Қазақстан республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі ш. УӘлиханов атындағы


ҚАЗАҚ ЭПОСТАРЫНДАҒЫ ТҰЛПАР БЕЙНЕСІ



Pdf көрінісі
бет452/532
Дата05.09.2023
өлшемі19,8 Mb.
#106156
1   ...   448   449   450   451   452   453   454   455   ...   532
ҚАЗАҚ ЭПОСТАРЫНДАҒЫ ТҰЛПАР БЕЙНЕСІ 
 
Қабылжан Д. 
Ғылыми жетекшісі: Бөкен Г.С., PhD., қауымдастырылған профессор 
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ 
asya_2309@mail.ru 
Түркі халықтары үшін ат, тұлпар жаратылысы бөлек жануар екені ешқандай ғылыми 
дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Сайын даланың ақ төсін арда еміп, арқада төрт түлігін 
өрбіткен аузы дуалы ата-бабаларымыздың «Ер қанаты – ат», «Жақсы ат – жанға серік», «Қара 
арғымақтан жал кетсе, қарға адым жер мұң болар» деген секілді екі нақылының бірі жылқы 
түлігі туралы келетіндігі көзі қарақты кісіге көп дүние айтары сөзсіз. Осының мән- маңызын 
алдымен ата-тарих − көне жырлардан, батырлық эпостардан білеріміз айқын. 
Ат үстінің желі барын ата-бабаларымыз өзге жұрттардан көп бұрын білді. Арқадан 
аттанған ғұн көсемі Атилланың жүз мыңдаған қалың қолының әр сарбазы астындағы тарпаң 
торысынан бөлек жетегіне екі-үш аттан ертіп жүргенде, бүгінгі ұлы Европаны уысында 
ұстаған Рим империясының әскері қара жаяу еді. Немесе «Ежелгі скифтердің атты әскерлері 
жойқын күш болғаны көптеген тарихи деректерде көрсетілген» [1,116]. Тұлпар баптау, 
атбегілік – түркі жұрағатының ең көне ұлттық өнері екенін бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. 
Еуропалық «National Geographic News» атты ғылыми басылым ең алғаш жылқыны 
қолға үйретуші қазақ халқы деп байлам жасайды [2,85]. Түркі жұрағатының сан ғасырлық бай 
тарихының көркемдік үлгілері ретінде танылған қадым заманғы әдеби жәдігерлердің қай-
қайсысын алсаңыз да, қорғаушы-батыр негізгі кейіпкер болып, оның тұлпары қосалқы әрі 
маңызды рөлді арқалайды. Бұл жазушының қиялдағы сюжетін дамыту барысында ғайыптан 
әкеп таңған жалған кейіпкеріндей емес. Батыр болған соң оның тұлпары да болуы керек деген 
міндеттен туған болса, эпостардың көркемдік мұнарасы дәл мұнша эстетикалық биіктерді 
бағындыра қоймас еді. Жалпы батырлық эпостардың туу негізінде бір тарихи кейіпкердің 
немесе шынайы оқиғаның жатқандығын ескергенде, олар мінген сымбатты сәйгүліктер де жер 
басқан жанды жануарлар болғаны айқын. Батыр өмір сүрген дәуірде оның аңызға айналған 
тұлпарлары да шынымен бар болды. Бірінің ықпалы бірін әйгілеп, керемет классикалық 
жырлардың тууына арқау болды. Ал, енді, оларға адам айтса нанғысыз күштердің таңылуы, 
тіл бітіп, кісіше сөзге келуі екінші тақырыптағы әңгіме. Десек те, мұнда бір әсем нәзіктік 
жатыр.
Түркі эпостарындағы тұлпарлардың иесінің айнымас серігіндей, сырмінез 
сырласындай образға ие болуы және осы арқылы олардың шығармадағы рөлінің салмақты 
болуы, көшпелі халықтың шынайы өмірдегі жылқы түлігіне деген сол қырық мың жолдық 
дастандардағы көркемдік шындықтан бір мысқал кем емес көл-көсір қарым-қатынасынан 
туған дүние. Яғни, жаны бар, бірақ жаны жоқ мақұлық емес, жануарлардан жалғыз жолдас 
тұтқан, оны арман-қиялмен әрлеген батырдың жан-жолдасы деген қарым-қатынастың 
көркемдік картинасы деп танысақ болады. Бұл туралы академик Қ.Жұмалиев, 
С.Қасқабасовтар: «Қазақ эпостарында батырлардың жорыққа мінетін аттарына да үлкен мән 
беріледі. Олардың сұлулығы, қуса жетіп, қашса озатын жүйріктігі, иесіне адалдығы айрықша 
суреттеледі. Кейде аттарға ерекше қасиеттер таңылып, әр нәрсені түсіне алатын есті хайуанат 
етіліп көрсетілсе, кейде қысылшаң жерде ұша алатын қанаттылар қатарында дәріптеледі. 
Эпостарда атқа үлкен көңіл бөлінуі заңды. Өйткені, көшпелі елдерде жылқы тәрізді көлік 


845 
малының рөлі ерекше болғаны белгілі...», − деп жазады [3,17].
Түркі халықтарына ортақ қаһармандық эпостардағы аттың атқаратын функциясын, 
негізгі қызметін ғалым Р. Бердібаев былай деп екшеп, жеті жікке бөліп көрсетеді: 1) Ұшқан 
құстан озатын ересен жүйріктігі; 2) Батырдың мінезі мен тілегін сезіп отыратын, дұшпанның 
арам пиғылын танитын естілігі; 3) Қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп» сөйлеп, батырға ақыл, кеңес 
беретіндігі; 4) Алыс жолға алқынбай жететін қайратты, төзімділігі; 5) Сын сағаттарда түсін 
өзгерте алатын сиқырлы өнері болатындығы; 6) Жау келе жатқанын күн ілгері сезіп, иесіне 
қауіпті білдіретіндігі; 7) Батыр мерт болса, денесін далада қалдырмай, еліне алып келетін 
опалығы; т.б. [4,118]. Әлбетте, біз де осы пайымдаулармен келісеміз. Түркі эпостарында, 
батырдың өзіне лайық тұлпарын таңдауы, кезіктіруі ерекше назар аударарлық. Алғашында ер 
жеткен жауынгердің өзіне лайықты тұлпарын табуы оңайға түспейді. Бұл бірде, көреген 
жарының көмегімен орындалса, бірде өзінің атты аяқ алысынан, сұңғыла бойлы, сұлу 
бітімінен танитын атбегі-сыншылығы арқылы жүзеге асады. Мәселен, «Едіге батыр» жырында 
Ер Едіге Жылқыбайдың көп үйірінің ішінен жарауын таппай, бір кедейдің жаман шұбарын 
сұратады. Әлгі шұбар атты Жылқыбай қос атқа айырбас қылып әкеледі. Сол жаман шұбарды 
Едіге батыр сүліктей сұлу етіп, қанды жорықтарға мініс аты, жолсерігі етіп жаратып 
шығарады. Ал, «Қобыланды батыр» жырында бұл процесс батырдың сүйгені Құртқаның 
қатысуымен өтеді. Буаз биенің қарнын жарып алған құлынды Құртқа өзі баптайды. 
Тайбурылдың бабы сай келмей тұрғанда, Қараманның қитұрқы қылығынан Қобыландының 
ішін алау ұрғанда да, Құртқа аттың қамы үшін араша түседі.
Қандай болған жағдайда да батыр мен тұлпардың жолығуы, батырдың өзінің нағыз 
тұлпарына қол жеткізуі ерекше жағдайда орындалады. Бұған бір мысал Алпамыстың 
Байшұбарды бағындыруы. Қыл құйрықтан қысып тоқтатуы немесе лақтыруы секілді ат пен 
адам арасындағы айқас біріне-бірінің күшін танытады. Осыдан соң Байшұбар ат жүгенге 
басын береді деп келеді жыр жолдарында. Атбегілік, құсбегілік, сыншылық өнер көшпелі 
халықтың қанына сіңген қасиет. Бұл қасиет көп дәуірлердің есебінде, батыр халықтың ерекше 
қадірлеп, асқан байыппен баулыған, қолбаласындай құсын, түлігін тануы. Ол − жүздеген 
ғасырлардың белбелестерін аттап келген, халықтың салт-санасымен біте қайнасып, әр 
ұрпақпен қатар қайта жаңғырып, тек табанды тәжірибемен ұшталып отырған аяулы ғылым. 
Осы ғылымның рухани дүниемізге де сіңіп болғанына мыңжылдықтар болды. Оның алғашқы 
үлгілері тағы да эпостарда жатыр. Батыр болашақ серігі – ақ тұлпарын алдымен сын көзден 
өткізіп, оның қанатты пырақ екеніне шынымен иланған соң барып алады. Көбіне сыншылық 
сұрмергендік батырдың жарының бойынан табылып жатады. Кей жағдайда тұлпардың өзін 
емес, сол тұлпарға буаз биені танып білу дағдысы бар. Бұл туралы: «Қаһарман өзіне тиесілі 
жалғыз тұлпарды табуға, баптауға тиіс, оған ерекше қасиетке ие тұлғалар, көп жағдайда 
әйелдер көмектеседі» [5,68], − дейді. «Көрұғлы» жырында бұл былайша көрініс алған: «Аты 
бар көк қасқалы біреу келді, Көрұғлы назар салып қарайды енді Наз бедеу қарап тұрса бір 
тікуар Сол атқа ашық болып көңіл бөлді» [6,89]. Осы жайтке байланысты оқиға дами түседі, 
Райхан мен Көрұғлы жауласады. Райхан аңғал батырдың атына ғашық болғанын, одан тұқым 
алмақшы болған ниетін пайдаланып, Баршагүл есімді жеңгесін алып қашады. Яғни, батырдың 
жеңгесін ұрлатып алуға атқа деген шексіз қызығушылығы себеп болады. Ал, осыны пайдаға 
асырған Райханның ұрлығы тұтас жырдың композициясына шоқ әкелді. Оқиғаның дамуы осы 
тұстан басталады да, Көрұғлының кеудесіне қатқан кек эпостың лейтмотиві іспетті, оқиғаның 
үнемі дамып отыруына сеп жасайды.
«Көрұғлы» жырының бір ғана қазақтардың арасында таралған нұсқалары жиырмаға 
жуықтайды. Осыған байланысты батырдың тұлпары Ғираттың жаралуының екі үлкен 
версиясы бар екенін айта кету артық етпес. Әзербажандар жырлаған нұсқаларда Ғират теңіз 
тұлпарының тұқымы болса, қазақтар жырлаған нұсқалардан арабтың ахалтекесінен алып 
қалған тұқым екенін білеміз. Көрұғлыны зерттеуші ғалым Б.А.Каррыев жырдың барлық 
нұсқаларына сілтей отырып Ғират тұлпардың шығу тегі Түркістанмен, туу тарихы Арал 
теңізімен, Әмудариямен терең байланыста деп байлам жасайды. Өйткені, ойлап қарасақ, 
Көрұғлының көп нұсқасында (Әзербайжандар жырлаған) Ғират теңіз жылқысынан жаралған. 


846 
«Теңіз жылқысы» деген ұғым қазақ санасында бар мифтік жаратылыс. Оған қатысты аңыз-
әфсаналар да жоқ емес. Оған бір мысал халық арасында кең таралған «Сәйгүлік тұлпар қайдан 
пайда болады» мифтік әңгімесі. Оны қадым заманғы халық «Суын» деп атағаны белгілі. «Ол 
өте әдемі, үстінен тоқтамай су тамшылап тұратын» ат [7,78]. Салыстыра қарағанда 
«Қобыланды» жырының бір нұсқасында да осы теңіз жылқысы аталатын Суын теңізден 
шығып, Қыдырбайдың үйір-үйір жылқысын аралайтыны бар. Осыған байланысты бірнеше 
тұжырым жасасақ болады: Бірінші, Түрікменнің теке руынан шыққан Көрұғлыға арналған 
жырдың туу мекеніне қатысты дау айтуға болады. Бұны Бабалар сөзінің 48 томына кіріспе 
есебінде Б.У. Әзібаеваның М. Ниджати Сабатчиоғлудың еңбегіне сілтеме жасай отырып: 
«Жалпы, «Көрұғлы» эпосының түп негізі Алтай, Орта Азияда жатқандығын бүгінгі таңда 
ғалымдардың көбі мойындайды» [6,23], − деп жазған пікірі салмақтай түседі. Екінші, 
Батырдың тұлпары Ғираттың жаралған аймағы және осыған қатысты жырдың тууы Оңт.-
Батыс Қазақстан жері Арал, Әмудария аймағы деп топшылауға болады. Себебі жырда теңіздің 
аталуы, қазақ мифіндегі және де өзге қазақ дастандарындағы теңіз жылқысының жырдағы 
көрінісі, тұлпардың тууына қатысты өзге ғалымдардың (Б.У.Каррыев, Б.У. Әзібаева) пікірлері 
осыған саяды. Қалай болғанда да жалғыз «Көрұғлы» жырында ғана емес, жалпы түркілік, тіпті, 
әлемдік эпостардың барлығында дерлік «таңдаулы» тұлпар батырға жіберілген көктің, 
тағдырдың, желеп-жебеушілердің сыйы, тартуы екендігіне зор сенім қалыптасқан. Осы секілді 
Қисса-и Алпамыста Алпамыс көп жылқы ішінен адамдай ақылы бар, сонысымен жасырынып 
жүрген тай шұбарды құйрық жалдан ұстап лақтырып бағындырады. Сөйтіп жүген салса құнан 
боп, ерін салса дөнен боп, батырдың өзі секілді бір демде күш алу, қанаттану секілді ғажайып 
оқиға орын алады. Ал, екінші жағдайда, батырға лайық жылқыны жары тануы, таңдауы 
«Қобыланды» жырында әсем суреттеледі.
1914 жылы Қазан қаласында тұңғыш басылған «Қобыланды» жырының Б.Толымбаев 
нұсқасына назар аударып, Құртқаның осы бір сыншылдығын көрсете кеткеніміз абзал: «Бұлар 
көшіп келіп бір жерге қонды. Қонған жерлері көп жылқының іші еді. Сол жылқының ішінен 
қыз Құртқаның көзі бір биеге түсіп: −Әй, батыр, мына биені мені берсеңіз де алыңыз, − дейді. 
Қобыланды: −Сені берсем бір рулы елдің малын алмаймын ба? – дейді. Құртқа: − Мұның 
ішінде тұлпардан пайда болған бурыл құлын бар, − дейді, – аман-есен құлындаса, сол құлынды 
саған атқылып берермін,− дейді, − астыңыздағы торы ат жауға, дауға мінуге жарамайды, 
жабының баласы» [7,11],− деп асқан көрегендік танытады. Бұл жерде батырға лайық 
тұлпардың маңызын ашу, қызметін көрсету ерекше танылған. Манастың Аққасқасы, 
Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғының Тарланы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қобыландының 
Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Көкшенің Сары аты секілді қай жырды алмасақ та 
онда тұлпар бейнесі, тіпті, бір жырда бірнеше тұлпарлар бейнесі бар екенін көреміз. (Мысалға, 
«Қобыланды» жырындағы Бурыл, тобылғы меңді торы ат, Көбікті мінген Тарлан ат, Қараман 
мінген Қара-құла жалсыз аттардың жеке-жеке образдары сомдалған.) Эпостардың сан мың 
жылдық тарихын есептегенде, тарихи оқиғалардың көші леклегімен алмасып, қоғамдық сана 
мен мүдденің өзгеруі эпостардың тарихилығы мен тұтастығына елеулі өзгерістер әкеліп, жаңа 
эпизодтық желілер мен жаңа мазмұн қосып отырғаны рас. Десек те, генезис мәселесінде 
эпостардағы «ат» образының эпостың өзімен қатар туған, әу бастан, түп қайнардан туып жасап 
келе жатқан образ екені назардан тыс қалмауы керек. Қорғаушы-батыр бейнесін ашуда, 
шығарманың көркемдік келбетінде, сюжеттік мінсіздігінде олардың қызметі мен рөлі, әсері 
орасан зор екені анық. Оған күні бүгінге дейін жазылған зерттеулер мен жалпы эпостардың 
қарапайым мәтіндері куәлік ете алады.
Әдебиеттер: 
 
1.
Көшекова А. Қазақ эпосындағы тұлпар бейнесі//Көркем әдебиет тілінің өзекті 
мәселелері. І том, 2003. – 12 б. 
2.
Қайратұлы Б. Қазақтың атбегілік өнері. – Алматы, 2014. – 340 б.
3.
Бабалар сөзі, 33 том. – Астана: Фоллиант, 2006. – 211б.


847 
4.
Бердібаев Р. Қазақ эпосы (жанрлық және стадиялық мәселелер). – Алматы: Ғылым, 
1982. – 247 б.
5.
Қазақтың мифтік әңгімелері. – Алматы, 2002. – 170 б. 
6.
Бабалар сөзі, 48 том. – Астана: Фоллиант, 2008. – 71 б.
7.
Бабалар сөзі, 36 том. – Астана: Фоллиант, 2006. – 11 б. 
8.
Путилов Б.Н. Героический эпос и действительность. – Лениград, 1988. – 150 с.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   448   449   450   451   452   453   454   455   ...   532




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет