7. Қалайы (II) катионының тотықсыздандырғыш қасиеттері. а) Сулема (күшті улы зат) ерітіндісінің бір тамшысына (аз көлеміне) қалайы (II) хлориді ерітіндісінен 2-3 тамшы қосыңдар, содан соң артық мөлшерде қосыңдар. Алғашқыда сынап (I) хлоридінің (каломель) ақ тұнбасы металл сынапқа дейін тотықсызданады. Сол себептен тұнба қараяды. Сынап (I) хлоридінің молекуласында сынаптың тотығу дәрежесі +1 екенін ескере отырып, тотығу-тотықсыздану реакция теңдеуін жазыңдар.
ә) Натрий гидроксостаннатының (II) ерітіндісін тәжірибе арқылы алыңдар, оған висмут тұзының ерітіндісінен бірнеше тамшы қосыңдар. Не байқалады? Алғаш висмут (III) гидроксидінің тұнбасы, кейін металл висмут түзілгенін ескере отырып, реакция теңдеулерін жазыңдар. Натрий гидроксостаннаты (II) қандай қасиет көрсетеді?
8. Қалайы сульфидтерін алу. а) Екі сынауыққа қалайы (II) хлоридінің шамалы ерітіндісін құйыңдар. Біріншісіне аммоний сульфидін, екіншісіне күкіртсутегі суы ерітіндісін қосып, қалайы (II) сульфидінің түзілгенін байқаңдар. Түсі және түрі қандай? Сынауықтағы тұнбаның мөлшерін салыстырып, қорытынды жасаңдар. Байқалған құбылыстарды түсіндіріңдер. Алынған қалайы (II) сульфиді тұз қышқылында ери ме? Реакция теңдеулерін молекулалық-иондық түрде жазыңдар.
ә) 8а-тәжірибесін қайталаңдар. Ол үшін бастапқы зат ретінде қалайы (IV) хлоридін алыңдар. Тұнбаның түсін және түрін байқаңдар.
Қорғасын Қорғасын қосылыстары улы, сондықтан жұмыстан кейін қолды сабындап жақсылап жуу керек. 9. Қорғасынның алынуы. а) Бір бет қағазға қорғасын оксиді мен ағаш көмірдің ұнтағын бірдей мөлшерде араластырыңдар. Тығыз бір кесек ағаш көмірді ойып, алынған қоспаны сол ойыққа салыңдар. Қоспаны қыздырыңдар. Балқыған корғасын түзілгенше тотықсыздандыру керек. Реакция теңдеуін жазыңдар. Қорғасын суығанда оны балғамен соғып, созылғыштығын сынаңдар.
ә) Қорғасынның электрохимиялық кернеу қатарындағы орнымен және стандартты электродты потенциалымен танысыңдар. Қорғасын катионын оның тұзының ерітіндісінен ығыстыра алатын металды таңдап алыңдар. Тиісті тәжірибені жасаңдар. Ол үшін қорғасынның еритін тұзын және зертханада бар металды пайдаланыңдар. Реакция теңдеуін жазыңдар. Осы реакциядағы тотықтырғыш пен тотықсыздандырғышты анықтаңдар.