Қазақстан аумағындағы казак әскерлері Өлкеде әкімшілік реформаларды жүзеге асыруда, жергілікті халықтың көтерілістерін басуда казак әскерлері елеулі рөл атқарды. Олар Қазақстанмен шекаралас жерлерде де, оның тікелей шикі аумақтарына да орналастырылды. Қазақстанда және онымен шектес аумақтарда төрт казак әскері болды. Олар Жайық, Сібір, Орынбор және Жетісу казак әскерлері еді. Ресей империясындағы казак әскери бөлімдерінің негізгі қызмет түрлері, біріншіден, Ресейге жаңа жерлерді қосып алуға белсене қатысу; екіншіден, көрші мемлекет әскерлерінің шекараға басып кіруінен қорғау; үшіншіден, Ресей империясы құрамындағы бұратана халықтардың ұлт-азаттық қозғалысын, орыс шаруалары мен жұмысшы табының көтерілістерін аяусыз басуға белсене қатысу болатын. Жайық (Орал) казактарының ең алғашқы елді мекендері XVI ғасырда қазіргі Қазақстан аумағының солтүстік-батыс бөлігінде (Жайық (Орал) өзенінің бойында) пайда болды. Сондықтан да оларда өзін-өзі басқарудың элементтері көп болды. Казактардың қоғамдық өмірінің аса маңызды мәселелері әскери топта ұжымдық талқыға салу арқылы шешілетін. Патша үкіметі казактардың еркіндігін шектеу саясатын ұстанды. Олардың тұрмысына бірте-бірте қатаң әскери тәртіп енгізіле бастады. Мәскеу мемлекеті Жайық казактарына оңтүстік-шығыс шекараны қорғау және әскери отарлау міндеттерін жүктеді. Жайық казактары 1773-1775 жылдарда Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты. Мұның өзі патша үкіметі тарапынан Жайық казактарының өзін-өзі басқару құқығына қысым жасап, шектеулер қоюына қатысты болған еді. Жайық казактары ауқатты тұрды. Әрбір казактың 80 десятинадан жер телімі болды. Жайық казактары егіншілік пен балық аулау, түз өндіру және аңшылықпен айналысты. Жайық казактары жерді қоғамдық негізде пайдаланды. Орасан зор жер көлемін иемденген казактар жерді Ішкі Бөкей ордасындағы және Жайықтың сыртқы жағындағы қазақтарға жалға берді. Олар осылай мол табыс көзіне ие болды. Қызыл балық пен қара уылдырықтың өзінен ғана казактар күміс ақшамен жыл сайын 2 миллион сом табыс табатын. Олар жыл сайын 300 мың басқа дейін қой сата алатын. Орынбор казак әскерлері 1748-1755 жылдар аралығында құрылды. Олардың Жайық казактарынан айырмашылығы — өз беттерімен келіп, стихиялық түрде құрылған жоқ, патша үкіметінің бастама көтеруі бойынша арнайы мақсатпен құрылды. Орынбор казактарының негізгі ұйытқысы Самара, Уфа, Алексеев және Есет казактары болды. Олар шекараны қорғау күзетінде қызмет етті. Бұл әскер өзінің құрамы жағынан көп ұлтты еді. Орыстардың басым болуымен қатар, оның құрамына украин, башқұрт, қалмақ, т.б. халықтардың өкілдері енді. Орынбор казак әскерлері Орынбор губерниясының оңтүстік және оңтүстік-шығыс шекараларында орналасып, осы өлкенің шамамен төрттен бір бөлігін алып жатты. Олар Жайық казак әскерлері мен Сібір казак әскерлерінің шекарасын бір-бірімен жалғастырды. Ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қазақ даласымен шектесті. 1840 жылы «Орынбор казак әскерлері туралы Ереже» шықты. Ол бойынша, Орынбор казак әскерлерінің жерінде тұратын барлық шаруалар казактар тобына қабылданды. Орынбор казак әскерлері өзінің ұйымдастырылуы жағынан тұрақты орыс әскеріне жақын келді. 1842 жылы Орынбор казактарының қатарына құрамында 3 мыңнан астам адамы бар Ставрополь қалмақ әскері келіп қосылды. Орынбор казак әскерлерінің орталығы Орынбор қаласында орналасты. Казактар негізінен селолық жерлерде қоныстанды. Қалаларда казактардың небары 2%-ы тұрды. Орынбор казактары негізінен егіншілікпен, мал өсірумен, балық аулаумен айналысты. Казак әйелдері ешкінің түбітінен түрлі орамал тоқыды. Бүкіл Ресейге және одан тыс жерлерге кеңінен танымал болған Орынбор шәлісі, орамалы, бөкебайы, бет перделері мен қолғаптары солардың қолымен тоқылатын. Орынбор казактары өзінің күнделікті өмірінде қазақ халқымен ұдайы араласып тұрды. Казак әскерлерінің аумағындағы жалға алған жерлерде қазақтар көшіп-қонып жүрді. 1916 жылы Орынбор казак әскерлеріндегі халықтың саны 533 мың адамға жуықтады. Сібір казак әскерлерінің негізін полиция қызметіндегілер құрады. Олар XVI ғасырдың аяқ кезінен бастап Сібір әскери бекіністерінде күзет қызметін атқарды. XVIII ғасырда Батыс Сібірдің оңтүстігінде бірқатар шекаралық бекініс қамалдар бой көтерді. Сібір казак әскерлерінің болашақ астанасы — Омбы әскери бекінісі салынды. Сібір казактары XVIII ғасырдың аяғына дейін Сібірдегі орыс шаруаларының есебінен толығып отырды. Казактардың қатары солдаттардың ер жеткен балаларының, саяси жер аударылып келгендер мен башқұрт, мещеряктар және Дон казактарының есебінен де толықтырылды. 1808 жылы Сібір казактары Сібір шекара иіебінің казак әскерлері деген ресми атқа ие болды. Әскердің штабы Омбы қаласында орналасты. Олардың әскери атаманы Батыс Сібір генерал-губернаторына, ал кейінірек - Дала өлкесінің генерал-губернаторына тікелей бағынды. XIX ғасырдың аяқ кезінде Сібір казак әскерлері екі облысқа — Ақмола және Семей облыстарына орналастырылды. Олардың тағы бір ғана бөлігі Томск губерниясының Бийск округына жайғастырылды. ХІХ-XX ғасырлар шебінде бүкіл казак әскерлері 5 млн десятинаға жуық жерді алып жатты. Ені 10 шақырымдық далалық алқаптың өзі ғана 1,5 миллион десятина жердің ұзына бойына созылды. Сібір казактарының әрқайсысына тиесілі жер телімінің көлемі орта есеппен алғанда 30 десятинадан айналды. Жерді тек ер азаматтар ғана алды. Сібір казактарының негізгі кәсібі егіншілікпен айналысу болды. Бірақ далалық ауа райының құбылмалылығы, құрғақшылықтың жиілігі, қақаған күшті аязды күндердің көптігі егін егуде қыруар қиыншылықтар туғызды. Казактар негізінен күздік және жаздық қара би дай егумен шұғылданды. Сұлы, арпа, тары, сондай-ақ картоп екті. Казактардың арасында бау-бақша, темекі өсіру де жақсы дамыды. Петропавл маңында бау-бақша өсірумен айналысатын тұтас казак поселкелері құрылды. Шекара шебінің темекісі «махорка» бүкіл Сібірге кеңінен тарады. Казактар сонымен қатар кендір өндірумен де айналысты, сора өсірді. Сібір казактарының тарихын, олардың Ертіс бойындағы қазақтармен қарым-қатынасын зерттеумен белгілі тарихшы және өлкетанушы генерал Г.Е. Катанаев айналысты. 1917 жылға қарай Сібір казактарының жалпы саны 172 мың адамға жетті.