады.  Әрине,  мұның  кейбір  жерлерінде  өзгерістер 

немесе толықтырулар болуы мүмкін. Әзірге біз мынадай құрылым ұстанып 

отырмыз.  Қоғам  басқармасы,  «Сөз  өнері»  халық  университеті,  газет 

редакциясы, сондай-ақ мынадай 3 секция және 7 комиссия құру жоспарда  

бар. Олар; информация, басқа  республикалардағы  қазақтармен байланыс 

және ұлттық мәдени орталықтармен байланыс секциялары. Ал комиссияға 

келетін болсақ, орта мектептер мен мектептердегі, балабақшалардағы және 

жоғары оқу орындарындағы ғылыми-методикалық комиссия, тіл мәдениеті 

туралы комиссия, терминдерді бекіту және қарау комиссиясы, ономастика 

саласы  бойынша  комиссия,  тіл  тарихы  жөніндегі  комиссия,  тілдің  шығу 

төркіні жөніндегі комиссия.



192

Бұған  қосымша  облыстардың  бәрінде  және  олардың  қалалары  мен 

аудандарында, ауыл-селоларда «Ана тілі» қоғамының тиісті филиалдарын 

құрмақпыз.



– Әңгімеңізге рахмет.

«Лениншіл жас», 1989. 18 қазан. (Сұхбаттасқан Ө. Оралбаев).

Ана тіліміздің жанашыры

–  Әбеке,  қазақ  елінің  қара  емендей  қайыспас  жүректі  туған  бір 



көш  бастаушысы  Ахмет  Байтұрсынов  кезінде  халқының  қам  көңілін 

оятып,  көзін  ашу  үшін  «Тіл  құрал»  жасап,  аруақты  жұртының 

атымен «Қазақ» газетін шығарды. «Ана тілім – қазақ тілі таза бол, 

сұқ көзден сау бол!» деп ұрандап, туған тілінің қазыналы бай алқабын 

қарашығындай  аялап  қорғауды  мұрат  тұтты.  Ол  тіл  тазалығына, 

қолдану  аясының  тарылмауына  жанын  сала  атсалысып,  күресумен 

өтті. Ұлы тұлғаны қанды қол жендеттік те, өлім де жеңе алмады. Аға 

ерлігі – ініге де үлгі, өнеге. Біз Сізді Ахаңның лайықты ізбасары ретінде 

көргіміз келеді.

– «Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық» қой, қарағым, Ахаңдай болу 

қайда. Ол өзі халық секілді тума жаратылыс. Сол себепті де елдігіміздің 

іріп,  бүлінбес  рухани  қорегі  –  Қазақ  тілі  мен  грамматикасын  төрт 

аяғынан тең бастырып, қазақ тіл білімінің телегей терең теңдігін ашты 

емес  пе.  Ал  Ахаң  салған  сара  жолмен  шайқатылмай,  тік  басып  жүре 

алсақ, оны өз басым мәртебе санаймын. Қазақ еліне, қазақ тіліне сол 

кісідей жанашыр, қамқор болу қазіргі таңда бәріміз үшін зор парыз.



– Ана тіліне көкөрім өмір, кең өріс тілеп, қажет болғанда ықтимал 

қарсылықтардан жасқанбай күресе білу. Сізге тән азаматтық қасиет 

екенін көзіміз жетті деп айта аламыз. Енді қазақ тілінің мемлекеттік 

тіл статусын алғаннан бергі хал-жағдайына тоқтала кетсеңіз.

– Қарлы қыстан соң жадырап жаз келетіні сияқты бұл өзі көңілімізді 

желпінтіп, көтеріп тастаған ірі жеңісіміз болды ғой. Бірақ тоқмейілсіп, 

жел сөзге, жалған мақтанға ерік беруге қақымыз жоқ. Себебі ата-баба 

топырағында аунап, өз жерімізде өмір сүріп жүріп тілімізді құртып ала 

жаздағанымызды еш уақытта естен шығаруға болмайды. Қазақ тілінің 

қолданылар аясы тарылып, от басы, ошақ қасында қалғаны да жасырын 

емес.  Өз  қағынан  жерінген  құландай  ана  тілінен  безініп  кеткен  «без 

бүйректер» де көз алдымызда өсіп жетілді. Қазақшаңа емес, орысшаңа 

қарай  қызметке  алынып,  «грамотный»  деген  шенге  ие  болдық.  Тізе 

берсек мұндай келеңсіздіктер көп...


193

Алайда  қайта  құрудың,  жариялылық  пен  демократияның  бітеліп 

қалған  бұлақ  көзін  ашқандай  серпілісті  әсеріне  сүйсінбеу  мүмкін 

емес.  Ақыл-ойымызға  буырқанысты  жаңа  екпін  әкелді  ол.  Қазақ 

тілінің  мемлекеттік  тіл  болуы  соның  жарқын  көрінісі.  Енді,  мәселе 

тіл туралы заңның толық мағынасында жүзеге асырылуы. Бұл салада 

нақты  жұмыстар  қолға  алынуда.  Қазақ  тілінің  гүлденіп,  өмірдің 

барлық саласында іркіліссіз қолданылуын қамтамасыз ету бағытында 

құрылған «Қазақ тілі» қоғамына күні бүгіндері миллионға жуық адам 

мүше  болып  отыр.  Соның  ішінде  қазақ  тілінің  нағыз  жанашырлары 

бола білген 10 мыңнан астам белсенді азаматтарымызға ерекше құрмет 

білдіргіміз келеді. Олар ауылдық жерлерде тамаша жұмыс жасап жатыр: 

іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуіне, жиналыстардың қазақ тілінде 

өткізілуіне ұйытқы болып, дұрыс жолға қойылуын қамтамасыз етуде.

Иә, тіл қоғамының еншісіндегі жұмыс ауқымы сан-салалы. Қазақ 

тілінде  шығарылатын  оқулықтарды  көбейтуден  бастап  жаңадан 

балабақша,  мектептер  ашу  секілді  мағыналы  істерге  де  тиісті  үлесін 

қоспақ. Қоғам жанынан ашылған «Ғақлия» тіл үйрету орталығы да іске 

кірісті. Түрлі мекемелер мен ұйымдарда қазақ тілін үйренушілерге осы 

орталық көмектеседі.

Тағы бір айтып кетер қуанышымыз «Қазақ тілі» қоғамының басқа 

ел, басқа республикада тұратын бауырластарға игі әсерінің жетуі. Қазір 

Омбыда,  Прибалтика  республикаларының  өз  алдына  жеке  баспасы 

болуы  да  өмір  талабы.  Байқап,  ойлап  қараған  адам  бір  ғана  «Рауан» 

баспасы  қазақ  тілінде  шығарылатын  оқулықтармен  бүкіл  республика 

тұрғындарының  қажетін  өтейді  деп  айта  алмайды.  Сондықтан  жаңадан 

баспа  ашу  ісін  тезірек  қолға  алған  жөн.  Сайып  келгенде  қазақ  тілінің 

болашағы үшін не қажеттің бәрін ел болып жұмыла жүзеге асыруға тиіспіз.



–  Сіз  айтқандай  көп  болып  қолдап  әкететін  тағы  бір  үлкен  шаруа 

–  қазақ  тілінде  сөйлеуді  күнделікті  өмірімізде  тереңірек  орнықтыру 

десек, бұл салада әлі де жалтақтық, күдікшіл керенаулық, әліптің артын 

бағушылық басым жатқан сияқты. Әсіресе басшылар жағы баяғысынша 

«ортақ тілде» көсілте сөйлеуде. Ана тілімізде сөз бастарлық күнге қашан 

жетеміз осы!

– «Сабыр түбі – сары алтын» деп атаң қазақ біліп айтқан, шырағым. 

Дегенмен жайбасарлыққа ерік берсек, жолдан кешігетініміз және ақиқат. 

Өз  басым  жоғары  өкімет  мәжілісінде  және  басқа  да  келелі  кеңестерде 

қазақша сөйлеуді әдетке айналдырдым. Қазақстан Компартиясы Орталық 

Комитетінің  секретары  Өзбекәлі  Жәнібеков  жолдас  та  маңызды  бас 



194

қосуларда қазақша сөйлеп жүр. Сірә, анасының ақ сүтінің дәмі таңдайына 

келген әр қазақ өз ана тілінде тақылдап тұруға тиіс қой. Менің ойымша 

бұған бөгет жоқ. Тек батылдық, жауапкершілік болсын «Қазақ елі бір ауыз 

сөзім саған» деп жар салған Мағжан ақыннан үйренуіміз керек.

–  Әбеке,  Сізге  ел-жұртыңыз  сенім  артып,  Қазақ  ССР  халық 



депутаттығына  кандидат  етіп  ұсынып  отыр.  Егер  жолыңыз  болып, 

рсспублика  парламентіне  мүшелікке  сайлана  қалсаңыз,  қандай 

мәселелерге айрықша назар аударар едіңіз!

–  Әуелі  республика  парламентінде  қазақ  тіл  білімінің  бір  өкілі 

болуын қажеттілік деп санаймын. Ал өз басым қазақ тілінің жоғын іздеп, 

барын базарлап, елдің биік өресін аласартпай сақтап қалу жолында бұдан 

былай да жалықпай еңбектене беремін.

– Рахмет Әбеке! Сайлауда жеңіске жетуіңізге тілектеспіз.

«Алматы ақшамы», 1990. 25 наурыз. (Сұхбаттасқан Қ.Әбішев).

Ойлан, Олжас!

Ана  тіліміздің  ары  мен  абыройын  әр  кез  қызғыштай  қорып  келе 

жатқан  атақты  академик  ағаның  ақиық  ақын  інісіне  жолдаған  сәлем 

хаты  редакция  қоржынында  бір  айдан  астам  уақыт  жатып  қалды. 

Ондағы себеп: әңгіме қанша адал, сөз қанша салмақты болса да, сайлау 

алдындағы  науқанның  әдебінен  аттағанды  жөн  көрмедік.  Енді  сайлау 

өтіп,  хат  арналған  адам  парламентке  мүше  болып  сайланғаннан  кейін 

асыл  ой  арнасын,  ойлы  сөз  орнын  табар  деген  сеніммен  мақаланы 

жариялап отырмыз.

Тағы да Ана тіліміздің тағдыры тәлкекке түсіп, ғұмырына қауіп төне 

бастады, халайық! «Мың өлім, мың тірілу» аз болғандай, тағы бір нәубет 

алдымыздан елес беретін сияқты. Қол жайып, сұрап алған Ата Заңымызбен 

айғақталған  Ана  тіліміздің  биік  мәртебесін  аяқасты  қылудан  ел-жұрт 

болып бүгін қорғап қалмасақ, ертең тым кеш болады, қапыда қалып, өкініп 

жүрмейік. Енді ғана еңсесін көтеріп, халқына қызмет ете бастаған тілімізге 

баяғы таз телпегін қайта кигізсек, онда тарих бізді кешіре қоймас.

Мұны  бізге  айттырып  отырған  –  ай-күннің  аманында  үрей  тудыру 

ниеті емес, кейінгі кезде үдей түскен тіл төңірегіндегі неше алуан жайсыз 

әңгімелер  мен  қисынсыз  әрекеттердің  күндердің  күнінде  бір  пәлеге 

ұшыратып,  опық  жегізетінін  шындап  сезіне  бастаған  мазасыз  көңілдің 

шынайы сыры, жүректің әмірі.

Бұл әңгіменің басын мен бірден Олжас ініме (Омарұлы Сүлейменовке) 

тірегім  келеді.  Ашық  хат  жазып,  ағынан  жарылып  жатқан  жазушы 


195

қауымының  үлкенді-кішілі  өкілдеріне  Олжекеңнің  қайтарған  жауабын 

оқып,  қарным  ашқандықтан,  не  де  болса,  пікірімді,  «әділдігін  өзі  айтар» 

деген үмітпен, қалың жұрттың төрелігіне ұсынуды мақұл көрдім.

Бұрын да, қазір де бізде дәстүрге айналған бір әдет бар, ол – белгілі бір 

әлеуметтік топтармен мемлекет «мүддесіне» байланысты кейбір қоғамдық 

құбылыстар  мен  этносаяси,  этнодемографиялық,  географиялық,  т.б. 

ұғымдарды табиғатына сай өз атымен емес, жасанды атауларымен атауға 

дағдылану. Мәселен, кезінде «совет халқы» деп келдік (бұл «американский 

народ»  деген  үлгіден  мүлдем  басқа).  Осы  дәстүр  бойынша  «Қазақстан 

халқы» деу де дәл емес, өйткені мұнда бір ғана халық тұрмайды. Әр түрлі 

ұлт өкілдері көп те, ұлт біреу – қазақтар бола тұрса да, «көпұлтты Қазақстан» 

деп  қалыптастырдық.  «Қазақстан  Республикасы»  деп  алудың  да  қисыны 

жоқ  еді,  «стан»  көрсеткіші  тұрғандықтан,  «республика»  қайталау  болып 

саналады. Ал «жергілікті халық» дегеннен «тек қана қазақтар» деген ұғым 

шықпайды.

Сондықтан бұл тіркесті ғасырлар бойы Қазақстанда жасап келе жатқан 

халықтардың бәріне қатысты деп ұққан жөн.

Міне, осы тәрізді жасанды атаулардың бірі – «орыстілділер». Жалпы, 

бұрын да қолданылатын бұл терминнің өз басында тұрған пәлендей жамандық 

жоқ. Ол, әдетте, «англоязычные», «арабоязычные», «тюркоязычные» сияқты 

терминдердей,  ағылшын,  араб,  түркі  тілдерінде  ғана  сөйлейтін  олардың 

байырғы иелеріне, не осы тілдерде ғана сөйлейтін басқа этностық топтарға 

қатысты (мәселен, ағылшын тілді негірлер түрінде) айтыла береді.

Ал  «орыстілділер»  атауының  бүгінгі  «статусына»  келсек,  ол  алғаш 

Балтық жағалауындағы республикаларда тұратын және жергілікті (латыш, 

эстон,  литва)  халықтардың  тілін  білмейтін,  іс  жүзінде  қолданбайтын 

орыстарға  қатысты  айтыла  бастап  еді,  КСРО-ның  құлап,  ұлттық 

мемлекеттердің  бой  көтеруіне  байланысты,  оның  мағыналық  ауқымы, 

қолданыс аясы тез кеңейіп, саясаткерлердің арқасында сан алуан астарлы 

мағынасы  пайда  болып,  саяси  салмағы  ауырлай  түсті.  «Орыстілділер» 

термині бүгінде заң ұғымына айналып, мемлекеттік, тіпті мемлекетаралық 

қатынас тілі мен ресми құжаттарда жиі қолданылатын болды. Ал ұлтаралық 

қатынасты ушықтыру арқылы кез келген жиында сөйлеп, өзіне саяси ұпай 

жинаушылар  бұл  сөзді  ұлтаралық  саясатта  өзіне  ұран  қылып  алды.  Тек 

ол  ғана  емес,  кейбір  ұлтшыл-шовинистер  республикадағы  негізгі  қазақ 

халқының қайткенде де беделін түсіріп, меселін басу үшін, «Қазақстанда 

орыстілділер 60 процент» деп, олардың көп екендігін айтып, қоқан-лоққы 

жасамақшы да болады.


196

Сонда,  Қазақстанда  «орыстілділер»  кім  болғаны?  Шын  мәнісінде, 

этнолингвистикалық принцип бойынша, «орыстілділерге» орыстар ғана 

жатады.  Ал  Қазақстанда  жасайтын  халықтардың  қалғаны  (оның  ішінде 

орыс тілін 100 процент білетін украин, белорус, кәріс, немістер, сондай-ақ 

99 процент білетін қазақтар мен басқа халықтар) «орыс тілін білетіндер» 

санатына жатуға тиіс.

Популистік  мүддеге  байланысты  бұл  ұғымдарды  шатастырып, 

қарапайым  халықтың  басын  қатыру  –  ұлтаралық  қарым-қатынасты 

саналы түрде шиеленістіру. «Ой-бай, «орыстілділерді» құрметтемесеңдер, 

олардың айтқанын істемесеңдер, қан төгіс болуы ықтимал, қырып тастауы 

мүмкін» деп, елдің үрейін ұшырушылар бүгінде арамызда аз емес.

Басқалардың  жөні  бөлек,  ал  дәл  осы  себептерді  көлденең  тартып, 

«екінші  мемлекеттік  тілді  алмасаңдар,  бір  пәленің  болғаны,  болғаны..!» 

деп,  қазақ  қандастарының  үрейін  ұшырып,  ультиматум  қойып  отырған 

Олжас інімізге не жорық?! Өз басым осыны түсіне алмадым.

Ал орыс халқының атынан реті келсе де, келмесе де сөйлеп, өздерін 

оның  қамқоршысы,  көсемі  етіп  көрсетуге  тыраштанып  жүрген  ат 

төбеліндей  саясаткерлердің  Қазақстанда,  кешегі  тоталитарлық  заманда 

қалыптасып  қалған  этнодемографиялық  жағдайды  (ситуацияны)  тілге 

тиек  етіп,  қайта-қайта  тіл  төңірегінде  әңгіме  қобыратып,  орыс  тілін 

екінші  мемлекеттік  тіл  ретінде  тықпыштай  беруі,  сайып  келгенде, 

тілге  байланысты  емес,  ағайын,  саяси  билікті  көксеуге  байланысты, 

көптен  қалыптасып  қалған  өктемдікті  сақтап  қалудың  қамы.  Әрине, 

тұғырдан түсу оңай емес. Ал кеше ғана қазақ тілін көзіне ілмей келген 

әлеуметтік  топтардың  бүгін  бір-екі-үш  жылдың  ішінде  мемлекеттік 

тіл мәртебесін мойындай қоюы, әрине, оңай емес. Сондықтан да орыс 

тілінің «ұлтаралық қатынас құралы» деген статусын, мемлекеттік тілден 

кейін тұратын, қолданыс аясы мен қызмет ауқымы онымен бірдей болып 

отырған  бүгінгі  жағдайын  місе  тұтпайтын  кейбіреулердің  байбаламы 

аттан түссе де, үзеңгіден аяғын босатқысы келмейтін кешегі атқамінер, 

мансапқорлардың  тірлігіне  ұқсайды.  Бір  өкініштісі  –  осы  бір  қарбалас 

топтың арасында Олжастың да жүруі.

Әрине,  мәселе  Олжастың  өз  басында  ғана  емес,  ұлттық  мүддеде, 

қазақ  тілінің  тағдыры  тәуелсіз  мемлекетіміздің  болашағымен  бірге 

безбен  басына  түсіп  отырған  бүгінгі  бір  алмағайып  кезеңде  Олжас 

сияқты  абырой-атағы  жер  жарған,  халқының  біртума  ұлдарының  ел 

алдындағы азаматтық парызын, ана тілі алдындағы перзенттік борышын 

қалай ақтауында болып отырған жоқ па?


197

Олжас – шын мәнісінде көрнекті тұлға, табиғатынан дарынды жан. 

Оның барлық өмір-тіршілігі, игілікті істері мен небір тамаша қасиеттері 

баршаға мәлім. Дарынды ақынның шығармалары орыс тілінде жазылса 

да, одан қазақ даласының иісі аңқып, қазақ даналығының рухы білініп 

тұрады.  «АЗ  и  Я-ны»  жазған  Олжасты  қазақ  қана  емес,  бүкіл  түркі 

халықтары  ойшыл  ғалым,  батыл  зерттеуші,  түрікжанды  азамат  деп 

бағалады.  Моңғолиядағы  орхон-енесей  тас  жазба  ескерткіштерін 

қорғап  қалу  мәселесін  ЮНЕСКО-да  сөз  етуі  Олжастың  шынайы 

отаншылдығын  таныта  түсті.  «Семей-Невада»  қозғалысын  басқарып, 

елімізді  ядролық  апаттан  сақтап  қалудағы  қайсар  әрекеті  оның  зор 

қоғам қайраткері екендігін жер жүзіне паш етті, т.т.

Айта  берсе,  Олжасқа  тән  мұндай  ізгі  қасиет  көп-ақ.  Сондықтан 

да  болар,  оны  кезінде  дарындылығы  үшін,  отаншылдығы  үшін, 

ұлтшылдығы үшін айыптаушы аз болған жоқ.

Ал    қайнаған  өміріміздің  барлық  саласына  қызу  араласып, 

халқының  құрметіне  бөленіп  келген  Олжас  інімізді  қасиетті  ана 

тіліміздің  тағдырына  байланысты  біз  қай  қырынан  көріп  келеміз? 

Кешегі  Колбин  заманында  қазақ  тілінің  тағдыры  мен  болашағы  үшін 

барша саналы азаматтар мен зиялы қауымның өкілдері түгел атсалысып, 

«оны сақтап қалудың бірден-бір жолы – оған мемлекеттік мәртебе беру» 

деп, жанталаса күресіп жатқанда, біз Олжасты олардың арасынан таба 

алмай  қиналдық.  Несін  жасырып,  мәймөңкелетеміз:  Колбиннің  «тіл 

саясатын» қолдап, «Қазақстанда мәңгі-бақи мемлекеттік қос тілділіктің 

негізін  қалаймыз»  деп  белсене  кіріскен  қазақ  зиялыларының  бірі 

болып, Олжас та «қос тілділік» жөнінде мақала жазса, енді біреулері 

қазақ тілі өз бетінше мемлекеттік тіл бола алмайды немесе «қазақ тілі 

орыс  тілімен  қатар  тұрғанда  ғана  мемлекеттік  тіл  бола  алады»  деп, 

ақылгөйсіді.

Дегенмен,  іштей  қасарысушылар  мен  ашық  қарсыласушылар 

қаншама тыраштанса да, ел-жұрттың талабымен қазақ тілі мемлекеттік 

мәртебе алды ғой. Қалың жұртшылықтың санасын оятып, ана тіліміздің 

қадір-қасиетін көтеру мақсатымен құрылған респубикалық «Қазақ тілі» 

қоғамы, оның үні – «Ана тілі» апталығы және миллионға жуық тілдің 

шынайы жанашырлары және бұларға келіп қосылған ресми мекеме – 

Тіл комитеті – бәрі де күні бүгінге дейін қазақ тілінің мәртебесі үшін 

әлі де сол қарсыластармен күресумен келеді. Бұл күресті ана тіліміздің 

мемлекет тілі ретінде мерейі үстем болып, өзінің биік тұғырынан толық 

көрінгенінше жүргізе бермекшіміз.


198

Алайда бүгінгі жағдай, тіл төңірегінде қайтадан қаулай түскен қарбалас 

тіл  жанашырларын  қатты  алаңдатады.  Сексенінші  жылдары  өз  мұратын 

«Тауларды аласартпай, даланы асқақтату» деп ұрандатып, қазақ тілін орыс 

тілінің  дәрежесіне  көтеруге  әрекеттенген  Олжастың  бүгіндері,  керісінше 

ұран тастауы біздерге түсініксіз.

Бұл  пәлсапаның  мәні  жөнінде  ойланып  қарайықшы.  Біріншіден,  биік 

таулар символынан біз жалпы орыс мәдениетін, орыс тілін аңғарсақ, оларды 

аласарту кеше де, бүгін де, ешқашан да мүмкін емес. Олай деп ойлаушылар 

да жоқ. Екіншіден, «даланы асқақтату» дәрежесіне жеткізу деп түсінсек, ол да 

арман ретінде ғана айтуға болатын, бірақ іске асыру қиыннан қиын дүние ғой! 

Олжастың ашық хатқа жауабын біз дұрыс түсінсек, ол енді Қазақстандағы 

орыс тілін «мәртебесі биіктеп кеткен» (?!) қазақ тілінің дәрежесіне көтерумен 

шұғылданбақшы. Ау, ағайындар, қазақ тілінің қазірше жалғыз қағаз жүзіндегі 

мәртебесі болмаса, орыс тілін теңестіретін, бәсекелестіретін қандай қасиеті 

бар?  «Осынау  бір  қарапайым  шындықты  Олжас  білмей  немесе  ана  тіліне 

жаны ашығандықтан айтып отыр» дегенге өз басым сенбеймін. Сенбейтін 

себебім: ол қазақ тіліне жалпы қамқорлық жасағаны болмаса (1986-жылғы 

Ғ.Мүсірепов бастаған тіл туралы мәжіліс – соның бір кепілі), Олжас ініміз 

басқалардай оның ыстығына күйіп, суығына тоңа қойған жоқ.

Сөзіміз дәйекті болу үшін бір мысал келтіре кетейік.

1992-жылы Мұқтар Шаханов пен Олжас Сүлейменовтер басшылығымен 

Халық конгресі партиясы құрылды. Оны құрарда Мұқтар республикалық 

«Қазақ тілі» қоғамының жәрдемін сұрады. Қолдан келген жәрдемнің бәрін 

жасадық.  Он  тоғыз  облыстағы  ұйымдардан  өкілдер  сайланып,  бірінші 

құрылтайын  өткізуге  белсене  атсалыстық.  Жиналысты  Олжас  орысша 

басқарып,  Мұқтар  партияның  міндет-мақсаты  жөнінде  қазақша  баяндама 

жасады. Шынын айту керек, «Қазақ тілі» қоғамы атынан келген елуден астам 

өкілдер жиналыстың барысына онша қанағаттанбады. Өйткені олар күткен 

тіл проблемасы жөнінде ауыз тұшырлық пікір айтылмады. Сондықтан да 

болар біздің делегаттар үзіліс кезінде мені қоршап алып, партияны қолдау-

қолдамау жөнінде пікір алысуды талап етті. Ақылдаса келе келешек жаңа 

парламентте Қазақ мемлекеттік тілінің мүддесін қорғау үшін қоғамның да 

ХКП қатарында болуы қажет деп таптық.

Өкінішке орай, біздің бұл сеніміміз ақталмады. Олжас бастаған ХКП 

өз күйін күйттеп, қазақ тіліне ту сыртын көрсете бастады. Көп адам (оның 

ішінде өзім де бар) бұл партиядан бас тартуға мәжбүр болды. Партияның тіл 

саясаты туралы келісімге келе алмайтындығымызды ашық айтып, газеттерге 

де жаздық.


199

Ол  саясат  қандай  еді?  Бұрын  да,  ХКП  бірінші  съезінен  кейін  де 

басылып шыққан Олжастың сөзімен айтқанда: мемлекеттік тілдің дамуын 

жеделдетудің, қолданыс аясын кеңейтуге асығудың қазіргі экономикалық 

қиын  жағдайда  қажеті  жоқ;  алдымен  қарнымыздың  тоқтығын, 

көйлегіміздің көктігін ойластырайық, тіл қайда қашар дейсің... (?!). Чекке 

қолыңды қазақша қой, орысша қой, одан не пайда – бәрібір алатын ақша 

жоқ... дегендей пікірлер айтылды.

Бұл,  әрине,  қазақ  тілін  дамытуға  ешкімді  де  ынталандыра  қоятын 

«тұжырым»  емес  еді.  Қазақ  тілінің  қоғамдық  жанашырлары  Олжасты 

ылғи  да  осы  бір  қырынан  көріп,  көңіл  қыжылы  күшейіп,  іштей  тынып, 

ішқұса болып жүргенін қашанғы жасырсын. Тек олар ғана ма?

Тарихта қалар кешегі Желтоқсан күндері алаңда таяқ жеп қансыраған, 

басы жарылып, шашы жұлынған қазақтың қара көз ұлы мен қыздары жаны 

қиналғанда:  «Олжас,  аға,  қайдасың?!»  –  деп,  жанұшыра  айқайлаған  үні 

құлағымызда әлі тұр. Олжасты жастар жанындай жақсы көретін қамқоршы 

ағасы болғандықтан іздеді ғой! 

Замана өзгеріп, енді санасы оянып, ана тілінің қадір-қасиетін ұға 

бастаған сол жастар Желтоқсаннан кейін де, қазақ тілінің тағдыры қыл 

үстінде тұрған қиын сәттерде Олжасты тағы іздеді. Бірақ Олжас ағасы 

«бізге  қос  тіл  керек»  деп,  үзілді-кесілді  пікірін  айтты  да,  қоғамдағы 

әңгімеден  аулақ,  томаға-тұйық  қала  берді.  Өз  болашағын  ана  тілі 

арқылы ғана бағдарлай  бастаған албырт та зейінді қазақ жастары Олжас 

ағасын әңгімеге тартып та көрді. Әншейінде    Олжас  сөзін  сілтідей 

тынып тыңдайтын жастардың жиналыстың аяғына қарамай (медицина 

институтының залында), тарқап бара жатқанын (теледидардан) көргенде 

«ұят болды-ау, әй, енді Олжас ойланатын шығар, қазақ тіліне көзқарасын 

өзгертетін шығар», – деп, ойладық. Ол Желтоқсан оқиғасынан кейінгі 

жылдар еді. Міне, қазір 1994-жыл. Бірақ осы бір жылдар ана тіліне деген 

Олжастың көзқарасын, көріп отырғанымыздай, өзгерте қоймаған екен. 

Неге? «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана құрметтемейді» деген еді ұлы 

Ғабең (Мүсірепов). Олжас олай емес қой. Ана тілінің алдында дана да 

бала  емес  пе?  Өйткені  ол  –  халқымыздың  қасиетті  дүниесі.  Илаһим, 

жақсы  көретін  абзал  ініміз  қасиеттіміздің  киесіне  ұшырай  көрмегей 

деп  тілейміз.  Ана  тілінің  алдында  жер  жүзін  жаулап  алған  жиһангер 

де,  дүйім  елді  аузына  қаратқан  қаһарлы  хан  да,  данагөй  абыз  да 

аттан  түсіп  басын  иген.  Олжасқа  да  осыны  айтқымыз  келеді,  даланы 

асқақтатсаң да, өзің асқақтама дегіміз келеді. Осы ыңғайда дарынды  

ақынымыз Қайнекейдің «Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз. 


200

Асып-тасып, ақыры сасқанды да көргенбіз!» деген жолдары еске түседі. 

«Ойлан, Олжас!» деп ағалық айтуымыз содан.

Олжастың  барша  жақсы  қасиеттері  бір  төбе  де,  ана  тіліне  деген 

көзқарасы – бір төбе.

Рас, тілге байланысты Олжас ойы мен логикасының бір парасына 

бәріміз  де  қол  қоямыз.  Ол  –  «қай  тілдің  болмасын  дамуы,  көркеюі 

тек  бейбіт  өмірде  ғана  мүмкін,  ұлтаралық  жарастыққа  байланысты» 

деген пікірі. Шынында да солай ғой. Ата Заңымызда да, Президентіміз 

Нұрсұлтан  Назарбаевтың  ұстанып  келе  жатқан  ұлттық  саясатында 

да  осы  принцип  қатал  сақталуда.  Көре  алмай  жүрген  көп  «дұшпан» 

мен күндеушілеріміздің – қайткен күнде де ши шығарып, біздің елдің 

шырқын  бұзуға  тырысатыны  да  қазақ  топырағындағы  осынау  бір 

тыныштық пен татулық емес пе?

Біле  білсек,  тіл  заңындағы  басқа  туыстас  республикаларда 

кездеспейтін  басы  артық  «кеңшіліктердің»  біразы  осы  бейбітшіліктің 

кепілі  іспеттес.  Мәселен,  Ата  Заңымызда  (8-бапта)  жазылған  төрт 

сөйлемнің  үшеуі  орыс  тілі  мен  басқа  тілдердің  беделін  көтеруге 

бағышталса,  Тіл  туралы  Заңымыздың  34-бабының  22-сі  орыс  тілін 

мадақтауға, оның мемлекеттік тілмен терезесі тең екендігін дәлелдеуге 

арналған.

Осыдан кейін де «ой-бай», «орыстілділерді» құртатын болды, тіл 

білмейсің деп қуып жатыр!» деп байбалам салып, жер жүзіне жаюшы 

пысықай  саясаткерлерге:  «Тоқтат,  не  көкіп  жүрсің?»  –  дейтін  Олжас 

секілді  орыс  қауымына  беделді  азаматтар  қайда?  Княгинин,  Щеголихин 

сияқты парасатты орыс азаматтарының арамызда көбірек болғаны жақсы-

ау. Ертеңгі күні жаңа парламенттің жағдайы не боларын алдын ала айту 

әзірге қиын. Дегенмен сайлау алдындағы кейбір «үміткерлердің» – екінші 

мемлекеттік тілдің болуын қалаймын», деп тақылдағандарды қалай ұмыта 

қоюға болады?! Ал енді солардың қатарында тұрып Олжастың және басқа 

өз қандастарымыздың отқа май құюын халық қалай қабылдар екен?

Менің  жақсы  білетінім:  тіл  саясатына  қанша  экономикалық 

қиыншылық болса да тыныштық пен бейбіт өмірді қалайтын қарапайым 

халық, әдетте, байсалдылықпен қарайды. Бұл мәселені ушықтыратын, сол 

арқылы орыстардың өздерін ғана емес, жалпы «орыстілділердің» намысын 

оятып, арқасын қоздыратын – тағы да сол «топ жинап, топар сайлауға», көп 

алдында сөйлеп, өзіне саяси ұпай алуға жаны құмар кейбір көсемсымақтар, 

тарысы  піскеннің  тауығы,  сыңаржақ  саясаткерлер.  Олжасты  «осылардың 

арасында болмаса екен» деп тілейміз, ал халыққа: «ондайлардың жел сөзіне, 


201

мылжыңына сене бермеңдер!» – дегіміз келеді. Қазақстанда орыс ұлтының 

0,5  проценті  ғана  Қазақ  мемлекеттік  тілін  ептеп  біліп,  ал  қазақтардың 

99 проценті орыс тілін жақсы меңгеріп отырған жағдайда қай тілдің қай 

тілден  қағажу  көріп  отырғанын  түсіндіріп,  елді  үгіттеудің  қажеті  жоқ. 

Мүмкін,  мұның  бәрі  бүгінгі  «демократияның»  тым  жалпақшешейлік 

мінезінен  де  болар.  Жә,  ондай  өткелек  күндердің  өтпелі  мінезінен  де 

арылармыз. Мүмкін, оларға мемлекетімізде әй дер әже, қой дер қожаның 

болмағандығынан  болар.  Бірақ  бізге  жаңа  парламент  мінберіне  бір 

шығуды арман ететін үміткерлердің бүгін айтып, ертең ұмытып кететін 

сөзінен  «қой  үстіне  бозторғай  шырылдатам»  деген  сайлау  алдындағы 

уәдесінен  бейбіт  өмір,  қалыптасқан  халықтардың  ымыра-достығы 

қымбат та нақтылы.

Сөзімнің  ең  соңында  Олжас  ініме  тағы  бір  айтарым:  ұлтжанды 

болудан қорқудың қажеті жоқ!!! Санамызды сан қияға жетектеп, бірде 

қуантып,  бір  үрейлендіріп  келген  отаншыл  (патриот)  космополит, 

интернационалист  (ұлтарашыл  десе  де  болады),  халықшыл,  ұлтшыл, 

түрікшіл  (пантюркист).  исламшыл  (панисламист),  тураншыл 

(пантуранист), орысшыл, славяншыл, шовинист сияқты ұғымдарды қайта 

қарап,  шынайы  мағынасын  анықтайтын  дәуір  алдымызда.  Олжастың 

өз  басы  да,  басқалар  да  бұл  «құбыжықтардың»  біразын  өз  басынан 

өткізгенін білеміз. Біле тұра өз сөзінде «радикал-ұлтшылдар» деген сөзді 

жиі-жиі қолданатын болыпты. Кімдер олар?

Бүгінде  қазақ  қауымының  түсінігінде  ұлтжанды  болу,  кешегі 

жаманшылықтың  табы  сақталғандықтан  ба,  әйтеуір,  ұлтшыл  болудан 

ел  жүрегіне  етене  («балажанды»  сияқты,  ұлтын  ерекше  жақсы  көру) 

жақын сияқты. Ал, енді, бүгінгі интернационалисті ең алдымен өз ұлтын 

сүймейтін, «ұлтарашыл» мағынасында түсіну қиын. Сондықтан мұндай 

тым сыңаржақ интернационалист болуға уағыздау қалай болар екен?!

Отаншыл (патриот) деген де жақсы ұғым. Бірақ оны да дұрыс түсіну 

керек. Шоқанша түсінсе тіпті жақсы. Кезінде Шоқан: «Менің патриоттық 

сезімім  ірбіт  сандығындай  («матрешка»  сияқты  бір  сандықтың  ішінде 

бір сандық, оның ішінде тағы сандық), мен ең алдымен өз отбасымды, 

туған-туыстарымды  қадірлеймін,  одан  соң  ауыл-аймақ,  ел-жұртымды, 

руластарымды, одан соң өз халқымды, одан соң сібір орыстарын, Россия 

жұртын қадірлеймін» деген екен. Ол үшін Шоқанды «шынайы патриот 

(отаншыл) емессің деп айыптауға бола ма?

Ана тілің – өз ұлтың. Сондықтан да: «Мен ана тілімді қорғаймын, 

оның алдындағы перзенттік парызымды қайткенде де ақтауым керек!» 


202

– деген адамды ешкім де, ешқашан да айыптауға аузы бармайды. «Басқа 

тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» – деген Қадырдың сөзіне де құлақ 

асайық, халайық! Олжас ініме де осыны айтам.



«Егемен Қазақстан», 1994. 29 наурыз.


1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   45


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал