1. Лекциялар кешені: лекция жоспары, тезистері 1-лекция. Синтаксис және оның зерттеу нысандары



бет1/20
Дата27.11.2023
өлшемі106,03 Kb.
#128945
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

1. Лекциялар кешені: лекция жоспары, тезистері
1-лекция. Синтаксис және оның зерттеу нысандары
1. Синтаксистің салалары, синтаксис мәселелерінің зерттелуі
2. Сөз тіркесі, оның белгілері
3. Сөз тіркесінің құрамы
4. Түйдекті тіркестер
Синтаксис (грекше – syntaxis: «құрастыру», «үйлестіру», «тәртіп» мағыналарында) – грамматиканың морфология сияқты өзекті саласының бірі. Грамматиканың тең құқықты әрі өзара тығыз байланысты бұл екі саласының қарастыратын объектілері тілдің грамматикалық құрылысының мәселелері болып табылады да, морфология сөздердің грамматикалық жүйесін, құрылысын зерттейді. Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынадай негізгі екі салаға бөлінеді: 1) сөз тіркесінің синтаксисі, онда сөздердің өзара тіркесу қабілеті, тіркесі тәсілдері мен формалары, сөз тіркестерінің құрамы, олардың түрлері қарастырылады; 2) сөйлемнің синтаксисі, онда сөйлемнің құрылу принциптері, олардың құрамы мен түрлері анықталады.
Синтаксис мәселелерінің зерттелу тарихы. П.М.Мелиоранскийдің 1894-1897 жылдары орыс тілінде шыққан «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген екі кітабы олардан бұрын шыққан Казем-Бектің және миссионерлер жазған «Алтай тілінің грамматикаларына» негізделіп, бұл еңбектерге синтаксис мәселелері енгізілді. П.М.Мелиоранский еңбектері қазақ тілі жайында шыққан ең бірінші әрі көлемді грамматика, онда көтерілген мәселелер әлі құндылығын жойған жоқ. Тілші-ғалымдар В.В.Виноградов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Е.И.Убрятова, Н.А.Баскаков, А.А.Коклянова т.б. еңбектері түркі тілдерімен қатар қазақ тілі білімі синтаксисінің зерттелуіне едәуір үлес қосты.
1920 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құралдары» (үш кітап) оқу орындарында оқулық есебінде пайдаланылып, онда грамматикалық атаулар мен дыбыс, буын, сөз, сөйлем құрылыстары жайында жүйелі мағлұматтар берілген.
1930-40 жылдардан бастап қазақ ғалымдары Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, кейіннен М.Балақаев, Т.Қордабаев, Х.Арғынов, Р.Әміровтер тіл білімінің бұл саласын жете зерттей бастаған.
Сөз тіркесі. Тілде сөз, негізінен, дараланған ұғымды, лексикалық- грамматикалық мағынаны білдіреді. Сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі әрбір грамматикалық топтағы сөздердің мағыналық және грамматикалық ерекшеліктеріне негізделеді.Тіркескен сөздер тобының сапасы әр уақытта әр алуан болады. Мысалы, екі не одан да көп сөздер тіркесіп, бір лексикалық түйдек жасалады (ақ қайың, боз торғай, кетіп бара жатыр), кейде екі не одан да көп сөз тіркесіп, синтаксистік тізбек жасалады (қарлы тау, желсіз түн, жыл сайын көріну, соған бола келу) .Лексикалық және басқа түйдекті тіркестер сөз тіркесі категориясына жатпайды. Лексикалық-грамматикалық мағыналары айқын сөздердің біріне- бірі сабақтаса бағынып барып жасалған синтаксистік тобы ғана сөз тіркесі деп есептеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет