Ортаңғы ми
Ортаңғы мидың, mesencephalon, құрамына ортаңғы мидың төбесі, tectum mesencephali, мен ми аяқшалары, pedunculi cerebri, кіреді. Олардың арасында ортаңғы мидың қуысы – суқұбыр (Силвий суқұбыры), aqueductus mesencephali (cerebri), орналасады.
Ортаңғы мидың төбесінде төрт төбешік: екі жоғарғы төбешіктер, colliculi superiores, және екі төменгі төбешіктер, colliculi inferiores, орналасады. Төбешіктер көлденең және бойлық жүлгелермен бөлінген, бойлық жүлгенің төменгі жағынан жоғарғы ми желкенінің жүгеншігі, frenulum veli medullaris superioris, шығады. Жүгеншенің бүйір жақтарынан оң және сол шығыршық нервтері, nn.trochleares , шығады. Әр төбешіктен латералды және жоғары бағытта олардың саптары деп аталатын анатомиялық құрылым шығады. Жоғарғы төбешіктің сабы, brachium colliculi superioris, таламус жастығының астымен өтіп, аралық мидың латералды иінді денесімен, ал төменгі төбешіктің сабы, brachium colliculi inferioris, медиалды иінді денесімен байланысады.
Ортаңғы ми төбешіктері сұр затының физиологиялық маңызы әртүрлі: жоғарғы төбешіктердің сұр қабаты көру анализаторының, ал төменгі төбешіктердің ядросы есту анализаторының қыртысастылық орталықтарының бірі болып табылады.
Төбешіктен жұлынға төбе – жұлындық жол, tr.tectospinalis, кетеді, ол суқұбырының астында қарама – қарсы жаққа өтіп, ортаңғы мидың дорсалды қиылысын (Мейнерт қиылысын) түзеді.
Ми аяқшалары, pedunculi cerebri, жуан, екі буылтық түрінде көпірден шығып, аралық миға енеді. Әр аяқшаның медиалды жиегінің астынан көзқозғалтқыш нерві, n.oculomotorius, шығады. Екі аяқшаның ортасында аяқшааралық шұңқыр, fossa interpeduncularis, орналасады. Бұл шұңқырда көптеген ұсақ тамырлар өтетін артқы тесіктелген зат, substantia perforata posterior, жатады.
Ортаңғы мидың көлденең кесіндісінде оның үш бөлігі көрінеді. (19 - сурет) Суқұбырдың үстінде - ортаңғы мидың төбесі,tectum mesencephali, суқұбыры мен қара зат арасында - ортаңғы мидың жамылғысы, tegmentum mesencephali, ал қара заттың астында – үлкен ми аяқшасының негізі,basis pedunculi cerebri, орналасады.
19 – сурет. Ортаңғы ми сызбасы.
1 – ортаңғы ми төбесі; 2 – ортаңғы ми жамылғысы; 3 – ми аяқшасының негізі; 4 – қызыл ядро; 5 – қара зат; 6 – көз қозғалтқыш нерв ядросы; 7 – көз қозғалтқыш нервтің қосымша ядросы; 8 – жамылғы қиылысы; 9 – көз қозғалтқыш нерв ядросы; 10 – маңдай–көпірлік жол; 11 – қыртыс-ядролық жол; 12 - қыртыс – жұлындық жол; 13 – шүйде-шеке-көпірлік жол; 14 – медиалды ілмек без; 15 – төменгі төбешік сабы; 16 – үштік нервтің ортаңғы милық ядросы; 17 – жоғарғы төбешік; 18 – ортаңғы ми суқұбыры; 19 – орталық сұр заттек.
Қара зат экстрапирамидалық жүйеге жатады, ол үлкен ми қыртысымен байланысады және тепе – теңдік сақтау қызметіне қатынасады.
Ми аяқшасының негізінде, basis pedunculi cerebri, құрамына негізінен пирамидалық жолдар кіретін төмендеген өткізгіш жолдар өтеді.
Үшінші ми көпіршігі қуысының қалдығы болып табылатын ортаңғы мидың суқұбыры, aqueductus mesencephali, диаметрі 0,3-0,5 мм болатын, эпендимамен қапталған түтік, ол мидың үшінші қарыншасы мен төртінші қарыншасын байланыстырып тұрады.
Суқұбырының айналасында орналасатын орталық сұр заттың, substantia grisea centralis, астында ортаңғы мидың жоғарғы төбешіктерінің деңгейінен басталып, жұлынның жоғарғы алтыншы сегментіне дейінгі аралықта медиалды бойлық буда, fasciculus longitudinalis medialis, өтеді. Бұл буда арқылы көзқозғалтқыш, шығыршық, әкететін, кіреберіс-ұлу және қосымша нервтер ядролары мен жұлынның алдыңғы мүйізінде орналасқан қозғалтқыш ядролардың байланыстары жүзеге асады. Осы байланыстары арқылы медиалды бойлық буда көз алмасы мен бастың үйлесімді қимылын қамтамасыз етеді. Бұл қызметтің дененің тепе – теңдігін сақтаудағы маңызы зор.
Медиалды бойлық буданың қасында, ми сабауы мен жұлынның вегетативтік ядроларының жұмысын үйлестіретін дорсалды (артқы) бойлық буда, fasciculus longitudinalis dorsalis, өтеді. Ортаңғы ми жамылғысының орталығында қызыл ядро, nucleus ruber, орналасады. Ол ортаңғы мидан аралық мидың артқы бөлігіне дейін өтеді. Қызыл ядро экстрапирамидалық жолдардың маңызды үйлестіруші, әрі реттеуші орталығы болып табылады, ол бұлшықеттердің санаға бағынбайтын жиырылу реттілігін (автоматты қозғалыстарды) және бұлшықеттердің тонусын қамтамасыз етеді . Одан төмендеген қызыл ядро-жұлын жолы, tr. rubrospinalis, басталады. Ол қарама – қарсы жаққа өтіп, жамылғының вентралды қиылысын (Форел қиылысын) түзеді. Бұдан басқа, қызыл ядро мишықпен, үлкен ми қыртысымен, қыртысасты ядроларымен, көзқозғалтқыш нервінің қозғалтқыш және қосымша ядроларымен, шығыршық нервінің қозғалтқыш ядросымен екі жақты байланыста болады. Ортаңғы мидың орталық сұр затында, суқұбырдың астында III және IV жұп бассүйек нервтерінің ядролары орналасқан. Жоғарғы төбешіктер деңгейінде III жұп, көзқозғалтқыш нервтің, n.oculomotorius, екі жұп ядросы: қозғалтқышы - көзқозғалтқыш нервтің ядросы, nucleus nervi oculomotorii, және парасимпатикалық ядросы – көзқозғалтқыш нервтің қосымша ядросы (Якубович ядросы), nucleus oculomotorius accessorius, орналасады. Қозғалтқыш ядродан шығатын нервтер көз алмасының көлденең жолақты бұлшықеттерін (қызметі санаға бағынатын), ал, парасимпатикалық ядродан шығатын нервтер көз алмасының бірыңғай салалы бұлшықеттері (қызметі санаға бағынбайтын) – қарашықты тарылтатын және кірпіктік бұлшықеттерді нервтендіреді.
Төменгі төбешіктердің деңгейінде IV жұп, шығыршық нервтің, n. trochlearis, ядросы, nucleus nervi trochlearis (қозғалтқыш), жатады. Бұл нерв бассүйек нервтерінің ішіндегі мидың негізінен емес, дорсалды бөлігінен – төменгі төбешіктердің артқы жағынан – шығатын жалғыз нерв. Сонымен қатар, бұл аймақта үштік нервтің ортаңғы милық жолының ядросы және торлы құрылым орналасады. Ортаңғы ми жамылғысында, қызыл ядроның латералды жағында жоғарылаған өткізгіш жолдар (медиалды ілмек – саналы проприоцептивтік сезім, латералды ілмек - есту жолы, жұлындық ілмек – ауырсыну және температура сезімі және т.б.) өтеді.
Сонымен, ортаңғы мидың жамылғысында негізінен жоғарылаған (афферентті) өткізгіш жолдар, ми аяқшасының негізінде тек төмендеген (эфферентті) өткізгіш жолдар өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |