Қазақстан Республикасы Білім және ғылым


С. ЕЛУБАЙДЫҢ «ЖАЛҒАН ДҮНИЕ» РОМАНЫНДАҒЫ КӨРКЕМ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК ЖӘНЕ КЕЙІПКЕР



бет35/114
Дата05.03.2022
өлшемі0,64 Mb.
#27086
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   114

С. ЕЛУБАЙДЫҢ «ЖАЛҒАН ДҮНИЕ» РОМАНЫНДАҒЫ КӨРКЕМ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК ЖӘНЕ КЕЙІПКЕР




Б.Ш. Құралқанова


ПМПИ, Павлодар қаласы
2009 жылы үздік тарихи шығарма болып танылған С.Елубайдың қазақ прозасында өзіндік із қалдырған, тақырыбы тың, ойы өзекті «Ақ боз үй» трилогиясы – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық нәубетін тұтас қамтыған, қазақ халқының басынан өткен қасіретті зұлмат жылдарды, Кеңес заманының зардаптарын жан-жақты суреттеген ірі туынды. З.Қабдоловтың: “Үш туынды да қаламгердің қайсар батылдығынан, керек десеңіз, батырлығынан туған”, – деп жазуы тегін емес. Трилогияның алғашқы екі кітабы – «Ақ боз үй» және «Мінәжат» романдарында қазақ халқының рухани өміріндегі тауқыметі, қасіреті мол тарихи уақыттың бейнесі шынайы берілген. Сюжеттік және тарихи уақыттың сабақтастығы, сәйкестігі жазушы романдарындағы тарихилық ұстанымын, дәуір келбетін сомдаған

реалистік шеберлігін паш етеді. «Ақ боз үй», «Мінәжат» романдарындағы алуан түрлі дамыған оқиға желісі трилогияның үшінші кітабы – «Жалған дүние» романында бір арнаға құйылып, шарықтау шегіне жетеді. Осы орайда белгілі жазушы Ә.Кекілбаев:

«Сырттай қарағанда, трилогияны құрайтын үш шығарма барған сайын сиырқұйымшақтанып бара жатқан сияқтанады. Бірақ, бұл – автордың әдейі таңдап алған концептуалдық жүйесі. «Ақ боз үйдегі» ашық тап тартысында атой салып айқасқан ата жаулар «Мінажатта» бірін-бірі аяқтан шалып, сырттан шот салысқан сұрқия сатқындыққа бой ұрады. Алғашқы шығармадағы ашық көзқарастар шайқасы екінші шығармада астыртын бақталастықпен алмасады. Екеуінің тұсында да жағымды, жағымсыз кейіпкерлер қайдағы бір әлеуметтік терминдерді көлденең тартып, әңгімені әлеуметтік мүдделер шарпылысына меңзейді. Ал

«Жалған дүниеде» ол ұғымдардың өздері де жайдақ көзбояушылыққа ауысқан. Адамдар арасындағы бірінің қанын бірі байқатпай сорған итыржылқыңдар қайдағы бір дүниеқоңыздық пен баққұмарлық бақай есептен өрбіп жатқандай. Кейіпкерлердің көпшілігі жау деуге де, дос деуге де сәйкеспейтіндей» [1], - деп жазады. Шындығында да,

«Жалған дүниенің» өзінің аты айтып тұрғандай, экзистенциалистік сарыны, философиялық астары қалың. Алғашқы екі романға қарағанда «Жалған дүние» романында тарихи оқиғаларды суреттеуден гөрі кейіпкерлердің ішкі болмысына үңілу басым. Осы тұрғыда жазушы тарихи уақыттың кейіпкер санасындағы таңбасын бейнелеуге ойысады. Сол себепті біз романдағы характер даралаудағы көркем уақыт пен кеңістіктің маңызына назар аудармақпыз.

Жалпы, әдебиеттану ғылымында көркем уақыт пен кеңістік мәселесі - өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ғалымдар уақыт пен кеңістік ақиқат өмірдің маңызды сипаты екенін, адамның сана- сезімін, тұрмыс-тіршілігін қамти отырып, көркем шығарманың өмір сүруінің шарттары болып табылатынын; жазушы дүниетанымының қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын; көркем туындының ішкі заңдылықтарын белгілей отырып, шығарманың жанрлық табиғатын анықтауда, сюжеттік-композициялық құрылымын айқындауда, кейіпкер бейнесін ашуда негізгі көрсеткіштердің бірі болатындығын баса айтады. Әр ұлт әдебиетінің есейгендігі, өскендігі, кемелденгендігі, толысқандығы – оның уақыт пен кеңістік категорияларын әдеби құрал ретінде пайдалану дәрежесінен көрінетіні анық.

«Жалған дүние» романында негізгі салмақ характерлерге түсетіндіктен, көркем уақыт категориясының көмегімен характерлердің даму ерекшеліктерін түсіндіруге болады.

Романда психологизмге қарай бет бұру, оның ішкі монолог, ой ағыны тәрізді компоненттеріне деген қызығушылық анық байқалады. Мұның өзі басты кейіпкер Едігенің тасасында автор тұрғандай әсер қалдырады. Автор Едіге тағдыры арқылы ғалам сырына, адамзат тағдырына көз тігіп, адамның өмірдегі орны туралы терең философиялық ой түйеді. Едіге – он бес тараудан тұратын романның идеялық-композициялық тұтастығын қамтамасыз еткен басты кейіпкерлердің бірі. Екінші кітаптың соңына қарай тағдыры белгісіз болып қалған Едігемен оқырман үшінші кітапта жер ортасы жасына келген тұста қайта ұшырасады. Мұнда Едігенің тығырыққа, тұйыққа тірелуі бой көрсетеді. Едігенің неліктен рухани дағдарысқа тап болғаны туралы суреттелетін уақыт шексіз болғандықтан, суреттеуге кететін уақытты қысқарта түсу үшін авторлық уақыт тұрғысынан – көркемдік уақытты пайдаланады. Яғни концептуалды уақыт лирикалық шегініс арқылы сюжеттік уақытқа ауысады да, суреттеу уақыты қысқарады әрі уақыт үзілмелілігі пайда болады. Осының нәтижесінде сюжеттік уақыт сығымдалып, онда обьективтік уақыт пен субьективтік уақыт (кейіпкер уақыты) күрделі қарым-қатынаста беріледі. Мұнда кейіпкер уақыты (немесе жеке уақыт) кейіпкердің субьективті уақытын ғана емес, оның өмірбаяндық уақытын да қамтиды, сонымен бірге кейіпкердің қоршаған ортамен қарым- қатынасын, оның характерінің даму ерекшеліктерін де көрсетеді. Бір ерекшелігі романда Едіге характерінің өзгеру, даму эволюциясы ұзақ- сонар баяндалмайды. Едігенің жеке уақыты жазушы тарапынан қысқаша баяндалып, онда да Едігенің естелігі түрінде беріледі:

«Кезінде мектепті Қарақалпақта бітіріп, Едіге, арман айдап осы қалаға келген. Көшесі құжынаған адам мен автокөлікке толы үлкен шаһар. Балалық шағында адамдардан көп теперіш көрген Едіге ендігі жерде ешкімнің тепкісінде болғысы келмейтін. Бұл өмірде қорғансыз болғаннан артық қорлық жоқ. Бұны күрес майданына айдап салған да сол қорқыныш, сол үрей еді. ...Сол күндерден бастап бір бітпейтін тіршілік үшін арпалыс басталды. Сол күндерден бері, мінеки, дөңгеленіп ширек ғасыр өтіпті» [2, 462 б.].

Осылайша күйбең тіршілік, басқалардан қалмау Едігенің мінез- құлқында, наным-сенімінде жаңа көзқарастар қалыптастырады. Едіге де заманның ыңғайына қарай бейімделе бастаған еді. Оның өзгелерден гөрі табандырақ, өз ұстанымдарына адал, шыншыл болуға тырысуының өзі Назыкешке жасаған опасыздығынан бастап іші түтін, сырты бүтін көзбояушы өзімшілдікке, күйкілікке айналып кеткендей болады. Жазушы уақыттың құдіретті күшін, әрі өткенді ұмыттыра алатын, әрі жүрек түкпірінде көмескіленген елестерді жаңғырта

алатын қарама-қайшылықты қасиетін Едіге образы арқылы айшықтай түскен. Осы орайда автор түс көру тәсілін шебер пайдалана білген. Едіге түсінде ең бір бақытты шағы балалық шағына оралып, бірінен бірі өткен қайсар жандар - әжесі Дәуапа, әкесі Бұлыш, анасы Балқиямен - сусылдаған құмның бір пұшпағында сүйектері жинаусыз қалған бейбақ жақындарымен қауышу сәті кілт үзіліп, «...әлдебір тобырлы жиынның үстінен шықты. Солардың арасында Назыкен жүр. Қолында көтерген нәрестесі. Едігені іздейді. Қарап тұр. Ұл бала. Балпанақтай. Едіге жаны қыдырып, кісі-кісі арасымен қояндай құнтиып безіп берді. Сасқаны сонша, аяғы қайшыланып кетті де, бір кезде омақаса құлады. Басы төмен қарап қараңғы тұңғиыққа шырқай құлады» [2, 456 б.]. Бұл тұста әдеби түс кейіпкердің болмыс-бітімін, ішкі ой иірімдерінің құпия қалтарыстарын психологиялық, сезімдік тұрғыдан әшкере етеді. Себебі өз ұстанымы мен көзқарасын қорғауда табандылық таныта алмаған, ел өсегінен қорқып, жалған намысын жоғалтқысы келмей әлі дүниеге келмеген баласынан теріс айналған Едіге артына ұрпақ қалдыруға құқылы болмай шығады. Осы түстен кейін-ақ Едігенің көңілін қорқыныш, үрей билейді, күндердің күнінде ақиқатпен бетпе-бет келетінін, бұл дүниенің жалған екенін түсінгендей болады.

Едігенің тығырыққа тірелуі мен одан шығудың жолын шарқ ұра іздеуі оның Өктем Үнмен арасындағы диалог барысында даму үстінде, қозғалыста беріледі. Едіге ақырғы көз жұмар алдындағы көп арпалыс, көп толғаныстарының бірінде өзінің өлімін тұрлаусыз қоғамнан көретінін айтады. Оны өз жендетіне балайды: «...Жас елуден аунапты. Сол ширек ғасырға созылған күрес қорытындысы «Отыз екінші жыл» болуға тиіс еді. Бұл кітап сөз майданында ширек ғасыр күрескен Едігенің жеңісі болуға тиіс еді. Бірақ мына заман, мына қоғам оның бұл жеңісін теріс қылды. Маңдайдан ұрып, майып қылды.... Ойлап қараса, жас шағында теперішті адамнан көрсе, енді, жасамыш шағында теперішті заманнан көріп келеді екен. Биікке ұмтылған екен, төбесі жеткізбепті, тереңге ұмтылған екен, тереңі жеткізбепті» [2, 462 б.].

Романда сыртқы әлеуметтік трагедия ішкі трагедияға ауысып,

«әлеуметтік» уақыт-кеңістік пен субьективтік уақыт-кеңістік жымдаса түседі. Бас кейіпкер де өзінің жан дүниесіне адам еркін тұсаулаған, өзінің белгілі бір заңдылықтары бар «әлеуметтік» кеңістікте емес, алып кеңістікпен бетпе-бет, жеке келгенде үңіледі. Осы табиғат кеңістігі мәңгілік ғарыш әлемнің кішірейтіп алынған моделі, сондықтан алып кеңістік – табиғат аясында жалғыз қалған адам өзін мәңгілік дүниенің титімдей, елеусіз бөлігіндей сезінеді: «Ақыл жетпес

алапат кеңістік өз табаны астындағы мынау бір қылтанақтай жан иесіне – Едігеге қарап тебіренеді. Өзінің ешбір өлшемге симас, уақытқа симас шексіздік мәңгілік болмысынан хабар береді» [2, 507 б.]. Едігенің адамның жаратылыс алдындағы шарасыздығы, дүниенің жалғандығы, өткіншілігі турасындағы толғамдары осы мәңгілік кеңістікпен оңаша қалғанда ағытылуы тегін емес. Сөйтіп Едігенің философиялық толғаныстары әлеуметтік, тарихи-нақты бағдардан, уақыттан тыс жалпы адамзаттық мазмұнға ауысады.

Кейіпкер тағдырының дағдарысқа ұшыраған психологиялық хал-ахуалы эпикалық баяндау арқылы түсіндірілген. Романның сюжеттік-композициялық құрылымын сабақтастыратын бас кейіпкер тағдырындағы осы дағдарысты жағдай оның бүкіл күйзелістерінің аяқталу сәтін, бақиға көшуін тездеткендей әсер береді. Далада өткізген бір түн Едіге характерін күрт өзгертеді. Әрине, бұл бір сәттегі өзгеріс емес, ұзақ жылдар бойы Едігенің санасындағы толғаныс пен тебіреністің, ашу мен ызаның, күйініштің бітеу жараға айналған соң сыздап жарылуы: «Енді жетер, осы тыртыңдағаны. Қарасын батырады. Екі қолын тас төбесіне қойып, бас ауған жаққа кетеді. Сөйтіп, мәселені «шешеді». Мына қым-қуат, аласапыран шудан азат болады. Мәңгі азат болады. Бұған кер заман сыртын берген екен, бұл неге сол кер заманға сыртын бермеске?! Едігемен ұстасқан, Едігемен тістескен заман!!! Кер заман!!! Мен жеңілдім! Сен жеңдің! Мен жалғыз да, сен – көпсің. Сен қал! Мен кеттім! Қарамды батырдым. Қош!!! [2, 511 б.]

Сюжеттік желідегі бұл жолдар Едіге болмысындағы, санасындағы шырқау биікті ғана емес, тіпті бүкіл трилогияға енген романдардың сюжеттік арнасындағы шарықтау шегін көрсететін композициялық ерекшелікті байқатып тұр. Тіршілік ортасынан далаға


  • ашық кеңістікке қашқан Едіге тек «әлеуметтік» кеңістіктен ғана емес, өзінің субьективтік уақыт-кеңістік қоршауынан құтылғысы келеді. Сюжеттік арнада ұзақ азаптанған Едігенің тағдыры немен тынатыны оқырманға белгілі сияқты. Ол - өлім.

Адам трагедиясы, адамның физикалық та, рухани да құлдырауы, адамның тұла бойын меңдеп алған кеселдер, тығырыққа тірелген адамның бұл дүниеден өтіп, жанының тынышталуы, т.с.с. әлем әдебиетінде айрықша орын алатын мәселелер. С.Елубай да кейіпкерінің ішіне үңіле отырып, оның өмірдегі орнын бағалауға, сол арқылы қоғамдағы кері қозғалыстардың сырын ашуға ұмтылады. Едіге трагедиясының құпиясы да осы қоршаған орта болмысында жатыр. Достоевский шығармашылығын зерттеген Н.Кашина былай деп жазады: «...Трагическое мироощущение возникает в результате

недовольства реальной социальной действительностью. Оно может вызываться неудовлетворительность личности собственным положением в социальной среде, но истинно трагическое, «высокое» мироощущение существует тогда, когда главным основанием неприятия мира является не собственное благополучие, а страдания других людей, общее несоответствие действительности имеющимся у личности идеалам» [3, 176 б.].

Қарап отырсақ, Едігенің трагедиясы – адам мен заманның келіспеушілігінен, үндестік таппағандығынан болатын трагедия. Едіге өз өлімі арқылы үкім шығарады, сөйтіп мәңгілік уақыт-кеңістікпен табысады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   114




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет