ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ МАРДАН САПАРБАЕВ ИНСТИТУТЫ Мунашова Жамиля Балқыбекқызы Жұмағұлова Гүлнара Шыңғысқызы Айберова Гүлжан Қасымбекқызы ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК
Қоғам дамуының жаңа саяси, әлеуметтік-экономикалық шарттарына байланысты болған білім саласындағы түбірлі өзгерістер қазіргі маманның кәсіптік шеберлігінің (біліктілігінің) жоғарғы деңгейде болуын талап етеді. Педагогтың жұмысына қажет маңызды шарттардың бірі – өз ісі үшін жауапкершілік қана емес, оның жұмыстағы бостандығы еркіндігінің және өзі істеген барлық жұмысына жауап бере алатын, дербес білімді маман болуы керек.
Уақыт ағымына байланысты біліммен қаруланған ойлау жүйесі жоғары,жан жақты дамыған жаңа формациядағы маман даярлау – уақыт талабы.Тәуелсіздігіміздің көк туын желбіреткен егемен елімізді өркениет әлеміне жетелейтін білімнің бастауы мектеп болса,ал сол мектепте жас ұрпақтың бойына білім негізінің іргетасын мәңгілік қалайтын ұстаздар қауымы. «Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, ең «сынамшыл «бөлігі болып табылыды», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев өте орынды пікір айтқан. Шебер ұстаз білімді, шығармашылығы мол жан-жақты бола отырып, оқушыларды бәсекеге қабілетті жеке тұлға етіп қалыптастыру негізінде тәрбие мен білімді ұштастыра алуы қажет.
Әрбір оқушының жеке дарындылығын айқындап, олардың дамуына қолайлы жағдайлар жасау, мектеп пен отбасының ынтымақтастығын,қоғамдағы мұғалімнің ролін анықтап, студенттер мен мұғалімдер ұжымын қалыптастыру – педагогикалық шеберлікті жетілдірудің негізгі жолдары деп есептейміз. Қоғам дамуының жаңа саяси, әлеуметтік-экономикалық шарттарына байланысты білім саласындағы түбірлі өзгерістер қазіргі жас маманның кәсіптік шеберлігінің жоғарғы деңгейде болуын талап етеді. Педагог әр уақытта өзі істеген барлық жұмыстарына жауап бере алатын, білімді, білікті маман болуы қажет. Сондықтан да педагог білікті маман,өз ісінің шеберіболуы үшін өзінің мүмкіндіктерін жаңа формациядағы мұғалім ретінде объективті бағалай алуы маңызды.
Педагогикалық шеберліктің тағы бір көрінісі – мұғалімнің жеке тұлға ретіндегі даралығы мен шығармашылық іс-әрекеті және кейбір ерекшеліктерінің өзгеруі. Бұдан шығарар қорытынды, әрбір мұғалім мамандығын таңдау – бұл жауапкершілікті іс.Яғни мұғалім өз пәнін меңгеру ғана емес, қоршаған дүниенің сырын, адамдардың психологиялық мінез өзгерістерін білетін жан болуы шарт. Балалардың өз еркімен белсенді дамуына жол ашу, оқу тәрбие процесінде оқушылармен педагогикалық ынтымақтастықта біріге отырып жұмыс атқарудың формаларын, әдістерін дамыту, балаларға деген қамқорлық пен сүйіспеншіліктерді арттыру педагогикалық шеберліктерінің басты сипаты болып табылады. Сонымен болашақ маманды даярлауда алдынғы қатарға педагогикалық терең білімді көрсету және өзінің жеке ұстанымын айқындауы арқылы жоғары мәдениет пен педагогикалық шеберлік негізінде кәсіби білік пен дағды қалыптастыру мәселелері қарастырылған.
«Педагогикалық шеберлік» атты оқу құралының мазмұны пәннің теориялық және практикалық курсын қамтыған. «Педагогикалық шеберлік» пәні бойынша оқу құралы студенттерге теориялық білімдерін жетілдірумен қатар, практикалық қабілеттер мен дағдыларды игеруге, педагогикалық процесте кездесетін түрлі мәселелерді шешуге, жеке тұлға ретінде өзін-өзі тәрбиелеуге, білімін жетілдірумен айналысуға ұмтылдырады.
Студенттердің болашақ жас маман ретінде оқыту мен тәрбиелеу процесінде өзін-өзі жетілдірудің жолдарын үнемі қалыптастыру, педагогикалық-психологиялық сауаттылықтарын,қабілеттілік пен интелектуалды іс-әрекетті, мінез-құлық, қарым-қатынас мәдениетін меңгеріп, әлемдік білім беру кеңістігінің дамуына үлес қосу мақсатында құрастырылған курстың міндеттері келесідей:
-педагогикалық шеберлік мәні мен мазмұнын түсіну;
-педагогикалық шеберлік негізінде кәсіби білік пен дағды қалыптастыру;
-педагогикалық қызметте қарым-қатынас жүйесін орнықтыру;
-педагогикалық мамандықтың әлеуметтік мүмкіндіктерін ашып көрсету;
-алдынғы қатарлы педагогтардың идеяларын және оқытудың әдістері мен формаларын пайдалану.