Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


есімдік, етістік, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем т. б



Pdf көрінісі
бет198/225
Дата31.10.2022
өлшемі12,23 Mb.
#46351
1   ...   194   195   196   197   198   199   200   201   ...   225
Байланысты:
ЖИНАҚ Ә. Рақыш (1)

есімдік, етістік, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем т. б. толып жатқан 
терминдік атаулардың қайдан, қалай, кім арқылы шыққанын әр тақырып үстінде түсіндіріп 
айтып отыру қажет. Мұның қазақ тілі грамматикасын игеруде болашақ ұрпақ үшін мәні зор.
А. Байтұрсынұлы оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын танымдық тағылым 
түрлерін айқындау ұстанымы бойынша оқушыларға қажетті мәтіндер мен тапсырмаларды 
іріктеп беріп отырған. Ол сөйлеммен лепес (сөз, лебіз) жасату, жаңылтпаш жасату арқылы 
танымын кеңейтіп, жылдам ойланып жауап беруге баулиды. Сондай-ақ, әрбір ережені 
оқытқаннан кейін, балалар әбден түсіну үшін сөйлемдерді, мақалдарды үлгі етіп ала отырып, 
олардың ішінен ережеге келетін жерлерін балалардың өз бетінше табуына жетелеп отырған. 
Мұндағы барлық тапсырмалар дағдыландыру, сынау деген екі бағытта жүзеге асады. Мұнда 
ұстаз балалардың бір ережені меңгеріп болғаннан кейін ғана келесі ережеге көшуін 
басшылыққа алады. Яғни, сатылай оқыту арқылы дамыту жүзеге асады. Осылай оқыту қазіргі 
кезде де қолданылады және жақсы нәтижелер беріп жүргені де анық.
Қазақ тіл ғылымында алғаш рет араб графикасы негізінде әліп-би құрастырған ғалым, осы 
әріптерді құрастырып оқи білудің де әдістемесін жасады. Ол: «Дыбыстарды айырту, 
құрастырып сөз қылу дұрысталып істеліп, балалар әбден әдісін алған болса, сол дыбыстардың 
әріптерін құрастырып, сөз қылып оқуға балалар қиналмайды. Бір-екі сөзді әріптерден 
құрастырып оқығаннан кейін, тез әдісін алады. Алғашқы кезде сөзді ылғи буындап қостырып 
оқытады. Содан буындап оқып әдеттенеді, буындап оқуға жаттыға барып қалыпты оқуға 
түседі», – деп ескертеді. Демек, дұрыс оқудың негізі буындап оқумен байланысты болып
балалар әріп термей, буындап оқуға жаттықтырылады. Ал бұл әдістің де өміршеңдігін, қазірге 
дейін қолданылып келе жатқанын дәлелдеп жату артық болар.
А. Байтұрсынұлы тіл үйретуде басты назар аударатын мәселелер деп: 
1) оқу үйрету; 
2) жазу үйрету; 
3) сөйлеу үйретуді көрсеткен.
Осы әрекеттерді жүзеге асыруда ғалымның әңгіме әдісі, сұрақ-жауап әдісі, өзіндік жұмыс 
әдісі, берілетін білім көзі деңгейіне сәйкес түсіндіру әдісі, салыстыру әдісі, тіл дамыту әдісі, 
оқулықпен жұмыс істеу әдісі, ойын әдістерін шебер қолданғанын анық аңғаруға болады. Осы 
әдістердің қай-қайсысының да қазір басқаша аталып жиі қолданылып жүрген дамыта оқыту 
технологиясының да, жүйелеп оқыту технологиясының да, деңгейлеп оқыту технология-
сының да, топтық, ұжымдық жұмыс түрлерінің де бастау көздері екенін айқын аңғарамыз. 
Яғни, А. Байтұрсынұлының әдістемелік мұраларының негізі – танымдық тағылымнан 
сусындаған келешек ұрпақтың сөздік қорын кеңейтіп, өз ойын толық жеткізе алатын дәрежеге 
жеткізу. Сабақтың берілу амал-тәсілдері мен әдістемелік жағынан ұтымды болуын көздеген 
ол – қазақ тілінің қай саласынан болсын өз ізін қалдырған, тілдік проблемаларға қатысты 
түбегейлі өзгерістер жасап, іргелі жаңалықтар ашқан ғалым-тілші.


306 
Сонымен, А. Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін мұқият зерттеген автор оның 
танымдық-тағылымдық негізде жасалған әдістемелік көзқарастары қамтитын мәселелерді 
тұжырымдай келіп, ғұлама ғалымның өзінен кейінгі ұстаздар үшін маңызды болатын 
танымдық-тағылымдық мәні бар бірнеше кеңестерін жинақтап ұсынады. Олар: 
– тілдік материалды жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай 
оқыту керек деген дидактиканың принципін өте тиянақты ұстаған жөн; 
– оқушыларға арналған материалдар аса түсінікті болуы шарт; 
– мәтіндер, көрнекілік, суреттік (иллюстративтік) материалдар қазақ баласының халықтық 
ұғымына таныс, жақын болуы тиімді; 
– тілді оқытуда тіл ұстартуға, көркем сөзге ден қойған дұрыс; 
– тілді үйрету ана тілінің сөз, сөйлем жүйесін білгізумен қатар жүруі тиіс; 
– тілді үйрету үшін мұғалім бірнеше әдісті меңгеріп қана қоймай, табанда өзі қажет әдісті 
тауып, пайдалана білуі керек; 
– мұғалім балаға білімді өз тәжірибесі арқылы жинақтауға жағдай жасап, тілді тез үйренуге 
үнемі бағыт-бағдар сілтеп отыруы қажет. [1, 32-33]
Бұл қағидалардың барлығы да танымдық тағылымға жетелейтін А. Байтұрсынұлы негізін 
салған сара жол деуге болады.
Ғалым-тілшінің «сапалы оқытудың кілті – іздену, тиімді әдістерді тауып, пайдалана білу» 
дегенге саятын ой-пікірі кез келген әдіскерге қажет. Сабақ барысында мұғалім түрліше 
әдістерге сүйеніп қана қоймай, оқытушы мен оқушы арасындағы тең дәрежедегі қарым-
қатынасты іске асырушы ретінде де еңбек етуі қажет. Қазіргі педагогика саласындағы ең 
маңызды талаптардың бірі – осы. Бұл көзқарастар, әсіресе, қазіргі уақытта қазақ тілін 
мемлекеттік тіл ретінде нығайтамыз, оны Қазақстанда тұратын өзге де ұлттардың қарым-
қатынас құралына айналдырамыз, басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін жедел үйретудің тиімді 
жолдарын табамыз деген ізденістер болып жатқан кезде аса пайдалы.
Міне, Абай атындағы Ұлттық педагикалық университетінің бір топ педагог-ғалымдары 
көтерген бұл мәселе тек А. Байтұрсынұлы еңбектерімен шектелмейді. Мысалы, Мағжан 
Жұмабаевтың «Жеке тұлғаны қалыптастыру технологиясы» (Ү. Адырбекова), Жүсіпбек 
Аймауытовтың «Пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы» (К. 
Базархан), Ыбырай Алтынсариннің «Тілдік дағдыны жетілдіру технологиясы» (Л. 
Бақтыбаева), Құдайберген Жұбановтың «Дамыта оқыту технологиясы» (Ә. Садықова), 
Мәулен Балақаевтың тіл мәдениетін дамыту технологиясы» (А. Сарбасова) деген атаулармен 
берілген мақалалар да шын мәнісінде біздің педагогикамыздың тарихында, қазіргідей 
«технология» деп аталмаса да, осындай оқыту дәстүрлерінің болғандығын, сол арқылы 
қазақтың талай зиялы азаматтары білім алып, тәрбиеленіп шыққанын, ондай оқыту әдіс-
тәсілдерінің негізі қазақтың атақты ғалым-оқытушыларының еңбектерінде қаланғанын және 
қазіргі білім беру үдерісінде бұл әдістердің белгілі дәрежеде орын алып отырғанын 
дәлелдейді. Олай болса, қазақ тілін оқытатын ұстаздардың аталған еңбекті пайдалана отырып, 
өздерінің білім беру әрекетінде тек шет ел педагогтарының ғана емес, олардан асып түспесе, 
кем түспейтін жоғарыда аты аталған қазақ педагогикасы тарихында өз орындары бар ғалым-
ұстаздардың да білім беру технологияларын өз аттарымен атап, қолданса деген тілегіміз бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   194   195   196   197   198   199   200   201   ...   225




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет