Хасанов indd


 Парадигматикалық қатынастар



Pdf көрінісі
бет11/45
Дата06.01.2022
өлшемі2,5 Mb.
#12631
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   45
Байланысты:
Хасанов Ғ.Қ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы

1.7 Парадигматикалық қатынастар
Лексикалық  құрамды  зерттеу  барысында  көптеген  зерттеушілер 
қолданылмай  тұрған  сөз  бен  қолданылған  сөздің  мағыналарының 
әртүрлі өзгерістерге түсе бастайтынын байқайды. Мағынаның сөйлеу 
кезінде  құбылып,  әр  алуан  бояуларға  қаныға  бастауынан  оның 
осы  ерекшеліктерден  тұрақталатынын,  сонымен  бірге,  мағыналық 
түрлену  жүйесіне  ұшырау  ізін  байқаған  тілшілер  «тіл  және  сөйлеу 
тілі»  ұғымдарын  енгізген  болатын.  Лексикалық  жүйедегі  парадигма-
тика және синтагматиканың шығу негіздері «тіл мен сөйлеу», «жүйе 
мен мәтін» ұғымдарынан басталады. Синтагматикалық, ассоциативтік 
қатынастар  алғаш  Ф.де  Соссюрдің  ол  өмірден  өткен  соң  шәкірттері 
Ш.Балли,  А.Сеше  жарыққа  шығарған  «Жалпы  лингвистика  курсы» 
еңбегінде  айтылады.  Еңбектің  «Синхрониялық  лингвистика»  атты 
екінші  бөліміндегі,  «синтагматикалық  қатынастар  және  ассоциативті 
қатынастар»  атты  бесінші  тарауда,  тілдегі  сөздердің  мағыналарының 
ерекшеліктері  сөз  болады.  Ф.де  Соссюр  сөздердің  қатынасқа  түсу 
негізінде сөздер мағыналары тілдің өмір сүруіне қажетті адамның ой-
лау қызметінің екі түрлі формасына сәйкес келетін  қатынас болаты-
нын көрсетеді. ол былай деп жазады: «Бір жағынан, сөйлеудегі сөздер, 
тізбек құрап, тілдің көлбеулік сипатына негізделген, екі элементті қатар 
айтуға мүмкіндік бермейтін, өзара қатынасқа түседі. Сөйлеу кезіндегі 
тізбекте бұл элементтер бірінен кейін бірі орналасады. осындай көлбеу 
сипатқа негізделген тіркестер синтагмалар деп аталуы мүмкін. Тілдің 
элементі синтагмада болып, өзін өзінің алдындағыға немесе кейінгіге, 
немесе оған да мынаған да қарама-қарсы қоюы арқылы ғана мәнділікке 
ие болады» [3, 121]. Синтагматикалық қатынасқа түскен сөздерге ол мы-
надай мысалдар келтіреді: бәріне қарсы, адам өмірі, адам ажалды, егер 
күн жақсы болса, біз қыдыруға барамыз т.т. Ал ассоциативті қатынастың 
мәнін ол былай түсіндіреді: «Бір жағынан, сөйлеу процесінен тыс, жал-
пы өзара бірдеңеге ие сөздер, адам жадында ішінде әр алуан қатынастар 
байқалатын топтар пайда болатындай ассоцияланады. Мысалы, оқыту 
сөзі  санада  еріксіз  көптеген  сөздерді  туғызады  (оқыту,  тоқыту  және 
т.б., немесе: жазу, айқайлау, қарулану және т.б., немесе тағы: тәрбиелеу, 
ағарту және т.б.) бұлар, сол не басқа жағынан алғанда, бәрі де өзара бір 
ортақтыққа ие болады. Бұл қатынастың басқа түрде екенін байқау қиын 
емес. олар көлбеулікке сүйенбейді; олардың орны – ми, әр индивидтің 
тілін құрайтын сол қорды құрайды. Бұл қатынастарды біз ассоциативті 
қатынастар деп атаймыз» [3, 121]. Ф.де Соссюр көрсеткен бұл қатынас 
түрі бүгіндегі деривациялық қатынас түрі және парадигмалық қатынастар 
түріне келеді. Ассоциативтік қатынасты талдау барысында Ф.де Сос-
сюр сөз өзгеру парадигмасы терминін қолданып, лингвистикаға пара-
дигма терминін енгізеді [3, 123]. оның ойынша, қатынастың бұл түріне 
тілдегі тәртіптің белгісіздігі мен сөздер санының шексіз қолданылуы 
тән.  в.М.Солнцев  тілдегі  қатынастар  Ф.де  Соссюрге  дейін  де  зерт-
телген, тек ол бұл қатынастарды дәл анықтап, таратып, жүйелі түрде 
талдады дей келе, ассоциативті қатынастың тілдегі әртүрлі элементтері 
арасында  болатыны  себепті,  бұл  қатынасты  парадигматикалық 
қатынас деп есептейді [41, 65]. Ұқсас элементтер арасында пайда бо-
латын  тілдік  сипаттағы  қатынасты  парадигматикалық  деп  есептеу, 
тек  қолданысқа  түспеген  тілге  байланысты  болады.  Ал  қолданысқа 
түскен  тіл,  яғни  сөйлеуге  байланысты  логикалық  жүйеде  сөздердің 
тізілуі синтагматикалық шеп құрай орналасады да, ұқсастықты қажет 
етпейді.  Бұл  қатынас  орнауы  үшін  мағыналық  үйлесімділік  шешуші 
қызмет  атқарады.  Ф.де  Соссюр  көрсеткен  ассоциативтік  қатынастың 
басты  ерекшелігі  көптеген  сөздердің  ауысып  қолданылуын  негізге 
алып, зерттеушілер бұл қатынасты парадигматикалық деп атайды. Ю.С. 
Степанов  парадигматикалық  және  синтагматикалық  қатынастарды 
қарама-қарсы,  бір-бірімен  тік  бұрыш  жасап,  қиылысатын  осьтердің 
сызбасы арқылы береді. Бұндағы көлбеу ось – синтагматика, тік түскен  
ось – парадигматика.  Ю.С.Степанов та Ф.де Соссюр сияқты бірінші 
синтагматикалық  қатынас,  ал  екінші  парадигматикалық  қатынас  деп 
есептейді [54, 259].
Тілді жүйе және құрылым ретінде толық зерттеген в.М.Солнцев: 
«тілдегі  кез  келген  сөз,  бірлік,  элемент  үш  түрлі  қатынасқа  түседі: 
парадигматикалық (немесе ассоциативті), синтагматикалық (белсенді 
түрдегі өзара ықпалдасу қатынасы) және иерархиялық (күрделі бірлікке 
ену қатынасы)», – деп жазады [41, 66]. Сонда, бүгінде, ассоциативті 
қатынас  терминінің  орнына  парадигматикалық  қатынас  термині 
кеңінен  қолданысқа  түскені  байқалады.  Парадигматика  терминінің 
лингвистикада  берік  орнығуы  өткен  ғасырдың  орта  шенінде  жүзеге 


66
67
асқаны  көптеген  тілшілердің  еңбектерінен  көрінеді.  Көрнекті  фран-
цуз лингвисі Г.Гийом: «тілдегі жүйе емес және жүйе» деген дәрісінде 
«ауысудың бір жалпы шартын орындайтын және өзара алмаса алатын 
ұғымдардың  жасалуының  жабық  тізбектерін  айқындайтын  тілдің 
құрылымы болады. Ал ауысу тізбектері тілде жүйелер құрайды. олар-
ды грамматиктер парадигмалар түрінде көрсетеді»,  – деп айтқан екен 
[55, 108]. Кезінде Г.Гийом көрсеткен ұғымдардың тізбектеліп барып, 
ауысуы тілдің семантикалық жүйесінің басты қатынастарын құрайтын 
негізі екені сөзсіз. Ф.де Соссюр оқыту сөзінің түрлену парадигмасына 
мынадай сөздерді алады: оқу, оқытамын т.т., ағарту, үйрет т.т., жазу, 
қаруландыру (біліммен) т.т., кереует, баспа т.т., Сонымен қатар, ол бұл 
қатынасқа деривациялық өзгерістерді де енгізеді, мәселен, деривацияға 
ұшыраған бір ортақ элементі бар орыс голов сөзі бар ассоциативті топ 
қатарына голова, головы, голове сөздерін жатқызады [3, 124]. ол жазу 
сөзінің сөйлеу тізбегін мысалға алып, жазу сөзін жазар кезде сананың 
бір түкпірінде мынадай сөздер екі түрлі жүйеде ойға келетінін жазады: 
жазу – бейнесін салу, желімдеу, шабу т.т. және жазу – жаза салу, жа-
зып алу, көшіріп алу т.т...[3, 125]. Ғалымның бұл ойларының негізінде 
ізбасар зерттеушілер ассоциативті қатынасты парадигматикалық және 
деривациялық қатынастар деп екіге бөлген болатын. д.Н.Шмелев лек-
сиканы  семантикалық  талдау  барысында  сөздердің  деривациялық 
қатынастары  парадигматикалық,  синтагматикалық  қатынастарға 
негіз  болатын  жеке  сөздің  түрленуінен  пайда  болатынын  айтады. 
Сонда  деривациялық  қатынастар  грамматикалық  форма  арқылы  ту-
ындайтын  мағынадан  жасалғандықтан,  негізінен  диахрониялық 
категорияға жатады деп ойлаймыз. Әрине, синхрониялық лексикадағы 
деривациялық  қатынастардың  бар  екеніне  күмән  келтіруге  бол-
майды.  Мысалы,  д.Н.Шмелев  қатынастардың  бұл  түрінің  бейнесі 
қазіргі  тілдің  лексикалық  құрамында  жеке  тұрған  көпмағыналы 
сөздердің құрылымынан байқалатынын айтады да, ол қатынас түрін: 
«эпидигматикалық  немесе  кең  мәнде  деривациялық  қатынастар»,  – 
деп  атайды  [56,  191].  осы  пікірден  туындатсақ,  қазіргі  лексикалық 
жүйедегі бұл қатынастар түрін эпидигматикалық, ал тарихи жүйедегі 
қатынасты деривациялық деп атаған дұрыс болар деп ойлаймыз. Сонда 
ғана жарыса қолданылып жүрген бұл аталымдар өз мәнінде жұмсалар 
еді.  орыс  тілі  лексикасының  деривациялық  жүйелілігін  зерттеген 
М.Г.Шкуропацкая  семантикалық  және  формалды-семантикалық 
деривацияның жалпы тіл жүйелілігінің басты қатынастары болатын 
парадигматикалық  және  синтагматикалық  қатынастарға  сүйенгені 
дұрыс деп есептейді. оның есебінше, бұл қатынастар тілдегі барлық 
қатынастардың базасы, «сол себепті кез келген дериваттар түрлерінің 
арасындағы  мазмұнды  байланыстардың  негізгі  типтері  болып 
синтагматикалық және парадигматикалық қатынастар қала береді» [57, 
339]. Тілдік жүйедегі бұл қатынастардың бастапқы негізінде кезінде 
Аристотель ашқан ассоциациалар заңдылығы жатқаны белгілі. Аристо-
тель сөздер, нысандар, заттардың сыртқы және ішкі ұқсастықтарына, 
қарама-қарсы  келуіне,  себеп-салдарлы  болуына  орай  ассоциация-
лар  жіктелімін  жасайды.  Бұл  жіктелім  в.фон  Гумбольдттың  тілдік 
таңбаның ішкі ассоциациялар туралы тұжырымдамасында, яғни тілді 
қолданушылардың психикасына қатысты мағынаның өзгеруі туралы 
ойларында өз жалғасын тапты. «в.Гумбольдт тілдің «организмі» тура-
лы жазса, жас грамматиктер индивидуумның «жанында» сақталатын 
тілдің  «организмін»  сипаттағысы  келді.  Тілдің  жүйелік  ұжым  екені 
тек Ф.де Соссюрдің кітабында берілген болатын» [24, 194]. Басқа да 
зерттеушілер, мәселен, в.А.Звегинцев, д.Н.Шмелев, А.А.Уфимцева, 
Н.З.Котелова,  М.А.Кронгауз,  И.М.Кобозева  т.т.  лексикалық  жүйенің 
қатынастарын анықтап, талдап, жүйелеген Ф.де Соссюр деп көрсетеді. 
Негізінен,  ұқсастық  заңдылығы  Ф.де  Соссюрге  дейін  де  көптеген 
тілшілер  тарапынан  зертелгені  белгілі,  әсіресе,  олардың  қатарына 
Готлоб Фреге, И.А.Бодуэн де Куртенэ сияқты ғалымдарды жатқызуға 
болады.  Тілдегі  сөзбелік  оппозицияларды  М.Г.Шкуропацкаяның 
көрсетуінше, ғылыми негізде Н.в.Крушевский оларды шектесу бой-
ынша ассоциациалану және ұқсастық бойынша ассоциациялану деп 
бөледі. Сөздердің шектесе және ұқсастығы бойынша үйлесуі негізінде 
лексиканың  парадигматикалық,  синтагматикалық  ұйымдасуы 
айқындалады.  «Тілдің  лексикалық  деңгейінің  парадигматикалық 
ұйымдасуы  сөздерді  таңдау  мүмкіндігін  көрсетсе,  синтагматикалық 
–  бір  мәтінде  екі  сөздің  қатар  келуі  және  сөз  не  фразаның  бірінен 
кейін  бірі  орынды  түрде  келу  мүмкіндігін  береді.  Ф.де  Соссюрдің 
ассоциативті  қатынасы  ұқсастық  ассоциациясына,  ал  синтагмалық 
қатынас  Н.в.  Крушевскийдің  шектесу  ассоциациясына  сәйкес 
келеді»  [57,  340].  Жалпы  ассоциациялар  тілден  тыс  қоршаған 
ортаның  маңызды  мәндерінің  арасындағы  байланыстардың  бейнесі 
болғандықтан  парадигматикалық  байланыс  осыдан  барып  тарайды. 
Сонда парадигматикалық қатынас қоршаған ортадағы басты белгілері 
бар мағыналардың ауыса қолданыла алуын жалпы байланыстыратын 
категория. Семемалардың ауыса қолданылуын ішкі мәндік парадигма 
немесе семантикалық парадигма деп атауға болады.
Енді  парадигматикалық  қатынастардың  табиғаты  мен  оның 
зерттелуін сөз етелік. Жалпы «парадигма» термині көне грек тіліндегі 
«мысал, үлгі» мағынасын беретін зат есімнен шыққан. Бүгінде пара-
дигма екі түрлі мәнде қолданылады:


68
69
а) «парадигма» деп біртектес сөздер не басқа элементтердің тек 
бір белгісі бойынша бөлінетін тобын айтамыз, мәселен, дыбыстардың 
тобын алсақ, дыбыстар парадигмасын құрайды;
б)  түрлену  жүйесіндегі  сөздер  не  лексемалардың  ауысып  келу 
мүмкіндігі,  бір  сөзбен  айтқанда,  түрлену  жүйесіндегі  сөздердің 
арасындағы  қатынасы,  түрленуі  (Соссюр  термині).  о.С.Ахманова 
парадигмаға мынадай анықтама береді: «Парадигма деп тілдік бірліктің 
тілдік  жүйе  элементі  ретінде  бір-біріне  сыбайлас  не  қарсы  келетін 
қасиеттерімен  адам  санасында  жинақтаған,  яғни  тіл  элементтерінің 
сол  тілді  пайдаланушы  адамның  санасында  жинақталуын  айтамыз» 
[58, 310]. Сондай-ақ, бұл термин ғылымның ағымы, тарауы, әдіснамасы 
мәнінде де қолданылуда. Ал, бүгінде, парадигматикалық деп аталып 
кеткен ассоциативті қатынастың тілдік жүйеде көрінуін Ф.де Соссюр 
ассоциативті қатар деп атайды да, оның басты екі белгісі элементтердің 
белгісіздігі мен қолдану мүмкіндігінің шексіздігі деп көрсетеді. Шын 
мәнінде,  семантикалық  жүйенің  ішінде  ең  басты  парадигматикалық 
қатынастарға семасиологтар  синонимия құбылысын жатқызады. Міне, 
осы синонимия құбылысы өте өміршең және тіл сияқты тоқтаусыз да-
мып, жүріп жататыны белгілі. Мұнда тілдердің бірге қолданылуының 
әсерінен кірме сөздер еніп, синонимиялық қатарды толықтырып оты-
рады, сол себепті, сөздердің белгісіздігі мен шексіздігі үнемі сақталып 
отырады. Басқалай айтқанда, парадигматикалық және синтагматикалық 
қатынастар тілдің семантикалық қаңқасын құрайтын құрылымдар. Бұл 
екеуі қалыпты тіл мен қолданыстағы тілді екі бағытқа бұрып, түзеп, 
дұрыс не бұрыстығын айқындап отыратын өлшемдер десек артық бол-
мас. осы мәселелерді терең түрде зерделей келе, бұл қатынастардың 
түп  тамырында  тілдік  таңбалардың  құбылу  заңдылығы  жатқанын 
аңғардық. Құбылу заңдылығы тілді тіл және сөйлеу деп екіге, тіпті, 
үшке бөлуге байланысты жүретіндіктен осы категорияларға тоқталып 
өтелік. Тілдік таңбалар қалыпты, яғни қолданыссыз тілде бір дәрежеде 
болса, қолданыста мүлде басқа дәрежеге өте бастайды. Мысалы: таза 
тілде «адам» немесе «арман» қалыпты тілде тілдік таңбалар, яғни лек-
семалар (сыртқы қабығы), ал семемалар болса, «адам бейнесі», «арман 
бейнесі» (ішінде толып жатқан семалар ұжымы болу себепті), яғни екі 
жақты  бірліктер  болады.  Енді  қолданыстағы  сөйлеуде,  яғни  сөйлеу 
актісінде тек семемалар өзгере бастайды, яғни мағыналық бөлшектер 
қозғалысқа  түсе  бастайды  да,  осының  негізінде  манағы  «бейнелер» 
құбылып  танымастай  дәрежеге  түсуі  әбден  мүмкін.  Бұған  тікелей 
ықпал  ететін  басқа  семемалардың  өзіндік  күрделі  құрылымы, 
сондықтан тұрған тіл мен қолданыстағы, яғни сөйлеу тілі – табиғаты 
мүлде екі бөлек қатынастардан тұрады. Ф.де Соссюр жалпы бұл екі 
аспектіні  бірден  екіге  бөліп  тастайды:  адамның  тілдік  әрекеті  тіл 
(langue) және сөйлеуден (parole) тұрады деп көрсетеді, осыдан келіп, 
тілдік әрекет және сөйлеу әрекеті ұғымдары енген. осының негізінде 
лингвистикадағы  психологизмнің  негізін  салушы  Г.  Штейнтальдың 
тілдегі бұдан өзге кездесетін  сөйлеу, сөйлеу әрекеті, тілдік материал, 
тіл деген ұғымдарды енгізгенін айта кету керек. Бұл мәселе тілшілер 
арасында  күні  бүгінге  дейін  шешілмей,  қызу  талас  тудырып  келеді.            
Жалпы,  Ф.де  Соссюрдің  тілде  ассоциативті  қатынас  орын  алса, 
сөйлеуде синтагматикалық қатынастар басты қызмет атқарады деген 
тұжырымын  күні  бүгінге  дейін  көптеген  тілшілер  қолдап  отыр.  З.д. 
Попова,  И.А.Стернин  бұл  туралы  в.Г.Адмонидың  пікірін  келтіреді: 
«Тілде жоқ нәрсе, сөйлеуде де жоқ, сөйлеуде жоқ нәрсе, тілде де жоқ. 
Бар  айырмашылық  элементтердің  ұйымдасуында  жатыр.  Сөйлеуде 
олар жүйелі, бір сызықта, бірінен кейін бірі сөйлеуді құрап орналаса-
ды. Тілде олар нақты сөйлеуге қажетті кез келген форманы алуға бола-
тындай  парадигмалар  құрап  орналасады»  [24,  187].  Индивид  өз 
санасындағы  тілдік  бірліктерді  пайдаланғанда  семантикалық 
заңдылықтарға сүйенеді. Ф.де Соссюрдің өзі бұл туралы былай дейді: 
«наша память держит про запас все типы более или менее сложных 
синтагм, какого бы сорта и протяжения они ни были, и в момент, когда 
нужно их использовать, мы, чтобы, сделать выбор прибегаем к ассо-
циативным группам» [3, 126]. Тілдің жүйелерінің тілдік қор құрауына 
байланысты Ю.С.Степановтың пікірін толық берелік: «Тілде сөздердің 
екі  ең  жалпы  топтарының  типтері  болады.  Бір  тип  –  логикалық,  ол 
адамның әлемді тану логикасын бейнелейді. Басқа тип – ассоциативті, 
ол заттар мен ұғымдардың психологиялық ассоциациаларына да және 
солардың  белгілерінің  ассоциациалары  болатын  –  сол  сөздерге, 
сөздердің  бір  біріне  өзіндік  «тартылуына»  негізделген.  Сонда, 
топтардың екінші типінде, тілдің санаға деген кері әсері жатыр. Жиі 
кездесетін сөздердің мынадай топтары, яғни қар үлпілдегі, нан үгіледі 
өз артынан қар – үлпілдегі, тілім – нан топтарын ертеді. ...барлық лек-
сика әрбір сөз және соған сәйкес әрбір ұғым өз орнын алатын, басқа 
сөздер мен ұғымдарға қатысты болатын жүйе құрайды. осыған орай, 
тіл – өзінің маңызды міндетінің бірі адамзаттың қоғамдық тәжірибесімен 
жинақталған  ақпаратты  сақтау  құралы  бола  алатын  міндетін  атқара 
алады.  Өз  жадынан  қажетті  сөз  бен  ұғымды  іздестіре  жүріп,  адам 
лексикалық  жүйені  терең  қамтитын  ассоциативті  немесе  логикалық 
құрылымды сызықтардың бойымен жүреді» [54, 51-52]. Бұл пікірлерге 
сүйенсек,  сонда  тұрған  тіл  –  сөздер  жиынтығы  жинақталған  үлкен 
«қойма» болса, қолданыстағы тіл, яғни сөйлеу – «қоймада» сақтаулы 
тұрған сөз бірліктерінің кәдеге асуы болады. осы жерде М.оразовтың 
ойы бұл мәселені нақтылайды: «Адам ойында өзара белгілі бір байла-


70
71
нысы сөздер топ-топ болып сақталынады. Сөйлеу кезінде адамдар осы 
мағына жағынан байланысты  сөздердің ішінен біреуін таңдап алып 
(айтушының  мақсатына  байланысты)  қолданады.  осы  әр  адамның 
ойында сақталған, өзара ұштасып жатқан мағыналары бойынша топ-
топ болып жатқан сөздердің өзара байланысын ассоциациялық байла-
ныс (біздіңше парадигмалық байланыс) деп атайды. Ал осы байланыс 
негізінде анықталатын мағыналық элементті біз парадигмалық мағына 
(не  мағыналық  элемент)  деп  атаймыз»  [7,  135].  Парадигмалық 
қатынастарға  синонимия  жатқандықтан  синонимдік  қатарлар  тілдік 
«қойманың» көрсеткіші болады, мәселен; жалғасу, ұласу, ұштасу, шек-
тесу, астасу, сабақтасу, жіптесу [7, 115]. Ф.де Соссюр жалпы тілдегі 
деңгейлерді  тіл  және  сөйлеу  деп  қатаң  түрде  екіге  бөліп  тастағаны 
мәлім,  дегенмен  бұл  мәселені  соңынан  басқа  тілшілер  зерттеп,  тіл 
деңгейлерін  көбейтеді.  Көптеген  тілшілердің  тіл  деңгейлерін  екі 
түрмен шектеудің дұрыс еместігіне көздері жетті, яғни олар Эугенио 
Косериудің  ойынша, мынадай тұжырымға келді, «ослабить категорич-
ность соссюровских дихотомий, заполнить пропасть, вырытую Соссю-
ром между языком и речью» [59, 145]. Ф.де Соссюрдің тіл мен сөйлеуді 
екіге бөлуін Э. Косериу «қазу» сөзімен берсе, А.Чикобава ол туралы 
былай дейді: «оторвав язык от речи, Ф.де Соссюр этим пытается обо-
сновать социальность языка, но именно при условии такого отрыва не-
понятным становится общественный характер языка при отсутствии 
его в речи» [60, 118]. Ал Э. Косериудің өзі тіл мен сөйлеу жүйелерінің 
арасына норма ұғымын енгізеді. Француз тілшісі Андре Мартине тілді 
–  таңбалар  жүйесінен  тұратын  кодтар  жиынтығы,  ал  сөйлеуді  хабар 
беру деп білді, яғни кодтар арқылы хабар мазмұнын анықтаумен инди-
вид айналысады деп есептеді. ол, сонымен қатар, тілде тіл мен сөйлеу 
жүйелері ғана емес, басқа да тілдік жүйелер бар екенін айтып өтеді [61, 
189]. Кеңес дәуірінде бұл екі күрделі мәселелер бір сұрақтың аясында 
шешілгенімен,  семантикалық    зерттеулерде  әртүрлі  жікте  қарас-
тырылды. Л.в.Щерба 1931 жылы бұл мәселені үшке жіктейді: сөйлеу 
қызметі, тілдік жүйе, тілдік материал. А.А.Залевская бұл үшке бөлудің 
түбін  зерттей  келе,  оның  тілдік  құбылыстың  төртінші  аспектісі 
психофизиологиялық  аспектіні  көрсеткенін  жазады  [62,  8].  Ал 
А.И.Смирницкийдің ойынша, тілді бір бөлік ретінде сөйлеу жүйесінен 
ойып  алуға  болады,  өйткені  тіл  бірнеше  түрде  өмір  сүре  береді  деп 
қорытады.  Испан  тілшісі  Эугенио  Косериу  бұларды  үш  аспектіге 
бөледі:  тіл,  мәтін  мен  сөйлеу.  осы  негізде  тіл  білімінің  салаларын, 
мәселен, мәтін лингвистикасы, генеративті тіл білімі т.т. енгізу қажет 
деп  санайды.  Ф.де  Соссюрден  тіл  мен  сөйлеудің  мәнін  нақтылаған       
Л.Ельмслев  бұл  мәселені  қарастыра  келе,  мынадай  төрт  аспектіні 
енгізеді:  узус,  сөйлеу  актісі,  норма  және  схема.  Узус  (лат.  дәстүр)  – 
тілдік  бірліктерді  қолданудың  қабылданған  түрі.  Сөйлеу  актісі  мен 
узустан  норма  шығады,  ал  схема  –  қатынастардың  құрылымынан 
тұрады. осы жерде айта кететін мәселе, осы аспектілердің бәрі дерлік 
тілдің  семантикалық  жүйесіндегі  синтагматикалық  қатынастарға 
қатысты  болады.  Бұған  мысал  ретінде  З.д.Попова,  И.А.Стернин 
келтірген мысалды алайық: «Зейін қойыңдар! «воронеж –  Мәскеу» 
пойызы 5 минуттан соң жүреді, – деген хабар тілдік нормаға сәйкес 
келгенімен,  біздің  вокзалдарда  қабылданған  узуске  сәйкес  келмейді. 
Узус  бойынша  былай  болу  керек:  Зейін  қойыңдар!  ««воронеж  –  
Мәскеу» пойызының жүруіне 5 минут қалды [24, 190]. «Сондықтан біз 
узус  деп  тілдік  жүйеге  қайшы  келгенмен,  тілдік  дағдыға  айналған 
қолданысты  атағанды  дұрыс  деп  санаймыз»  [63,  8]  десе,  узусты  Т. 
Қордабаев  тілдік  дәстүр  деп  атауды  ұсынады.  Мәселен,  лексикалық 
синтагматиканың нормасы бойынша туылдым, туылған күн болуы ке-
рек,  ал  тіліміздегі  қабылданған  узус  бойынша  тудым,  туған  күн 
қолданылады, сондықтан тіліміздің нормасына тудым, туған күн сай 
келеді.  дегенмен  де  қазақ  тіл  білімінде  узус  термині  тұрақталғаны 
аңғарылады,  тіпті,  узустық  мағына  термині  қолданылады  [63,  84]. 
Бұнда  сөз  бірліктерінің  құбылуы  мәндік  қатынастың  орнығуына  өз 
ықпалын  тигізетіндігі  анық  байқалады,  себебі  синтагматикалық 
қатынасқа түскен сөздердің мағыналары, алдымен, өзінің мағыналық 
құрылымындағы семалар бойынша, сосын норма бойынша бір жүйедегі 
қатынас құрайды. Бұл қатынастарда схеманың да өзіндік ықпалы бола-
ды, өйткені сөздер белгілі бір схемалар бойынша тізбектеле қатынасады.  
Л.Ельмслев және оның ізбасарлары схеманы шахматтағы фигуралардың 
жүру ережелеріне шендестіреді, яғни әр фигураның өз орны мен жүру 
тәртібі болатыны сияқты сөздердің де өз орны болады. Ф.де Соссюр 
синтагматикалық қатынасты құрайтын кемінде екі сөзді, бір ғимараттың 
колонналарымен  салыстырады,  ал  ассоциативті  қатынасты  ол 
дорикалық колонна болса, басқа ионикалық, коринфтік т.б. колонналар 
туралы туатын ойларға теңейді. осы сияқты теңеуді в.М.Солнцев те 
келтіреді, яғни қатынастар әр жанына үлкен бір суреттің, мысалы: пей-
заж, жануарлар, ғимарат т.б. бір бөлігі салынған балалар кубиктерін 
еске  түсіреді.  Егер,  қалай  болса  солай,  еркін  түрде  кубиктерді 
құрастырсаң  ештеңе  түсінбейсің,  ал  егер,  жүйе,  ереже  бойынша 
құрастырсаң,  суреттер,  бейнелер  шығатынын  жазады,  яғни  «Тіл  – 
сөйлеу» қатынасын белгілі бір формадағы, бірақ шашылып жатқан ку-
биктер түрінде беруге болады» [41, 64]. Парадигмалық қатардың жаса-
лу негізінде әрқилы позициялар жатыр, осыған орай, осы позициялар 
арқылы әрқилы парадигмалар құрауға болады. 


72
73
Тіл  білімінде  парадигма  және  синтагма  терминдері  алғаш  фо-
нология  саласында  қолданылып,  соңынан  басқа  салаларға  да  ене 
бастаған. Мысал үшін, тіліміздегі төрт түрлі мынадай сингармотембр 
қатарын алайық: ет – үт – ат – өт. осындағы е – ү – а – ө дауысты 
дыбыстар қатары дауыстылар парадигмасын құрайды. Сонда сингар-
мемаларда  парадигмалық  қатынас  болғанымен  семантикалық,  яғни 
синтагматикалық  қатынас  болмайды.  оған  басты  себеп,  сингармема 
–  материалдық  дыбыс  қабығы  ғана,  ал  синтагматикаға  ішкі  мазмұн 
қажет  болады.  Фонетикада  бүгінде  кеңінен  қолданылып  жүрген 
синтагматикалық  қатынасты  фонетикалық  синтагмалық  қатынас  деп 
есептеген  жөн.  Бұл  туралы  М.оразов:  «Тілдердегі  дауысты  дыбы-
стар өзара парадигмалық байланыс жасайды. Әрине, дауысты дыбы-
стар түрлі белгілеріне қарай (ерін мен езудің қалпына қарай, ауыздың 
ашылу қалпына қарай, тілдің қалпына қарай) парадигмалық белгісін 
анықтауы мүмкін, бірақ олар тікелей мағына білдірмейді. Сондықтан 
олардың  арасынан  семантикалық  парадигма  іздеу  бос  әурешілік  бо-
лар еді» [7, 135]. Бұл жерде ғалым тек семантикалық парадигманың 
тіл  жүйесінде  орналасу,  тұрақталу  ерекшелігін  сөз  етіп  отырғанын 
ескеру  керек  дегіміз  келеді.  Б.Сағындықұлы  «Тең  дәрежелі  тіл 
элементтерінің  арасындағы  байланыс  парадигмалық  байланыс  деп 
аталады.  Парадигмалық  байланыстар  негізінде  анықталатын  мағына 
парадигмалық мағына немесе сабақтастық мағына деп танылады», – 
дейді [35, 12]. Жалпы парадигмалық қатынаста в.М.Солнцев кіші па-
радигмалардан тұратын үлкен парадигмалар бар екенін көрсетеді. ол 
мысалға мынадай сөйлемдерді алады: Мен кітап оқимын; Сен брошю-
ра сатып аласың; ол газетті парақтайды. Міне, осы сөйлемдерде бір-
біріне ұқсас келетін сөздер позициялары: кітап, брошюра, газет  [41, 75]. 
Бұл позициялар өзара ауысуға келгендіктен грамматикадағы кіші пара-
дигманы, ал күшті түрлену жүйесімен келсе үлкен парадигматикалық 
қатынасты құрайды. Тілдің бір жүйе, яғни көлбеу бағыттағы бір ли-
ниялы болғаны себепті, синтагматикалық қатынастар бетінде жатып, 
бірден аңғарылып тұрса, кіші және үлкен парадигмалар адам санасын-
да қосымша ретінде бірге ойдан тыс қалыпта тұрады. Индивид сөйлеу 
актісінде  өз  мақсатына  орай  қосымша  тіл  бірліктерін  ауыстырып 
қолдана береді. Міне, осы қолдану қалай болса солай жүзеге аспайды, 
керісінше, Л.Ельмслев көрсеткендей, шахматтағы ереже сықылды, өз 
заңдарымен жүзеге асып отырады. Тілдік бірліктердің семантикалық 
қатынастар бойынша сөйлеу кезінде өзгеруі – күрделі күйде жүретін 
процесс. осыған орай, сөз элементтері адам санасында тілдік үлгілер 
күйінде  және  толып  жатқан  ірілі-ұсақты  парадигмалық  қатарлар 
түрінде  тұрады.  Парадигмалық  қатардың  басты  ерекшелігі  бұның 
құрамындағы  сөздер  түгел  емес,  тек  жеке-дара  күйінде  жұмсалады, 
яғни ауысып отыруға тура келеді. Бұл қатардағы сөздер санада тұрған 
қалпында басында қатар келіп, содан соң, біреуі ғана сөйлеу әрекетіне 
енуі мүмкін деп ойлаймыз. 
Бұл мәселенің мәнін арнайы тәжірибелер арқылы парадигматикалық 
қатынасты терең қарастырғанда байқауға болады. Біздіңше, санадағы 
жинақталған парадигмалар өз позициялық өзгерістеріне қарай кең және 
тар болып келуі мүмкін. Егер полисемиялы сөздер қатарын алсақ, бұнда 
ауысудан гөрі дайын тұрған бірліктер басымдау, оның үстіне, жалпы 
полисемия  құбылысында  парадигматикалық  және  синтагматикалық 
қатынастар қатар орын алады. оның басты себебі, полисемия құбылысы 
арқылы,  сонымен  қатар,  сыртқы  және  ішкі  тілге  әсер  етуші  фактор-
лар  арқылы  тілдегі  семемалардың  дамуы  үнемі  жүріп  отырады.  Ал 
синонимия, антонимия, гипонимия, меронимия құбылыстарында ба-
сты реттеуші рөл атқаратын күш үлкен парадигматикалық қатынастар 
болады да, полисемияда синтагматикалық қатынас өз ықпалын күшті 
дәрежеде  ұстайды.  Біздіңше,  ірі  және  кіші  парадигмаларды  бір  аяда 
ұстап тұрушы ішкі бір реттегіш немесе жасырын жүйе бар. 
д.Н.Шмелев  былай  деп  жазады:  «Бозбала,  шал,  тракторист,  қу 
адам,  көрші,  орманшы  т.б.  сөздерін  жалпы  бірнәрсе  біріктіріп  тұр. 
Бұларға  жалпы  ортақ  семантикалық  элемент  адамға  деген  қатынас. 
Бірақ  осы  тақырыптық  топтың  ішінде,  біз  оңай  байқағандай,  кейбір 
сөздер  бір-бірімен  әрқилы  түрде  қатынасқа  түседі.  Шал  мен    бозба-
ла  сөздерінің  мағыналары  бір-бірін  жоққа  шығарып  тұр.  орманшы 
мен  тракторист  сөздері  парадигматикалық  қатарда  тұрғанымен  бір-
бірін  жоққа  шығарады.  Ал  орманшы,  шал,  қу  адам  сөздері  тікелей 
парадигматикалық қатынас құрамайды, алайда олар енген парадигма бір 
ортақ парадигмалық қатынаста тұрады» [56, 106]. Міне, зерттеушінің 
осы  пікірі  көрсеткендей,  кез  келген  семантикалық  қатынастар,  яғни 
синтагматикалық  немесе  парадигматикалық  болсын  өз  ішінде  тек 
мағыналық  үйлесімділікке  ғана  бағынады.  Егер  бұндай  мағыналық 
бағыныштылық  жойылған  болса  түсініксіз  болмағанымен  әдемі  бір 
жатықтық болмауы мүмкін. Сол себепті, тілдің лексикалық жүйесіндегі 
бұл қатынастар үнемі бір мақсат үшін жұмсалып отырады. Тілдің өмір 
сүруі тек сөйлеу ішінде деп ойласақ, сөйлеу болмаған жағдайда бұл 
қатынастарда  өздерінің  «шыңдалу  дәрежесін»  тоқтатады.  Сөйлеу  не 
тілдік қатынасқа тәуелсіз болатын парадигматикалық қатынастың өзі 
де өз ішінде қажетсіз қалыпта қалатыны сөзсіз. 
Жазба әдебиетті шыңдап отыратын, яғни жазушы не ақын ойындағы 
«тілдік қоймадан» үнемі жарыққа шығып, әртүрлі тілдік бірліктермен 
қатынасқа түсетін жалпы сөздік қордағы сөздер жиынтығын басқаратын 


74
75
күш  –  тілдік  қатынастар.  осы  семантикалық  қатынастар  өз  күшін 
әлсіреткен уақытта тілдің экологиялық ахуалы нашарлайды да, тілді 
тасушылар, яғни сол тілдің өз өкілдері өздерінің қателерін түсінбейтін 
халге жетеді. Парадигматикалық және синтагматикалық қатынастарды 
әлсіретуші факторлар – басқа тілдің семантикалық базасының ана тілдің 
қорына ұя салуы, кірме лексиканың нығаюы және тілді тасушылардың 
ана тілдің семантикалық қорын жеткіліксіз дәрежеде меңгеруі деп ой-
лаймыз. Кез келген тілдің сөздерінің бір-бірімен өзара қатынасқа түсу 
негізінде әртүрлі қатынастар пайда болғанымен, сол тілдің өз сөздік 
қоры  ішінде  не  сол  тілдің  сөздерінің  араласуы  жүргенде  ғана  бұл 
семантикалық қатынастар нығая беретіні кәміл. 
Сөздердің парадигмалық қатынасы бір ортақ макрокомпонент не-
месе  микросема  арқылы  сөздер  тобын  жинақтап,  өз  ішінде  кіші  па-
радигмалар құрайды. Мысалы, «алма» лексемасы өз ішінде мынадай 
әртүрлі қатарлармен байланысқа түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет