Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет жәНЕ


«ОҒЫЗНАМА» ЖӘНЕ «ҚОРҚЫТ АТА КІТАБЫНДАҒЫ» ӘДЕБИ-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МОТИВТЕР



бет9/26
Дата18.11.2023
өлшемі1,65 Mb.
#124343
түріМонография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26
«ОҒЫЗНАМА» ЖӘНЕ «ҚОРҚЫТ АТА КІТАБЫНДАҒЫ» ӘДЕБИ-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МОТИВТЕР

Түрлі этностардың өз табиғатына тән қалыптасқан сөз өнері болғанымен, кез келген ұлт әдебиеті дара тұрып әлемдің даму көшіне ілесе алмайтыны белгілі. Сондықтан көркем әдебиеттің жаһандық сұранысқа ие болуы үшін халықтар ықпалдастығының әсері мол. Осындай интеграциялар арқылы синтезделген әдебиеттегі түрлі аналогияларды қарастыруда типологиялық зерттеу әдісінің алатын орны ерекше.


Халықтар әдебиетінде жиі кездесетін сан алуан ортақ белгілердің, мысалы, сюжеттер пен мотивтердің қайталанып отыруы немесе тақырып пен идеялар үндестігі я болмаса көркемдік әдістер қолданысындағы бірізділіктер мен шығарма құрылымындағы біртекті құбылыстар, міне, осылардың барлығы типологиядық зерттеу әдісінің түрлі аспектілерінде жан-жақты қарастырылуды талап етеді. Бұл тұрғыда бірінші кезекте, «типология» термині этимологиясының өзі айтып тұрғандай (грек тіл. тypos-қолтаңба үлгісі + logos-ілім) қолтаңба үлгісінің әуелі қай ұлттың фольклоры мен әдебиетінен бастау алғанын немесе қай автордың қаламына тиесілі екенін анықтау қажеттілігі туындайды. Олай болса, ортақ белгілердің генезисіне үңіле зерттеу – типологиялық зерттеудегі ең маңызды мәселелердің бірі болып табылмақ. Жалпы типология және генезис мәселелері тонның ішкі бауындай қабыса байланысып жатқан арналар болып табылады. Ал қандай да бір әдеби құбылыстың генезисі этногенез төркінін тануға бастайтыны анық. Сондықтан салыстырылып отырған ұқсас белгілердің типологиялық негізін тану үшін халықтар тарихына терең бойлап, тарихи-мәдени танымдық бірлікте зерделемейінше нақты нәтижеге жету мүмкін емес. Әдебиеттегі типологиялық зерттеу әдісінің комплексті түрде жүргізілетін күрделі жағын осыдан аңғаруға болады.
Адамзаттың эволюциялық беталысында табиғи дамудың жалпыға ортақ заңдылықтарының болуы да қалыпты құбылыстардың бірі. «Түрлі ұлттар әдебиетіндегі ортақ заңдылықтардың болуын адамзатқа әрбір тарихи дәуірлер тудырған ортақ мақсаттардан іздеуіміз қажет»75 деп пайымдаған зерттеуші Г.Н.Поспелов пікіріне зер салсақ, әр елдің табиғи даму үдерісінде пайда болған өзгерістер арқылы туындаған әдеби ұқсастықтардың өзі жалпыға ортақ ерекшеліктердің бірі екендігін мойындаймыз. Сонымен қатар «Әдебиеттегі ұлттық дәстүрлерді қарастыру қандай қажет болса, халықаралық байланыстарды айғақтау сондай қажет»76 деп ХХ ғасырдың басында өмір сүрген француз компаративисі Пол ван Тигем атап көрсеткендей, бір-бірімен тарихи-қоғамдық жағдайлар еш байланыстырмайтын, өзара тектік қатысы да жоқ мүлде өзге елдер әдебиетіндегі көркемдік ерекшеліктерді салыстырмалы-типологиялық тұрғыда қарастырудың да нәтижесі мол. Мұндай әдебиеттерді салыстыра отырып зерттеу, жаһандық көркем даму заңдылықтарының сырын ашуға септігін тигізері айқын. Бұл тұста түрлі ұлттар әдебиеті өзінің даму үдерісінде сатылы кезеңдерді әр түрлі жағдайларда өткергенін де ескеру ләзім. Мысалы, мыңдаған жылдар бұрын жазу мәдениеті шарықтап дамыған мысырлықтар мен шумерлердің, күншығыс елдерінің, сондай-ақ, біздің жыл санауымызға дейін-ақ, білім шамшырағындай болған Рим мәдениетінің немесе ортағасырлардың өзінде-ақ, елуге тарта жоғары оқу орындары болған Еуропа мәдениетін Орта Азия түркілері мәдениетімен иық тірестіре алмасақ та, халық арасынан шыққан әдебиет өкілдерінің көркем ойлау кемелділігін олармен салыстыру арқылы типологиялық таным бірлігінде айқындауға болады. Осы тұрғыда Н.И.Конрадтың «Батыс пен Шығыс» атты елеулі еңбегіндегі «Әдеби құбылыстардың әу бастан ақ табиғаты ортақ»77 деген нақты идеясы соңғы кездерде үлкен қолдауға ие.
Рухани қозғалыстың тарихына зер салу барысында көзіміз жетіп жататыны әдебиеттегі жалпы заңдылықтар әлемдік әдеби үдерісті тұтастай алып қарағанда анық көрінеді. Бұл тұрғыда әлемдік әдеби үдерісті адамзат дамуының аса ірі кезеңдерімен, соның ішінде антикалық ежелгі дәуір, орта ғасырлар, жаңа дәуір, ең жаңа дәуірлермен байланыстыра қарастырудың да нақтылы нәтижелерге жетелейтіні белгілі.
Дәуірлердің ауысуы көршілес отырған елдерде ұқсас әрі тарихи жүйелі тәртіппен сатылы түрде жүзеге асып отырғанымен, кейінгі жылдар ғылымында өте тиімді пайдаланылып, тәсілдік тұрғыдан күрделенген, әрі биік сатыға көтеріліп үлгерген әдебиеттанудың тарихи-салыстырмалы әдістері әр түрлі аймақтардағы елдер әдебиетіндегі айрықша ұқсастықтарды аңғартып отыр. Сондай-ақ, зерттеушілердің көпшілігі мәдениеттегі сыртқы ұқсастықтар мен ұлттар мен ұлыстар әдебиетіндегі детальды сәйкестіктерге дейін танып-білуге ұмтылу үстінде.
Көркем туындылардың типологиялық әдістер арқылы зерттелуі барысында бірінші орында сюжеттік желілер назарға ілігеді. Мысалы, халықтар фольклары мен әдебиетіне аса қызығушылық танытқан атақты Вилгельм Гриммнің «Қорқыт Ата» жырындағы Төбекөз туралы оқиғаға халықаралық сюжеттер қатарынан орын бергені белгілі78. Мұның өзі «Қорқыт Ата кітабының» ерте заманнан жазба түрде жеткен дүниежүзілік атақты эпостардың алтын қорынан қомақты орын алатынын дәлелдейді. Ал «Оғыз-нама» туындысын ғылыми айналымға енгізген шетелдік және отандық зерттеушілердің кез келгені зерттеуді әуел бастан типологиялық танымдық тұрғыда салыстыра қарастырудан бастаған. Олардың қатарына П.Пелльо, Л.Лигетти, Ю.Немет, В.В.Бартольд, Н.С.Банарлы, В.Банга, Риза-Нур, В.В. Радлов, А.М.Щербак, А.Н.Бернштам, Н.Я.Бичурин, И.Маркварт, С.П.Толстов, А.Н.Кононов, Г.Н.Потанин, Н.Б.Путилов, В.М.Жирмунский, Ш.Уәлиханов, Ә.Х.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, М.Жармұхамедов, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева, Е.Тұрсынов, Ш.Ыбыраев, Ө.Күмісбаев сынды зерттеушілерді атауға болады.
Аталған зерттеушілер «Оғыз-нама» және «Қорқыт жырларын» халқымыздың батырлық жырларынан бастап, ежелгі кезеңдер мен ортағасырларда дүниеге келген әлемдік эпостарының басты қаһармандарымен салыстыра отырып сабақтастыруға тырысқан.
Әрине, ұлттық әдебиеттердің типологиялық байланыстарымен бірге, қайталанбайтын ерекшеліктерін жоққа шығаруға болмайды, дегенмен, әдеби байланыстар мен әлемдік ауқымдағы «дәстүршілдік» Батыс және Шығыс мәдениеті арасындағы байырғы түсініктерге өз ерекшеліктерін әкелуде. Мұндай әдебиеттерді салыстыру әлемдік әдебиеттегі көркем даму заңдылықтарының сырын ашуға септігін тигізбек.
Поль ван Тигем: «Әр кезеңдегі түрлі елдер әдебиетінің тарихын да үлкен біртұтастықтың бөлшегі ретінде қарамайынша, оны дәл әрі толыққанды танып-білуге болмайды, мұның өзі әрбір ұлт әдебиетінің жеке қайталанбайтын болмысын сақтауға кесірін тигізеді деген сөз емес, керісінше мұндай әдебиеттер өздерінің дамуында жаңа идеялар мен түсініктерге кездесе отырып нығаяды, әрі оны өзіне сіңіреді79 дей отырып, әдебиеттердің жеке фактілерін ғана емес, бірнеше ел әдебиеттерінің өзара байланыстары мен ұқсастықтарына табан тірей зерттеу қажеттілігін баса көрсетеді. Осылайша ғалым өзінің «әдебиеттанудың жалпылығы» атты идеясын ұсынады.
Әдебиеттану ғылымында типологиялық зерттеу әдістерін тиімді әрі молынан қолдана білген ғалым В.М.Жирмунский де Батыс Еуропаның компаративистерінің бірқатарына батыл сын айта отырып, адамзаттың әлеуметтік-тарихи даму жолындағы тарихи-әдеби үдерістің тұтастығы туралы өз концепциясын ұсынып, оны өзінің ғылыми-шығармашылық ұстанымына айналдырды.
Ғалым эмпирикалық (гр. еmpeirla-сезім танымы) қорытындылар жасай келе, қоғамдық дамудың ортақ заңдылықтары мен «жалпыадамзаттық әдебиетті» зерттеудегі тарихи-салыстырмалы әдісті нұсқаған А.Веселовский концепциясын ұстанды. Сонымен ғалым халықтар әдебиетін салғастыру әдісінің әдеби үдерістегі ортақ әдеби құбылыстар заңдылығын ашудың бірден-бір тәсілі екенін дәлелдеуге тырысады.80 Оның тұжырымы бойынша типологиялық ұқсастықтар мен қандай да болсын әдеби ықпалдастықтар жаңа ортаның сұранысы мен қалыптасқан шарттарына сәйкес «әлеуметтік трансформацияға» ұшырайтынын да ескертеді.
Шығыс пен Батыстағы жеке мәдениеттерді жалпының бөлшегі, бірін-бірі толықтырушы тұрғысында қарастырған, яғни менталитеттердің тоқайласу заңдылықтарын философиялық аспектіде зерттеген ғалым Т.П.Григорьева: «Жеке, өзіндік ішкі куатын жоғалтпаған мәдениеттер ғана әлемдік мәдениетпен, сол арқылы жалпыадамзаттық біртұтастықпен қатынаста өзін-өзі сақтай алады. Жалаңдық – құрдымға кету, өлгенмен бірдей... Тұтастық бөлшектерге тән емес қасиеттерге ие екені мәлім, бірақ жалпы мәдени өрістің қуат берер күші сол бөлшектердің күшіне тәуелді»,81 деп жазды. Мысалы деректік сипаты мен жекелеген зерттеулік мәні зор Оғыз бен Қорқытқа тікелей қатысты еңбектер санының мыңнан асып түсуі солардың басым бөлігінде европалық ориенталистердің тұруы да көп жайды аңғартады.
«Қорқыт ата кітабындағы» 12-ші жырдың сюжеттер желісі тұтастық бірлікте баяндалса, жекелеген сюжеттері бойынша да түркі тілдес халықтардың фольклорында жанрлық құрамы жағынан әр түрлі болып кездеседі. Мәселен, өлімге қарсы күресу, өлімнен қашу, жалғыз көзді Төбекөз дәуге байланысты өрбіген сюжеттер қазақ арасына аңыз, әпсана хикаят түрінде айтылса, ІІІ жырдың сюжеті толығымен эпос түрінде «Алпамыс» жырына ұқсасады. Бұған қарағанда «Қорқыт ата кітабындағы» сюжеттер ерте заманда жанры, айтылуы өзгешеліктері бойынша фольклордың әр түрлі салаларына қатысты болған.
«Қорқыт ата кітабында» өмірде болған шындыққа жанасады деген болжауға қарағанда аңыздық прозаның белгілері көбірек кездеседі.
Типологиялық тұрғыдағы ұқсасқан ортақ сюжеттік желілер көне заманнан бері қарай эпос түрінде сақталып келген. Осыған байланысты 12 жырдың да эпосқа айналып, біртұтас жүйеге келтіріп, циклдық топ құрауына негіз болған.
Зерттеушілердің бірқатары атақты Мұрын Сеңгірбаев жырлаған «Қырымның қырық батыры» да циклдануы бойынша «Қорқыт ата кітабындағы» құрылымына ұқсас екендігін мойындауда. Қазақтың эпикалық дәстүріндегі ноғайлы циклы аталып жүрген жырлардың циклдану үлгісі де осы Қорқыт жырларына ұқсас екендігін аңғарамыз. Ал профессор Ш.Ыбыраевтың пікірінше, «Қорқыт ата кітабының» топтануы қазақ эпостарына да тән.
Бүгінгі таңда бір елдің әдебиетіндегі көркемдік жүйелер, екінші елдің әдебиет әлеміне көбінесе әдеби аудармалар арқылы қиындықсыз еніп жататын болса, ежелгі дәуір әдебиетінен бір-біріне ауысып жүретін ортақ сарындар, көшпелі сюжеттер, дәстүрлі тақырыптар мен қалыпты образдарды көптеп кездестіруге болады. Мысалы неміс ғалымы Х.Ф.Диц XIX ғасырда Дрезден кітапханасынан «Қорқыт ата кітабының» 12 жырдан тұратын нұсқасын тауып, оның сегізінші жырындағы «Басаттың Депегөзді (Төбекөзді) қалай өлтіргені туралы» бөлімін аударып басқаннан кейін-ақ, бұл жазба эпосқа дүниежүзі ғалымдары назар аудара бастады. Оның әйгілі грек эпосы «Одиссея» сюжетіндегі циклопқа (жалғыз көз) байланысты болуы бұған елеулі дәрежеде қозғау салды82. Осыдан-ақ бастап Қорқыт туралы зерттеулер саны күрт өсті деуге болады.
Ұйғыр нұсқасындағы «Оғыз-нама» туындысының негізін құрайтын сюжеттік желілерден «Алпамыс», «Қобыланды» т.б. батырлар жырларының сюжеті секілді Оғыздың да дүниеге келмей тұрып, оларды ата-аналарының зарыға күтуі, ерекше жаратылған бітіммен, аяғының өзі тепсе темір үзетін өгіздің аяғына, белі қасқырдың беліне, иығы бұлғынның жаурынына, көкірегі аюдың төсіне ұқсап дүниеге келуі, тез арада өсіп жетілуі одан кейін ерліктері мүйізтұмсықты жеңуінен басталып, қайда жорыққа шықпасын тек жеңіспен ғана оралуы, тіпті туындының соңы да оның жауды жеңіп, еліне оралуымен аяқтаталатынын аңғартады. Шығарманы осы тұрғыда салыстырып қарайтын болсақ, Шыңғыс ханға арналып жазылған авторы белгісіз «Монғолдың құпия шежіресінің» сюжет желісімен де ұқсасады. Эпостық сарындағы туындылардың басты идеясы да осы, яғни тек бас хаһарманның ерлігін дәріптеуге бағышталған. Бұндай ерекшеліктер «Оғыз-нама» және Шыңғыс ханға арналған көркем шежірелерде ғана емес, ортағасырларда тапсырыспен жазылған тарихнамалық жазбалардың көпшілігінде көрініс береді. Мысалы, Ғұлам Шәдінің «Фатх-намесінде» Шайбани ханның әрекеттерін рет-ретімен баяндайтын оқиғалар желісі оны жас кезінен бастап ешқашан ешкімнен жеңілу дегенді білмейтін батыл да батыр қолбасшы ретінде бейнелейді. Сондай-ақ оның әрбір іс-әрекетін жаратқанның өзі әрдайым қолдап отырады деп жазады автор. Шәдінің өз кейіпкерін Алланың аса сүйікті құлы етіп көрсететін ой-орамдарынан «Зафар-намедегі» Ақсақ Темірдің бейнесін де осылайша ерекше күш қолдап отырады деп асыра бейнелеген Жездінің (Йазди) қолтаңбасы аңғарылады. Сонымен бірге Гиясаддин Әлидің де Темірге жағынып, оның тұлғасын ерекше етіп көрсету мақсатында оның барлық харекеттерін бір тылсым күш демейтінін баса көрсеткені, тіпті оны Алланың сүйікті құлы етіп көрсетіп, асыра сілтеушілікке барғаны байқалады. «Фатх-наме» авторының асыра сілтеушілікке барғаны соншалық, ол Мұхаммед пайғамбар мен Мұхаммед Шайбани ханды бір-бірімен қатар қояды. Автордың пайымдауы бойынша Мұхаммед – пайғамбарлардың ішіндегі соңғысы болса, Шайбани хан Иран мен Тұранды басып өтіп, Римге дейін жеткен әлемнің әміршісі ретінде көрінеді.
Осы тұрғыда қарастыратын болсақ, түркі әдебиеттануындағы типологиялық тұрғыдағы байланыс-ықпалдастықтар әртүрлі жағдайларда қарастырылуды талап ететінін өзінен өзі белгілі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет