4. ҚОЛА ДӘУІРІ НЕМЕСЕ АТАЛЫҚ ҚОҒАМ
Қола дәуірінде - адамзат қауымының тағылымдық дамуы ‑ өзінің жабайылық кезеңінің ж о ғ а р ғ ы сатысын түгелдей камтып, бүгінгі өркениетімізді сипаттайтын мәдениеттілік кезеңінің алғашқы көріністерін қалыптастыра бастайды. Бұл дәуірдің ұзақтығы шамамен 5 мың жылға созылады. Оның басқа дәуірлерден ерекшелігі сол адам баласы өзінің күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріндегі пайдаланатын құрал-саймандарын металдан жасап, бүкіл өмір сүру мақсаттары мен тағылым-тәрбиелеріне аса зор өзгерістер енгізеді. Олардың алғашқы игерген м е т а л д а р ы - мыс және алтын екені тарихи деректер мен архиологиялық зерттеулерден белгілі. Өйткені, бұл металдар атқылаған жанартаулардың лавалары суынып қатқан кездерінде, тау-тас жыныстарының арасында кесек-кесек күйлері, ат басындай алтындар мен қазандай үлкен мыс қорытпалары шашылып жатқан. Оның шындық екенін халқымыздың аңыз ертегілері мен әфсаналарында айтыла беретін ат басындай алтын тауып алуға байланысты уақиғалардың да көптеп кездесетіні белгілі ғой.
Мінеки, осы кесектерден сол кездегі адамдар, тек құрал-саймандар ғана жасап қоймайды, сонымен қоса балқыту тәсілдерін игеру арқылы неше түрлі зергерлік бұйымдар да өмірге келеді. Мысалы, Алматы түбіндегі Есік қорғанынан табылған Алтын адамның киіміндегі, алтын түйіршіктеріне салынған зергерлік суреттердің көркемдігі мен шеберлігіне дүниежүзі таңдай қағып таңырқауда. Бұл тікелей Сақтар дәуіріндегі біздің ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған рухани байлығы ретінде бағаланып отыр. "Алтын адамның" қолдан жасалған макетін 1997 жылы Қазақстан мемлекеті БҰҰ-ға сыйға тартып, оның үлкен залында арнайы жасалынған орынға жайғастырылды.
Қола дәуірінің өзінде-ақ адамдар металдарды өңдеумен қоса, енді оны түрлі-түсті (жасыл, көк) тастарды балқыту арқылы өндірудің де тәжрибелерін игере бастайды. Сөйтіп балқытудың көмегімен алтын мыс, қалайы мен қорғасынды да таза күйінде пайдаланып көреді. Кейінірек қалайы мен мыстың қортпаларынан мырышты, яғни қоланы алады. Қоланың мыстан әлдеқайда қатты екенін білгеннен кейін, енді адамдар тұрмысқа қажетті барлық құрал-саймандарды қ о л а д а н жасай бастайды. Осылайша, адамдар т е м і р д і игергенге дейін, олардың ең қолайлы металы қ о л а болып қала береді.
Уақыт талаптарына орай адамдардың тұрмыс-салт тіршіліктері де, күрделене дамып қордалана жетілумен қоса, олардың өзара қарым-қатынастары мен тағылым-тәрбиелерінде де көптеген өзгерістерге ауысып отырады. Адамдар қола дәурінде рулық бірлестіктерден тайпалық қоғамдарға ауысып, осы дәуірдің соңына таман біртіндеп халық болып қалыптасу сипат ала бастайды. Барған сайын мал өсіру шаруашылығы кең өріс ала береді. Бұрын көбінесе аң аулаумен шұғылданатын еркек атаулы, енді мал өсіруді өздерінің негізгі кәсіптеріне айналдырумен қоса, оның жан-жақты дамып жедел қарқын алуына да, барынша ықпал етумен болады. Міне осының салдарынан бұрынғы әйел қауымының ықпалдары азайып, оның орнына негізгі шаруаларға еркектердің иеліктері арта түседі. Сөйтіп, адамзат қауымындағы аталық қоғамның дәурені басталады. Осыған орай адамдар арасындағы туысқандық қатынастар, біртіндеп ата жолымен есептелетін болады. Қазақ даласындағы көшпелі тұрмыстың бастау алуы да, дәл осы дәуірде қалыптаса бастайды. Олардың әлеуметтік және семья қатынастарындағы тәрбие-тағылымдары да көп өзгерістерге ұшырайды. Көшпенділер қауымында Тәңірлік таным салтанат құрады. Қоғамдағы семьяның орны бұрын-соңды болып көрмеген жауапкершілікке бағынып, семьялық қатынастар жаңаша дамудың сипаттарына ауысады. Жалпы жекеменшіктің алғашқы түрі – семья меншігі өмірге келіп, аса үлкен қарқынмен дами бастайды. Осыған орай адамзат қауымында мүлік теңсіздіктері көрініс беріп, қоғамдағы сан-қилы әлеуметтік теңсіздіктер де көбейе береді.
Достарыңызбен бөлісу: |