ІІІ. Жаңа сабақты бекіту. 1.Тарих дәстүрі қазіргі заманда тек қана тарих ғылымының емес сонымен қандай зерттейтін ғылымдар әдіснамасының құрамды бөлігіне айналды?
2. Ақселеу Сейдімбектің қандай еңбегін айтпасқа болмайды?
IV. Қорытындылау 2 – сабақ
Сабақтың тақырыбы: Тарихтың бесаспа зергері
Сабақтың мақсаты: Білімділік: Ауызша тарихтың бесаспа зергері туралы мағлұмат алады.
Сабақтың барысы: а) Ұйымдастыру кезеңі
ә)Жаңа сабақ
Қазақтың қолы тәуелсіздікке жеткелі дәстүрлі тарихпен әуестенушілер көкмайса көктемде көкті көмкерген бәйшешектей кең өріс жайды. Кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында «аузынан ауыздығы» алынбай, тежеулі өмір кешкен қазақ тарихшылары ойланып-толғанып, өздеріне-өздері келіп, өзіндік мүмкіндіктерін танытқанша әдебиет пен өнерге жақын қазақ зиялылары дәстүрлі тарихымыздың кейбір маңызды бағыттарында айтарлықтай аршынды қадамдар жасап үлгерді. Солардың арасында кескін-келбеті, өзіндік дара болмысы қазақ сал-серілерінің еңселі тұлғасын еріксіз еске түсіретін Ақселеу Сейдімбек қазақтың этникалық болмысының білгірі ретінде тұлғалана түсті.
Бұрындары да өзінің әртүрлі прозалық шығармаларында, «Күмбір-күмбір күмбездер» тәрізді тарихи танымдық очерктер шоғырында, тамыры терең тылсым тарихтан бастау алатын қазақ дәстүр-салтының сан қырлы қатпарларын нәзік сезімталдықпен қозғап, толғана жазған ғылыми мақалаларында, ата-бабаның бесаспап өнерінен бастау алған ғажайып күй саздарының таңғажайып сырларын тербете зерттеген монографияларында және тағы да басқа әртүрлі мәдени тағылымның аса маңызды мәселелерін қозғап, оларға тың деректер мен тұжырымдар қосып, сонымен бірге өзінің осы бағыттардағы қызықты да, тың да, жаңашыл пікірлері мен тұжырымдарын әрқашан оқырманға ұсынып дағдыланған жазушы тәуелсіздік тұсында біржолата этнографиялық зерттеулерге бет бұрып, осы бағытта елге жақсы танымал, дарынды білгір ғалымның деңгейіне көтеріліп үлгерді. Бұрындары Ақаңның жазғандарын қалың қазақ ортасында өзіндік тәлім-тәрбие алған, ұлттың қанықты рухына мейлінше суарылған, тарихи танымды қызыға насихаттаушы талантты журналшының өзіндік әуесқойлығы ретінде қабылдап, жаратушының өзі ғылыми-зерттеуге бейім етіп жаратқан оның ерекше қасиеттерін аңғара қоймаған тарихшы-этнографтардың өздері де Ақаңның осы бағыттағы іргелі зерттеулерінен кейін оны өзіндік ғылыми кескін-келбеті, өзіндік бедерлі ғылыми соқпағы бар этнолог-тарихшы ретінде қабылдай бастады. Осы айтылғандардың нақты көрінісінің және жарқын үлгісінің бірі – қазір қолымызға ұстап отырған «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбек. Бұл кітап өзінің ішкі құрылымы, жазылу стилі және көтерген мәселелері, сондай-ақ ғылыми бағыттары жөнінен өзінен бұрынғы этнографиялық мазмұнда жарық көрген зерттеулердің ешбіріне ұқсамайды. Зерттеу іргелі-іргелі бес тараудан тұрады. Оның алғашқы тарауы «Шежіре және тарих» өзіндік тың да, жаңа көзқарастарға толы. Онда елтану мектебі, тарихнама, этнология және ру-тайпа жүйесі, түркі ру-тайпалары және тарихи кезеңдер, қазақ шежіресіндегі уақыт табы және тағы басқа маңызды мәселелер нақтылана зерттелген. Егер Ақселеу Сейдімбекке дейінгі этнографтар, мысалы, дәлірек айтар болсақ, В.П.Юдин «далалық ауызша тарихнама» деген ұғымды пайдаланған болса, ал осы негізде А.Сейдімбек те шежірелік деректерді зерттеу барысында өзінің шежіре ішіндік зерттеу бағыттарын осы ДАТ-тың (далалық ауызша тарихнаманың) аясына сыйдырған болса, енді біз пікір айтып отырған еңбекте автор жаңа тұжырымдарға барып «қазақ шежірешілдігін» (шежіресін), шын мәнінде, «Қазақтың ауызша тарихы» («ҚАТ») деп атауға болады деген тың қорытындыға келеді. Автордың бұл жерде этнология ғылымындағы мүлде тың, жаңа пікірді ұсынып отырғанын аңғармау мүмкін емес. Шындығында да, қазақ шежіресі тарихи айналымға адами тұлғаларды нақты енгізетіндіктен және бүкіл шежірелік хикаялар нақты тарихи тұлғалардың ұрпақ жалғастығын бейнелейтіндіктен және мұның өзі әрқашан да ауызша тарих айту жолымен жүзеге асырылатындықтан, мұндай жаңа ұсынысқа, негізінен, келісуге болады. Әрине, ауызша тарихқа тек қана қазақ шежірешілдігі ғана жатады десек, тар өрісті пікір айтар едік. Тамыры тереңнен бастау алатын, ежелгі тарихи тұлғаны бүгінгі күнге көркемдеп те, айшықтап жеткізген әртүрлі аңыз-әңгімелер мен қиссалар, жыршыларымыз таңды таңға ұрып жырлайтын тарихи дастандарымыз бен тарихи жырларымыз, мысалы, Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» ауызша тарихтың адам таңданарлықтай ғажайып үлгісі емес пе?! Белгілі тарихшы-археолог Егоровтың «Историческая география Золотой Орды» деп аталатын іргелі зерттеу еңбегінде Қырымдағы Қырық ер қаласына байланысты қазба жұмысының қорытындыларын нақтылап айтқаны бізге белгілі. Қырық ер қаласын Шайбанның әскерінің қандай қиыншылықпен басып алғанын әйгілі ортағасырлық «Шайбани-нама» атты деректен де айқын аңғарған болатынбыз. Осыларды бір ауыз сөзбен қорытар болсақ, Мұрын жырау ауызша жырлаған тарихи ахуалдың шынайы тарихқа сәйкестігі назар аудартады. Ондағы айтылатын Шора Нәрікұлының өзінің ерліктері және бабаларының өмір тарихы орыс деректеріндегі жылнамалық мәліметтерге толық сәйкес келеді. Мұның бәрін айтып отырғанымыз, А.Сейдімбек әңгімелеп отырған қазақтың ауызша тарихы (ҚАТ) бүгінде қағазға түскен жазба тарихымызды жаңа деректермен толықтыратын және тарихтағы адам тұлғасының айшықты орнын айқындай және нақтылай түсетін, әсіресе, ежелгі және ортағасырлық тарихымыз үшін аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда зерттеушінің «қазақтың шежірешілдік зердесінде адам – тарихтың ең басты тұлғасы, ал адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші» деген қорытындысы, шынында да, бүгінгі тарихымыз үшін аса өзекті және маңызды. Мұны қазіргі кезеңде бізден гөрі ресейлік ғалымдар айқынырақ түсінгендей. Өйткені олар коммунистік жүйенің омақаса құлағанын жедел ескеріп, бұрын тарих ғылымында қалыптасқан «тарих – таптар күресі» деген принциптің орнына «тарих – адам қызметі» деген жаңа ұстанымды орнықтырып үлгерді. Мұндай жаңа методологиялық ұстанымның маңыздылығын жақсы түсінген А.Сейдімбек бұл мәселеде де өзінің хабардар екенін зерттеу еңбегінде айта кетуді ұмытпаған. Алдын ала айтарымыз, ғалымның қазақтың шежірешілдігін ауызша тарихтың аса маңызды көрінісі ретінде сипаттаған көптеген ұнамды пікірлерімен келісуге тура келеді. Өйткені шын мәнінде, автор қазақ шежірешілдігінің қыры мен сырын жақсы меңгерген, өзі де – осы салада нақты зерттеулерді көптеп өмірге келтірген дарынды зерттеуші. Ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмысында шежірелік деректерді жан-жақты талдап, жүйелеп, жинақтап, осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, әбден академиялық дәстүр аясында іздене жүріп қалыптасқан шежіретанушы ғалым осы – А.Сейдімбек.