Алдыңғы ми Омыртқалылар эволюциясында алдыңғы мидың, prosencephalon, дамуына басты екі жағдай: 1) сезімталдықтың жетілуі (алдымен ішкі ағзалық және иіс сезу, кейін көру, есту және т.б.) – бұл организмнің сыртқы ортамен байланысының жақсара түсуін қамтамасыз етті және 2) омыртқалылардың құрғаққа шығуында үлкен маңызға ие болатын шартты рефлекстердің дамуы әсер етті. Құрлықтағы омыртқалылардың алдыңғы миының морфологиялық - қызметтік күрделенуі нәтижесінде ол: аралық және соңғы миларға бөлінеді.
Аралық ми Аралық мидың, diencephalon, келесі бөліктерін: таламустық миды, thalamencephalon, таламусасты аймағын, hypothalamus, және аралық мидың қуысы - ІІІ қарыншаны, ventriculus tertius, ажыратады ( 20 – сурет ).
20 – сурет. Мидың бөліктері.
1 – соңғы ми; 2 – аралық ми; 3 – ортаңғы ми; 4 – көпір; 5 – мишық; 6 – сопақша ми.
Таламустық_миға'>Таламустық миға, thalamencephalon: 1)таламус немесе көру төмпесі, thalamus; 2) таламусүсті, epithalamus және 3) таламусарты, metathalamus, жатады ( 21 – сурет ).
Таламус немесе көру төмпесі, thalamus, пішіні жұмыртқаға ұқсас келетін, сұр заттан түзілген, қыртысастылық сезім орталығы болып табылады. Оның бүйір қарынша қуысына қараған жоғарғы беті - латералды жағынан шекаралық жолақ, stria terminalis, арқылы құйрықты ядродан бөлініп тұрады. Оныңалдыңғытөмпешігі, tuberculum anterius thalami, және артқы кеңейген жастық, pulvinar, - деп аталатын екі бөлігі бар. Екі таламустың медиалды беттерінің ортасындағы саңылау түріндегі қуыс - III қарынша - деп аталады, бұл қуыста таламустарды таламусаралық дәнекер, adhesio intertalamica, байланыстырып тұрады. Таламус пен гипоталамустың шекарасында горизонталды гипоталамустық жүлге, sulcus hypotalamicus, өтеді. Бұл жүлге алдынғы жағында қарыншааралық тесіктен басталып, артқы жағында ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінде аяқталады. Таламустың алдыңғы, латералды, төменгі және артқы беттерінің барлығы дерлік (жастықтан басқалары) көрші аймақтардың милық затымен бітісіп кетеді.Жоғарғы және медиалды беттердің шекарасында таламустың милық жолағы, stria medullaris thalami, өтеді. Ол артқы жағында кеңейіп жүгеншік үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді.Таламуста 40-қа жуық ядролар бар, олардың ішінде алдыңғы, артқы, медиалды, латералды ядролар (nuclei anteriores, posteriores, mediales et laterales) , және т.б. ядролар ажыратылады. Таламуста жоғарылаған сезімтал (температура және ауырсыну, саналы проприцептивтік және т.б.) жолдар үзіледі де, мидың қыртысына барып аяқталады.
Таламустың ядроларының көбі соңғы мимен екі жақты байланысады. Жастықтың, латералды иінді дененің және ортаңғы мидың жоғарғы төбешігінің ядролары көрудің қыртысастылық орталықтары болып табылады. Сонымен, таламус организмнің сыртқы және ішкі ортадан алатын барлық дерлік афферентті импулстерінің қыртысастылық орталығы қызметін атқарады.
21 – сурет. Ми діңі.
1 – таламус; 2 – таламусаралық дәнекер; 3 – ІІІ қарынша; 4 – милық жолақ; 5 – жүгеншік үшбұрышы; 6 – эпифиз (томпақ дене) ; 7 – ортаңғы ми төбесінің жоғарғы төбешігі; 8 – медиалды иінді дене; 9 – ортаңғы мидың төменгі төбешігі; 10 – мишықтың ортаңғы аяқшасы; 11 – сопақша ми; 12 – ми аяқшасы, 13 – шекарлық жолақ; 14 – күмбез бағаны; 15 – құйрықты ядро.