§ 11. ҚАзАҚТАРДыҢ 1812 ЖылҒы РЕсЕЙДIҢ ОТАН сОҒысыНА
ҚАТысУы
Ресейдiң француздардың Наполеон армиясымен соғысында
атты әскер ерекше рөл атқарды. Бұл патша әкiмшiлiгiнен
қазақтардан жылқы сатып алуды жылдан-жылға молайта
түсудi қажет еттi. Сондықтан 1804—1815 жылдары ғана Кiшi
жүз қазақтарынан 1 000-нан астам, ал Iшкi (Бөкей) Ордадан
48 мыңға жуық жылқы сатып алынды.
Қазақтар орыс емес ұлттардан құралған әскери құ ра -
маларда, башқұрт, қалмақ және басқа халықтар өкiлдерiмен
бiрге Наполеонға қарсы Отан соғысына қатысты. Соғыс
қарсаңында Қазақстанмен iргелес Орынбор губерниясында
40 кавалериялық полк құрылды. Оның iшiнде: 28 баш құрт,
5 орынборлық, 2 тептяр полкi, т.б. бар едi. Сан жағынан қа-
зақ тар Орынбор полктерiнде, әсiресе Орал казактарының
әске ри топтарында көп болды.
1799 жыл мен XIX ғасырдың отызыншы жылдары ара-
сында Ресей жерiне Орта жүзден 1200 шаңырақ қоныс
аударды. Орынбор шекаралық комиссиясының мәлiметтерiне
қарағанда, 1790—1815 жылдары 1226 жергiлiктi қазақтар
74
өз қоныстарын тастап, башқұрт болып жазылған, солардың
68-i осыған сай құқықтармен теңестiрiлген. Олардың қата-
рында аты-жөндерiн өзгерткен, соғысқа қатысқан қазақ
жауын герлерi де аз көрiнбейдi.
Наполеонмен соғыс жылдарында Кiшi жүз тұрғындары-
ның жағдайының төмендеп кетуiнен 20 мыңнан астам азамат
өз мекенжайларын тастап, Орынбор шекаралық шебiне
өткен.
1812 жылы шiлденiң 6-сы күнi Ресей мемлекетiне соғыс
қаупi төнiп келе жатқандығы туралы I Александр патшаның
арнайы манифест-үндеуi қабылданды. Ел азаматтары Отан-
ды қорғауға шақырылды. Манифест түрлi халықтар тiлiне
аударылды. Ерiктi үгiтшiлер ауыл-ауылды аралап, қазақ-
тар ға үндеудiң мазмұнын таныстырды.
Алайда қазақ жерiнiң Ресейдiң орталық аудандарынан
алшақ жатуы батыс аймақтарда болып жатқан соғыс қимыл-
дары туралы мәлiметтердiң мұнда уақытында жетiп тұруына
мүмкiндiк бермедi.
Орынбор губернаторы Г.С. Волконскийдiң Ресей мен
Франция арасында соғыс басталғандығы туралы хабары
ауыл дарға 1812 жылғы қазан-қараша айларында жеттi.
Қа зақ елi арасында орыс халқын қолдап, жауға қарсы күш
жұ мыл дыруға шақырған, екi ел достығы рухын көтеруге
атсалысқандардың бiрi — старшын Байсақал Тiлекұлы едi.
Риддер, Зыряновск, Белоусовка кенiштерiнде қазақ еңбек-
шiлерi майдан қажетiне мыс, қорғасын балқытуды үдеттi.
Қазақ жұмысшылары соғыс керегiне ақша да жина ды.
Елтон тұз өндiру орнының еңбеккерлерi батыс майданға
бiр миллион пұт тұз жөнелттi. Ресей үкiметi тұзды жi берiлген
жерге жеткiзу үшiн сұлтандардан көлiк бөлудi талап еттi.
Мыңдаған қазақтар ат-арбаға тиелген тұзды Едiл жағасына
тиiстi мерзiмiнде жеткiзуге тырысты. Тұз өндi рушi қазақтар,
сонымен қатар орыс әскерi пайдасына 22 мың сом ақша
жинады. Қазақтар әскердi арзан да сапалы етпен, көлiкпен,
әскери аттармен, садақтармен, тағы да басқа соғысқа қажеттi
құралдармен қамтамасыз етуге атсалысты.
Соғыс туралы хабар кең далаға таралысымен, жүздеген
қазақ жiгiттерi бүкiл ел бойынша ұйымдастырылып жатқан
халық жасақтары мен тұрақты әскери бөлiмдер қатарына
тiркелуге ерiк бiлдiрдi.
Өскемен, Обь және Крутоберезов болыстарында бiрне-
ше әскери бөлiмдер ұйымдастырылды. Қазақ жiгiттерi
75
орыс әскерi сапында соғыстың әуелгi кезiнен бастап шетел
жорықтарына дейiн қатысты. Соғыс қарсаңында олар Ертiс
әскери шебiнде, Бұқтырмадан Омбы бекiнiстерiне дейiн
орналасты.
Ертiс шебiнiң полктерi 1812 жылғы қыркүйек айында
Бо родино түбiндегi қанды шайқасқа қатысты. Бұл орыс әс-
кер лерiнiң орталық шебiне француздар тарапынан төнген
қа уiптi жойды. Бородино шайқасында көрсеткен ерлiгi үшiн
қазақ жауынгерi Майлыбайұлы күмiс медальмен, 1-тептяр
полкiнiң старшыны Қарынбай Зындағұлұлы көгiлдiр лента-
лы медальмен марапатталды.
1812 жылғы 27 шiлдеде Малаево Болото және Левия де-
ревнялары түбiнде болған ұрыстарда қатардағы жауынгер
қазақтар — Мұрат Құлшоранұлы, Ерiш Азаматұлы ай -
рықша көзге түстi, оларға хорунжий
1
атағы берiлдi. Осы
кезде Рамоново деген жерде болған шайқаста атты әс кер
жауынгерлерi — Боранбай Шуашбайұлы, жасауыл Ық сан
Әубәкiрұлы ерлiкпен шайқасты. Француз әске ри шебiн
шабуылдап, олардың жүгiн басып алған бұл жауынгерлер,
басқа да қазақ жiгiттерiн ерлiкке рух тан дырды. Вязьма
түбiндегi ұрыста ерлiк көрсеткен 1-теп тяр полкiнiң жаса-
1
Орыс атты әскерiндегi алғашқы офицерлiк шен.
Бородино шайқасы
( Ертiс шебiнiң полктерi 1812 жылғы қыркүйек айында Бородино
түбiндегi қанды шайқасқа қатысты)
76
уылы Сағит Хамитұлы 3-дәрежелi “Қа сиет тi Анна” орденiне
ие болды.
Башқұрт полкi құрамында шайқасқан қазақ Нарынбай
Жанжiгiтұлы ерлiгi үшiн “Георгий” орденiнiң кавалерi
атанды. Башқұрт полкi құрамында ұрыс қимылдарына
қатысқан қазақтардың бiрi — жауынгер-ақын Әмен Байбатыр-
ұлы едi. Соғыс аяқталғаннан кейiн ол Орынборға ора лып,
халық арасында әрi батыр, әрi ақын ретiнде бел гiлi болды.
Өз өлеңдерiнде қазақ жiгiттерi мен орыс сол дат тарының
ерлi гiн, әскери бауырластығын жырлады. Кейiннен ол егде
тартқан жасына қарамай 1853 жылы Орынбор губернаторы
граф В.А.Перовскийдiң қоқандықтарға қар сы жорығына,
Ақмешiттi алуға, Сырдария бойындағы қазақ тарды Қоқан
езгiсiнен босатуға қатысты.
Жанжiгiтұлы мен Байбатырұлы башқұрт полкi құрамында
атаман Платовтың казак әскерiне қосылды, сөйтiп Веймар,
Ганау және Майндағы Франкфурт қалалары түбiнде болған
ұрыстарда ерлiкпен шайқасты.
Қазақтар осы башқұрт полкi құрамында Кобленц, Ман-
гейм, Нанси, Сен-Диезье елдi мекендерi үшiн ұрыстарға
белсене қатысып, 1814 жылғы наурыз айында император
I Александрдың бұйрығымен Парижге құрметтi жеңiмпаздар
ретiнде кiрген әскери күштер қатарында болды.
1812 жылғы соғыстың басты оқиғаларына белсене қа-
тысқан қазақтардың арасында шоқынған қазақ Яков Беля-
ков та болды. Кiшi жүзден шыққан 3-Орынбор казак полкi
1813 жылдың басында Беннигсеннiң Польша әскерiнiң
авангардында болды, кейiн Сеславиннiң партизан корпусы
құрамында қимыл жасады. Лейпциг, Веймар, Ганау, Мезь-
ере, Ла Ротьере түбiндегi ұрыстарға қатысты. 1830 жылы
Орын бор өлкесiнiң билеушiсi П. Эссенге жазған өтiнiшiнде
Яков Беляков өзiнiң ұлты қазақ екенiн, орыс әскерiне өз
еркi мен кiргенiн, көп жылдар оған адал қызмет еткенiн атап
көрсетiп, денсаулық жағдайына байланысты әскер қата-
рынан босатуды, туған аулына қайтаруды өтiнген.
Башқұрт-қазақ әскери бөлiмшелерi құрамында негiзгi
шайқастарға қатысқан қазақтар орыс әскерлерiнiң жеңiсiне
салмақты үлес қосты. Қазақтардың 1812 жылғы соғысқа
қатысуы — екi халықтың әскери бауырластығын нығайтқан
ерекше оқиға болды.
Соғысқа қатысқан қазақтар ел құрметiне бөлендi, Ресей
әкiмшiлiктерi де оларға ерекше пейiлмен қарады. Қазақ
77
сарбаздарының Наполеон әскерiне қарсы күреске белсене
атсалысуы — халқымыздың әскери тарихындағы iрi белес.
Дегенмен де, соғысқа қатысқандар саны көп болмағандықтан,
олардың есiмдерi қазақ даласына түгелдей тарала қойған
жоқ. Ерлiк көрсеткен азаматтардың батырлығы, сондықтан
да елге белгiсiз болып қалды. Бұл мәселе тарихта жеткiлiктi
зерттелмегендiктен Ресей тарихында да башқұрттардың,
қазақтардың және тағы басқалардың соғыстағы ерлiгi ұзақ
уақыт назардан тыс қалып келдi. Бүгiнгi қазақ тарихында
бұл мәселенi зерттеу және насихаттау қолға алынып келдi.
сұрақтар мен тапсырмалар
1. 1812 жылғы соғыстың басталуы туралы хабарды қазақтар қалай
қабылдады?
2. Қазақ жауынгерлерiнiң негiзгi шайқастарға қатысуы жайлы айтып
берiңдер.
3. Қазақтардың 1812 жылғы соғысқа қатысуы екi халықтың әскери
ынтымақтастығына қалай әсер еттi?
Құжаттар
“... 1837 жылы ұлы князь Александр Николаевич пен жазушы
В.А.Жуковскийдiң Орынборда бiрге болғаны туралы аз да болса,
нақты мағлұмат аламыз. Осыған байланысты Орынборда айырбас
сарайының жанында ұлы князьды қабылдау ұйымдастырылды.
Оны тамаша ұлттық киiмдерiмен көзге түскен екi қазақ қарсы алды.
Олар князьға өздерiн таза орыс тiлiнде таныстырды. Бiрiншi қазақ
уряднигiнiң Париждi алуға қатысқаны үшiн берiлген медалi бар
екен. Ол 1812—1814 жылдардағы Отан соғысына өз еркiмен Орынбор
казак полктерiнiң құрамында қатысыпты.
Белгiсiз болып қалған қазақтар есiмiн тұңғыш рет Орынбор
поручигi Иван Виткевичтiң (В.А.Перовскийдiң адъютанты) жазушы
В.И.Дальге жазған хатынан бiлдiк. Ол осы кезде Иран арқылы
Ауғанстанға дипломатиялық тапсырма бойынша жiберiлген едi. Иран
шахының Тегераннан бiрнеше шақырым жердегi жазғы сарайында
болған Виткевич 1837 жылғы тамыздың 31-i күнi “Инвалид” газетi
бетiнде шiлде айында жоғарыда аталған ұлы князьдың Орынборда
демалу кешiн сипаттаған: “Менi қынжылдырғаны, ұлы мәртебелi-
ге — князьға келген жерлес қырғыздарды өзiмнiң бiле алмағаным...”
“Инвалидте” сипатталғандай, мен олардың бiреуiн таныдым, ме-
даль дiсi Нарынбай Жанжiгiтұлы, оның ақылды кейпi әлi де көз
ал дымда”.
Матвиевский П.Е. Оренбургский край
в Отечественной войне 1812 г.
(Исторические очерки). Оренбург, 1962. С. 59.
78
§ 12-13. ОТАРлыҚ ЕзГIНIҢ КүШЕюI. 1837 — 1847 ЖылДАРДАҒы
КЕНЕсАРы ҚАсыМҰлы БАсТАҒАН КӨТЕРIлIс
Отарлық езгiнiң күшеюi. 1822—1824 жылдары Кiшi
және Орта жүздерде хан билiгiнiң жойылуына байланысты
патша өкiметiнiң отарлық езгiсi қатты күшейдi. Мұнда
жаңа аумақтық құрылымдар енгiзiлiп, Ресей империясына
ұқсас басқару органдары құрылды. XIX ғасырдың 30-жыл-
дарында өкiмет билiктi одан әрi орталықтандыруға күш
салды. Жергiлiктi билiк органдары мен қазақтан шық қан
билеушiлерге бақылау күшейтiлдi. Қазақ жерiн әрі қа рай
отарлау үшiн жаңа бекiнiстер тұрғызылып, оларға әске ри
горнизондар орналастырылды. “Сiбiр қырғыздарын шека-
ралық басқару” деген атаумен жеке шекаралық басқарма
құрылды. Оның орталығы Омбы қаласында орналасты. Дәл
осындай шекаралық басқарма Кiшi жүз руларын басқару
үшiн Орынбор қаласында да құрылды.
Бұған қоса Қазақстанның оңтүстiк және оңтүстiк-баты-
сына Қоқан және Хиуа хандықтары да басқыншылық сая-
сат ты күшейттi. XIX ғасырдың 20-жылдарына қарай Ұлы
жүздiң бiр бөлiгi, Кiшi жүздiң оңтүстiк өңiрiнiң бiр жағы
Қоқан бектерiнiң билiгiнде болды. Тiптi Орта жүздiң бiр
бөлiгiн өзiне қаратуға тырысқан Қоқан билеушiлерi қазақ-
тардан алым-салық жинап, берекесiн кетiрдi.
XIX ғасырдың 20—30-жылдары Хиуа хандығы да шектi,
табын, төртқара, байұлы руларына қысым көрсетiп, Сыр
өзенiнiң төменгi ағысында бiрнеше бекiнiс тұрғызды. Сауда
керуендерiн тонаған, қазақтардың тыныштығын алған
хиуалықтар жорығының салдары ауыр болды.
1822 жылғы жарғы бойынша жаңа округтердi ұйымдас-
тыру мал шаруашылығымен айналыс қан қазақтардың
ша руа шылық жағдайын мүлде құлдыратып жiбердi. Патша
үкi ме тiнiң қазақ жерлерiн жаппай отарлауы Абылай ханның
кiшi ұлы Қасым сұлтанның және оның балалары Саржанның,
Есенгелдiнiң және Кенесарының бастауымен болған халық
наразылығын туғызды. Қасым сұлтан қазақ даласынан орыс
әскерлерiн алып кетудi талап еттi. Сонымен бiрге ол ежел ден
атақонысы болған Көкшетауда орыс бекiнiстерiнiң са лынуына
қатты қарсылық бiлдiрдi. Алайда патша үкiметi мұндай
талапқа құлақ аспады және жаңа бекiнiстер салуды қолға
алды. Осындай жағдайда Қасым өзiнiң балаларымен бiрге
40 мың отбасымен Көкшетауды тастап, оңтүстiктегi Қоқан
79
хандығының аймағына көшiп кеттi.
Мұндағы мақсат — Қоқан хандығының
қол астындағы қазақтармен бiрiгiп,
Орта Азия хандықтарының қолдауымен
орыс патшасына қарсы шығу едi.
Қазақтарды патша үкiметiне қарсы
көтерiлуге үгiттеуде, әсiресе оның ұлы
Саржан Қасымұлы ерекше белсендiлiк
көрсеттi. Алайда өздерiнiң қол астын-
дағы қазақтардың бұл қозғалысқа
қа тысуын қаламаған қоқандықтар, ал-
ды мен Қасымның ұлдары Саржан мен
Есенгелдiнi, соңынан Қасымның өзiн
өлтiрдi. Осыдан соң Қасым сұлтанның отбасы мен туыс-
тары Қоқан хандығының аймағынан көшiп Ұлытау өңi рiне
қоныстанды. Бiрақ бұл аймақ ол кезде Сiбiр генерал-губер-
наторлығының қол астына қарайтын едi.
Патша үкiметi Жаңа Елек (Илек) өзенi бойында әскери
шеп тұрғыза бастады. Қазақтардың атам заманнан қоныстан-
ған жерiнен ығыстырылуы, белгiлi би Жоламан Тiленшiұлы
бастаған көтерiлiске себепшi болды. Жиырмасыншы жыл-
дар дағы халық көтерiлiсiн басқарған ол, бұл көтерiлiс
же ңi лiп қалса да, рухы түспей қазақтарды жаңа күреске
жi гер лендiрдi. Отызыншы жылдардың орта шенiнде орыс-
тар дың Орск—Троицк әскери шебiнiң күшеюiне байла ныс-
ты осындағы көп қазақ ауылдары Торғай өзенiне қарай
қоныс аударды. Малға жайылым таппаған қазақтардың
ашу-ызасы өрши түстi. Осындай наразылықты ұйымдасты-
ру шы және басқарушы Жоламан Тiленшiұлы болды. Оның
бас шылығымен қазақтар орыстардың жаңа әскери шебiне
шабуылдар жасады және орыс жерiнен Орта Азияға кетiп
бара жатқан керуендердi тонады. Ашынған қазақтар патша
үкiметiнiң жү генсiз отаршылдық саясатына осы лай ша на-
разылық бiлдiруге мәжбүр бол ды.
Жоламан Тiленшiұлы ұйым дас тыр ған көтерiлiстiң басты
мақсаты — отаршылдар күшпен басып алған жердi иелерiне,
қазақтарға қайтару едi. XIX ғасырдың 30—40-жылдарын
қамтыған Қазақстандағы ең iрi халықтық сипаты бар Кене-
сары Қа сым ұлы көтерiлiсiнiң алғы шарттарын әзiрлеуде
мұндай әлеу меттiк қозғалыстардың маңызы зор болды.
Көтерiлiстiң басталу себептерi мен барысы. Абылай
ханның ұлдарының бiрi Қасым төренiң баласы Кенесары
Кенесары хан
80
сұлтан көтерiлiсiнiң басты мақса ты — Қазақ станның пат-
шалы Ресейдiң құ рамына қосылып үлгермеген өңiрлерiнiң
дербестiгiн сақтау, қазақ жерiн бекi нiстер мен жаңа округ-
тiк билеу арқылы жан-жақты отарлауды тоқтату едi. Ке не-
сары Қасымұлы (1802—1847) және оның төңiрегiне шоғыр-
ланған топ Ресейдiң билеушi топтарының би леп-төстеу
саясатының мәнiн және салдарын түсiне бiлдi. Халықтың
осы уақытқа дейiн бытыраңқы сипат алған наразылығын
отаршылдыққа қарсы күреске жұмылдыруды көздеген Ке-
не сары, сонымен бiрге қазақтарды оңтүстiктегi Орта Азия
хандарының жүгенсiздiгiнен де құтқаруды мақсат еттi.
Ол азаттық үшiн күрестiң Исатай Тайманұлы бастаған
және одан бұрын Сырым Датұлы туын көтерген ерлiк дәс-
түр лерiн одан әрi жалғастырып әкеттi. Бiрақ Кенесары
бастаған көтерiлiс өзiнен бұрынғы наразылықтардың бәрi-
нен де күштi және ерекше болды. Ол тек отарлаушы орыс
патша сына ғана қарсы шығып қоймай, сонымен бiрге патша
үкiметiнiң қолшоқпарына айналған және оңтүстiктегi Қоқан
хандығының әдiлетсiз саясатын қазақтар арасында жүргiзiп
отырған қазақ сұлтандары мен билерiне де қарсы көтерiлдi.
Басты мақсат — бұл күресте тәуелсiз Қазақ хандығына қол
жеткiзу едi. Қазақтардың бiр орталыққа бағынған мықты
мемлекетiн орнықтырмай патша үкiметiнiң отаршыл пиғы-
лына соққы беру мүмкiн емес екендiгiн Кенсары жақсы тү-
сiндi. Сондықтан да ол қазақтар мекендейтiн аймақтарды
бiрiктiрудi көздеген жорықтарды басқарды.
Кенесары Қасымұлының көтерiлiсi XIX ғасырдағы бү кiл
Қазақстанды қамтыды. Ұлы, Орта және Кiшi жүз қазақ тары
бұл көтерiлiске белсене қатысты. Көтерiлiстiң әр ке зең дерiнде
сұлтанды қыпшақ, төртқара, жағалбайлы, шектi, алшын,
керей, жаппас, бағаналы, табын, тама, арғын және басқа iрi
рулар қолдап отырды. Он жылға созылған көтерiлiстiң басты
қозғаушы күшi — қазақ шаруалары едi. Кеулей бастаған
отарлық езгi жағдайында бұқара көтерiлiс арқылы өздерiнiң
әлеуметтiк қайшылықтарын шешуге тырысты. Езiлген
үш жүздiң еңбекшiлерiнiң осы саяси арпалысқа қатысуы,
қозғалыстың басты мақсаттарына ұлт-азаттық сипат бердi.
Кенесарыны ең алдымен қызу қолдағандар: інісі Наурызбай
төре, қырындасы Бопай ханым, т.б. жақын-туыстары еді.
Көтерiлiске қатысқан белгiлi Шыңғыс ұрпақ тары ның iшiнде
Көкшетау өңiрiнен сұлтандар: Шеген, Қанқожа Уәлиұлы,
Таны Тортайұлы, Айғаным ханым; Ақмола округiнен:
81
Күшiк, Жадай, Жанай Айшуақұлдары
болды. Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола,
Қарқаралы, Баянауыл округтерiнде,
кейiннен патша үкiметiнiң сот-жазалау
меке мелерiнiң жинаған мәлiметтерiне
қарағанда, көтерiлiске 80-нен астам
сұлтан, би, старшындар қатысқан. Оның
iшiнде, Орта жүздiң соңғы ресми ханы
Уәлидiң жесiрi Айғаным ханымның
беделi өте зор болатын. Онымен жер-
гiлiктi билеушiлер ғана емес, Ресей
үкiметi де қатты санасатын.
Кенесары әскерiнiң жеке отрядтарын
басқарғандар арасы нан қазақтың үш
жүзiнiң де белгiлi батырларын кездес тi ремiз: Ағыбай, Иман
(Амангелдi Имановтың атасы), Жоламан Тiленшiұлы,
Бұхарбай, Бұғыбай, Аңғал батыр, Жеке батыр, Байсейiт
батыр, Сұраншы батыр және т.б. Көтерiлiс тек қазақ ұлтымен
шектелмедi. Оған әртүрлi ұлттардың өкiлдерi қатысты:
орыс, өзбек, қырғыз. Қазақ жерiн қамтыған осы көтерiлiске
әртүрлi ұлт өкiлдерiнiң атса лысуы түсiнiктi. Қоқан, Хиуа
бектерiнiң, қырғыз манапта рының, орыс помещиктерiнiң
озбырлығынан қашқан езiлген топ өкiлдерi көтерiлiстен пана
iздедi, өздерiнiң саяси-әлеу меттiк талаптарының орындалуы
үшiн арпалысты.
1837 жылғы қараша айында Кенесары Қасымұлы Петро-
павл қаласынан шыққан керуендi қорғайтын Ақтау бекiнiсi
казактарының тобына тұңғыш рет шабуыл жасап, патша
үкiметiне қарулы қарсылық бiлдiрдi.
1838 жылдың көктемiнен көтерiлiсшiлердiң патша жаза-
лаушы қолдарымен қақтығыстары жиiледi. Көтерiлiске
қойлыбай-шағырай, жанай, қалқаман, темеш, тыналы және
басқа да Ақмола округi өңiрiнде көшiп жүрген қазақ рулары
белсене қатысты. 1838 жылы мамыр айында Кенесары жаса-
ғы Ақмола бекiнiсiне тұтқиылдан шабуылдады. Пат ша үкiме-
тiнiң сойылын соққан сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймен дiұлы
және Карбышев басқарған бекiнiс гарнизоны Ақмоланы
қорғап қала алмады. Көтерi лiсшiлер бекiнiстi өртеп жiбердi.
Бұл көтерiлiсшiлерге рух берген iрi жеңiс едi.
Көтерiлiстiң қарқындылығы сондай, тiптi патша үкi ме тiне
берiлген жеке қазақ сұлтандары да малын және өз бастарын
аман сақтау үшiн алғашында көтерiлiске қосылды. Солардың
Айғаным ханым
82
iшiнде Баянауыл округiнiң iрi өкiлi Мұса Шорманұлы, сұл-
тан дар — Бабатай, Елемес Жайнақұлы, т.б. кейiннен жазалау-
шылар жағына шығып кеттi. 1838 жылдың жазы мен күзiнде
Орта жүз қазақтарының негiзгi бөлiгi Кенесары туы астына
шоғырланды. Осы жылдың күзiнен қозғалыс Кiшi жүздi де
шарпыды. Ырғыз және Торғай өзендерi бойын қоныстанған
қазақ шаруалары көтерiлiске зор ынтамен қосылды. Көп
кешiкпей би Жоламан Тiленшiұлы өз жақтастарымен
азаттық үшiн күрестiң қатарын толықтырды.
1841 жылы тамыз айында Кенесарының қолы Ташкентке
аттанды. Алайда сарбаздар арасында жұқпалы аурудың
тарауынан жорық жүзеге аспады. Көтерiлiсшiлердiң бiр
тобы қоқан әскерлерi орналасқан Созақ, Жаңақорған, Жүлек
және Ақмешiт бекiнiстерiн қоршады. Созақты қоршау және
бiрнеше қоқан бекiнiстерiн алу көтерiлiсшiлердi рухтан дыр-
ды. Кенесары Қасымұлының есiмi қазақ даласына кеңi нен
тарады. Қоқан ханы, тiптi, сұлтанға одақ жасауды ұсын-
ды. Қазақ жерiн азат етудi аңсаған көтерiлiс көсемi мұндай
одақтан бас тартты.
Көтерiлiс шеңберiнiң кеңейiп бара жатқанынан шошынған
патша үкiметi Кенесары мен Қоқан хандығының арасындағы
қайшылықты пайдаланып, оны тұншықтыру үшiн тiкелей
шара ларды iске асыра бастады. 1842 жылы В. А. Перовскийдiң
орнына Орынбор өлкесiне губернатор болып тағайындалған
генерал В.А.Обручев қарулы қолмен көтерiлiстi қанға
бояуды ойластырды. Екiншi жағынан, Батыс Сiбiр генерал-
губернаторы, князь П.Д.Горчаков та Сiбiр жағынан қысымды
үдеттi. 1842 жылы қазақ даласына Сiбiр әскери шебiнен
жiберiлген Сотников тобы Кенесары жасақтарына қарсы
шабуылды бастады. Кейiннен құрамы күшейтiлген Батыс
Сiбiр жазалау отряды Ақсақал төбе маңында 1000 түйе, 3000
жылқы, 10 000 қойды айдап әкетiп, 100 адамды өлтiрдi. Осы
жағдай Батыс Сiбiр генерал-губернаторының билiгiндегi
қазақ ауылдарының күштерiн бiрiктiруiне түрткi болды.
1843 жылғы маусым айында I Николай патша войсковой
старшина Лебедев бастаған 300 казак отрядын көтерiлiстi
жаншуға жiберуге келiсiмiн бердi. Ал 1843 жылдың тамыз
айында Кенесарыға қарсы билеушi сұлтан Ахмет Жан төре -
ұлы, сұлтан Баймағамбет Айшуақұлы, полковник Ге ке
және Бизановтар басқарған бесмыңдық екiншi топ ұйымдас-
тырылды. Сондай-ақ Омбы және Қарқаралы маңында жаза-
лау шылардың бесмыңдық тағы бір тобы жасақталды. Та мыз
айының алғашқы күнi Орынбордан аттанған топпен Кене-
83
сары сарбаздарының арасында кескiлескен шайқас өттi. Екi
жағына да құрбандық әкелген әскери қырқыс нақты нәтиже
бермей, көтерiлiсшiлер кейiн шегiндi. Сөйтiп, 1843 жылы
тамыз айының 17-сi күнi Орынбор жағынан қимылға кiрiскен
полковник Бизановтың қарулы тобы көтерiлiсшiлерге
қарсы ешқандай тойтарыс бере алмай, Ор бекiнiсiне қайтып
оралды.
Кенесары әскерiнiң 1844 жылғы шiлде айының 20-сынан
21-iне қараған түнiнде болған шайқасы жеңiспен аяқталды:
түнгi қақтығыста көтерiлiсшiлер сұлтан-билеушi Ахмет
Жантөреұлының отрядын қоршап, оған соққы бердi, жаза-
лаушы әскери топпен бiрiгiп Кенесарыға қарсы тұрған қазақ
феодалдарынан 44 сұлтан ұрыс даласында мерт бол ды.
Көтерiлiсшiлер қимылдарының қарқынды болғаны сон-
шалық, ұрыс болған жерге жақын келген полковник Ду-
никовский әскери тобының сұлтан Жантөреұлына көмекке
келуге батылы жетпедi. Ахмет Жантөреұлы Тобыл өзенiне
қарай жедел шегiнуге мәжбүр болды. Кенесарыға қарсы
күресте дәрменсiздiк көрсеткенi үшiн войсковой старшина
Лебедев Орынборға шақыртылып, орнынан тайдырылып,
сотқа тартылды.
1844 жылғы күрес нәтижелерi көтерiлiсшiлердiң рухын
көтердi, Кенесары туы астына жаңа қазақ ауылдарының
тездеп шоғырлануына түрткi болды. Осы жағдай Орынбор
әкiмшiлiгiн Кенесарымен келiссөз жүргiзудi бастауға
мәж бүр еттi. Көтерiлiс басшысы да патша үкiметiмен ара-
дағы тартысты өзара келiссөз арқылы шешу жағында едi.
1838 жылы желтоқсан айында Ақбұлақ округтiк приказы
төңiрегiнде Кенесары Қасымұлынан Батыс Сiбiр генерал-
губернаторы князь Горчаковқа және I Николай патшаға ар-
налған хаттарды тапсыруға хан жiберген бес өкiл — Тобылды
Тоқты ұлы, Жүнiс Жанкүшiкұлы, Малбердi Қонысбайұлы,
Қосымбай Қазанғапұлы, Майтөк Дөненұлы тұтқынға алы-
нып, жазаға тартылды. Кенесарының сенiмдi өкiлдерi арқы-
лы қойған талабы — қазақ жерiндегi округтiк приказды жою,
Абылай хан заманындағы қазақ жерiнiң дербестiгiн қал пына
келтiру, жергiлiктi тұрғындардан алым-салық жи нау ды
тоқтату едi. Күрестiң екiншi кезеңiнде ол бұрынғы талап-
тарын бiршама жұмсартты.
Патшалы Ресеймен қарулы қақтығыстың ауырлығын
сезген сұлтан бүкiл қазақ жерiн отарлаудан азат етудiң қиын-
дығын түсiндi. Кенесарының ендiгi талабы әлi де әскери бекi-
нiстiң қармағына iлiне қоймаған Ақтау, Есiл-Нұрадан кейiнгi
84
өңiрдi патша үкiметi билiгiнен босату едi. Осындай жағдайда,
арадағы қайшылықтарды келiссөз арқылы шешуге Кенесары
барынша мән бердi. 1844 жылдың аяғында көтерiлiс бас-
шы сымен келiссөз жүргiзу үшiн Орынбор шекаралық ко-
мис сиясының өкiлi би Баймұханбет Жаманшин Орынбор
губернаторы Обручевтiң хатын Кенесарыға табыс еттi.
1845 жылдың сәуiр айында Кенесарының аулына Долгов-
тың, кейiннен штаб поручигi Герннiң елшiлiгi келдi. Алайда
патша елшiлерiнiң талабы Қазақстанды бұрынғыдай отарлау
жағдайында қалдыру едi. Кенесарыға басқа елдермен дипло-
ма тиялық байланыс жасауына тыйым салынды. Көтерiлiске
қатысқан қазақ руларына үкiмет межелеп берген жерлерде
ғана көшiп-қонып жүруiне рұқсат берiлдi. Кенесары Қасым-
ұлына Орынбор өңiрiндегi қазақтардың иелiгiн Ресей импе-
рия сының бiр бөлiгi ретiнде мойындаса ғана көтерiлiске
қатысушыларға кешiрiм берiлетiндiгi басты шарт ретiнде
қойылды. Әрине, көтерiлiстiң негiзгi мақсаттарына қайшы,
алғашқы нәтижелерiн жоққа шығаратын мұндай талап-
тарды қабылдау отаршылдық тәртiптердi өзгерiссiз қалды-
румен тең едi. Екi ай бойы Кенесарымен бiрге көшiп жүруге
мәж бүр болған Ресей елшiлерi көздеген мақсаттарының
орын далмайтынына көздерi жетiп, Орынборға қайта орал-
ды.
Елшi Долгов арқылы Орынбор генерал-губернаторына
жолдаған хатында Кенесары Қасымұлы Ресейдiң билiгiн
өзiнiң мойындауы үшiн төмендегi талаптарды анықтау
қажет деп санады: қазақ жерiндегi барлық патша бекiнiс-
терiн жермен-жексен ету, қазақ ауылындағы жазалаушы
отряд тарының бассыздығын тыю, алым-салық жинауды
тоқ тату. Бұдан кейiн патша үкiметi мен Кенесары арасында
келiссөздер тоқтап қалды.
Көтерiлiстiң шешушi кезеңi және оның жеңiлуi. 1845
жылдың жазында көтерiлiсшiлердiң мақсаттарынан таймай-
тынына көзi жеткен патша үкiметi қазақ жерiн бекiнiстер
арқылы отарлауды жалғастырды. Ұлытау, Ырғыз және Тор-
ғай өзендерi бойында жылдам тұрғызылған бекiнiстер осы
бағыттың бiр көрiнiсi болды. Бұл бекiнiстердiң салынуына
Кенесарының қарсылығын патша үкiметi тыңдағысы келмедi.
Осы өңiрдi тастап кетудiң алдында Кенесары алыстағы адай
руының биi, старшындарына, Бұхар әмiрлiгiне жiберген
се нiм дi адамдары арқылы тұрақты қоныстануға жер бөлiп
беру дi өтiнген.
85
Кенесары қалыптасқан жағдайды талқылау үшiн белгi лi
қазақ руларының, батырларының, сұлтандарының қаты-
суымен кеңес өткiздi. Көтерiлiстiң қалыптасқан жағдай-
дағы жоспары тiптi көршi мемлекеттерден, соның iшiнен,
Қытайдан көмек сұрау мәселелерi де талқыланды. Осы
ке ңесте патша үкiметi қимылының күшеюi салдарынан
Сары арқадан оңтүстiк аудандарға ығысу туралы шешiм
қа былдануы көтерiлiстiң кейiнгi тағдырына да әсер етпей
қоймады.
Туған жерiн тастап кету қазақ шаруалары үшiн ерекше
ауыр болды. Кенесары сарбаздарының көте рiлiстен кетуге
бел байлаған шаруаларға қысым көрсетуi, қарсыластарының
ауылдарымен қақтығыстары жиiлей түстi. Жер ала алма-
ған, тыныштық пен тұрақты пана iзде ген, алым-салықтан
бас көтере алмаған қазақ руларының та рапынан қарсылық
күшейе бастады.
Кенесарының Сарыарқадан Ұлы жүзге бет алуының бiр
себебi — Қоқан хандығының езгiсiндегi қазақ руларының
дер бестiк алуына көмек көрсетiп, өзiне тiрек жасау едi.
Ке несары ұйымдастырған мемлекеттiк тәртiпке негiздел-
ген көшпелi қауым және оның басты әлеуметтiк тiрегi —
ақсүйек тер бү кiл қазақ жерiн азаттыққа жеткiзуге тырысты.
Әрине, Кенесарының арқа сүйеген тобы — би, старшындар
және көп шiлiгi ауқатты топтан шыққан батырлар болатын.
Ол құрған хандықтың әскери тiрегi де осы батырлардың
соңынан ерген сарбаздар едi.
Көшпендi феодалдық мемлекеттiң құрылысында жал пы
Қазақстандағы хандық билiктен бiрқатар өзiндiк ерекшелiк-
терi болды. Хандық кеңестiң құрамы Кенесарының жа қын
туыстарынан, би, батыр және сұлтандардан тұрды. Әбiл-
қайыр хан кезiндегi ақсақалдар кеңесiнен бiр өзгешелi-
гi — билiктiң тiзгiнi Кенесарының өз қолында болды. Хандық
ке ңеске, негiзiнде, азаттық күрестiң мақсаттарына терең
берiлген, ұрыста ерлiк немесе дипломатиялық қасиеттерiн
көрсете бiлген өкiлдер кiрдi. Көшпендi өмiр мен жазалаушы
күштердiң тұрақты қысымы жағдайында хандықты басқа-
руды жолға қою қиын едi.
1841 жылы тамыз айында хандық билiктi қалпына кел тiр-
ген Кенесары қазақ қауымында белгiлi билер сотын жойып,
оның орнына хандық сотты кiргiздi. Арнайы топ қаржы
мәселесiмен айналысты. Сауда керуендерiнен жиналатын баж
салығы мен алым-салықты ретке келтiрiп отыратын арнайы
86
қызметкерлер тобы болды. Сонымен қатар көтерiлiсшiлердi
қолдаған iрi феодалдардан алынған мал, дүние-мүлiктерiн
бөлу немесе оны басқару iсiмен Кенесарының көмекшiлерi
айналысты.
Кенесарының тiкелей қатысуымен құрылған басқару
iсi Хандық кеңес қабылдаған шешiмдердiң орындалуын
қадағалап отырды, алым-салықтың жиналуын қамтама сыз
еттi. Арнайы билеу органы, сонымен қатар қазақ ауыл-
дарында көтерiлiс басшысының үндеулерiн уағыздап, та-
ратуға жауап беретiн.
Кенесары Қасымұлының басшылығымен iске асырылған
өзге рiстердiң iшiнде көңiл аударатыны — хандық тың жер
саясаты. Егiншiлiкке көшудi, жер шаруашылығын дамы-
туды Кенесары әрқашан қолдап отырды. Алайда Ке не сары
Қасымұлы сарбаздарының көтерiлiс қамтыған аудандарды
басып өтетiн сауда керуендерiн шабуылдауы, осы өңiрдегi
экономикалық байланыстарға нұқсан келтiрдi. Қалалардың
көшпендi қазақтармен сауда байланыстары құлдырады.
Орынбордан, Петропавл, Семейден Орта Азияға, Шығыс
Түркiстанға тауар апаратын көпестердiң байланыстары
әлсiредi. Алайда Кенесары ру арасын жегiдей жеген барым-
таға, әртүрлi жағдайда жиi қайталанып тұратын тартыстарға
қатаң шек қойды, пәрмендi шара қолданып отырды.
Әскери қимылдар кезiнде де Кенесары және оның кө-
мек шiлерi бiрқатар өзгерiстер жасады. Батырлар мен тө-
лең гiт тердiң басқаруындағы көтерiлiсшiлердiң әскери
кү шi, негiзiнен, өз еркiмен құрылған жасақтардан тұрды.
Кө терiлiсшiлер саны кейбiр жағдайда жиырма мыңға дейiн
жеттi. Жасақ жүздiктерге, мыңдықтарға бөлiндi. Бұл әскер
басқарудағы жүйе көшпендi халықтарда ертеден келе жат-
қан, далалық ауданда соғысуға икемделген әдiс едi. Бiр
жағы нан, патша үкiметiне үмiт артқан, екiншi жағынан,
Ке не сарыға ойысқан қазақ ауылдары да көтерiлiсшiлердiң
санын ұлғайту iсiнде өте қажет едi. Осыған орай Кенесары
әскерiнде қатаң тәртiп орнатылды. Опасыздық үшiн бiр-ақ
жаза — өлiм жазасы кесiлетiн.
Алайда XIX ғасырдың бiрiншi жартысында қалыптасқан
Қазақстанның отаршылдық саясаты күшпен iске асырыла
бастаған саяси-экономикалық жағдайда бiр орталықтанған
феодалдық мемлекет жүйесiн құру — күрделi iс болатын.
Қоқан хандығы және Ресей әскерлерiмен күрес осы жағдайды
айқын дәлелдеп бердi.
87
Кенесары ауылдарының оңтүстiкке қоныс аударуы Қоқан
ханды ғымен қақтығысқа әкелетiнi көрiнiп-ақ тұрды. 1845
жылдың қазан және қараша айларында көтерiлiсшiлердiң
Созақ, Жүлек, Жаңақорған бекiнiстерiн алуы, Кенесары
күшiнiң екiншi бөлiгiнiң Түркiстан, Ташкентке бет бұруы
Қо қан билеушiлерiнiң үрейiн ұшырды. Бұхар мен Қоқан
хандықтарының көтерiлiске қарсы күресу жөнiндегi келi-
сiмдерi Кенесарының жағдайын қиындатты. Балқаш көлi
мен Iле бойына бет алған Кенесары әскерiн Жетiсу бойындағы
қазақтардың бәрi бiрдей қабылдай алмады.
Абылайдың баласы Сүйiк сұлтанның жақтастары Ре-
сей билiгiн мойындаса, үйсiн, дулат рулары көтерiл iс-
шi лердi жақтады. Кенесарының белгiлi старшындар Құ -
нан бай Өскенбайұлы, Аякөз округiнiң аға сұлтаны Ба рақ
Сұлтанбайұлы, тағы басқа соңынан ермеген белдi тұл ға -
лардың ауылдарын ойрандауы — Жетiсудағы белдi ру -
лардың Ресейден көмек сұрауына себепшi болды. 1846 жы -
лы Шекаралық комиссиясының төрағасы генерал-май ор
Н.Ф.Вишневскийдiң Жетiсу мен Орта жүзге әске ри сапа-
рының мақсаты, бiр жағынан, Ресей билiгiн мойын даған ру
басшыларымен кездесу болса, екiншi жағы нан, Кенесарымен
күреске Жетiсу қазақтарын тартып, көтерiлiс шiлердi әлсi-
рету едi.
Күшi басым патшаның жазалау отрядтарына тiкелей
қар сылық көрсете алмай, Кенесары өз ауылдарымен Iле
өзенiнiң сол жағына шығып, Шу өзенi мен Алатау төңiрегiне
жақындады. Ұлы жүздiң батырлары — Тойшыбек, Саурық,
Сұраншы, Байзақ датқа, Медеу би Кенесарыны, оның Қоқан
бектерiне қарсы күресiн барынша қолдады. Кенесары қолы
қырғыз манаптарының иелiктерiне жақындады.
Көтерiлiстiң жеңiлуi және тарихи маңызы. Қырғыздардың
бiр бөлiгi де Қоқан ханының тепкiсiнде едi. Алайда Ресей мен
Қоқан бектерiнiң арасында екi жүздi саясат ұстаған беделдi
қырғыз манаптары Кенесарының Қоқан хандығына қарсы
бiрiгiп күресу жөнiндегi ұсынысын жауапсыз қалдырды.
Патша үкiметiнiң өкiлдерi қырғыздар мен Алатау өңiрiндегi
қазақтарды бiр-бiрiне айдап салды, олардың арасындағы
жер мәселесiндегi, басқа да ескi алауыздықтарды мейлiнше
өршiттi.
Осындай жағдайда 1847 жылдың басында Кенесары
қырғыз жерiне басып кiрдi. Көтерiлiстiң отаршылдық езгiге
қарсы бастапқы сипаты өзгере бастады. Кенесары әскерiнiң
88
жер гiлiктi халыққа қысымы, жазықсыз қырғыз ауылдарына
шабуылдары оған қарсы өшпендiлiк туғызды. 1847 жылы
қазiргi Тоқмаққа жақын Майтөбе (Кекiлiк сеңгiр) деген
жерде қырғыз манаптарының әскерiмен шайқаста Кенесары
қолы жеңiлiс тапты. Рүстем сұлтан мен Сыпатай бидiң ұрыс
қарсаңында жауынгерлерiмен Кенесарыдан бөлiнiп кетуi
қазақ жасағының жеңiлiсiне әсер еттi.
Бiрқатар сұлтандар мен билердiң Кенесарыны қолдамауы,
Ресей империясынан көптеген жеңiлдiктер алған сұлтандар
мен билердiң орталықтанған Қазақ хандығын қалпына кел-
тiруге мүдделi болмауы — көтерiлiстiң жеңiлуiнiң негiзгi
себебi болды. Жүзге жiктелген қазақ рулары көтерiлiстi өз
жерiнде ғана қолдап, Қоқан және қырғыздармен күресуден
өздерiн алшақ ұстады; Кенесарының өзiн қолдамаған ауыл-
дарға озбырлығы да көтерiлiсшiлер қатарын сиреттi; Ке-
несарының қырғыз манаптарымен тiл табыса алмауы да
жағдайда ауырлатып жiбердi. Қырғыз билеушiлерi Кене-
сары дан жәбiр-жапа шеккен қырғыз ауылдарын ханға
қарсы күреске ұйымдастыра алды. Мұның өзi Кенесары
көтерiлiсiнiң нәтижелерiнiң қайғылы болуына алып келдi.
Солай бола тұрса да 1837—1847 жылдар аралығында орын
алған бұл көтерiлiстiң тарихи маңызы өте зор. Ол патша
үкiметiнiң қазақ жерiн отар елге айналдыру үдерiсiн ондаған
жылдарға тежеп тастады. Кенесарының соңынан iлескен
қазақ халқы орыс патшасының отаршылдық iс-әрекеттерiне
тежеу салу үшiн ұйымдасқан күрес қажет екенiн түсiндi.
Үш жүзге бөлiнген қазақ ру-тайпалары патша үкiметiне
қарулы күреске ұйымдаса алатынын дәлелдеді. Көтерiлiс
жеңi лiп қалғанына қарамастан, қазақ халқының бостандық
сүйгiш рухын көтерiп, ғасырлар бойы қалыптасқан тәуел-
сiздiк үшiн күрес жолына жұмылдыра бiлдi. Бұл жоңғар
шапқыншылығынан кейiнгi қазақтың бiртұтас ұлт еке нiн
және оның отаршылдыққа, сондай-ақ кез келген басқыншы-
лыққа қарсы ортақ ұлт-азаттық күресiн көрсеткен та рихтың
ащы сабағы болды. Кенсарымен оның iнiсi Нау рыз байдың,
сондай-ақ олардың соңынан iлескен халық ба тыр ларының
қазақ халқының бостандығы, ар-намысы және ұлттық
тәуелсiздiгi жолындағы тамаша ерлiктерi қазақ хал қының
болашақ ұрпақтарын отаншылдыққа тәрбиелеп, жаңа
жеңiстерге жiгерлендiрдi. Халық өзiнiң ержүрек азамат-
тарын шабытпен жырға қосып, мақтаныш етiп, аңыз ға
айнал дырды. Осы тарихи ерлiк дәстүрi болашақ қазақ
89
мем лекеттiлiгiнiң тәуелсiздiгiне апаратын алғышарттарды
саяси, рухани-әлеуметтiк тұрғыдан дайындады.
сұрақтар мен тапсырмалар
1. Кенесары Қасымұлы көтерiлiсiнiң басты себептерi неде?
2. Көтерiлiстiң қозғаушы күштерiне сипаттама берiңдер.
3. Кенесарының Қоқан, Бұхар хандықтарымен байланысы қандай
болды?
4. Кенесары хандығының құрылымы мен XVI — XVII ғасыр лар дағы
Қазақ хандығын салыстырыңдар.
5. Көтерiлiсшiлердiң Қоқан және қырғыз манаптарымен соғысына
баға берiңдер.
6. Көтерiлiстiң жеңiлу себептерi мен тарихи маңызы қандай?
Құжаттар
Генерал-губернатор мырзаға
Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымұлынан
“...Сiзге хабарлайын деп отырғаным: екi елдiң халқы бейбiт өмiр
сүрсiн деген ойым. Бiздiң аудандарымызды өзiне қаратып алды
деп маған күдiкпен қарайтын көрiнесiз. Керiсiнше сiздер менiң
атам Абылайдың иелiгiнде округтiк дуандар (приказдар. — Ж.Қ.)
құрдыңыз, қырғыз (қазақ. — Ж.Қ.) халқынан салық жинап, қысым
көрсетудесiз. Бiздiң ренжуiмiз орынды, сiздiң қарамағыңызда
өмiр сүру мүмкiн емес. Мен өз жағыма тек Баянауыл, Қарқаралы
және Ақмола (округтерiнiң. — Ж.Қ.) халқын тартып қойғаным
жоқ. Қазақ халқының көне замандағы жағдайының өзгермегенiн
құптаймыз. Онда бiз де, сiз де тыныштықта өмiр сүрген болар
едiк. ...Дуандардың (округ) басшылары қырғыздардың жақсы
жылқыларын тартып алуда. Қазақтар өздерiне асқа күнiне үш қойдан
сояды. Дуан басшыларының бассыздығына қарсы қырғыздардың
шағымдары жауапсыз қалады. Патша ағзамның заңдарына сай
бiздiң жылқыларымызды өлтiруге, тартып алуға тыйым салынғаны
сөз жүзiнде ғана. ...Сiзбенен ғұмырлық достықта болу үшiн: Ақтау
бекiнiсiн жоюды, Ақмола дуанын таратуды өтiнемiн, түрмедегi
адамдарымызды босатыңыз”.
Кенесары Қасымұлы.
Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк мұрағаты.
374-қор. 2-тiзiм. 25-iс. 15-16-парақтар.
Достарыңызбен бөлісу: |