Төртінші қарынша төбесінің, tegmen ventriculi quarti, жоғарғы және төменгі қабырғаларын ажыратады. Жоғарғы қабырғасын тақ жоғарғы ми желкені, velum medullare superius, және мишықтың жоғарғы аяқшаларының медиалды бөлігі құрайды. Мишықтың жоғарғы аяқшаларының арасында тартылып тұратын, қалыңдығы 0,5 мм-дей болатын ми табақшасы - жоғарғы ми желкені деп аталады. Оның ішінде жұлын-мишықтық алдыңғы жол талшықтарының қиылысы өтеді. Төртінші қарынша төбесінің төменгі қабырғасын төменгі ми желкені түзеді. Төменгі ми желкені, velum medullare inferius, эмбриогенездік артқы ми көпіршігінің қалдығы - жұқа ми табақшасынан тұрады. Бұл табақша ішкі жағында IV қарыншаның тамырлық негізін, tela choroidea ventriculi quarti, түзетін мидың жұмсақ қабығымен тығыз бітіседі. Тамырлық негіз IV қарыншаның қуысына қараған жағын жауып жатқан эпителийлік табақшамен бірігіп – IV қарыншаның тамырлық өрімін, plexus choroideus ventriculi quatri, түзеді. Бұл өрім ми-жұлын сұйықтығын өндіреді.Сонымен қатар ми-жұлын сұйықтығы IV қарыншаға ми-суқұбыры арқылы үшінші қарыншадан келеді. IV қарыншаның төменгі қабырғасында үш тесік: орталық тесік, apertura mediana (Можанди тесігі, foramen Мagendi) және жұп латералды тесік, aperturа lateralis (Люшка тесігі, aperturа Luschka) ажыратылады. Бұл тесіктер арқылы IV қарынша қуысы мидың торлы қабықастылық кеңістігімен байланысады, яғни ми – жұлын сұйықтығы IV қарыншадан торлы қабықастылық кеңістікке (мишық – ми цистернасына) өтеді. IV қарынша қуысы жоғарғы жағында – ортаңғы мидың суқұбырына, ал төменгі жағында – жұлынның орталық өзегіне жалғасады.
Ромбтәрізді шұңқырдағы бассүйек нервтерінің ядролары.
Ромбтәрізді шұңқыр аймағында: үштік, әкететін, бет, кіреберіс-ұлу және тіл-жұтқыншақ, кезбе, қосымша, тіласты бассүйек нервтерінің ядролары орналасады. Бұл шұңқырдың жоғарғы бөлігінде (көпірде) V, VI, VII және VIII, ал төменгі бөлігінде ( сопақша мида ) IX, X, XI және XII жұп бассүйек нервтерінің ядролары жатады ( 18 - сурет ).
18 – сурет. Бассүйек нервтерінің ромбтәрізді шұңқырдағы проекциясы.
1 - көз қозғалтқыш нерв ядросы; 2 - көз қозғалтқыш нервтің қосымша ядросы; 3 - шығыршық нерв ядросы; 4 - үштік нервтің ортаңғы милық ядросы; 5 - үштік нервтің көпірлік ядросы; 6 - әкететтін нерв ядросы; 7 - жоғарғы сілекей бөлетін ядро; 8 – жеке ядро; 9 – үштік нервтің жұлындық ядросы; 10 – төменгі сілекей бөлетін ядро; 11 – тіласты нерв ядросы; 12 – кезбе нервтің артқы ядросы; 13 – қосымша нерв ядросының бастық бөлігі; 14 - қосымша нерв ядросының жұлындық бөлігі; 15 – қос ядро; 16 – кірберіс ұлу нервінің ядролары; 17 – бет нервінің ядросы; 18 – үштік нервтің қозғалтқыш ядросы;
Бассүйек нервтерінің V жұбы, үштік нервтің, n.trigeminus, төрт ядросы бар, олардың үшеуі - сезімтал, біреуі - қозғалтқыш. Сезімтал ядролары:
1.үштік нервтің көпірлік ядросы, nucleus pontinus nervi trigeminalis, көпірдің артқы ( дорсалды) бөлігінде орналасқан;
2.үштік нервтің ортанғы милық ядросы, nucleus mesencephalicus nervі trigeminalis, ромбтәрізді шұңқырдан ортанғы миға жалғасып , суқұбырдың жанында орналасады ;
3. үштік нервтің жұлындық ядросы, nucleus spinalis nervi trigeminalis, көпірден басталып, сопақша ми арқылы өтеді де, жұлынның жоғарғы сегменттерінде (I-V) аяқталады ;
4. үштік нервтің қозғалтқыш ядросы, nucleus motorius nervi trigeminalis, ромбтәрізді шұңқырдың жоғарғы болігінде ( көпірде ) жатады.
VI жұп, әкететін нерв, n.abducens, оның әкететін нервтің ядросы, nucleus nervi abducentis, деп аталатын бір қозғалтқыш ядросы беттік төбешіктің (colliculus facialis) тереңінде орналасады.
VII жұп, бет нервінің, n. facialis, үш: сезімтал, парасимпатикалық және қозғалтқыш ядролары бар:
1. сезімтал ядросы: жеке ядро, nucleus solitarius, VII, IX, X жұп нервтерге ортақ болып, көпірде және сопақша мида орналасады. Бұл ядрода дәм сезімін өткізетін аксондар аяқталады;
2. парасимпатикалық ядросы: жоғарғы сілекей бөлетін ядро, nucleus salivatorius superior,деп аталады;
3. қорзғалтқыш ядросы: бет нервінің ядросы, nucleus nervi facialis, көпірде терең орналасады . Бұл ядродан шығатын нерв талшықтары жоғары (дорсалды) жүріп VI жұп нертің ядросын айналып өтіп, беттік төбешікті, colliculus facialis, түзеді.
VIII жұп, кіреберіс – ұлу нервінің, n. vestibulocochlearis,: 2 ұлулық, 4 кіреберістік - барлығы алты сезімтал ядросы бар. Олар ромбтәрізді шұңқырдың кіреберістік алаңында орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |