Ізденіс бастаулары


Б. Аманшин поэмаларының тарихи, сюжеттік негіздері



бет5/12
Дата27.02.2023
өлшемі108,24 Kb.
#70191
түріПоэма
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
1.3 Б. Аманшин поэмаларының тарихи, сюжеттік негіздері
Берқайыр Аманшин – поэма-дастандар жазып, эпикалық жанрда да қалам қарымын сынап көрген ақын. Б. Аманшин үлкен шығармашылық қабілетті, дамылсыз дайындықты талап ететін, кең тынысты поэма жанрына 1972 жылы алғаш қалам тартты. Бұл салаға өз шама шарқын байыптай алып барып, саналы талаппен келгені айқын. Аманшиннің ұзақ дайындықтан өту себебі, ол поэмаға келуге дейін сюжетті өлеңдер жазумен шынайы шеберлік шыңдады. Осылай сатылай көтерілудің сипатын профессор Б. Әбдіғазиев: «Көп жағдайда эпикалық шығармалардың түп негізінде лирикалық сипаттар, дәлірек айтқанда, белгілі бір оқиға желісін сипаттау процесі үстінде автордың сезім толғаныстары, сүйініш күйініші көрініс беріп жатады» [22, 84-85 бб.].
Поэзия есігін махаббат жырларымен қағып, махаббат жырымен жабатын ақындар да болады. Б. Аманшин ондай ақындар қатарынан саналмайды. Өйткені Б. Аманшин поэзиясының тақырыбы сан алуан, кең тынысты. Көкжиегі ауқымды. Бұл ақынның мол білімін, парасатты ақындық қуатын аңдатады. Сонымен ақын поэзиясының бір саласын поэмалары («Елші», «Даладағы дауыл», «Соңғы сөз», «Мүслима») құрайды. Олардың тақырыптары сан алуан.
Ақынның поэмалары туралы өз сөзіне жүгінсек: «Әрбір ата-ананың көп баласының ішінде ең тәуір көретіні бары сияқты, менің де өлеңдерімнің ішінде өзіме әсіресе ұнайтындары бар. Оларды теріп жатпайын, тек соңғы «Елші» атты поэмамды атағым келеді. Мұнда бір ескерерлік жайт: бұл дастанымда мен халқымыздың көп ғасырлық тарихындағы ең биік кезеңі, Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуға мұрындық болған белгілі тұлғалардың қызметі мен тағдырын түгел баяндауды алдыма мақсат етіп қойған жоқпын» [3, 9 б.], – деп, өзге дастандарынан «Елші» поэмасын жоғары қояды. Онда өзі тақырып етіп алған мәселені жеріне жете көрсете алдым деп біледі. Әрине, бұл поэма туралы сөз кейінірек, алдымен «Мүслима» поэмасына тоқталып көрейік.
«Мүслима» поэмасы алғаш толық күйінде 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Маңғыстауым менің» кітабына енген.
Бұл поэма диалогқа құрыла жазылған ірі жанрдағы Б. Аманшиннің алғашқы тәжірибесі болатын. Ақын мақсаты айқын. Мұнда тағдыр талқысына түскен жанның өмірге деген құштарлығы, достығы мен махаббаты, өзінің адамдық борышын, парызын сезінуі секілді өзекті мәселелер қозғалады. «Мүслимада» уақыт ағысындағы жастар өмірін тану бар. Өткінші қыз ғұмырдың өкініші, алданған адал жардың «арыз-мұңы» өзек болған поэмада кешегі кеңестік тәрбиенің тағлым-тәлімінен есейген жастардың ой өрісі көрініс тапқанмен, мұндағы басты мәселе – адам тағдыры. Автор қыз тағдырының қиын да «жіңішке жолына» адами-азаматтық пейілмен үңіліп, ішкі мұңлы сезімнің сырын жарыққа шығаруға ұмтылады.
Сапарлас жандардың арасындағы әңгімеден басталып, әйел жанының небір қалтарыс құпиясын ашып, екі жанның ағынан жарыла сырласуына ұласқан, соңында бір-біріне жазысқан хаттар арқылы ой түйілген бұл поэма – эпикалық жанрдағы ізденіс бастауы деуге тұрарлық.
Қазақ әдебиетінде диалогтық, хат түрінде поэма жазу дәстүрі бұрыннан бар. Көп болмаса да кездесіп тұрады. Мұндай поэманың мысалына ХХ ғасырдың басындағы Мұхамеджан Сералиннің «Гүлһашима» поэмасын айтсақ та болады. Уақыт өткенмен бұл үрдістің өміршеңдігі «Мүслима» арқылы тағы бір жаңарып тұр. Екі поэма түр жағынан ғана емес, ішкі үндестік жағынан да өте жақын. Осыған қарай отырып, дәстүрдің жалғасын тапқаны іш жылытады.
Поэманың бас кейіпкері – Мүслима. Ол институтта оқитын. Кеудесін асыл арман, биік мақсаттар кернеген абзал да албырт жас болатын. Бірақ ол өзінің өмір жолында алаяқ және мансапқор бір жауыздың алдауына түсіп, торына шырмалады. Мүслима өзінің өмір жолына оралғы болған алаяқ күйеуінен құтылып, алыстағы Маңғыстауға аттанады.
Бұл кезде Маңғышлақ түбегінің кен байлықтары игеріліп, онда жасампаз еңбек қызу жүріп жатқан еді. Қыз бұл жерде ерлік еңбекке араласады, тәжірибелі әрі іскер маманға айналады, ұжымның белсенді әрі құрметті мүшесі болады.
Мүслима сонда жүріп көптеген абзал жанды адамдармен танысады. Олар тек өз қара басының қамын ғана ойлаған «құлқынның қулары» емес, ел үшін, халық үшін еңбек етіп жүрген мемлекет адамдары, халық қызметшілері еді. Олар тек баю үшін, бастық болу үшін ғана емес, бұрынғы артта қалған өңірді өркені өскен, гүлденген өлкеге айналдыру үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген Отанның от жүректі ұлдары мен қыздары еді.
Міне, осындай ортаға түскен Мүслиманың іс-әрекеттері мен ой пікірлерінде өзгеріс туады. Басқалар сияқты ол да ерен еңбегімен ел құрметіне бөленеді. Поэманың соңында Мүслима бұрынғысынан іштей де, сырттай да өскен, есейген кейіпкер болып көрінеді. Ол қабағынан кірбің аңғарып, жайын сұрап, жылылық білдірген адал көңіл, ақ ниетті сапарлас ақынға ағынан жарылып, сырын ақтарады. Өзіндегі мұңның сыры – баянсыз махаббаттың қасіреті екендігін білдіреді. Осылай Мүслима диалогынан басталған поэма, өмірдің мәні, адам бақыты, адалдық, азаматтық жайлы сыр толғауға айналады.
Сырты жылтырап тұратын Асылбек атты жігіт жас қыздың жүрегін жаулап, еркін билеп алады. Оның «сырты бүтін, іші түтін» жан екенін Мүслима бір шаңырақ астында тұра бастаған кезден байқайды. Ақырында адамның жүрегін айнытар пендауи қылықтарынан жадаған адами болмысы бүтін жас қыз ажырасып тынады. Әрине, бұл жағдай айтуға оңай, ал жаны жараланған жанға бұл қаншалықты психологиялық күш десеңізші. Міне, қыз жанарындағы кірбіңнің сыры осында болып шығады. Қыз диалогы:
Сөкті ме, сөкпеді ме достар мені,
Жүректің жеткені осы-ақ жас дәрмені.
Білемін – бұраңы көп өмір-тағдыр,
Тағы да қай қиырға бастар мені?! [20, 14 б.] –
деп аяқталады. Мүслиманың соңғы сөзінде өмірге үрке қараған сенімсіздік бар. Бір кездегі ерке де, еркін қыздың айналаға, ортаға күдікпен қарауына не себеп? Әрине, сенгенінің сырты жылтыраған түлкі болып шыққаны. Оны енді елдің бәріне күдікпен қарап, жұрт біткеннің бәрінен Асылбекті көріп, танып тұруы өмір шындығы. Өйткені ол Асылбекті шын сүйген еді. Оны алғаш көріп, сыр біліскен тәтті күндеріндегі кезін баяндаған сәттерінде жігітті суреттеуінен-ақ аңғарамыз.
Былайша ол да жігіт өздеріңдей,
Қалмайды алқа топта көзге ілінбей.
Көркінде, бір қарасаң жылылық бар,
Көктемнің көңіл тербер мезгіліндей.

Әдемі аппақ беті, қыр мұрынды,


Қойғандай қолмен меңі құрғырыңды...[20, 6-7 бб.].
Міне, осылай басталған махаббат неге баянсыз болды. Оқырманды тебірентетін де, поэманы оқуға ынтықтыратын да осы. Мұндағы сыр дана Шәкәрім айтатын «Дүниеде, қыз қызық, бозбалада ой бұзықта» жатыр. Қыздағы таза, пәк сезімді, жігіттегі «ой бұзық» лайлаған-ды. Ақын осынау екі жастың жан дүниесін сезім билеген, Шәкәрімше айтқанда, «Аһ, дүние, дүние, Ақылға сонда кім иенің» сәтін әсерлі де бейнелі суреттейді.
Поэманың қос кейіпкерлері ақын мен Мүслима арасында осынау көңіл ризашылығымен ғана шектелмейтін жарастық – адалдық, сезімшілдік, сыршылдық сынды арды тұтқа еткен адамдық қасиеттермен бекем бекітілген. Жаны нәзік арумен сезімшіл ақын қатынасы арқылы автор ар тазалығы мен жан тазалығын алға шығарады. Осы «екі тазалықтың» қай қиырдың қиынынан болса да оларды алып шығатынына біз кәміл сенеміз.
Бұл поэма туралы кезінде Б. Ысқақов: «Ақын Б. Аманшиннің замандастарымыздың өмірі мен еңбегі туралы жазған туындысы («Мүслима» поэмасы – А.Е.) өзінің өмір орнықтырушылық күшімен, жарқын лиризмімен өз оқырмандарын баурап алады» [23], – деп жазған-ды, бұған толық қосылуға болады.
Бұл поэма Б. Аманшиннің ірі поэзиялық жанрдағы алғашқы дүниесі болғандықтан, ақын кейбір әттеген-айларға жол беріп алады. Алдымен, поэманың шағындығы айтар ойдың ауқымды жүгін көтере алмай тұрғанын атап өтуіміз керек.
Ақын осыған өмір жөніндегі өз пайымын қосса, өлең сөздің салмағы арта түсері сөзсіз еді деген тәрізді пікірлер кезінде көп айтылған еді. Б. Аманшин «Мүслима» атты поэмасында әйел тағдырының арашасы ретінде әйел махаббаты тақырыбын арқау ете отырып, қалыптаса бастаған өзіндік мәнерін, эпикалық жанрды игеруге мүмкіндігі бар екенін таныта алды. Шығарма идеясы махаббаттағы адалдық болғанымен, ақын өз бақытын іздеген нәзік жанның ішкі рухының биіктігін көрсетіп, қарапайым қыздың жан дүниесін реалистік сипатта суреттей отырып, оны ішкі жан дүние құбылысымен, көңіл күйдің толғанысымен сабақтастыра бейнелейді. Жоғарыдағы айтылған кемшін тұстарға қарамай, ақын алғашқы тәжірибеде-ақ кәнігі шебердің қолтаңбасын қалдырған.
Б. Аманшиннің «Даладағы дауыл», «Елші» поэмалары тарихи тақырыптарға жазылған туындылар.
«Елші» поэмасы 1983 жылы шыққан «Құттыхана» жинағының тең жартысын алып жатыр. «Елші» қазақтың өткен-кеткен тарихы жағдайынан көп дерек береді. Халқымыздың сол кездегі саяси-экономикалық жағдайын сөз еткен автор Ресейге қосылмаса, алып елге арқа сүйемесе қазақ халқының тағдырының мүшкіл болатындығын баяндайды. Поэмада қазақтың ел басшыларының азаттық аңсаған қалың бұқараның қаһарман халықтың ерлік істері, Россияның достық пейілден туған кейбір қамқорлығы жан-жақты жырланады. Дастанның негізгі идеясы да осы.
Дастан кіріспеден басталып, «Елші», «Егес», «Барақ», «Ант» секілді тараулардан тұрады. Кіріспеде жоңғар шапқыншылығына дейінгі кезең тарихи суреттеледі.
Шығарма аясына идея, пікір де көп араласады да, публицистикалық сарынның басым болуына жағдай жасайды. Мәселен, жау әскерімен болған шабуылды суреттеу барысында қаламгердің оларға деген жеккөрісі бадырайып көрініп тұрады.
...Жау қаптады құбыладан,
Шыңғыс, Жошы атаулы.
Азияның төрінен
Шегірткеше түтеген.
Жалбыр жүнді жабымен,
Жортқан сайын үдеген.
Жүрген жерін өрт қылған,
Жау қарасы көп еді
Ақи көзді атарман,
Аузы толы оқ еді [21, 8 б.], –
деп суреттейді.
Осы жойқын шабуыл соңында бірліксіздіктің арқасында Отырардың ойран болғаны айтылады. Жер жаһанды жалмап, құмырсқаша қаптап келе жатқан жаудың сұсын, елді жаулап, малды талап, қалаларды талқан еткен жаудың өртеген ордалары, одан кейін тағы да, сол бірліктің берік еместігінен тоз-тоз болғанын тарихи тұрғыдан әділ бағалайды. Дәл суреттейді:
Қорқынышты түсінен,
Қатын бала жылапты.
Батыр қыпшақ бабамның
Бұрытыпты амалын,
Отқа сүйреп тастапты,
Отырардың қамалын...
Уақыт тоқтап қалғандай? [21, 8-9 бб.]
Поэмада жағдайдың шиеленісуі осылайша суреттеле кеп, Әбілқайыр маңы, қазақ хандығы ішіндегі өзара алауыздық, бақталастық жайы қозғалады. Тарихтың өзінен белгілі әу баста Ресей патшалығына бодан болуға кіші жүз ханы Әбілқайыр бастап, тәуекелдік танытқанымен, қазақтың өзге екі хандығы қарсылық көрсеткені былай тұрсын, кіші жүз ішіндегі рулар арасында бірауыздық болмағаны рас-ты. Оған қоса патшалықта оңайлықпен келісімге келе қоймаған-ды.
Ақыры қазақтың ер жүрек ұлы Әбілқайырдың:
Құран сүйіп,
Қол қойды,
Ант-қағаздың астына,
Орныққандай енді ойы,
Ісі айналып жақсыға...
Патшасының атымен,
Пейіл беріп, ұлы орыс,
Күллі қазақ атымен,
Хан төбеде тынды ол іс.
Мәмбеттейін дәтімен,
Әбілқайыр тең шығып,
Бұйырған күн сәтімен,
Аяқталды елшілік [21, 63-64 бб.], –
елшілікті аяқтап, елдің бейбіт күнге жетуімен поэма нүктесі де қойылады:
Орыс, қазақ ұғыстық,
Білек қосып, бір іс қып.
Қазақияда орнады,
Ұзақ жылдар тыныштық [21, 64 б.].
Жалпы поэмада жырланар тақырыптың мән-мағынасын ұғыну үшін біз поэманың сүбелі жерлерінен, мәнді де мағыналы тұстарынан үзінділерді ұзақтау алдық. Мақсат осы үзінділер арқылы поэмаға арқау болған тақырыпты толықтай тану.
Енді поэманы көркемдік тұрғыдан талдап көрелік. Бұл поэмада ақын халқымыздың көпғасырлық тарихындағы ең бір шешуші дәуірді – Қазақстанның Ресейге өз еркімен енуін бейнелейді. Өзінің атамекен сақарасында мал бағып, күн кешкен момын қазақтың ол тұстағы ең қауіпті жауы жоңғар басқыншылары еді. Олар елімізді талап шапты, өздері де қазақ батырларынан талай соққы жеді
Тарихты білу бар да, оны көркем жырлау бар. Жоғарыда аталған оқиғаларды құр ұйқасқан сылдыр сөздермен сыдырта баяндап шығуға болар еді. Жоқ, ақын бүкіл бір халық өмірінің ұлы оқиғаларын осы оқиғаларға қолма-қол қатысушы адамдардың тағдыры арқылы бейнелейді. Олар әр таптың, әр түрлі әлеуметтік ортаның өкілдері: кіші жүздің ханы Әбілқайыр, табынның батыры Бөкенбай, орыс патшасының елшісі Мәмбет Тәуекелов, Сегізбайдағы жетім қыз Гүлбадан (Бану), башқұрттың батыры Таймас, тағы басқалар. Бұларға қарсы топтағы Барақ төре, шөмекей Баба-би, байбақты Сырлыбайлар. Әрқайсысының мақсат-мұраттары, ой-армандары, мінез-құлықтары, түр-тұрпаттары әр түрлі, әрқилы. Бірақ замана ағымы, өмірдің қатал заңы мен тезі оларды біріне-бірі бітіспес екі лагерьге бөледі. Бірі – Ресеймен одақтасуды жақтаушылар да, екіншісі, оған көнбейтін Барақ сұлтандардың тобы. Осылардың қақтығысы, бітіспес күресі дастанның сюжетіне арқау болған.
Дастан Әбілқайыр хан бастаған қазақ рулары өкілдерінің Россияға өз еріктерімен қосылуға ант беруін суреттеген аса әсерлі көрініспен аяқталады:
Мәмбеттейін дәтімен
Әбілқайыр тең шығып,
Бұйырған күн сәтімен,
Аяқталды елшілік...
Қан орнына гүл шығып,
Қазақияда орнады,
Тыныштық пен кеңшілік [ 21, 63 б.].
Дастанның оқиғасы серіппелі, екпінді, яғни оқушы назарын жетелеп отыратын қызғылықтылығымен ұтады. Рас, соңғы тарау Хантөбедегі ант беру кезеңі шолақтау қайырылғандай әсер қалдырады. Бірақ, мұны ары қарай өрбіту, бұл шығарманың шеңберінен тыс тақырып екендігін сезген оқушы авторға мұны кешіреді.
«Елшіде» бұдан екі жарым ғасыр бұрынғы қазақ ауасының иісі, суының дәмі, жерінің бедері мен аспанның өңі сол кездегі қалпында көз алдыңа келеді, тіліңді тұшындырады. Автор ел тіршілігінің сыры мен қырын, көші-қонысының ретін, ру мен тайпалардың жіктелуін, әр өңірдің өзгешелігін жетік біледі. Әбілқайыр хан өз саясатын жүргізуде о бастан кіші жүздің жетіруының ауылдарына сүйенгені, оның табын руын басқарған Бөкенбай батырға қол артқаны белгілі. Осы Бөкенбайды ақын былай суреттейді:
Батырда да Бөкенбай –
Нардай жалғыз өркеш бұл,
Және ділмар, жоқ ондай,
Жеңдірмейтін сөзге ешбір.
Жасанып кеп тиіскен,
Жауды жалғыз жасқайды.
Ханға келген жұмыспен,
Қараң бұдан аспайды.
[21, 41-42 бб.].
Осы бір шумақтардан-ақ ақынның көркемдік құралдарының ұтымдылығын, дастанның тілінің көркемдігін аңғаруға болғандай. Оқиғаны сол кездің тілімен, халықтың мірдей өткір, күн нұрындай ашық, көктемдей бояулы сөз қолданыстарымен суреттей білген.
Б. Аманшиннің бұл поэмасы кезінде біраз жылы лебіздерге ие болды. Мәселен, ақын Ә. Ахметов: ««Елші» – әдебиетімізде соңғы жылдары дүниеге келген поэмалардың ішінде шабытты жазылған көркем сомдалған дастан екеніне оқушы қауым қол қояр деп ойлаймын» [24], – деп бағалайды. Ал Берқайыр Аманшин туралы біраз мақала жазған жерлес ақын М. Неталиев: «Дастаннан ақынның көркемдік құралдарының ұтқырлығы, тілінің көркемдігі анық белгі береді. Жалпы, «Елші» поэмасын Б. Аманшин творчествосының үлкен табысы деп бағалаған жөн» [25], – деген тұжырым жасайды.
Осы түйіндерді негізге ала отырып айтқанда, Берқайыр Аманшин өзінің «Елші» атты көлемді поэмасында шығармашылық тұлға болмысын шабыт қуатымен бірге тарихшы, зерттеуші, ойшыл ретінде ерекшелей алды. Сөйтіп тарихи деректерді ақындық қиялмен өрістетіп, заман шындығымен біте қайнасқан көркемдік шындық туғыза алды.
«Даладағы дауыл» Исатай – Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісін суреттейді. Бұл сюжетті поэма. Онда ақын Исатай – Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс оқиғасын арқау етіп, «Князьдағы қараңғы үй», «Кездесу», «Үбі келгенде», «Махамбет пен Қарауыл», «Балқының үйін өртеу», «Ордаға! Ордаға!», «Махамбеттің монологы» атты жеті бөліктен құралған, әр бөлімі Махамбет өмірінің белгілі бір кезеңін қамтып, көтерілістің тарихи даму сәттерімен тікелей қатынаста өрілетін көркем поэма жазып шыққан. Жалпы сюжеттік поэма ертеден келе жатқан дастандық шығарманың көне түрі. Бұл жанрға профессор Қ. Алпысбаев: «Сюжетті поэма – эпикалық жанрдың ең көнеден келе жатқан дәстүрлі түрі» [26, 11 б.], – деген анықтама береді.
Б. Аманшин поэмасынан аталмыш жанрдың көне үлгілерінің әсері байқалады.
Бұл көтеріліс туралы бұған дейін көптеген ақындар өлең-жыр жазған-ды. Бұлардың ішінде ерекше көзге түсері – әйгілі ақын Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» атты тарихи дастаны. «Исатай-Махамбеттің» бірінші бөлімі Ташкенттегі Қазақстан мемлекет баспасының күн шығыс бөлімінен 1925 жылы шыққан «Исатай-Махамбет» деген жинақта, екінші бөлімі сол баспадан жарық көрген «Аламан» деген жинақта басылды. Бұл шығарма одан кейін «Халық поэмалары» (1939), «Дастандар» (1960) жинақтарында басылса, 1976 жылы Б. Аманшиннің құрастыруымен (кіріспе мақала мен түсініктерін жазып) «Исатай-Махамбет» деген атпен жарық көрді. Ығылман Шөреков дастанының Б. Аманшин поэмасынан басты айырмашылығы онда негізгі тұлға ретінде Исатай батыр көрінеді. Эпикалық шығарма сюжеті Исатайдың басынан өткен оқиғалар мен болып жатқан іс-қимыл Исатай бейнесі арқылы дамытылады. Жырдағы Жәңгір мен Исатай арасындағы сөз қағысулар, қаһарманның өз аузынан айтылатын монологтар – осының нақты дәлелі.
Жыр оқиғасының өрістеуі, шарықтау шегі Исатайдың жау қоршауында қалып, қаптаған сансыз әскермен айқасы арқылы дамытылуы эпикалық құлашты танытады. Жырдағы Жәңгір хан мен оның айналасындағы Балқы би, Қарауылқожа, Баймағамбет, т.б. қарабастың қамын көздеуі, билікке, жерге таласы халықтың ашу ызасын тудырып, кек алуға ұмтылдырады. Жәңгір бейнесін анықтауда, оның мырза мен пақырға берген билігінен, негізгі жауына айналған Исатаймен, ханымы Фатима және Шыман төремен сөйлесудегі диалогтардан толық аңғарылады. Жырда Жәңгірдің айналасындағылардың психологиялық портреттері де ескерусіз қалмаған. Сандаған есімдердің ішінде эпикалық шығармада Жәңгір – халықты ата қонысынан айырып, бүтін бір әлеуметтік ортаның әр қилы ерекшеліктерін жинақтаған жаңаша тип. Оған қарсы тұрушы күш – қарауындағы халық. Оның ұйымдастырушысы – Исатай мен Махамбет.
Жыршы жырда ерекше даралап, Жәңгірдің өзіне қарата сөйлейтін Исатай батырдың диалогтары арқылы қаһарманның ақыл-парасаты, мінез-құлқы, іс-әрекеті де бірегей бөлек екендігін жан-жақты ашады.
Күн бір бүгін болғанда,
Байтақ елден бездіріп,
Аяғымнан тоздырып,
Сарғалдаңға түсірдің,
Сарыарқаны кездіріп,
Астанамды қор қылдың
Аңдысқан жауға ездіріп [27, 51 б.].
Жырда ақын Исатайдың үгіт-насихат сөздеріне келгенде, Махамбеттің көтеріліс кезіндегі өлеңдерін жақсы біліп, қалауынша монолог-диалогтарында сарынын сақтап, мазмұнын беруге тырысқан. Сондықтан да дастанда Махамбеттің өлең жолдары, шумақтары жиі ұшырасады.
Исатай мен Махамбеттің соңынан ерген Есенгелді, Үбі, Құдайберген, Сәмбет батырлар болса, ақылшы-қариялар Сүйін, Қабыл, Есет, Төлегендердің шешен де көсем екендіктері көрсетілген. Көтеріліс туралы аталған жырдың сюжетінен таза тарихты іздейтіндер де бар. Шындығында да, эпос тарихи оқиғаға негізделген. Алайда болған оқиға жырға айналғанда, эпос өз дегеніне икемдейді. Шығарушы халық тілегі мен арманын ескерусіз қалдырмайды.
ХІХ ғасырдағы реалды-тарихи эпостың ең бір көлемді де көркемі «Исатай-Махамбет» жырындағы қаһармандардың іс-әрекетіне қатысты оқиғаларда мезгіл мен маусымдық ауысу-алмасулар толық сақталып, жырлаушы оны көрсетуде ұлттық ұғым-түсінікке сай берген. Жырдағы мезгіл мен маусымдардың ауысып алмасулары күндеріне дейін көрсетіліп, жыл мен айлары ретімен берілуі шығарманың реалистік сипатын танытады. Замана уақыты тынышсыз, адамдардың көңіл күйлері соған сай өзгеріске түскен. Басты қаһармандар әрекеті тоқтаусыз күрес арқылы дамытылып, ақыры олар сол күрестің құрбанына айналады.
Поэмада ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне тән дәстүрлер бір-біріне сіңісіп кеткен. Біздіңше мұның түрліше себептері бар. Олар мыналар: біріншіден, ақын Ы. Шөреков өмір сүрген дәуірде ХVIIІ ғасырдағы оқиғаларға қатысты жырлар айтылып, ел арасындағы тұрақты тақырыпқа айналып үлгерген еді. Жас ақын эпикалық уақыттың аясында шеберлік мектебінен өтіп, Исатай, Махамбет секілді қаһармандарды жырлауға талап етті. Оған жастық күндеріндегі Абыл, Ақтан, Қалнияз, Нұрым, Бала Ораз, Мұрат ақындардың өнеге-үлгісі дәстүр болды. Екіншіден, Исатай-Махамбет көтерілісі болған аймақта туып өскен Ығылман Шөреков (1976-1932) көтеріліс жайындағы деректерді жақсы біліп, жырланар оқиғалардың негізгі арқауын Махамбет ақыннан алған. Оның дәлелі – «Исатай-Махамбет» жырында Махамбет толғауларының молынан ұшырасуы.
Кезінде бұл шығарманы Б. Аманшиннің өзі: «Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің ерлігін мадақтаған бұл дастан – қазақ халқының ерлік тарихының ең жарқын кезеңінен саналатын сол қозғалыстың сұлу шежіресі» [10, 183 б.], – деп бағалаған еді.
Жоғарыдағы ойларды қорытындылай келгенде, Ығылманның «Исатай-Махамбет» дастаны – оны жете зерттеген Берқайыр Аманшиннің «Даладағы дабыл» поэмасына өзек тартар арна болғандығын байқаймыз. Ақын алдыңғы поэмада көрініс таба қоймаған жайттарға басты назар аудара отырып, негізгі образ Махамбет тұлғасын шынайы түрде сомдауға күш салады.
Б. Аманшиннің «Даладағы дабыл» поэмасының уақиғасы ширақ және ол біртіндеп дамып, өрлеп отырады. Әр оқиғаның тұсында көзге түсетін ерлер бейнесі есте қаларлықтай жарқын шыққан. Ақын көтеріліс кезіндегі Махамбетті тұлпар мініп, қол бастап, топқа кіріп, сөз бастаған батыр бейнесінде сомдаған. Поэма Махамбеттің монологымен аяқталады. Біз поэмадан оқырман халық көсеміндей қабылдар Махамбетті танимыз:
«Аллалап» басым көтердім,
Әдіра қалып қу тақтай,
Арқама тастай тигесін
Айтып та айтпай не керек.

Алдыртып жауға еркімді,


Басыма ноқта кигесін.
Аш өзегім күйгесін, –
Сөйлеп те Махаң не десін? [4, 236 б.]
Бұл жолдар Махамбеттің өз монологын еске түсіреді:
Айтып-айтпай не керек,
Құсалықпен өтті ғой,


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет