«Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
«Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 1-тарау. Жалпы ережелер Осы Заң Қазақстан Республикасында жылу энергетикасын ұйымдастырудың, оның жұмыс істеуі мен дамуының құқықтық негіздерін белгілейді және жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және онымен жабдықтау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Жылу энергетикасы объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, пайдалану, жылу энергиясын өндіру, беру, онымен жабдықтау нормативтік құқықтық актілермен регламеттеледі, олар жылу энергетикасы саласындағы барлық субъектілердің орындауы үшін міндетті болып табылады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан басқа өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар 1) есепке алу аспаптары – бір немесе бірнеше: өлшеу, жинақтау, сақтау, бейнелеу және жылу энергиясының саны, жылу тасығыштың массасы (көлемі), температурасы, қысымы және аспаптардың жұмыс істеу уақыты туралы ақпаратты беру функцияларды орындайтын техникалық құрылғы;
2) жылу беруші ұйым – жылу энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметтерді көрсететін ұйым;
3) жылу желілерінің күзетілетін аймағы – жылу желілерін қалыпты пайдалану жағдайларын, зақымдануының алдын алуды қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ адамдарға, аралас жерлерге, табиғи объектілер мен қоршаған ортаға жағымсыз әсерін азайту үшін олардың ұзына бойындағы жер;
4) жылу желісі – орталық жылу пункттерін және сорғы станцияларын қоса алғанда, жылу энергиясын және (немесе) жылу тасығышты жылу энергиясы көздерінен жылу тұтынатын қондырғыларға дейін беруге арналған құрылғылар жиынтығы;
5) жылу желісінің теңгерімдік тиесілілігінің шекарасы – жылу желісінің теңгерімдік тиесілілігі бойынша айқындалатын жылумен жабдықтаушы және (немесе) жылу беруші ұйымдар мен тұтынушылар арасында жылу желісін бөлу нүктесі;
6) жылу жүктемесі – жылу тұтынатын қондырғыларда уақыт бірлігінде тұтынылатын жылу энергиясының саны;
7) жылу өндіруші ұйым – жылу энергиясын өз қажеттіліктері үшін өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын ұйым;
8) жылу тасығыш – ол арқылы жылу энергиясын беру жүргізілетін немесе тұтынушы жылу энергиясын шаруашылық мақсатта, оның ішінде ыстық сумен жабдықтау мақсатында тікелей пайдаланатын зат;
9) жылу тұтынатын қондырғы – жылу энергиясын жылыту, ыстық сумен жабдықтау, желдету мақсаттарына немесе тұтынушының технологиялық қажеттіліктеріне пайдалануға арналған құрылғы;
10) жылу энергетикасы – жылу энергиясын өндіру, беру, онымен жабдықтау және тұтыну саласы;
11) жылу энергетикасы саласындағы уәкілетті орган – ЖЭО-ның жылу энергиясын өндіру саласында, елді мекендер шеңберінде қуаттылығы 100 Гкал/ сағ. және одан астам белгіленген қазандықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган
12) жылу энергиясы – жылу тасығыш беретін, жылумен жабдықтау жүйесінде оның шығысымен және жылу энергиясын өлшеуге немесе есептеуге мүмкіндік беретін термодинамикалық өлшемдерімен сипатталатын энергия;
13) жылу энергиясын және (немесе) жылу тасығышты коммерциялық есепке алу – жылу энергиясының және (немесе) жылу тасығыштың саны мен сапасын коммерциялық есепке алу аспаптарымен, ал олар жарамсыз немесе болмаған жағдайда есептеу тәсілімен белгілеу және алынған деректерді жылумен жабдықтау шарттары бойынша өзара есеп айырысу үшін пайдалану;
14) жылу энергиясын және (немесе) жылу тасығышты беру – нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келетін жай-күйде жылу желілерін ұстауды, сондай-ақ жылу тасығышты қабылдауды, қайта түрлендіруді және (немесе) жеткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық және технологиялық байланысқан іс-қимылдар кешені;
15) жылумен жабдықтау – тұтынушыларға жылу энергиясын және (немесе) жылу тасығышты беру, тарату және сату жөніндегі қызмет;
16) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу энергиясы, жылу желілері мен жылу тұтынатын қондырғылар көздерінің жиынтығы;
17) жылумен жабдықтау объектілері – жылу энергиясын өндіруге және тасымалдауға арналған жылу өндіруші станциялар не қондырғылар, жылу электр станциялары, жылу электр орталықтары, қазандықтар, когонерациялық қондырғылар, жылу желілері.
18) жылумен жабдықтауды дамыту схемасы – елді мекен аумағында жылумен жабдықтауды дамыту жоспары;
19) жылумен жабдықтаудың сапасы – жылу тасығыштың термодинамикалық өлшемдерін қоса алғанда, жылумен жабдықтаудың мемлекеттік стандарттарында, стандарттау жөніндегі өзге де нормативтік құжаттарда және (немесе) шарттарды қойылған талаптар жиынтығы;
20) жылумен жабдықтаудың сенімділігі – жылумен жабдықтаудың сапасы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін жылумен жабдықтау жүйесінің жай-күйі;
21) жылумен жабдықтаушы ұйым – тұтынушыларға өздері өндірген және (немесе) сатып алған жылу энергиясын және (немесе) жылу тасығышты, оның ішінде тасымалданатындарды сатуды жүзеге асыратын ұйым;
22) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган – ЖЭО-ны және елді мекендер шеңберінде қуаттылығы 100 Гкал/ сағ. және одан астам белгіленген қазандықтарды қоспағанда жылумен қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
23) қосалқы тұтынушы – тұтынушының жылу желілеріне желілері және (немесе) жылу қондырғылары қосылған жеке немесе заңды тұлға;
24) тұтынушы – жылумен жабдықтаушы немесе жылу беруші ұйымның жылу желілеріне тікелей немесе өз желілері арқылы қосылған өзінің жылу тұтынатын энергия қондырғыларында тұтыну үшін жылу энергиясын және (немесе) жылу тасығышты сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
25) уәкілетті органдар – жылу энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
26) электр және жылу энергиясын аралас өндіру (халықаралық атауы –когенерация) – электр энергиясын өндіру жылу энергиясын өндірумен бір мезгілде технологиялық байланысты болатын жылу электр орталықтары мен басқа да когенерациялық қондырғылар жұмысының режимі;
27) энергетикалық сараптама – қолданыстағы объектілер, реконструкцияланатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынып жатқан объектілер жобалары бойынша жылумен жабдықтау саласында жүргізілетін сараптама;