5. Магний тұздарының қасиеттері. а) Магний гидроксокарбонатының алынуы мен қасиеттері. Магний сульфаты ерітіндісіне тұнба түзілгенше сода ерітіндісін қосыңдар. Түсі қандай? Алынған магний гидроксокарбонатының реакция теңдеуін молекулалық және иондық түрде жазыңдар. Сынауыққа аммоний хлориді ерітіндісін қосыңдар. Не байқалады?
ә) Магний гидрокарбонатын алу. Сұйытылған магний тұзы ерітіндісіне аз мөлшерде натрий карбонатын қосыңдар. Қай зат тұнбаға түседі? Кипп аппараты арқылы көмір қышқыл газын алып, ерітіндіні қанықтырыңдар, тұнбаның біртіндеп еруін байқаңдар. Неге мұндай құбылыс жүреді? Реакция теңдеуін жазыңдар.
б) Магний карбонатының термохимиялық диссоциациялануы. Сынауыққа кішкене магний карбонатын салып, аузын газ жүретін түтігі бар сынауықпен тығындаңдар. Түтіктің ұшын химиялық стақанға салыңдар. Сынауықты қыздырыңдар. Стақанға жанып тұрған шыра ұстау арқылы, бөлініп жатқан газды анықтаңдар. Газ бөлінуі аяқталған соң қыздыруды тоқтатыңдар. Сынауықта тұнбада қалған зат суыған соң, үстіне аз ғана көлем су қосыңдар. Содан кейін бірнеше тамшы фенолфталеин ерітіндісін тамызыңдар. Реакция теңдеуін жазыңдар.
6. Кальцийдің сумен әрекеттесуі.Сынауыққа 1/3 көлемде дистилденген су құйып, үстіне кішкене кальций түйіршігін салыңдар. Қандай газ бөлінеді? Неліктен ерітінді лайланады? Ерітіндіге 1-2 тамшы фенолфталеин ерітіндісін қосыңдар. Не байқалады? Реакция теңдеуін жазыңдар.
7. Сілтілік-жер металдардың гидроксидтерін алу.а) Бірдей көлемде жеке сынауықтарға кальций, стронций және барий хлориді ерітінділерін құйып, үстіне сұйытылған натрий гидроксидін қосыңдар. Әр сынауықта түзілген тұнбаның көлемдеріне көңіл бөліңдер. Реакция теңдеулерін жазыңдар.
ә) Жоғарыдағы тәжірибені қайталаңдар натрий гидроксидінің орнына 2н аммиактың судағы ерітіндісін қосыңдар. Алдыңғы тәжірибемен салыстырыңдар. Түсіндіріңдер. Молекулалық және иондық теңдеулерін жазыңдар.
8. Сілтілік-жер металдары тұздарының алынуы және қасиеттері. а) Жеке сынауыққа кальций, стронций және барий карбонаттарының өздеріне сәйкес келетін тұз ерітінділерін алыңдар. Тұнбаның түстері қандай? Түстерінің өзгеруіне көңіл аударыңдар. Бәрінің үстіне сұйытылған тұз қышқылы ерітіндісін құйыңдар. Не байқалады? Молекулалық және иондық түрдегі реакция теңдеуін жазыңдар.
ә) Сілтілік-жер металдарының сульфаттарын алу. Жеке сынауыққа өздеріне сәйкес келетін тұз ерітінділерінен кальций және барий сульфаттарын алыңдар. Алынған тұнбалардың түстеріне көңіл бөліңдер. Реакция теңдеулерін жазыңдар. Тұнбаға сұйытылған тұз қышқылы және азот қышқылы ерітінділерін қосыңдар. Байқалған құбылыстарды түсіндіріңдер.
б) Кальций карбонатының термиялық диссоциациялануы. Кальций карбонатын алыңдар, тұнбаны сүзіңдер, жуыңдар және екі бөлікке бөліндер. Бір бөлігіне аз ғана су қосып, лакмуспен тексеріңдер. Екінші бөлігін кептірілгеннен кейін фарфор табақшаға салып, 5-10 минут жалында ұстаңдар. Суытқан соң су қосып, лакмус қағазымен тексеріңдер. Не байқалады? Реакция тендеуін жазыңдар.
в) Сілтілік-жер металдар сульфатының салыстырмалы ерекшелігі. Үш сынауыққа кальций, стронций және барий хлориді ерітінділерін құйып, оған кальций сульфатының қанық ерітіндісін қосыңдар. Тұнбаның түзілу жылдамдығын бақылаңдар, қай сульфат тұнбаға соңынан түседі? Қай сынауықта тұнба түзілмейді? Реакция теңдеуін жазыңдар. Жоғарыдағы әдіс бойынша кальций, стронций және барий хлориді ерітінділеріне стронций сульфатын қосыңдар. Не байқалады? Реакция теңдеуін жазыңдар, салыстырмалы ерігіштігіне қорытынды жасаңдар. Кестеден кальций, стронций және барий сульфаттарының ерігіштік көбейтіндісін тауып, бұл сандар алынған сандарға сәйкес келе ме? Салыстырыңдар.