І. Берілген үзіндіге төмендегідей лингвистикалық талдау жасаңыз:
1. Тіл үндестігі мен ерін үндестігіне бес мысалдан келтіріңіз.
2. Соңғы сөйлем құрамындағы дауыссыз дыбыстарға акустикалық сипаты тұрғысынан талдау жасаңыз.
3. Шұғыл дауыссызбен келген бес сөз, ызың дауыссызбен келген бес сөзді теріп жазыңыз.
4. Орфографияның фонетикалық принципі бойынша жазылған сөздерді теріп жазыңыз.
Қырық бірінші сөз (Абай)
Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек.
Әуел – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.
Екінші –ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын пәралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді (107-бет).
І. Берілген үзіндіге төмендегідей лингвистикалық талдау жасаңыз:
1. Алғашқы сөйлем құрамындағы дауысты дыбыстарды жасалу жолына қарай талдаңыз.
2. Соңғы сөйлем құрамындағы дауыссыз дыбыстарды жасалу жолына қарай талдаңыз.
3. Тіл үндестігі мен ерін үндестігіне бес мысалдан келтіріңіз.
4 Орфографияның фонетикалық принципі бойынша жазылған сөздерді анықтаңыз.
Қырық екінші сөз (Абай)
Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?
Малдылар малын өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып, қолдағы құдай берген азды-көпті дәулеті қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. «Пыш-пыш» кеңестен қалып, бір ауылдан бір ауылға барып қулық, сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржыңдасуды қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең, халыққа әдет сол болған соң, шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім, білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді.
Сол үшін осы қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады (108-109-бет).
Достарыңызбен бөлісу: |