Қазақтың ұсақ шоқысы мен Ертіс бойы жазығы
Шығыс Қазақстанның аумағына Қазақтың ұсақ шоқысының шығыс бөлігі кіреді. Оның геологиялық құрылымын палеозой қатпарлануының эффузивті-шөгінді кешендері құрайды. Аталған аумақтың тектоникасы аса күрделілігімен ерекшеленеді. Шыңғыстау антиклинорийінің сілемдері Арқалық, Мыржық, Қызылтау, Жылытау, Дегелең, Абралы, Ақшоқы, Арқат, Делбегетей, Семейтау тау жоталары түрінде созылып жатыр.
Тектоникалық жағдаймен аумақтың морфоқұрылымдық сипаты ғана анықталып қоймай, оның ландшафттық ерекшеліктері де анықталады. Жерінің салыстырмалы биіктігі, шамамен алғанда, 700-900 м-ден аспайды. Ландшафттық қабаттар да заңды түрде аумақтық жағдайда таралады.
19-сурет – Қазақтың ұсақ шоқысы
Жыл бойында континенттік ауа массалары басым болады, сондықтан, қысы қатты суық, жазы өте ыстық. Ауа райына қыс кезінде жиі қайталанатын Сібір (Азия) антициклоны және оның оңтүстік-батыс тармағы, «Воейков осі» әсерін тигізеді. Ол аталған аумақтың солтүстік бөлігі арқылы өтіп, қыстағы солтүстік-шығыс бағытта соғатын желдердің түзілуін қалыптастырады.
Оңтүстіктен келетін тропиктік ауа массалары ыстық, құрғақ ауа райын қалыптастырып, аңызақ, шаңды дауылдар әкеледі. Қаңтардың орташа температурасы – 16◦, кейде аяз – 40◦-қа жетеді, шілденің орташа температурасы 18-23◦. Жылдық жауын-шашынның мөлшері 200-225 мм, жауын-шашынның көп бөлігі мамыр айына сәйкес келеді. Өзен режимдері дала зонасындағыдай, бірақ, олардың ағыс мөлшері жыл бойында біркелкі емес, жаз кезінде өзен арналарының кеуіп қалуы мен тұздалуы байқалады.
Бұл аймақтың өсімдік жамылғысының түрлік құрамы кедей, сирек әрі аласа болып келеді. Көбінесе құрғақшылыққа төзімді көп жылдық өсімдіктер (бетеге, жусан) басым болып келеді. Тұзды топырақтарда сораң өседі. Сонымен қатар, эфемерлер мен эфемероидтар (қоңырбас, қызғалдақ) кездеседі.
Негізгі топырақ жамылғысы ашық каштан, қоңыр топырақ, құрамында шірінді қабаты аз болып келеді. Ойпаң жерлерінде сортаң топырақ түрі кездеседі. Мұнда бетеге, ақ селеу, қоңырбас, көде, жусан өседі. Семейтау, Делбегетей тауларыныңшөлейтті аймақтарында ши, астық тұқымдастар мен түрлі шөптесінді өсімдіктер, бұталар таралған. Тау беткейлерінде қайың, көктерек, шоқ ормандармен қатар, долана, итмұрын, қарақат, таңқурай бұталары кездеседі.
Шыңғыстаудың оңтүстік беткейлерінде боз-бетегелі, бұталы-шалғынды өсімдіктер (бетеге, қырғыз бозы, селеу, ши, қымыздық, бидайық) өседі.
Сортаң жерлерде қара жусан, бұйырғын, көкпек сияқты өсімдік түрлері кездеседі. Тұзды қиыршық тасты топырақтарда тас бұйырғын таралған.
Жалпы Шығыс Қазақстанның қазақтың ұсақ шоқысы аумағының ландшафттары мал жайылымы ретінде пайдаланылады. Ұсақ шоқылы тау жұрнақтарының арасындағы жазықтың құнарлы жеріне егін егіледі.
Ертіс бойы жазығы Батыс Сібір ойпатының оңтүстік-батысында орналасқан. Жазық теңіз деңгейінен 140-170 м биіктікте орналасқан. Қазақтың ұсақ шоқысына таман биіктік 180-200 м дейін көтеріледі. Ертіс өзені бұл аумақта орогидрографиялық ось рөлін атқарады. Басты аймақтық морфоқұрылымды Ертіс бойы жазығы-синеклиза құрайды.
Семей маңындағы Ертіс бойы жазығы Ертіс аңғарына тікелей ұласып оның негізгі оң жағалауын құрайды. 500 м-ге дейінгі қалыңдықтағы неоген-төрттік дәуірдің шөгінді жыныстары жондар мен платолар түрінде көтеріліп, Алтай тауларының сілемдеріне қосылады.
Ертіс бойы жазығында климаттың континенттігі анық байқалады. Қысы аса суық, қаңтардың орташа температурасы – 19-25◦, аязсыз күндер саны 110-120. Жылдық орташа жауын-шашынның мөлшері 350-380 мм, ең көп бөлігі мамыр, маусым айында жауады. Шілденің орташа температурасы +19; +20◦, жазы өте құрғақ болғандықтан көптеген өзен арналары кеуіп қалады.
Ландшафттық тұрғыдан алғанда, Ертіс бойы жазығы-құмды жазық болып келеді. Ежелгі эллювиальдық карбонаттық құмдар беткі қабаттта орналасқан.
20-сурет – Семейдің Ертіс бойы жазығының қимасы
Ертіс бойы жазығының эолды құмдар 8%-дай бөлігін алып жатыр. Бұл аумақта Ертіс бойында 300 км жерге дейін созылып реликті қарағайлы орман орналасқан. Аңызақ желдің өтінде тұрған қарағайлар сусымалы құмды бекітіп, ылғал ұстайды. Тізбекті қарағайлы ормандардың орташа биіктігі-30 м. Орман шеттерінді итмұрын, долана, қара жидек өседі.
Ертіс аңғарының топырағы қара қоңыр, арасында ойыс жерлерде, сортаң топырақ та кездеседі. Қара қоңыр топырақты жерлер шөптесін өсімдіктерге бай. Шөптесін өсімдіктері: жалбыз, бидайық, қоға, қияқ, т.б.
Ертіс аңғарында ылғалдық жеткілікті болуына орай, өсімдік жамылғысы әр алуандығымен, молдығымен ерекшеленеді. Өзен жайылымдарында шалғынды шөптер, ылғал сүйгіш орман ағаштарымен алмасады.
Ағаш тұқымдастардан қара терек, ақ терек, тал, қайың, көк терек, бұталардан: ырғай, тобылғы, итмұрын, долана, мойыл, қара жидек, жоңгар қарағаны өседі.
Құмдақты жағада сүттіген, қарандыз өссе, су жағалауында қамыс, қырықбуын, ақ тұңғиық, Яков шаршы гүлі, қара сора, кендір, құрай өседі. Қызыл бояу, дәрілік түймешетен, қияқ, итошаған сияқты дәрілік шөптер де көп.
Ертістің сол жағалауында құрғақ даланың жартылай гидроморфты ландшафттары қалыптасқан. Грунт сулары 4-6 м тереңдікте орналасқан, олардың минерелдану деңгейі 5-7 г/л, соған байланысты сол жағалау террасаларында сортаңды-шалғынды-далалық ландшафттар кешені орналасқан. Мұндағы шалғынды ашық-қоңыр топырақ типтерінде түрлі шөптесінді-селеулі, бұталы далалар таралған. Сортаң жерлерде галофитті өсімдіктер түрлері – жусанды бетегелі, жусанды-сораңды ландшафт түрлері қалыптасқан. Бұл жерлердің ауыл шаруашылығы үшін маңызы аз. Ондағы өсімдік жамылғысының өнімділігі 2-4 ц/га.
Шығыс Қазақстанның ландшафттық құрылымына талдау жасау арқылы, ландшафт дифференциациясына негізінен морфоқұрылым әсер ететіндігі байқалды.
Ландшафттардың жекелеген түрлерін, ауданын есептеу арқылы Шығыс Қазақстанның табиғи жағдайларының табиғат кешендерінің мол жиынтығын қалыптастыруға мүмкіндігі бар екендігін байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |