Сауыр-Тарбағатай тауларының ландшафттары
Сауыр-Тарбағатай таулары Алтайдан оңтүстікке қарай орналасқан көрші тау жоталарымен бірге біртұтас тау жүйесін құрайды. Солтүстігінде Зайсан қазаншұңқыры, ал оңтүстігінде Алакөл қазаншұңқыры жатыр.
Тарбағатай таулары Зайсан қазаншұңқырының оңтүстік және оңтүстік батысында орналасқан. Тарбағатай бірін-бірі жалғастыратын бірнеше жоталардан тұрады. Ең биік шыңы Тастау (2992 м). Оның батыс бөлігінде Жалаулы тауы теңіз деңгейінен 2962 м көтеріліп, орташа биіктігі 2000 м болатын тау сілемдері 250 км-ге созылып жатыр. Тарбағатайға жалғасып Сауыр-Сайқан таулары жатыр. Олардың ең биік нүктесі Мұзтау (3805 м). Қазақстан жеріне оның тек солтүстік бөлігі енеді. Солтүстік беткейлеріндегі шатқалдарда шағын-мұздықтар бар. Ағын сулардың әсерінен беткейлер үгілуге ұшыраған, беткейлері жақпарлы болып келеді. Сауыр-Сайқанның батысындағы Маңырақ тауы Шорға жазығына дейін созылады. Ол Зайсан қазаншұңқырының оңтүстік- шығысында орналасып, Кендірлік, Еспе өзендеріне суайрық болып табылады.
Климаты қоңыржай, континентті болып қалыптасқан, жылдық жауын-шашын 100-200 мм-дей. Өсіп-өну кезеңіндегі ауа температурасының жиыны 2400-2500◦. Ландшафт кешендері сұр және қызыл-қоңыр топырақты жерлердің жусанды-сораңды, жусанды-дәнді шөптесіндер мен эфемерлі-жусанды өсімдік топтары тараған малта тасты, саздақты тау етегіндегі ысырынды жыныстар тізбегінен тұратын еңісті жазықтардан құралған. Ландшафт кешендерінің құрамына таудан бастау алған кішігірім өзен оңғарлары да кіреді. Олар көбіне тоғайлы, шалғынды болып келеді, кейде тек бұталар өскен сайлар тәрізді болып та кездеседі. Тарбағатайдың оңтүстік беткейлеріндегі өзен аңғарларында таралған ағаш өсімдіктерімен бірге жабайы алма да өседі. Сонымен қатар, оңтүстік беткейлерінде итмұрын, ұшқат, тобылғы секілді бұталы өсімдіктер таралған, ал солтүстік беткейлерінде дәнді-шөптесінді өсімдіктер өседі. Солтүстігінде дала зонасы 600 м-ге дейін көтеріледі. 600-800 м биіктікте өсімдік жамылғысы: бадам, қараған бұталарынан және тарбағатай бидайығынан, жоңышқа, шырмауық, оттық, боз, Попов мертензиясы, кемпіршөп, қандыгүл, рауғаш секілді шөптесін өсімдіктерден тұрады. Биігірек альпілік белдеуде көкнәр, ботагөз т.б. гүлді өсімдіктер көптеп кездеседі. Альпілік белдеуден жоғары тау тундрасы алып жатыр. Оңтүстік беткейлерінің 1000 м биіктігіне дейін бұталы тоғайлар: тікенді раушан, инелі кекіре, қара жидек, қарақат, ырғай, долана, қара бүлдірген, бөріқарақат өскен. Көк терек, мойыл, шәңгіш, қайың, жабайы алма ағаштары да шоқталып кездеседі. Таулы далалар мен шалғындар мал жайылымы үшін ең қолайлы жерлер болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |